«Саяси партиялар туралы» Заңның Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкестiлiгiн тексеру туралы

 

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң

2002 жылғы 11 шiлдедегі № 6 қаулысы

 

ҚР Конституциялық Кеңесінің 2011.04.27 жылғы

№ 4 нормативтік қаулысымен осы қаулының дәлелдеу бөлігіне өзгеріс енгізілді.

 

Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi, Төраға Ю.А. Хитрин, Кеңес мүшелерi Х.Ә. Әбiшев, Қ.Ж. Балтабаев, С.Ф. Бычкова, А. Есенжанов, А.К. Котов және Қ.Ә. Омарханов қатысқан құрамда, мыналардың:

Мемлекет басшысының өкiлi - Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң Мемлекеттiк-құқық бөлiмi меңгерушiсiнiң бiрiншi орынбасары Т.С. Донақовтың;

Қазақстан Республикасы Парламентi Сенаты мен Мәжiлiсiнiң депутаттары Е.Ж. Жұмабаев пен Р.Қ. Сәрпековтiң;

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесi В.К. Фоостың;

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары А.Қ. Дауылбаевтың;

Әдiлет бiрiншi вице-министрi Б.Ғ. Рахымбековтiң, Әдiлет министрлiгiнiң Тiркеу қызметi комитетi төрағасының орынбасары Е.Ә. Сапаровтың;

Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келiсiм министрлiгi Iшкi саясат департаментi директорының орынбасары С.Ә. Қожкеновтiң қатысуымен,

өзiнiң ашық отырысында Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Саяси партиялар туралы» Заңның Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкестiлiгiн тексеру туралы өтiнiшiн қарады.

Қазақстан Республикасының Парламентi Палаталары, Yкiметi, Орталық сайлау комиссиясы және Бас прокуратурасы берген құжаттарды, сондай-ақ конституциялық iс жүргiзудiң өзге де материалдарын зерделеп, баяндамашыны – Конституциялық Кеңестiң мүшесi А.К. Котовты, өтiнiш субъектiсi өкiлiнiң және отырысқа қатысушылардың сөздерiн тыңдап, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi мынаны

 

АНЫҚТАДЫ:

 

«Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңын

Қазақстан Республикасының Парламентi 2002 жылғы  26  маусымда қабылдап, 2002 жылғы 2 шiлдеде Қазақстан Республикасы Президентiнiң қол қоюына ұсынды.

Конституцияның 72-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес мемлекет басшысы Конституциялық Кеңеске жоғарыда аталған Заңның конституциялылығын тексеру туралы өтiнiш жолдады.

«Саяси партиялар туралы» Заңды Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестiгi мәнiнде қарай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi мынаны ескердi.

Конституцияның 12-бабы 1-тармағы, Қазақстан Республикасында Конституцияға сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепiлдiк берiледi деп белгiлейдi. Конституцияның 23-бабы 1) тармақшасына сай, Қазақстан Республикасы азаматтарының бiрлесу бостандығына құқығы бар, бұл бiрлестiктердiң қызметi заңмен реттеледi. «Саяси партиялар туралы» Заңның 3-бабы 1-тармағында бекiтiлетiн, Қазақстан Республикасы азаматтарының саяси партияларға еркiн бiрiгу құқығы, Қазақстан Республикасында идеологиялық және саяси әр алуандылық танылатындығы туралы Конституция  жалпы  ережелерiнiң 5-бабы

1-тармағынан туындайды. Демек, азаматтардың саяси партияларға еркiн бiрiгу құқығы олардың бiрлесу бостандығы құқығына сәйкес келедi, бұл бiрлестiктердiң ерекше түрлерi жекелеген заңдармен реттелуi мүмкiн.

Саяси партияларға еркiн бiрiгу құқығы – ұжымдық құқық, оны Республика азаматтары бiрлесiп және олардың әрбiрiнiң жеке таңдауы бойынша iске асырады. Ол абсолюттi болып табылмайды және заң шығару арқылы шарттастырылуы мүмкiн. Мемлекет, саяси партиялардың, оның iшiнде заңды тұлғалар ретiнде, құқықтары мен заңды мүдделерi сақталуын қамтамасыз ете отырып, сонымен бiр мезгiлде олардың құрылу және қызмет iстеу жағдайлары мен тәртiбiн заң арқылы белгiлеуге хақылы, бұл адам құқықтары мен бостандықтары саласындағы халықаралық стандарттарға жауап бередi.

