«Қазақстан Республикасы Президентiнiң Қазақстан Республикасы Парламентi 1998 жылғы 4 ақпанда қабылдаған, Қазақстан Республикасы Президентiне қол қоюға берiлген Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнiң (ерекше бөлiм) Республика Конституциясына сәйкестiгi туралы» өтiнiшi туралы

 

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң1998 жылғы 27 наурыздағы № 1/2 қаулысы

 

Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi Кеңес Төрағасы Ю.А. Ким және Кеңес мүшелерi Н.И. Акуев, О.Қ. Ықсанов, В.В. Мамонов, С.Ғ. Темiрболатов және В.Д. Шопин қатысқан құрамда, Қазақстан Республикасы Президентiнiң өкiлi, Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң заң және сот  жүйесi мәселелерi жөнiндегi бөлiмiнiң меңгерушiсi Т.С. Донаков, Қазақстан Республикасы Мәжiлiсi мен Сенатының өкiлдерi, депутаттар В.И. Пригодин және А.К. Котовтың қатысуымен өзiнiң ашық мәжiлiсiнде Қазақстан Республикасы Президентiнiң Қазақстан Республикасының Парламентi 1998 жылғы 4 ақпанда қабылдаған, қол қоюға берiлген Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң (ерекше бөлiм) Республика Конституциясына сәйкестiгi туралы өтiнiшiн қарады.

Баяндамашы, Кеңес мүшесi С.Ғ. Темiрболатовты, Қазақстан Республикасы Президентiнiң өкiлi Т.С. Донаков, Республика Мәжiлiсi мен Сенатының өкiлдерi В.И. Пригодин мен А.К. Котовты тыңдай және сарапшы, заң ғылымының докторы, профессор А.Л. Маковский мен мамандар – заң ғылымының докторы, профессор М.А. Сәрсенбаев және заң ғылымының кандидаты, доцент Г.Б. Исбаеваның берген қорытындыларымен, сондай-ақ осы өтiнiш бойынша басқа да материалдармен таныса келе, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесi

 

ҰЙҒАРДЫ:

 

1998 жылғы 2 наурызда Республиканың Конституциялық Кеңесiне Қазақстан Республикасы Президентiнен Азаматтық кодекстiң (ерекше бөлiм) Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестiгiн қарау туралы өтiнiш түскен болатын.

Азаматтық кодекстiң (ерекше бөлiм) мазмұнын, Конституциялық Кеңестiң сұрауымен түскен материалдарды сарапшы және мамандар қорытындыларын зерттей, Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Республика Парламентi Палаталарының өкiлдерiн тыңдай келе, Конституциялық Кеңес жалпы алғанда Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексi (ерекше бөлiм) конституциялық нормаларға сәйкес келедi деп тапты.

Соған арамастан, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi Азаматтық кодекстiң (ерекше бөлiм) «Халықаралық жеке құқық» атты 7-бөлiмiнiң кейбiр нормалары Республика Конституциясының нормаларына сәйкес келмейдi.

Мәселен, Азаматтық кодекстiң (ерекше бөлiм) 1085-бабының 3-тармағында «Шет елдiк құқықты қолдану тек аталған норманың жария-құқықтық сипаты болғанда ғана шектелмеуге тиiс» делiнген. Азаматтық кодекстiң осы редакцияда берiлген мазмұны мен мәнiне жүгiнсек, шет елдiк мемлекеттiң жария-құқық нормалары Қазақстан Республикасының аумағында сөзсiз қолданылуы мүмкiн. Жеке құқықтық қатынастарды реттейтiн Азаматтық кодекстiң аталған нормасы Конституцияның  4-бабының 1-тармағында бекiтiлген норма талаптарына қайшы келедi, соған сәйкес, Республикада қолданылып отырған құқыққа елдiң халықаралық шарттары мен басқа да мiндеттемелерiнiң нормалары, оларды Республика бекiткен жағдайда ғана, енгiзiледi. Бұл ереже Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң «Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының 1-тармағын және 12-бабының 2-тармағын ресми түсiндiру туралы» 1996 жылғы 28 қазандағы №6 Қаулысында тұжырымдалған.

