«Республикадағы Конституциялық Заңдылықтың жай-күйі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің (2001 жылғы 24 наурызда Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының бірлескен отырысында тыңдалды)

ЖОЛДАУЫ

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев ел Парламентінің 2000 жылғы 24 қазандағы отырысында баяндаған, «Еркін, тиімді және қауіпсіз қоғамға қарай» деп аталатын Қазақстан халқына Жолдауында заңдарды жетілдіру, конституциялық заңдылықты нығайту мәселелеріне айрықша назар аударылған. Қазақстан мемлекеттік тәуелсіздігінің он жылдығын экономикалық дамуының айтарлықтай алға басуы, мемлекет және қоғам өмірін демократияландыру, халықаралық аренадағы беделі өсуі жағдайында атап өтуде.

Конституциялық Кеңестің 2000 жыл ішіндегі өз қызметінің нәтижесі бойынша кезекті Жолдауы Парламентке Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» конституциялық заң күші бар Жарлығының 17-бабына сәйкес жіберіліп отыр.

Аталған кезең ішінде Конституциялық Кеңес 23 өтініш қарады: 16 - Конституция нормаларына ресми түсіндірме беру мәселелері бойынша, 1 - қабылданған заңның конституциялылығы туралы, 6 - соттардың ұсынымы бойынша.

Кеңесте, жер пайдаланудың құқықтық режимі; қолданылып жүрген заңдарды Конституцияға сәйкес келтіру, сондай-ақ биліктің заң шығарушы және атқарушы тармақтарының осы саладағы өкілеттіктері, Республика прокуратурасының құзыреті; саяси партиялар мен кәсіптік одақтарды қаржыландыру; халықаралық шарттарды жасасу, орындау және күшін жою тәртібі мәселелері бойынша Конституция нормаларына ресми түсіндірме беру.

Республика Парламенті бір топ депутаттарының Қазақстан Республикасы Конституциясының 6-бабы 3-тармағын ресми түсіндіру жөніндегі өтініші, Республика Үкіметінің 2000 жылғы 12 қаңтарда «Аксесс Индастриз, Инк.» компаниясының кейбір мәселелері туралы» № 53 қаулы қабылдап, ол қаулыда «Богатырь Аксесс Көмір» ЖШС үшін жерді тұрақты пайдалану құқығын құжаттық рәсімдеумен, жерді пайдаланғаны, қоршаған ортаны ластағаны үшін төлемдерді өндіріп алумен байланысты бірқатар жеңілдіктер белгілеуіне байланысты туындаған болатын.

Конституциялық Кеңес 2000 жылғы 13 сәуірдегі қаулыда Конституцияда және оның ережелеріне негізделген заң актілерінде белгіленген шектерден шығып кету, сондай-ақ, атқарушы орган тарапынан жер пайдалану құқығы берілуінің онда көзделген нақты шарттарын сақтамау, бұл қатынастарға ықпал етудің құқықтық шекарасын асырып жіберу екенін атап көрсеткен болатын.

Қазақстан Республикасы Парламенті бір топ депутаттарының екі өтініші қолданылып жүрген заңдарды Конституцияға сәйкес келтіруге және биліктің заң шығарушы және атқарушы тармақтарының осы саладағы конституциялық өкілеттіктеріне қатысты болатын.

Конституциялық Кеңес 2000 жылғы 15 маусымдағы «Қазақстан Республикасы Конституциясы 92-бабының 4-тарамғын ресми түсіндіру туралы» қаулыда, Конституция белгілеген екі жылдық мерзімде оған сәйкес келтірілмеген заң актілері мен басқа нормативтік құқықтық актілер Конституцияға қайшы келмейтін бөлігінде қолданылады деп түсіндірген болатын. Қолданылып жүрген заңдардың Конституцияға сәйкес келтірілмеуі олар бірден күшін жояды деген сөз емес, өйткені екі жылдық мерзім өткеннен кейін олардың күші жойылатыны Конституцияның қаралып отырған бабында да, оның басқа нормаларында да көрсетілмеген.

