26.02.2021

2021 жылғы 26 ақпанда Конституциялық Кеңестің құқықтық негіздерін жетілдіру мәселелері жөніндегі ұсыныстарды талқылау бойынша Еуропа Кеңесі Венеция комиссиясының сарапшыларымен онлайн кездесу өтті.

Кездесудің модераторы Конституциялық Кеңестің Төрағасы Қайрат Мәми болды.

Кездесуге Конституциялық Кеңестің құрамы, Президент Әкімшілігінің, Парламент Палаталарының, Жоғарғы Соттың, Бас прокуратураның, Әділет министрлігінің, сондай-ақ елдің құқық қорғау ұйымдарының өкілдері қатысты.

Венеция комиссиясы тарапынан Комиссияның Вице-президенті, Франция Конституциялық Кеңесінің мүшесі Клэр Бази-Малори ханым, Өңірлік ынтымақтастық бөлімінің басшысы Сергей Кузнецов, Конституциялық сот төрелігі бөлімінің басшысы Шнутс Дюрр, сондай-ақ келесі сарапшылар: Молдова Конституциялық Сотының экс-Төрағасы Александр Тэнасе және Корея Конституциялық Соты Бас хатшысының орынбасары Чон-Вон Ким болды.

Талқылау нысанасы ретінде соттардың өтініштері бойынша заңдардың ел Конституциясына сәйкестігін тексеру, прокурордың, адвокаттың және сот ісін жүргізуге басқа да қатысушылардың мұндай өтінішхаттарды мәлімдеуі және оларды судьялардың қарауы мәселелері болды. Тараптар жекелеген даулы және проблемалық мәселелер бойынша пікір алмасты.

Венеция комиссиясы отыз жыл бойы конституциялық бақылау саласында сараптамалық-әдіснамалық көмек көрсетуге маманданады. Сондықтан оның пікірі конституциялық соттар және баламалы органдар туралы заңнаманы жаңғыртуда маңызды рөл атқарады. Бұған дейін Комиссия 2017 жылғы конституциялық реформа, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс және Қазақстанның басқа да заңнамалық актілерінің жобалары бойынша өз қорытындыларын берген болатын.

Кездесу соңында тараптар бірлескен жұмысты жалғастырудың маңыздылығын тағы да атап өтіп, ынтымақтастықтың табысты жалғасатынына сенім білдірді.