«Саяси партиялар туралы» Заңның 5-бабы 8-тармағында, «азаматтардың кәсiби, нәсiлдiк, ұлттық, этникалық және дiни белгiлерi бойынша саяси партиялар құруға, сондай-ақ мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында саяси партиялардың бастауыш партия ұйымдарын құруға жол берiлмейдi», - деп белгiленген. Заңның бұл ережесi Конституцияның әлеуметтiк теңдiк, қоғамдық келiсiм және Республиканың тұтастығы туралы жалпы ережелерiмен келiседi, мемлекет пен қоғамдық бiрлестiктердiң өзара қарым-қатынастарының конституциялық негiздерiне сәйкес келедi. Конституцияның 5-бабы 1-тармағына сай, Республикада мемлекеттiк органдарда саяси партиялардың ұйымдарын құруға жол берiлмейдi.

 Конституциялық Кеңес Заңның 4-бабы 6-тармағының, «саяси партиялардың тұрақты жұмыс iстейтiн органдарында қызмет атқаратын адамдарға Қазақстан Республикасының еңбек, әлеуметтiк қорғау және әлеуметтiк сақтандыру туралы заңдары қолданылады», деген ережесiне назар аударады.

Саяси партиялардың қызметiне қатысу да, саяси партиялар қызметiнiң өзi де Конституциямен кепiлдiк берiлген адамның құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға тиiс. Дәл сол сияқты, кез-келген саяси партияға мүше болу Республика азаматының конституциялық мiндеттерiн атқарудан босатпайды. Өз мiндеттерiн атқару кезiнде мемлекеттiк қызметкерлер мен депутаттар саяси партиялар мен олардың органдары шешiмдерiне тәуелдi болмайды.

Конституциялық Кеңес «Саяси партиялар туралы» Заңның 10-бабы 6-тармағының нормасын талдай келе, оның саяси партияны мемлекеттiк тiркеудiң шарты түрiнде сан өлшемiн белгiлейтiнiне назар аударады. Саяси партияны мемлекеттiк тiркеу үшiн, делiнген Заңда, оның құрамында «партияның Қазақстан Республикасының барлық облыстарындағы, республикалық маңызы бар қала мен астанадағы әрқайсысында кемiнде жетi жүз партия мүшесi бар құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) атынан өкiлдiк ететiн кем дегенде елу мың партия мүшесi болуға тиiс». Қазақстанда саяси партиялар құру және олардың қызмет iстеуi үшiн бұл тiркеу және өзге де сан өлшемдерi, атап айтқанда, «Саяси партиялар туралы» Заңның 6-бабы 1 және 3-тармақтарымен белгiленген өлшемдер, конституциялық реттеу нысаны болып табылмайды. Ол жөнiндегi мәселелер, тұтас алғанда, заңды және жеке тұлғалардың құқықтық субъектiлiгiнiң түбегейлi принциптерi мен нормаларын анықтау сияқты, Конституцияның 61- бабы 3-тармағымен заңдар арқылы реттеу деңгейiне жатқызылған.

Өзге елдердiң партиялар туралы заңнамасында мұндай өлшемдердiң бар болуы, мемлекеттiң, саяси партияларға сайлау процесiне қатысу және парламенттерде бара-барлық өкiлдiк ету құқығын бере отырып, сонымен бiр мезгiлде оларға қажеттi талаптар қоятындығымен айқындалады, бұл талаптар саяси партияның қоғамда елеулi қолдауға ие екендiгiн айғақтап, сонымен бiр мезгiлде партиялық жүйенiң әлеуметтiк шарттастырылмай жiктелуiн тежеген болар едi.