         Осы өтініш бойынша, сондай-ақ, қолданылып жүрген заңдарды Конституцияға сәйкес келтіру үшін Конституция белгілеген екі жылдық мерзім құқық шығармашылық қызметін жүзеге асырушы барлық субъектілер үшін міндетті болып табылатыны белгіленген мерзімде орындамау Конституция нормаларын бұзу болып табылады. Алайда күні бүгінге дейін Конституцияның осы талабы толығымен орындалмай отыр. Атап атқанда, жергілікті өзін-өзі басқару туралы заң Республикада қабылданбаған.

         Бір топ Парламент депутаттарының, мемлекеттік кірісті қысқартуды немесе мемлекеттік шығысты көбейтуді көздейтін заңдардың жобалары Республика Үкіметінің оң қорытындысы болғанда ғана Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілетіндігі туралы Республика Үкіметінің, Конституцияның 61-бабы 6-тармағында бекітілген, конституциялық өкілеттігіне қатысты өтінішін қарап, Конституциялық Кеңес, мемлекеттік бюджет жобасын дайындау кезінде Республика Үкіметі Конституцияның 92-бабы 4-тарамғының талаптарын ескере отырып, қолданылып жүрген заңдарды Конституцияға сәйкес келтіруге байланысты кірісті қысқартудың да, шығысты көбейтудің де көзделетінін ескеруге тиіс деп атап көрсетті.

Биліктің заң шығарушы және атқарушы тармақтарының өзара қарым-қатынасы мәселелері Конституция нормаларында көзделген және конституциялық өкілеттіктерін пайдалана отырып олардың өздері келісу рәсімдері шегінде шешеді. Конституциялық Кеңес, билік тармақтарының арасындағы дауларды, оның ішінде заң жобалары жөнінде Үкімет берген теріс қорытындыға да байланысты дауларды сот тәртібімен шешуге жол берілмейді, өйткені жоғары заңдық күші бар және үстемділігі болғандықтан конституциялық нормалар соттар мен басқа қандай да бір органдарға жүгінбейді, - деп белгіледі.

«Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының Республика Парламентінде қаралуына байланысты, бір топ Парламент депутаттарының Республика Конституциясының 83-бабы 1-тармағын және 84-бабы 1-тарамағын ресми түсіндіру туралы өтініші келіп түсті. Конституциялық Кеңес, Конституцияның 83-бабы 1-тармағының прокуратура туралы «заңмен белгіленген жағдайда, тәртіпте және шекте қылмыстық қуғындауды жүзеге асырады», - деген нормасы Қазақстан Республикасы Конституциясының 84-бабы 1-тармағында көзделген ережеден тыс болып табылады. Конституцияның бұл нормасын, прокурордың қылмыстық қудалау функциясын жүзеге асыруының нақты механизмін құқықтық белгілеу, соның ішінде оған тергеу топтарын басқару құқығын беру, Қазақстан Республикасы Парламентінің заңмен реттеу саласына жатады, - деп атап көрсетті.

Премьер-Министрдің өтініші бойынша, Негізгі Заңның саяси партиялар мен кәсіптік одақтарды шетелдік субъектілердің қаржыландыруына тыйым салу туралы 5-бабының 4-тармағын ресми түсіндіру кезінде, Конституциялық Кеңес, қаржыландыру дегенде ақшалай қаражат бөлуді ғана емес, мүлік, жабдық, автокөлік, байланыс және баспасөз құралдары түрінде өзгелей де көмек көрсетуді түсіну керек, – деп белгіледі.

Премьер-Миниистрдің Конституцияның 4-бабы 3-тармағын ресми түсіндіру туралы басқа бір өтінішінде мынадай: 1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданғанға дейін Республика жасасқан және олардың күшіне енуінің шарты ретінде бекітілу көзделмейтін, бекітілмеген халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының заңдарынан басымдығы бола ма?, – деген сұрақ қойылған болатын. Конституциялық Кеңес, Қазақстан Республикасы Республика Конституциясына сәйкес, заңдарда белгіленген тәртіппен жасасқан және Республика Парламенті тиісті заң қабылдау жолымен бекіткен халықаралық шарттардың Республика заңдарынан басым заңи күші болады, – деп түсіндірме берді. Қазақстан Республикасы 1995 жылғы Конституциясы қабылданғанға дейін жасасқан, күшіне енуінің шарты ретінде бекіту көзделмеген халықаралық шарттар күшінде қалады, және де, егер осы халықаралық шарттар үшін, құқық қатынастарының тиісті салаларын реттейтін заңдарда осындай басымдық тікелей көзделген болса, онда Республика заңдарынан басымдығы сақталады.

