Маңғыстау облыстық сотының Қазақстан Республикасы Қылмыстық iс жүргiзу кодексiнiң 292-бабының алтыншы бөлiгiн конституциялық емес деп

тану туралы ұсынымы жөнiнде

 

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң

1999 жылғы 5 мамырдағы № 8/2 қаулысы

 

Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi құрамында Төраға Ю.А. Ким және Кеңес мүшелерi Н.I. Өкеев, Ж.Д. Бұсырманов, А.Е. Есенжанов, А.К.  Котов, Қ.Ә. Омарханов және В.Д. Шопин қатысқан, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы М.С. Нәрiкбаевтың, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары С.О. Оңғарбаевтың, Қазақстан Республикасының  Әдiлет  вице-министрi К.А. Мәмидiң, сарапшы- заң ғылымдарының докторы, Д. Қонаев атындағы Гуманитарлық университеттiң профессоры М.Ч. Қоғамовтың қатысуымен, Қазақстан Республикасы Конституциясы 72-бабының 2-тармағына және Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы» конституциялық заң күшi бар Жарлығының 17-бабы 4-тармағы 1) тармақшасына сәйкес, ашық отырысында Маңғыстау облыстық сотының Қазақстан Республикасы Қылмыстық iс жүргiзу кодексiнiң 292-бабы алтыншы бөлiгiн конституциялық емес деп тану туралы ұсынымын қарады.

Қолда бар материалдарды зерделеп шығып, баяндамашы Қ.Ә. Омархановтың хабарламасын және отырыс қатысушыларының сөйлеген сөздерiн тыңдап, Конституциялық Кеңес мынаны

 

АНЫҚТАДЫ:

 

1999 жылғы 6 сәуiрде Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесiне Республика Конституциясының 78-бабына сәйкес Маңғыстау облыстық соты Қазақстан Республикасы Қылмыстық iс жүргiзу кодексiнiң (бұдан әрi – ҚIЖК) 292-бабы алтыншы бөлiгiн конституциялық емес деп тану туралы ұсыныммен өтiнiм бердi.

Маңғыстау облыстық сотының өтiнiм беруiне Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты төралқасының Өтегенов пен Дядовке қатысты қылмыстық iс бойынша қаулысы себеп болды. Жәбiрленушi Т. Самутинаның шағымы бойынша бұл сот сатысы, айыпталушылардың  жағдайын  нашарлататын  негiз  бойынша, алдында болып өткен барлық сот қаулыларының күшiн жойған және iстi жаңадан қарауға жiберген.

Маңғыстау облыстық соты, ҚIЖК-нiң 461-бабы екiншi бөлiгiнде белгiленген шағым беру мерзiмiн Самутина өткiзiп алғандықтан, Жоғарғы Сот төралқасы оның шағымын өндiрiске қабылдауға тиiс емес едi деп есептейдi. Алайда, айыпталушы Дядов пен оның қорғаушысы Жоғарғы Сот пленумына төралқаның заңсыз қаулысына шағым бере алмайды, себебi жергiлiктi соттар бiрiншi саты бойынша қарайтын iстердiң категориялары үшiн Жоғарғы Соттың төралқасы соңғы - ең жоғары қадағалау сатысы болып табылады. Облыстық соттың пiкiрi бойынша, Жоғарғы Сот пленумының ҚIЖК-нiң 292-бабы екiншi бөлiгiнде көрсетiлген тұлғаларға қатысты iстер бойынша осы сот төралқасының қаулыларын қайта қарай алу мүмкiндiгiн көздейтiн ҚIЖК-нiң 292-бабы алтыншы бөлiгi, Жоғарғы Сот төралқасы олар үшiн соңғы саты болып табылатын азаматтардың өзге категориясының сот арқылы қорғалу  құқығына нұқсан келтiредi. Мұнда облыстық сот азаматтардың Республика Конституциясының 13-бабы 2-тармағында (өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы) және 39-бабы 3-тармағында (13-бапта көрсетiлген құқықтарды шектеуге жол бермеу) бекiтiлген құқықтарына нұқсан келтiрудi көрiп отыр.

Баяндалғанды есепке алып, Маңғыстау облыстық соты 1999 жылғы 5 наурызда бұл iс бойынша өндiрiстi тоқтата тұрды және ҚIЖК-нiң 292-бабы алтыншы бөлiгiн Республика Конституциясына сәйкес емес деп тану туралы ұсыныммен Конституциялық Кеңеске өтiнiм бердi.

Маңғыстау облыстық сотының Қазақстан Республикасы ҚIЖК- нiң   292-бабы алтыншы бөлiгiнiң конституцияға сәйкестiлiгiн тексеру туралы ұсынымын қарау кезiнде Конституциялық Кеңес мыналарды ескердi.

13-баптың 2-тармағында адамның, азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығын белгiлей отырып, Республика Конституциясы бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қорғау және қалпына келтiру үшiн әркiмнiң сотқа өтiнiм бере алу мүмкiндiгiн көзде тұтады. Сонымен бiрге Конституция бұл конституциялық құқықты жүзеге асырудың тәртiбiн анықтамайды. Конституцияның 75-бабынан және 77-бабының 3-тармағы 3) тармақшасынан бұл механизм сот жүйесiнiң ұйымдық- құқылық құрылуының және сот төрелiгi iске асырылуының мәселелерiн реттейтiн Республика заңдарында белгiленетiнi келiп шығады.

Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 3) тармақшасы iстердiң соттылығы туралы ережелердiң болуын көзде тұтады. Соттардың әртүрлi деңгейiнiң құзыретi заңмен олардың басқаруына жатқызылған iстердiң шеңберi бойынша ғана анықталады. Сонымен бiрге елiмiздiң сот жүйесiнiң барлық буындарында iстердi қараудағы iс жүргiзу тәртiбi барлық сотталушыларға қатысты бiрыңғай және мiндеттi болып  табылады және тұлғалардың бiр тобына қандай- да бiр жеңiлдiктер жасамайды, сондай-ақ кiмнiң де өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуы құқығына нұқсан келтiрмейдi.

Жергiлiктi соттар қаулы еткен үкiмдер үшiн, ҚIЖК-i заңдылықты сақтау және сот қателiктерiн болдырмау мүддесiн көздей отырып, оларды қайта қараудың бiрнеше сатыларын белгiлейдi.

ҚIЖК-нiң 292-бабы екiншi бөлiгiнде көрсетiлген тұлғалардың қылмыстары туралы қылмыстық iстердi тек қана Жоғарғы Соттың қарауы Конституцияның 13-бабы 2-тармағының және 14-бабының талаптарына қайшы келмейдi. Бұл тұлғалардың ерекше құқықтық мәртебесiн ескерiп, заң олар үшiн республиканың ең жоғарғы сот органының соттылығын белгiлейдi, бұл Конституцияның талаптарын бұзбайды және өзге азаматтардың құқықтарын кемсiтпейдi. Сонымен бiрге, iстердiң мұндай категорияларына соттылық талаптарын тарату үшiн Жоғарғы Сот пленумына қадағалау органының функциясы берiледi.

ҚIЖК-нiң 292-бабының екiншi бөлiгiнде көрсетiлген тұлғалар жасайтын қылмыстар үлкен қоғамдық қауiп тудырады, заңның қорғауындағы құндылықтардың маңыздырақ объектiлерiне қастандық келтiредi. Сондықтан бiрқатар жағдайларда олардың лауазым бабы ауырлататын жағдай болып табылады, бұл да сондай-ақ қылмыстық iстердiң соттылығын алдынан анықтайды.

Конституцияның 14-бабы 1-тармағының талаптары, Республика Конституциясының Республикада сот төрелiгiн сотта iс жүргiзудiң белгiленген нысандары арқылы тек қана сот жүзеге асырады делiнген 75-бабымен келiсiледi. Сонымен бiрге, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтiрудi немесе тұлғалардың қандай-да бiр категориясына жеңiлдiктер жасауды болдырмау мақсатында соттардың мiндеттерi мен өкiлеттiктерi бар қандай-да бiр органдарды құруға жол берiлмейдi. Бұл мағынада адам және азамат, сот төрелiгiн жүзеге асыруға ерекше құқық берiлген мемлекеттiк орган болып табылатын сот алдында өзiнiң құқықтары мен мiндеттерi бойынша тең.

Баршаның заң алдындағы теңдiгi жеке адамның құқықтары мен мiндеттерiнiң теңдiгiн, бұл құқықтарды мемлекеттiң теңдей қорғайтындығын және бiрдей негiздер бойынша әркiмнiң заң алдындағы тең жауапкершiлiгiн бiлдiредi. Республика Конституциясының 39-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларда адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын шектеуге тек заңдар арқылы жол берiледi.

Республика Конституциясы Жоғарғы Сот пленумы өкiлеттiлiгiнiң заң шығарушы тәртiппен өзгертiлуiне тосқауыл қоймайды.

Сондықтан, Конституциялық кеңес ҚIЖК-нiң 292-бабының алтыншы бөлiгi Қазақстан Республикасының Конституциясына қайшы келмейдi деп есептейдi.

ҚIЖК-нiң 292-бабы алтыншы бөлiгiнiң Республика Конституциясына сәйкестiлiгi туралы мәселенi шеше отырып, Конституциялық Кеңес, сонымен бiрге, iс жүргiзу заңының аталған нормасының нақты iс бойынша Өтегенов пен Дядовке қатысты дұрыс қолданылуын қарамайды, өйткенi бұл оның өкiлеттiлiгiне кiрмейдi.

Баяндалғанның негiзiнде және Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 2-тармағын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы»  конституциялық  заң  күшi  бар  Жарлығының  33,  37  және 38-баптарын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi

 

ҚАУЛЫ ЕТЕДi:

 

1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық iс жүргiзу кодексiнiң 292-бабының алтыншы бөлiгi Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес деп танылсын.

2. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабы 3-тармағына сәйкес қаулы оны қабылдаған үннен бастап күшiне енедi, Республиканың бүкiл аумағында жалпыға бiрдей мiндеттi, түпкiлiктi және Қазақстан Республикасы Конституциясының 73-бабы 4-тармағында көзделген жағдайды ескерiп, шағымдануға жатпайды.