«Саяси партиялар туралы» Заңның 10-бабы 6-тармағының және 6-бабы 1 және 3-тармақтарының талаптары жаңадан құрылып (қайта тiркелiп) жатқан барлық саяси партиялар үшiн жалпыға бiрдей және олар үшiн тең дәрежеде мiндеттi болып табылады. Саяси партияны мемлекеттiк тiркеуден заңды негiзде ғана бас тартуға және оған сотқа шағымдануға болады.

«Саяси партиялар туралы» бұл Заң өлшемдерiнiң сандық көрсеткiштерiне келер болсақ, олардың абсолюттiк түрлерiн орайлас айқындау мен белгiлеу Республика Парламентiнiң құзырына қарайтынын және оның заң шығарушылық қарауы аясында  екенiн атап өту қажет. Сонымен бiрге Кеңес, партиялар туралы шетел заңнамасында саяси партияларды мемлекеттiк  тiркеу  үшiн, олардың сан мөлшерiне қойылатын, қаралып отырған «Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 6-тармағымен көзделген сандық талаптардан анағұрлым жоғары талаптардың бар болуын атайды.

Заңның 14-бабы 5-тармағының 6) тармақшасы, «саяси партияның Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсi депутаттарының сайлауына қатарынан екi рет қатыспауын» соттың шешiмi бойынша саяси партияның таратылуына негiз ретiнде көздейдi. Конституциялық Кеңес оны Конституцияның жалпы ережелерi мен нормаларына қайшы деп таппайды және де, Заңның

14-бабы 5-тармағының 6) тармақшасы қоғам мен оның барлық жiктерi үшiн, олардың саяси мүддесiн бiлдiруге үмiткер партиялардың саяси қызметi тұрақты және белсендi болуына кепiлдiк жасауды өзiне мақсат етiп қояды деп есептейдi. Партиялар туралы заңнамадағы мұндай нормалар қоғамдағы шын мәнiндегi плюрализмдi қорғайды және ынталандырады деп танылады.

Заңның 21-бабында көзделген, бұрын құрылған саяси партияларды мемлекеттiк қайта тiркеу, Конституциялық Кеңестiң пiкiрiнше, оларды құрудың және қызметiнiң тәртiбiн, барлық саяси партиялар үшiн мiндеттi жаңа Заңның талаптарына сәйкес келтiруге бағытталған.

Қайта тiркеу туралы бұл норма қызмет iстеп жүрген барлық саяси партияларға қатысты қолданылады, яғни олардың заң алдындағы теңдiгi принципi сақталады. Бұрын құрылған және жаңадан құрылатын партиялар осы Заң арқылы тең құқықтық жағдайға қойылады.

Осылайша, «Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының ережелерiн Конституцияға сәйкестiгi мәнiнде қарау, депутаттардың бастамасы бойынша Парламент 2002 жылғы 26 маусымда қабылдаған бұл Заңның Конституцияның ережелерi мен нормаларына қайшы келмейтiнiн көрсеттi.

Заң, саяси партиялар мен қоғамдық бiрлестiктердiң өзге де түрлерiнiң арасында елеулi айырмашылық бар деп танылуын ескере отырып, Конституцияның 23-бабында баянды етiлген азаматтардың бiрлесу бостандығына құқығын толықтырады. Саяси партиялардың құрылуы мен қызметi тәртiбiн және жағдайларын заңдық реттеудi мамандандыру, олардың жария-құқықтық мәртебесiн белгiлеу қазiргi заманғы конституционализмнiң жалпы үрдiсi болып табылады.

Баяндалғанның негiзiнде және Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы» конституциялық заң күшi бар Жарлығының 17-бабы 2-тармағының 1) тармақшасын, 31, 32, 33, 37, 38 және 39-баптарын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi

 

ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

 

1. «Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес деп танылсын.

2. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабы 3-тармағына сәйкес қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшiне енедi, шағымдануға жатпайды, Республиканың бүкiл аумағында жалпыға бiрдей мiндеттi және Қазақстан Республикасы Конституциясының 73-бабы 4-тармағымен көзделген жағдайды ескерiп, түпкiлiктi болып табылады.

3. Осы қаулы республикалық ресми басылымдарда қазақ және орыс тiлдерiнде жариялансын.