Одан тыс, өткен жылы Конституциялық Кеңес Конституция нормаларын ресми түсіндіру тәртібімен жергілікті атқарушы органдар мен олардың лауазымды адамдарының өкілеттіктері; мүлікті соттан тыс иеліктен айыру; жоғары судьялық лауазымдарға сайлау тәртібі мәселелері бойынша нормативтік қаулылар қабылдады.

Еліміздің Парламенті қабылдаған «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті туралы» конституциялық заң Конституцияға сәйкестігі мәнінде қаралған болатын. Аталған Заңның ережелерін зерделеп және Конституцияның тиісті нормаларын талдап шығып, Кеңес оны еліміздің Негізгі Заңына сәйкес деп тапты, бұл тұста, Заңның реттеу нысаны Республика Парламентіне Конституцияның 61-бабы 3-тармағымен берілген өкілеттіктер шегінен шықпайды, - деп белгіледі.

Республика соттарынан Конституцияның 78-бабы негізінде және сол тәртіппен 6 ұсыным, келіп түсті. Мәселен, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты, әрекетке қабілетсіз адамның өзінің заңды өкілі арқылы емес, тікелей өзінің талап арызбен сотқа жүгінуге құқықтық мүмкіншілігінің болмауы, оның сот арқылы қорғалу құқығын шектемей ме, - деп күмәндануына байланысты, Қазақстан Республикасы Азаматтық іс жүргізу кодексінің (АІЖК) 154-бабы 1-тармағының 3) тармақшасын конституциялық емес деп тану жөніндегі ұсыныммен жүгінді.

Конституциялық Кеңес өзінің қаулысында Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 26-бабы 1-тарамағына сай жүйке ауруы немесе ақыл-есінің кемдігі салдарынан өз әрекеттерінің мәнін түсіне алмайтын немесе не істегенін білмейтін азамат әрекет қабілеттілігі жоқ деп танылады, соған байланысты оған қорғаншылық белгіленеді. Қамқоршылық институты бұл санаттағы азаматтардың жетпей жатқан әрекет қабілеттілігін толықтырады және олардың заңды мүдделерін қорғау үшін жағдай жасайды. АІЖК-нің 154-бабы 1-тармағының 3) тармақшасы сот арқылы қорғалу құқығына нұқсан келтірмейді, керісінше, әрекетке қабілетсіз деп танылған адамдардың бұл конституциялық құқығын жүзеге асыруына кепілдікті күшейте түседі.

Конституциялық Кеңес, Солтүстік Қазақстан облыстық сотының өтініші бойынша, Қазақ КСР-нің Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 281-бабы бірінші бөлігінің 3) тармақшасын Конституцияға қайшы деп тапты, өйткені, айыппұл салумен байланысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша сот шешімінің түпкіліктілігі, мүдделі адамды бұл сот актісіне шағымдану құқығынан айыратын еді.

 

***

 

Елдегі конституциялық заңдылықтың жай-күйіне сипаттама беру үшін, Конституциялық Кеңес әр жылы құқық бұзушылық туралы статистикалық мәліметтерді талдап отырады. Өкінішке орай, аталған саладағы көптеген құқық бұзушылықтар әлі де орын алып отыр. Жер-жердегі атқарушы органдар, атап айтқанда, түрлі деңгейдегі әкімдер заңсыз актілерді жиі шығарады. Прокурорлық шара қолдану нәтижесінде 2000 жылы осындай 25544 актінің күші жойылып, өзгертілді.