Азаматтық кодекстiң 1085-бабының 3-тармағының редакциясында айтылғандар шет елдiк жария-құқық нормаларының егемен мемлекеттiң жария-құқықтық қатынастарына баса көктеп кiрудi қарастырады. Мұндай қолданысқа жол бере отырып, заң шығарушы егемен Қазақстан Республикасының жария-құқықтық қатынастарына келтiрiлген нұқсанмен ерiктi түрде келiсетiн болады.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң «Қарсы шектеуiндегi» 1094-бабында «Қазақстан Республикасының Үкiметi Қазақстан Республикасының азаматтары заңды тұлғаларының құқықтарына  арнайы  шектеулерi  бар  мемлекеттердiң  азаматтары мен заңды тұлғаларының құқықтарына қатысты қарсы шектеулер (реторсиялар) белгiлеуi мүмкiн» делiнген норма бар. Берiлiп отырған редакциядағы  Азаматтық  кодекстiң бұл  нормасы Республиканың Негiзгi заңының 39-бабының 1-тармағында және 61-бабының 3-тармағының 1) тармақшасында бекiтiлген екi бiрдей конституциялық нормаға қайшы келедi.

Конституцияның 39-бабының 1-тармағында адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары тек заңмен ғана шектелуi мүмкiн делiнген, демек, Үкiметтiң басқа мемлекеттердiң азаматтарының құқығына қатысты қарсы шектеулер белгiлеуi, Азаматтық кодекстiң 1094-бабында көрсетiлгенiндей, аталған конституциялық нормаға қайшы келедi.

Оған қоса Азаматтық кодекстiң 1094-бабы Республика Үкiметiне азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарына қатысты қарсы шектеулердi енгiзуге құқық бергенiмен, Республика Конституциясының 61-бабы 3-тармағы 1) тармақшасының: «Парламент ... жеке және заңды тұлғалардың субъектiлiгiне, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, жеке және заңды тұлғалардың мiндеттерi мен жауапкершiлiгiне ... қатысты негiзгi ... нормаларды белгiлейтiн заңдар шығаруға хақылы» делiнген талаптарына сай келмейдi.

Азаматтық кодекстiң 1094-бабы, сондай-ақ Негiзгi заңның 3-бабының 4-тармағында белгiленген билiктi бөлiстiру жөнiндегi конституциялық қағидаға да қайшы келедi.

Айтылғандардың негiзiнде және Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 1-тармағының 2) тармақшасын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң конституциялық заң күшi бар «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы» Жарлығының 17-бабының 2-тармағының 1) тармақшасын және 37-бабын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi

 

ҚАУЛЫ ЕТТi:

 

1. Қазақстан Республикасының Президентiне 1998 жылғы 11 ақпанда қол қоюға берiлген Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексiнiң (ерекше бөлiм) 1085-бабының 3-тармағы Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының 1 және 3-тармақтарына сәйкес емес деп танылсын.

2. Азаматтық кодекстiң (ерекше бөлiм) 1094-бабы

Қазақстан Республикасы Конституциясының 3-бабының 4-тармағына, 39-бабының 1-тармағына және 61-бабының 3-тармағының 1) тармақшасына сәйкес емес деп танылсын.

3. Қазақстан Республикасы  Конституциясының 4-бабының 1-тармағына және Қазақстан Республикасы Президентiнiң конституциялық заң күшi бар «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы» Жарлығының 39-бабының 1-тармағына сәйкес, Конституцияға сәйкес емес деп танылған заңдарға қол қойылмайды және ол күшiне енбейдi.

4. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 3-тармағына сәйкес, осы қаулы қабылданған күннен бастап күшiне енедi, Республиканың барлық аумағына жалпы мiндеттi болып табылады,  Қазақстан  Республикасы Президентiнiң конституциялық заң күшi бар «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы» Жарлығының 38-бабының 2 және 3-тармақтарында көрсетiлген жағдайларды есепке алғанда ол түпкiлiктi және арыздануға жатпайды.