Қазақстан Республикасы Конституциясының 27-бабының

1-тармағын ресми түсіндіру және «Балаларды денсаулығына және дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңын және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне балаларды денсаулығына және дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігі тұрғысында тексеру туралы

 

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2015 жылғы

18 мамырдағы № 3 нормативтік қаулысы

 

Қазақстан    Республикасы    Конституциялық    Кеңесі,    Төраға И.И.   Рогов,   Кеңес   мүшелері   І.Ж.   Бақтыбаев,   Н.В.   Белоруков, А.Н.    Жайылғанова,    В.А.    Малиновский,    А.М.    Нұрмағамбетов, Ү.М. Стамқұлов қатысқан құрамда, мыналардың:

Қазақстан  Республикасы  Парламенті  Сенаты  Төрағасының өкілі – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты В.Н.Редкокашиннің,

Қазақстан  Республикасы  Парламенті  Мәжілісі  Төрағасының өкілі – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Р.Қ.Сәрпековтің,

Қазақстан Республикасы    Үкіметінің    өкілі – Қазақстан Республикасы Әділет министрінің орынбасары З.Х. Баймолдинаның, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының өкілі – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы Ғ.Б. Ақ-қуованың, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары Ж.Қ. Асановтың,

Қазақстан Республикасы  Ұлттық  қауіпсіздік  комитетінің  өкілі – Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары М.Ө. Қалқабаевтың,

Қазақстан  Республикасы  Сыртқы  істер  министрлігінің  өкілі –  Қазақстан  Республикасы  Сыртқы  істер  министрінің  орынбасары Е.Н. Ашықбаевтың,

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің өкілі – Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму бірінші вице-министрі С.З. Қайырбекованың,

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің өкілі – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы З.Ж. Оразалиеваның,

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің өкілі – Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті Төрағасының орынбасары Д.В. Голобурданың,

Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі – Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың басшысы В.А. Калюжныйдың қатысуымен, өзінің ашық отырысында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қ.К.Тоқаевтың, Қазақстан Республикасы Парламенті 2015 жылғы 19 ақпанда қабылдаған және 2015 жылғы

28 ақпанда Қазақстан Республикасының Президентіне қол қоюға берілген, «Балаларды денсаулығына және дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне балаларды денсаулығына және дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарын Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігі тұрғысында тексеру туралы өтінішін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Қ.Қ.Жақыповтың Қазақстан Республикасы Конституциясының кейбір нормаларына ресми түсіндірме беру туралы өтінішін қарады.

Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің мүшесі А.М.Нұрмағамбетовтің хабарлауын, отырысқа қатысушылардың сөйлеген сөздерін тыңдап, сарапшылар: медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің «Республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның директоры С.А.Алтынбековтің; тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, «Астана Медициналық  университеті»  Акционерлік  қоғамының  Қазақстан тарихы және философия кафедрасының меңгерушісі Т.М.Әминовтің; заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Президентінің   жанындағы   Мемлекеттік   басқару   академиясының Сот төрелігі институтының директоры М.С.Бейбітовтің; филология ғылымдарының докторы, профессор, «ҚГЗУ Университеті» Акционерлік қоғамының қазақ және орыс тілдері кафедрасының меңгерушісі Ж.С.Бейсенованың; медицина ғылымдарының докторы, профессор, С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің «Спорттық медицина» Модулінің жетекшісі Г.П.Қасымованың; заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасы Заң шығару институты» мемлекеттік мекемесінің бас ғылыми қызметкері С.М.Рахметовтің қорытындыларын зерделеп, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, «ҚГЗУ Университеті» Акционерлік қоғамының, «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің сот сараптамасы орталығы» мемлекеттік мекемесінің пікірлерімен, сондай-ақ конституциялық іс жүргізудің өзге де материалдарымен танысып, халықаралық-құқықтық актілерді, жекелеген шет елдердің заңнамасы мен практикасын талдап шығып, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі

 

АНЫҚТАДЫ:

 

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесіне 2015 жылғы 17 наурызда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының, Қазақстан  Республикасы Парламенті 2015  жылғы 19 ақпанда қабылдаған және 2015 жылғы 28 ақпанда Қазақстан Республикасының Президентіне қол қоюға берілген, «Балаларды денсаулығына және дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне балаларды денсаулығына және дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарын Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігі тұрғысында қарау туралы өтініші келіп түсті.