Әсіресе азаматтардың еңбек құқығын бұзу деректері кең тараған: демалу және еңбегі үшін сыйақы алу құқығы; жеке еңбек шарттарын жасау кезінде; еңбек қауіпсіздігі мен тазалық талаптары бойынша. Жынысы мен жасына қарай кемсітуге жол беріледі. 2000 жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары тексеру нәтижесінде осындай бұзушылықтардың 111 мыңнан астамын анықтады. Кейбір аймақтарда жалақы бойынша қарызды өтеу өткір проблема күйінде қалып отыр, бұл орайда Республика бойынша қарыздың жалпы сомасы 13 млрд. теңгеден асады.

Конституцияның 16-бабында баянды етілген адамның және азаматтың жеке бас бостандығына құқығы бұзылуда. Прокуратура органдары жүргізген тексерулер нәтижесінде, бұлтартпау шарасы ретінде негізсіз қамауға алу қолданылған 4581 адам уақытша ұстау изоляторларынан босатылған. 2000 жылы Республика соттары 443 адамды ақталуына не істердің ақтау негіздері бойынша және айыпсыздығына орай қысқартылуына байланысты қамаудан босатқан. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің азаматтарға қатысты зорлық-зомбылық қолдануының ондаған деректері анықталды. Жедел іс-шаралар өткізу кезінде, азаматтардың жеке өміріне қол сұғылмауына және телефон арқылы сөйлескен сөздерінің құпиялылығы сақталуына құқығы туралы Конституцияның 18-бабын бұзу деректері кездеседі. Конституцияның 25-бабымен баянды етілген, азаматтардың тұрғын үйіне қол сұғылмауына конституциялық құқығын бұзу деректеріне жол беріледі.

Қылмыстық бой көрсетулер ақыр соңында азаматтардың конституциялық құқықтарының және Конституцияда белгіленген қоғамдағы тәртіптің бұзылуына әкеп соқтырады. Республика Үкіметі мен күш құрылымдарының құқық бұзушылыққа қарсы күрес жөніндегі бірқатар шараларды іске асыруына, Қылмысқа қарсы күрес бағдарламасын әзірлеуіне қарамай, бұл істе айтарлықтай өзгеріс бола қойған жоқ, ал цифрлар болса жағдайдың тек нашарлай түскенін көрсетеді. 2000 жылдың ішінде Республика бойынша алдыңғы жылға қарағанда 11359 қылмыс көп тіркелген, ал қылмыстың деңгейі бойынша көрсеткіш 10 мың тұрғынға шаққанда 93-тен 102-ге дейін көрсетілген. Атап айтқанда, кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалатын қылмыстың саны ұлғайған, қылмыстың ауыр және аса ауыр түрлерінің ара салмағы үлкен болып отыр, ұрлық пен бұзақылықтың өсу үрдісі өзгеріссіз қалып отыр. Есірткі заттармен байланысты қылмыстардың едәуір өсуі байқалады. Осы Жолдауды дайындау жөнінде Конституциялық Кеңесте үстіміздегі жылғы 20 ақпанда құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен өткен отырыста, Республикада қылмысқа қарсы күресте әлі де түбегейлі өзгеріс бола қоймағаны атап өтілді. Соңғы жылдардағы мәліметтер, Республикадағы қылмыстық жағдайдың жақсармағанын, тіптен, қылмыстың жалпы жай-күйі 1993 жыл деңгейінде қалып отырғанын айғақтайды.

 

***

 

2001 жылғы ақпанда Конституциялық Кеңестің құрылғанына 5 жыл толды. Осыған орай оның бес жылдық жұмысының жалпы қорытындысына тоқталып, оның қызметіндегі кейбір үрдістерді анықтап алу пайдалы болар еді. Бұл аталған жинақтау еліміздің мемлекеттік тәуелсіздігінің 10 жылдығы жылында айрықша мағынаға ие, өйткені белгілі бір шамада Конституциялық Кеңестің мемлекеттік механизмдегі орны мен қызметін сипаттайды.

Конституциялық Кеңес бес жыл ішінде 91 өтініш қарады. Республика Конституциясының нормаларына ресми түсіндірме беру туралы өтініштер барлық өтініштердің жартысына жуығын құрайды. Республика Президенті қол қойғанға дейін Конституциялық Кеңес қарайтын заңдардың 1999 жылы байқалған өсу үрдісі, 2000 жылы басқа жағына қарай өзгерді, бірақ Парламенттің заң шығару қызметі қарқынды күйінде қалды: өткен жылы 14 дербес заң қабылданып, Республиканың қолданылып жүрген заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 24 заң қабылданды.

