21.06.2021
К. Мами в Парламенте огласил Послание Конституционного Совета К. Мами в Парламенте огласил Послание Конституционного Совета К. Мами в Парламенте огласил Послание Конституционного Совета К. Мами в Парламенте огласил Послание Конституционного Совета

2021 жылғы 21 маусымда Конституциялық Кеңес Төрағасы Қ. Мәми Парламент Палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» Конституциялық Кеңестің жыл сайынғы жолдауын жария етті.

Қ. Мәми атап өткендей, Конституция – еліміздің тірегі, тәуелсіздігіміздің тұғыры, барша табыстарымыздың бастауы. Биыл жолдау Тәуелсіздіктің 30 жылы ішіндегі құқықтық дамуды қорытындылауға арналған.

Кеңес, Ұлы дала Мәңгілік елінің дербес егеменді мемлекеттілігін дәйекті түрде қалыптастырудағы барлық ірі қадамдар Республиканың Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастауымен 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы аясында жүзеге асырылды, деп атап көрсетті.

Конституциялық Кеңестің пікірінше, Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К. Тоқаевтың іс-қимылдары мен Елбасының мемлекеттілікті одан әрі үдемелі дамыту жөніндегі стратегиялары мен дәстүрлерінің жалғасып жатқаны ақиқат.

Жолдауда Мемлекет басшысы жақында бекіткен, елдің орнықты өсуі жолына бағыт алуын қамтамасыз етуге арналған 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарының, Республиканың жалпыұлттық басымдықтарының және Мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының прогрессивтілігі атап өтілді.

Құжатта Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімдерінің орындалуы жай-күйіне талдау жасалған.

Мәселен, оның құқықтық ұстанымдарын іске асыру үшін азаматтық сот ісін жүргізуде ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмаған адамдарға қатысты өкіл-адвокаттың еңбегіне ақы төлеу мәселесі реттелген; психикалық ауытқуына орай мәжбүрлеп емдеуге ресімделетін адамдарға қатысты күштеп әкелуді қолдану тәртібі белгіленген; адамдарды Республиканың шегінен тысқары жерге шығарып жіберу кезінде ұстап алу мерзімдері регламенттелген; құқық шығармашылығы жұмысының барлық сатыларын жаңғырту мәселелері бойынша түзетулер енгізілген; 2030 жылға дейінгі Құқықтық саясат тұжырымдамасының жобасын дайындау бойынша жұмыс жүргізілуде және басқалар.

Конституциялық Кеңес елде құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайту жөнінде нақты ұсыныстар енгізді.

Кеңес азаматтардың конституциялық бақылауға қол жеткізуін кеңейту қажет деп пайымдайды. Бұл бағытта соттардың Конституциялық Кеңеске өтініш жасау тәртібін, соттардың сот ісін жүргізуге қатысушылардың заңның конституциялылығын тексеруге бастамашылық жасау туралы өтініштерін қарау тәртібін жетілдіру өзекті болып табылады.

Ұсыныстардың жеке блогы адам құқықтарын қорғауға қатысты.

Парламенттің назары Қылмыстық кодексті және өзге де заңнамалық актілерді Қазақстан жақында ратификациялаған, Өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге Екінші Факультативтік хаттаманың ережелерімен үйлестіру қажеттігіне аударылды.

Қылмыстық және әкімшілік заңнамада жасалған әрекеттің қоғамдық қауіптілік дәрежесіне, келтірілген залалдың сипаты мен мөлшеріне, құқық бұзушының жеке басына және өзге де факторларға қарай жауаптылықты дараландыру және саралау үшін қосымша жағдайлар жасаған жөн.

Кеңес Қылмыстық процестік кодексте соттарда қылмыстық істерді қараудың ақылға қонымды мерзімдерін айқындаудың жалпы өлшемшарттарын бекітуді, сондай-ақ сот ісін жүргізу мерзімдерін бұзғаны үшін өтемақыны жүзеге асыру шарттарын айқындау мүмкіндігін зерделеуді ұсынды.

Мүгедектер құқықтарының бұзылуын барынша азайту, оларға тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету мақсатында халықаралық практикада қалыптасқан нормалар мен стандарттар кешенін барынша пайдаланған жөн.

Ақпараттық технологияларды қолдануды тереңдету цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заңмен қорғалатын мәліметтерге қол жеткізу тетіктерін күшейту, сондай-ақ дәстүрлі құқықтық институттардың мазмұнын қайта пайымдау жөніндегі шаралармен қоса жүргізілуге тиіс.

Жеке адамға физикалық қол сұғылмаушылыққа, адамның денсаулығына және оның қадір-қасиетіне қол сұғатын құқық бұзушылықтарға қарсы күрес шаралары зорлық-зомбылыққа тиімді қарсы іс-қимылды қамтамасыз етуге тиіс. Осы мақсатта, қажет болған жағдайда, әкімшілік жазалар қылмыстық жауаптылық шараларымен үйлестірілуі мүмкін.

Конституциялық Кеңес адам құқықтарын қорғау мәселелері бойынша басқа да бірқатар ұсыныстар енгізді.

Қазақстан Республикасының Конституциясы қоғам мен мемлекетті жан-жақты жаңғыртудың аса маңызды саяси-құқықтық негізі болып қала береді, деп қорытындылады Конституциялық Кеңестің Төрағасы.

Жолдаудың толық мәтіні осы сілтемеде қолжетімді: https://ksrk.gov.kz/kk/solutions/kazakstan-respublikasy-konstituciyalyk-kenesinin-kazakstan-respublikasyndagy