Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2020 жылғы 4 ақпандағы № 2 қосымша қаулысы 

«Қазақстан Республикасы Конституциясының 71-бабы 3-тармағы екінші абзацының нормасын ресми түсіндіру туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2011 жылғы 16 наурыздағы № 3 Нормативтік қаулысына түсіндірме беру туралы» 


Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі, Төраға Қ.Ә. Мәми, Кеңес мүшелері А.Қ. Дауылбаев, И.Д. Меркель, Р.Ж. Мұқашев, Ә.А. Темірбеков және У. Шапак қатысқан құрамда, мыналардың:     
 өтініш субъектісінің өкілі - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты С.Ф. Бычкованың,     
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының өкілі - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Қ.Б. Сафиновтың,                                                       
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі - Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары  М.М. Ахметжановтың,  
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – Қазақстан Республикасының Әділет вице-министрі Н.В. Панның қатысуымен    
өзінің ашық отырысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Н.З. Нығматулиннің «Қазақстан Республикасы Конституциясының 71-бабы 3-тармағы екінші абзацының нормасын ресми түсіндіру туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2011 жылғы 16 наурыздағы № 3 нормативтік қаулысына түсіндірме беру туралы өтінішін қарады. 
Баяндамашы - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің мүшесі Ә.А. Темірбековтің хабарламасын, отырысқа қатысушылардың, сарапшы - заң ғылымдарының докторы, профессор Ж.Д. Бұсырмановтың сөйлеген сөздерін тыңдап, конституциялық іс жүргізудің басқа да материалдарын зерделеп, жекелеген шет елдердің заңнамасы мен практикасын талдап, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі  

анықтады:

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» Конституциялық заңның 35-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес «Қазақстан Республикасы Конституциясының 71-бабы  3-тармағы екінші абзацының нормасын ресми түсіндіру туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2011 жылғы 16 наурыздағы № 3 нормативтік қаулысына (бұдан әрі – Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулысы) түсіндірме беру туралы өтінішпен Конституциялық Кеңеске жүгінді.   
Өтінішті жіберуге Конституциялық Кеңес мүшелерін лауазымға тағайындау кезінде Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулысын қолдануға байланысты мәселелер себеп болған.    
Өтініш субъектісі Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулысына түсіндірме берген кезде келесі сұраққа жауап беруді сұрайды:
«Кезекті алты жылдық цикл барысында лауазымға тағайындалатын Конституциялық Кеңес мүшесінің өкілеттік мерзімі қалай анықталады?».  
Өтініште қойылған сұрақты талдай отырып, Конституциялық Кеңес келесіні қосымша түсіндіру қажет деп есептейді.
1. Конституцияның 71-бабы 3-тармағының екінші абзацы Конституциялық Кеңестің тағайындалатын мүшелерінің жартысын мерзімді ротациялауды көздейді.  
Осы нормаға ресми түсіндірме бере отырып, Конституциялық Кеңес аталған нормативтік қаулыда Кеңес мүшелерін ротациялау конституциялық бақылау органының қызметіндегі ауыспалылық пен сабақтастықтың оңтайлы үйлесімділігіне қол жеткізудің бір құралы болып табылатынын түсіндірді.   
Конституциялық Кеңес көрсетілген принциптер оның алқалы мемлекеттік орган ретіндегі қызметінде маңызды рөл атқарады деп пайымдайды. Конституциялық Кеңес мүшелерін тағайындау тәртібі мен өкілеттік мерзімдері Кеңес пен оның мүшелері арасындағы өзара қарым-қатынастарда ұйымдастырушылық тұтастықты және олардың ретке келтірілуін қамтамасыз етуі тиіс. Бұған кезекті жаңартылу кезінде Кеңес мүшелерін лауазымға тағайындау күндері арасындағы уақыт айырмашылығын барынша қысқарту арқылы да қол жеткізіледі.       
Осы ұстанымдар тұрғысынан Конституциялық Кеңес өзінің нормативтік қаулысында Конституцияның 71-бабы 3-тармағы екінші абзацының талабын ескере отырып, оның мүшелерінің мерзімді тағайындалуын қажетті жағдайларда Кеңес құрамы ауысуының циклдығын белгілеу мүмкіндігі деп түсінуге ерекше назар аударды. Бұл ретте, Конституциялық Кеңес әртүрлі объективті жағдайларға байланысты (Парламенттің, Мәжілістің уақытша болмауы және басқалар) оның бір жартысын құрайтын мүшелерін бір мезгілде тағайындау мүмкін болмаған кездерде аталған талаптан ақылға сыйымды ауытқулар болуын жоққа шығармайды. Ондай жағдайларда кейіннен циклдылықты қалпына келтіру ерекше тәртіп ретінде Кеңестің мұндай жартысын синхронды тағайындау және оған кіретін лауазымды адамдардың өкілеттік мерзімдерін түзету жолымен қамтамасыз етілуі мүмкін.  
2. Жалпы ереже бойынша Конституциялық Кеңес мүшелерінің жартысын Негізгі Заңның 71-бабы 3-тармағы екінші абзацының тәртібімен кезекті жаңарту олардың алты жылдық өкілеттік мерзімі аяқталғаннан кейін жүзеге асырылады. Егер осы мерзім ішінде Кеңес мүшелерінің біреуі тиісті негіздер бойынша оның құрамынан шықса, онда пайда болған бос орынды алмастырған кезде осы лауазымға тағайындалатын тұлғаның өкілеттігі алты жылдық цикл аяқталғанға дейін қалған кезең ішінде ғана қолданылатынын негізге алу керек. 
Баяндалғанның негізінде, «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» 1995 жылғы 29 желтоқсандағы  Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 35-бабы1-тармағының 1) тармақшасын, 2 және 3-тармақтарын және 41-бабын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі 
  
қаулы етеді:
 
1. Қазақстан Республикасы Конституциясының 71-бабының 1-тармағына сәйкес Конституциялық Кеңес мүшелерінің өкілеттік мерзімі алты жылды құрайды. Конституциялық Кеңес мүшесінің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, Қазақстан Республикасы Конституциясының 71-бабы 3-тармағы екінші абзацы талабының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында бос лауазымға тағайындалатын адамға өкілеттіктер алты жылдық цикл аяқталғанға дейін қалған мерзімге беріледі.     
2. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 3-тармағына сәйкес қосымша қаулы қабылданған күннен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағымдануға жатпайды. 
3.    Осы қосымша қаулы республикалық ресми басылымдарда қазақ және орыс тілдерінде жариялансын. 


Қазақстан Республикасының 
     Конституциялық Кеңесі