Республика Парламенті 2000 жылы 49 халықаралық шартты бекітті және халықаралық конвенцияларға қосылу туралы 5 заң қабылдады. Алайда олардың Конституцияға сәйкестігі бойынша Парламент өтініштері, өткен жылы да, алдыңғы жылдары да Конституциялық Кеңеске келіп түспеді. Бес жыл ішінде сайлаудың дұрыс өткізілгендігі туралы бір-де бір өтініш болған жоқ.

Конституциялық Кеңес, Республика Конституциясының 78-бабы ережелері негізінде соттардың Кеңеске жіберген ұсынымдарының саны, қолданылып жүрген заңдардың шын мәніндегі жай-күйін білдірмейді деп есептейді, онда әлі де болса, әсіресе атқарушы билік органдары шығаратындарының ішінде, Конституцияға толығымен сәйкес келмейтін нормалар баршылық. Сот өтініштерінің мардымсыз болуы жергілікті соттардың енжарлығымен ғана емес, олардың соңғы уақытқа дейін іс жүзінде атқарушы биліктің қарауында болып келгенімен түсіндіріледі, ал бұл органдардың құқықтық актісін Конституциялық Кеңесте даулау кей кездері соттың бұл билікке қарсы тұруы деп қабылданатын. Енді, Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының сот жүйесінің тәуелсіздігін күшейту жөніндегі шаралар туралы» 2000 жылғы 1 қыркүйектегі Жарлығымен Республика Жоғарғы Сотының жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитет құрылғаннан соң, жағдай өзгереді деп күтуге болады.

Іс жүргізу заңдарына және прокуратура туралы заңға мынадай: азаматтық немесе қылмыстық істі қарауға қатысушы прокурор, қолданылуға тиісті заңның Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы ұсыныспен Конституциялық Кеңеске жүгіну қажеттігі туралы мәселені соттың алдына қоюға құқылы, оны сот орындауға тиіс, – деген ережені енгізу арқылы, прокуратураны заңдардың конституциялығын тексеру процесіне қатыстыру мақсатқа сай болар еді. Мұндай норманы белгілеу Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының құқық қорғау қызметін жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын жүзеге асыруға қызмет етеді.

Азаматтардың Конституциялық Кеңеске келіп түсіп жатқан хаттарына қарағанда, сот шешімдерінің орындалуы өзекті проблемаға айналып отыр. Соттардың азаматтық істер бойынша шешімдерінің жартысына жуығы «созбаланып», орындалмайды, бұзылуына, сот беделінің түсуіне әкеп соқтырады.

Өзінің Жолдауында Конституциялық Кеңес жылдан жылға сол бәз-баяғы Конституцияны бұзу деректеріне назар аудартумен келеді. Алайда тиісті мемлекеттік органдар бұл деректер бойынша тиісті шаралар көрмей отыр. Конституциялықты заңдылықты қамтамасыз етудегі негізгі кемшілік -бұл анықталған бұзушылықтарды іс жүзінде жою жөніндегі жұмыстардың пәрменсіздігі. Соған орай, Конституциялық Кеңесте, оның қаулыларын орындаумен байланысты материалдарды жинақтау, бақылауды күшейту бойынша ұйымдастыру шараларын көру жұмыстары басталды.

Конституциялық Кеңестің бес жылдық қызметі, оның конституциялық бақылау функциясын орындай отырып, біріншіден, конституциялық өкілеттігі мен тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесіне сәйкес, мемлекеттік билік тармақтарының бірлігін және келісіп іс-қимыл жасауын қамтамасыз етуге; екіншіден, заң шығару процесінде конституциялық заңдылықты арттыруға; үшіншіден, Республика Конституциясымен баянды етілген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға септігін тигізетіндігіне айғақ болады. Конституциялық Кеңестің кей заң нормаларының конституциялылығы немесе Конституцияға сәйкес еместігі жөніндегі шешімдері Парламенттің заң шығармашылығы қызметінде өзінің тиісті шешімін тауып отыр.