2015 жылғы 16   сәуірде   Қазақстан   Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Қазақстан Республикасы Конституциясының 27-бабының 1-тармағына мынадай: «Қазақстан Республикасы   Конституциясының   27-бабының   1-тармағында   ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады деп жазылған. Осыған байланысты, мемлекет осы конституциялық норманың іске асырылуын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Конституциясының 20-бабының 2-тармағында көзделген құқықтарды шектейтін заңдар қабылдауға құқылы ма?» деген мәселеге қатысты ресми түсіндірме беруді сұрап, Конституциялық Кеңеске өтінішпен жүгінді.

«Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» 1995 жылғы 29 желтоқсандағы № 2737 Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 26-бабының 2-тармағына сәйкес бұл көрсетілген өтініштер Конституциялық Кеңестің 2015 жылғы 16 сәуірдегі № 3/1 қаулысымен бір конституциялық іс жүргізуге біріктірілді.

Конституциялық  Кеңес,   аталған   өтініштерді   қарау   кезінде, келіп түскен заңдардың конституциялығын тексеруден бұрын, Қазақстан Республикасы Конституциясының 27-бабының 1-тармағына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының өтінішіне нысана болып отырған бөлігінде ресми түсіндірме берілуге тиіс деп пайымдайды.

Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларын өтініштер нысанасына қатысты талдап шығып, Конституциялық Кеңес мынаны негізге алды.

1.  Қазақстан  Республикасы  Конституциясының  27-бабының 1-тармағына сәйкес неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады және олар Негізгі Заңда тұжырымдалған биік мақсаттар мен базалық қағидаттардан заңды түрде туындайтын Республиканың іргелі конституциялық құндылықтары қатарына жатады. Өзінің жиынтығында олар ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етеді, егемендіктің иесі, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы болып табылатын Қазақстан халқының сақталуы мен дамуының шарттары ретінде көрінеді.

Конституциялық  Кеңестің  нормативтік  қаулыларында, мемлекет  адамның  және  азаматтың  құқықтары  мен бостандықтарына Конституцияда және оған сәйкес келетін нормативтік құқықтық   актілерде   белгіленген   шектерде   кепілдік   береді,   олар осы құқықтар мен бостандықтарды іске асырудың шарттары мен тәртібін айқындайтын заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және қабылдау кезінде түбегейлі болып табылады. Көрсетілген құқықтық ұстаным Қазақстанның қолданыстағы құқығының тұжырымдамалық құрамдас бөлігі болып табылады, деп бірнеше рет атап өтілген болатын (1996 жылғы 28 қазандағы № 6/2, 2003 жылғы 10  маусымдағы  №  8,  2007  жылғы  18  сәуірдегі  №  4,  2009  жылғы 20 тамыздағы № 5 және басқалар).

Осы конституциялық ережелер балалардың арнайы құқықтық мәртебесін салалық заңнамада кейіннен бекіту және реттеу үшін, балалықты қорғаудың кешенді мемлекеттік жүйесінің әлеуметтік- экономикалық және саяси-құқықтық бастауларын қалайды.

Өзінің жас шамасына байланысты балалар күшейтілген қорғауды және қамқорлықты қажет ететіндіктен, Республика Конституциясы кәмелетке толмағандардың толыққанды және үйлесімді дамуына қажетті барлық жағдайды жасау және олардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін құқыққа теріс қол сұғушылықтан және әртүрлі жайсыз факторлардың ықпалынан, оның ішінде денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау міндетін мемлекетке жүктейді.

2. Конституцияның 20-бабының 2 және 3-тармақтарына сай әр