Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң

1997 жылғы 16 мамырдағы № 11/2 қаулысы

 

ҚР Конституциялық Кеңесінің 08.11.2007 № 9 нормативтік қаулысымен осы қаулының жекелеген ережелері алып тасталды

 

Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi Конституциялық Кеңестiң Төрағасы Ю.А. Ким және Конституциялық Кеңестiң   мүшелерi   Н.И. Акуев, О.Қ. Ықсанов, В.В. Мамонов, С.Н. Сәбiкенов, С.Ғ. Темiрболатов, В.Д. Шопин қатысқан құрамда 1997 жылғы 16 мамырдағы ашық мәжiлiсте Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының Төрағасы Ө. Байгелдидiң Парламент Сенаты депутаттарының өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтату бөлiгiндегi Қазақстан Республикасы Конституциясының 52-бабының 3 және 5-тармақтарын ресми түсiндiру жөнiндегi өтiнуiн қарады.

Мәжiлiске: өтiну субъектiсiнiң өкiлдерi – Парламент Сенатының заң шығару және сот-құқық реформасы жөнiндегi Комитетiнiң хатшысы А.К. Котов, Парламент Сенаты Аппаратының заң шығару бөлiмiнiң меңгерушiсi Э.Б. Мұхамеджанов; Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң заң шығару сот жүйесi мәселелерi жөнiндегi Бөлiмiнiң меңгерушiсi Б.А. Мұхамеджанов; Қазақстан  Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы З.Я. Балиева, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Е.В. Кулешова қатысты.

 

Баяндамашылар – Конституциялық Кеңестiң мүшелерi Н.И. Акуев және С.Н. Сәбiкеновтiң хабарларын, А.К. Котов, Э.Б. Мұхамеджанов, З.Я. Балиева, Б.А. Мұхамеджановтардың сөздерiн тыңдап, қолда бар материалдарды зерттей келе, Конституциялық Кеңес

 

ҰЙҒАРДЫ:

 

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiне 1997 жылғы 30 сәуiрде Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының Төрағасы Ө.Байгелдидiң Парламент Сенаты депутаттарының өкiлеттiгi мерзiмiнен бұрын тоқтатуға қатысты бөлiгiндегi  Қазақстан  Республикасы  Конституциясының 52-бабының 3 және 5-тармақтарын ресми түсiндiру туралы өтiнуi келiп түстi. Конституциялық Кеңес 1997 жылғы 4 мамырдағы қаулысымен аталған өтiнудi конституциялық өндiрiске қабылдады.

Қаралған өтiнуде: «Республиканың әкiмшiлiк-аумақтық құрылымын өзгерту Сенат депутаттарының өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтатуға негiз болып табыла ма?» деген мәселе қойылды.

Қазақстан Республикасының Конституциясына талдау және қаралып отырған мәселедегi оған сәйкес заңдар негiзiнде Конституциялық Кеңес аталған конституциялық нормаларды түсiндiруде мыналарды еске алды.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 52-бабының 3 және 5-тармақтарында Парламент депутаттарының өкiлеттiгiн тоқтатуға негiз болып табылатын мынадай жағдайлардың тiзбегi келтiрiлген:

- Парламент депутаты басқа өкiлдi органның депутаты болғанда;

- Парламент депутаты оқытушылық, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтен басқа, ақы төленетiн өзге де жұмыс атқарғанда, сондай-ақ кәсiпкерлiкпен шұғылданғанда, коммерциялық ұйымның басшы органына немесе байқаушы кеңесiнiң құрамына кiргенде;

- қызметiнен кетуге өтiнiш бергенде;

- депутат iс-әрекетке қабiлетсiз деп танылғанда;

- Парламент таратылғанда;

- Парламент депутатына қатысты соттың айыптау үкiмi заңды күшiне енгiзiлгенде;

- Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге тұрақты қоныс аударғанда.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 52-бабының 5-тармағында: «... Конституцияда көзделген өзге де реттерде...» Парламент депутатының өкiлеттiгi тоқтатылатыны көрсетiлген. Мұндай реттерге, атап айтқанда, Парламенттiң өкiлеттiгiнiң аяқтаулы жатады (49-баптың 2-тармағы).

Қазақстан Республикасының Конституциясында Республиканың әкiмшiлiк-аумақтық құрылымын өзгертуге байланысты Сенат депутаттарының өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтатуға болады деген негiз айтылмаған.

Айтылғандардың негiзiнде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 1-тармағының 4 тармақшасын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң конституциялық заң күшi бар «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы» Жарлығының 33, 37, 38-баптарын басшылыққа ала отырып, Конституциялық Кеңес Қазақстан Республикасы Конституциясының

52-бабының 3 және 5-тармақтарын ресми түсiндiру тәртiбiмен

 

ҚАУЛЫ ЕТТi:

 

1. Қазақстан Республикасының Конституциясы Парламент депутаттарының өкiлеттiгiн тоқтатудың негiздерiнiң мейлiнше толық тiзбегiн белгiлеп берген. Республиканың әкiмшiлiк-аумақтық құрылымын өзгерту Қазақстан Республикасы Парламентi Сенаты депутаттарының өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтатуға негiз болып табылмайды.

2. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 3-тармағына сәйкес қаулы қабылданған күннен бастап күшiне енедi, Республиканың барлық аумағында жалпы мiндеттi болып табылады, Қазақстан Республикасы Президентiнiң конституциялық заң күшi бар «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы» Жарлығының 38-бабының 2 және 3-тармақтарында көрсетiлген жағдайларда ол түпкiлiктi және арыздануға жатпайды.