Негізгі Заңның жоғары тұруын қамтамасыз ету жөніндегі істердің жай-күйін талдау, Республикадағы конституциялық заңдылықты нығайту бойынша бірқатар ұсыныстар мен ұсынымдарды тұжырымдауға мүмкіндік береді.

1. Іс жүргізу заңдарына және Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» конституциялық заң күші бар Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет, бұл орайда, прокурордың, Конституцияның 78-бабы тәртібімен соттардың Конституциялық Кеңеске жүгінуі туралы мәселені сотта қою құқығы, сондай-ақ, сот төрағасына ғана емес, істі қараушы судьяға да барлық жағдайда дәл осындай өтініш жасау құқығын беру көзделуге тиіс.

Конституциялық Кеңестің алдында тұрған міндеттердің күрделілігін, оның құрамынан өмірлік тәжірибе мен жоғары кәсібилік талап етілетінін назарға ала отырып, Кеңес мүшелігіне үміткерлердің жасын 40-тан төмен болмайтындай етіп белгілеу мақсатқа сай болар еді. Қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 30 жас деп алынған.

2. «Еңбек қауіпсіздігі және оны қорғау туралы» заңды дайындау мен қабылдау жөніндегі жұмыстарды түзету қажет. Республиканың көптеген кәсіпорындарында талапқа сай еңбек ету жағдайлары жасалмаған, ескірген жабдықтарды, ақаулы техника мен жетілдірілмеген технологияларды пайдалануға жол беріледі. Өткен жылы адам өліміне соқтырған өндірістік жарақаттану оқиғаларының саны 6 пайызға өсіп, соның салдарынан 300 жұмысшы қаза тапты. Мемлекеттік еңбек инспекторлары 79,5 мың еңбек туралы заңды бұзушылық деректерін анықтады, бұл жұмыс берушілердің Конституцияның 24-бабы 2-тармағында жазылған: «Әркімнің қауіпсіздік пен тазалық талаптарына сай еңбек ету жағдайына құқығы бар», – деген талаптарды жаппай бұзып отырғандығын дәлелдейді.

Конституциялық Кеңес Парламентпен бірлесе отырып өткізген «Конституцияның 5 жылдығы және Қазақстан Республикасындағы заң шығармашылығы процесі» деп аталатын халықаралық ғылыми-практикалық конференция бірқатар ұсыныстарды алға қойды, оның ішінде:

- азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуы ғана емес, нормативтік құқықтық актілерде Конституцияның кез-келген нормаларының бұзылуы жағдайларын да қоса отырып, соттардың Конституциялық Кеңеске жүгінуі негіздерін кеңейту;

- Конституциялық Кеңеске өтініш беру субъектілерінің қатарына Бас прокурорды және Әділет министрін қосу;

- Конституциялық Кеңес мүшелерінің өкілеттік мерзімін 12 жылға дейін ұлғайту (қазіргі уақытта бұл мерзім 6 жыл);

- заңдарға, соның ішінде – конституциялық заңдарға, ресми түсіндірме беру субьектісін айқындау.

Бұл ұсыныстар олардың негізделгендігі және орындалу мүмкіндігі тұрғысынан ойлап көруді және бағамдауды қажет етеді.

Аталған конференцияда, сондай-ақ, қолданылып жүрген заңдардың әркезде де жүйелі түрде дамымай отырғаны, оның түрлі салаларының арасындағы байланыстың үзілуі, заңдардың тұрақтылығы қамтамасыз етілмей отырғаны айтылды. Заңдардың сапасына: нормалардың қарама-қайшылығына, ешбір негізсіз жиілетіп өзгерістер енгізілуіне, бірінші кезектегі емес, екінші кезектегі заңдарды қабылдауға, заң шығаруда сөзбұйдаға салуға, заңи техниканың кемшіліктеріне қатысты бірталай проблемалар қордаланып қалған.

Осы Жолдауда аталған, заңдардағы және оның орындалу практикасындағы проблемаларды шешу елдегі конституциялық заңдылықты нығайтуға септігін тигізеді.

 

Қазақстан Республикасы 
Конституциялық Кеңесінің 
Төрағасы                                                                                              Ю. Хитрин