Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнің1998 жылғы 4 желтоқсандағы № 13/2 қаулысы

 

ҚР Конституциялық Кеңесінің 17.04.2017 № 2 нормативтік қаулысымен осы қаулының жекелеген ережелері алып тасталды

 

Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi құрамында Кеңес Төрағасы Ю.А. Ким және Кеңес мүшелерi Ж.Д. Бұсырманов, О.Қ. Ықсанов, В.В. Мамонов, С.Ғ. Темiрболатов, В.Д. Шопин қатысқан ашық отырысында Қазақстан Республикасы Конституциясы 72-бабы 1-тармағының 4) тармақшасы және Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесi туралы» конституциялық заң күшi бар Жарлығының 17-бабы 3-тармағының 1) тармақшасы негiзiнде Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң Төрағасы М.Т. Оспановтың Қазақстан Республикасы Конституциясы 53-бабының 1) тармақшасына және 91-бабының 1-тармағына ресми түсiнiк беру туралы өтiнiмiн қарады. Өтiнiм бойынша материалдарды зерделей келiп, баяндамашы Кеңес мүшесi В.В.Мамоновтың хабарламасын тыңдап Қазақстан Республикасы Конституциясының Кеңесi мынаны

 

АНЫҚТАДЫ:

 

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiне 1998 жылғы 19 қарашада Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң Төрағасы М. Оспановтың Қазақстан Республикасы Конституциясының өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы нормалары бөлiгiне қатысты Қазақстан Республикасы Конституциясы 53-бабының 1) тармақшасына және 91-бабының 1-тармағына ресми түсiнiк беру туралы өтiнiмi келiп түстi. Өтiнiмде 1998 жылғы 7 қазанда қабылданған «Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкестiгi туралы мәселе қойылған.

Қазақстан Республикасы Конституциясы 53-бабы тармақшасын талдағанда Конституциялық Кеңес мынаны негiзге алады.

Конституция 53-бабы 1) тармақшасында Қазақстан Республикасы Парламентiнiң заң шығарушы орган ретiнде басты функциясын орындауына байланысты оның аса маңызды өкiлеттерiнiң бiрi белгiленген. Көрсетiлген норма мен Парламент Палаталардың бiрлескен отырысында «Қазақстан Республикасы Президентiнiң ұсынымы бойынша Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзедi» деп белгiленген. Конституцияның келтiрiлген нормасының мағынасы Парламент Негiзгi Заңға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге құқықты екенiн бiлдiредi. Конституцияның 3-бабына сәйкес Парламент заң шығарушы орган ретiнде өзiнiң конституциялық өкiлеттiктердi шегiнде өз фракцияларын жүзеге асыруға мiндеттi. Конституцияға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге байланысты Парламент құзыретi Конституция 91-бабының 2-тармағымен шектелiп. Демек, Қазақстан Республикасы Парламентi, Конституция 91-бабының 2-тармағында көрсетiлген мәселелердi қоспаған ретте, оған өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге құқықты.

Конституция 91-бабының 1-тармағы қолданылып жүрген Конституцияға өзгерiс енгiзу тәртiбiн регламенттейдi, Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгерiстер немесе толықтырулар енгiзу туралы мәселе қоюға құқық беретiн конституциялық бастама субъектiлерiнiң аясын анықтайды.

Конституция 91-бабының 1-тармағына сәйкес «Қазақстан Республикасының Конституциясына Республика Президентiнiң өз бастамасымен, Парламенттiң немесе Үкiметтiң ұсынысымен қабылданған шешiмi бойынша өткiзiлетiн республикалық референдум өзгертулер мен толықтырулар енгiзуi мүмкiн. Егер Президент оны Парламенттiң қарауына беру қажет деп ұйғарса, Конституцияға енгiзiлетiн  өзгертулер  мен толықтырулар жобасы республикалық референдумға шығарылмайды. Мұндай жағдайда Парламенттiң шешiмi Конституцияда белгiленген тәртiппен қабылданады».

Келтiрiлген норманың мағынасы Конституцияға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы мәселенi қою құқығы Қазақстан Республикасының Президентiне, Парламентiне және Үкiметiне берiлгенiн бiлдiредi. Оны заң жобасын республикалық референдумға не Парламенттiң қарауына шығару арқылы Республика Президентi жүзеге асыра алады.

Егер Президент оны Парламенттiң қарауына беру қажет деп ұйғарса, Конституцияға енгiзiлетiн өзгерiстер мен толықтырулар жобасы республикалық референдумға шығарылмайды. Мұндай жағдайда   Парламент шешiмi Конституцияның 53-57, 62 және 91-баптарында белгiленген талаптарды сақтай отырып қабылданады.

Президент Конституцияға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы жобаны республикалық референдумға шығару туралы Парламент ұсынысын қабылдамай тастаған жағдайда Парламент Палаталарының әрқайсысының депутаттары жалпы санының кемiнде бестен төртiнiң көпшiлiк дауысымен заңды қабылдауға хақылы. Мұндай жағдайда Қазақстан Республикасы Президентi осы заңға қол қоюды немесе оны республикалық референдумға шығаруы мүмкiн.

Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» 1998 жылғы 7 қазандағы Заңының Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкестiгi туралы мәселенi Конституциялық Кеңес Қазақстан  Республикасының 78-бабында белгiленген тәртiппен қарауы мүмкiн.

Баяндағанның негiзiнде және Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 4) тармақшасын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесi туралы» конституциялық заң күшi бар Жарлығының 33, 37, 38-баптарын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасы Конституциясы 53-бабының 1) тармақшасына және 91-бабының 1-тармағына ресми түсiнiк беруге байланысты Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi

 

ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

 

1. Қазақстан Республикасы Конституциясының 53-бабының 1) тармақшасын Парламент, Қазақстан Республикасы Президентiнiң ұсынысы бойынша, Конституцияның 91-бабының 2-тармағында белгiленген мәселелерден басқа барлық мәселе бойынша, Конституцияға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге хақылы деп түсiну қажет.

2. Қазақстан Республикасы Конституциясының 91-бабының1-тармағын Конституцияға өзгерiстер мен толықтыруларды республикалық референдум немесе Конституцияның өзi және заңдарда белгiленген талаптарға сәйкес Парламент енгiзуi мүмкiн деп түсiну қажет.

3. Қаулы, Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 3-тармағына сәйкес, қабылданған күннен бастап күшiне енедi, Республиканың бүкiл аумағында жалпыға бiрдей мiндеттi, түпкiлiктi болып табылады және Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесi туралы» конституциялық заң күшi бар Жарлығының 38-бабының 2 және 3-тармақтарында көзделгеннен басқа реттерде шағымдануға жатпайды.