Қазақстан Республикасы Конституциясының 18-бабы

2-тармағын ресми түсiндiру және «Заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының және «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының Қазақстан Республикасының Конституциясына

сәйкестiгiн тексеру туралы

 

Қазақстан Республикасы Конститутциялық Кеңесiнiң

2009 жылғы 20 тамыздағы № 5 Нормативтiк қаулысы

 

Қазақстан    Республикасы    Конституциялық    Кеңесi, Төраға И.И.Рогов, Кеңес  мүшелерi I.ЖБақтыбаев,   Н.В.   Белоруков, А.Н.    Жайылғанова,    В.А. Малиновский, А.М. Нұрмағамбетов, Ү.М. Стамқұлов қатысқан құрамда, мыналардың:

Қазақстан  Республикасы  Парламентi  Сенаты  Төрағасының өкiлi – Қазақстан Республикасы Парламентi Сенаты Төрағасының орынбасары А.С. Судьиннiң,

Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсi Төрағасының өкiлдерi – Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаттары Н.Н. Турецкийдiң, М.А. Айсинаның және Қазақстан Республикасы     Парламентi     Мәжiлiсi     Аппаратының     басшысы Е.Н. Дошаевтың,

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң өкiлдерi - Қазақстан Республикасының Әдiлет вице-министрi Д.Р.Құсдәулетовтiң және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Қаржы мониторингi жөнiндегi комитетiнiң төрағасы М.С.Өтебаевтың,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының өкiлi – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы Ж.Н.Бәйiшевтiң,

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкiлi – Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бiрiншi орынбасары И.Д. Меркельдiң қатысуымен, өзiнiң ашық отырысында Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының Төрағасы Қ.К. Тоқаевтың және Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң   Төрағасы О.Б. Мұхамеджановтың, Қазақстан Республикасының Парламентi 2009 жылғы 17  маусымда қабылдаған, «Заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңын және «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға  қарсы  iс-қимыл  мәселелерi  бойынша  өзгерiстер мен   толықтырулар   енгiзу   туралы»   Қазақстан   Республикасының Заңын Конституцияға сәйкестiгi тұрғысында қарау жөнiндегi өтiнiшiн, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң Төрағасы О.Б. Мұхамеджановтың Қазақстан Республикасы Конституциясының 18-бабы 2-тармағын: «әркiм өзiнiң жеке салымдары мен жинаған қаражатының ... құпиялылығы сақталуына құқығы бар. Бұл құқықты шектеуге заңда тiкелей белгiленген реттер мен тәртiп бойынша ғана жол берiледi» деген нормалары бөлiгiнде ресми түсiндiру жөнiндегi өтiнiшiн қарады.

Конституциялық iс жүргiзу материалдарын зерделеп, баяндамашы – Конституциялық Кеңестiң мүшесi I.Ж. Бақтыбаевтың хабарлауын, отырысқа қатысушылардың сөйлеген сөздерiн тыңдап, сарапшы – Қазақ гуманитарлық-заң университетiнiң Азаматтық- құқықтық  зерттеулер институтының  директоры, азаматтық құқық   кафедрасының   меңгерушiсi,   заң   ғылымдарының  докторы Т.Е. Қаудыровтың, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетiнiң   мамандары заң ғылымдарының докторы, профессор Е.М. Абайдiлдиновтiң, заң ғылымдарының докторы, профессор Ж.Д. Бұсырмановтың, заң ғылымдарының докторы, профессор Ш.В. Тлепинаның, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнiң жанындағы Мемлекет және құқық институтының мамандары Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигi, заң ғылымдарының докторы, профессор Ғ.С. Сапарғалиевтiң, заң ғылымдарының кандидаты, доцент А.А. Караевтың, заң ғылымдарының кандидаты, доцент В.В.Мамоновтың  қорытындыларымен, сондай-ақ iс жүргiзудiң өзге де материалдарымен танысып шығып, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесi

 

АНЫҚТАДЫ:

 

Қазақстан        Республикасы        Конституциялық        Кеңесiне 2009 жылғы 18 маусымда Қазақстан Республикасы Парламентi Сенаты Төрағасының және Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсi Төрағасының, Қазақстан Республикасының Парламентi 2009 жылғы 17 маусымда қабылдаған, «Заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға   (жылыстатуға)   және   терроризмдi   қаржыландыруға қарсы  iс-қимыл  туралы»  Қазақстан  Республикасы  Заңының  және

«Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының   Конституцияға   сәйкестiгiн   қарау   жөнiндегi   өтiнiшi,  ал 2009  жылғы  17  шiлдеде  -  Қазақстан  Республикасы  Парламентi Мәжiлiсi  Төрағасының Қазақстан Республикасы  Конституциясының 18-бабы 2-тармағын: «әркiм өзiнiң жеке салымдары мен жинаған қаражатының ... құпиялылығы сақталуына құқығы бар. Бұл құқықты шектеуге заңда тiкелей белгiленген реттер мен тәртiп бойынша ғана жол берiледi» деген нормалары бөлiгiнде ресми түсiндiру жөнiндегi, Қазақстан Республикасының Парламентi осы заңдарды қабылдаған кезде туындаған сұрақтарға байланысты, өтiнiшi келiп түстi.

«Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы» 1995 жылғы 29 желтоқсандағы № 2737 Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының       26-бабының 2-тармағына сәйкес, аталған өтiнiштер Конституциялық Кеңестiң 2009 жылғы 17 шiлдедегi № 6/1 қаулысымен бiр конституциялық iс жүргiзуге бiрiктiрiлдi.

Аталған  өтiнiштердi  қараған  кезде,  Конституциялық   Кеңес келiп түскен заңдардың конституциялығын тексеруден бұрын Конституцияның 18-бабының 2-тармағына ресми түсiндiрме берiлуi тиiс деп есептейдi.

Қазақстан  Республикасы  Конституциясының  нормаларын және қаралып отырған өтiнiштiң материалдарын талдаған кезде Конституциялық Кеңес мынаны негiзге алды.

1. Конституцияның 1-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары, бұл жалпы адамзат құндылықтарының басымдығы    болатынын    айғақтайды    (Конституциялық    Кеңестiң 2001 жылғы 21 желтоқсандағы № 18/2 және 2006 жылғы 13 шiлдедегi № 4 қаулылары).

Конституциялық Кеңестiң бiрқатар қаулыларында, адамның құқықтары   мен   бостандықтарына   мемлекет   Конституцияда   және соған сәйкес келетiн нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген шектерде кепiлдiк бередi және осы құқықтар мен бостандықтарды iске асырудың шарттары мен тәртiбiн айқындайтын заңдар мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу және қабылдау кезiнде олар негiз етiп алынады. Бұл аталған ереже Қазақстанда қолданылатын құқықтың тұжырымдамалық негiзi болып табылады, деп атап өтiлген (Конституциялық Кеңестiң 1996 жылғы 28 қазандағы № 6, 2003 жылғы 10 маусымдағы № 8 және 2007 жылғы 18 сәуiрдегi № 4 қаулылары).

Конституцияның 18-бабының 2-тармағында: «әркiм өзiнiң жеке салымдары мен жинаған қаражатының ... құпиялылығы сақталуына құқығы   бар.   Бұл   құқықты   шектеуге   заңда   тiкелей   белгiленген реттер мен тәртiп бойынша ғана жол берiледi», деп белгiленген. Конституцияның 39-бабының 1-тармағына сәйкес «адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртiптi, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажеттi шамада ғана және тек заңмен шектелуi мүмкiн».

Конституцияның 39-бабының 3-тармағында баянды етiлген, ешбiр жағдайда да шектелмеуге тиiс құқықтар мен бостандықтар тiзбесiне Конституцияның  18-бабымен көзделген құқықтар енгiзiлмеген (Конституциялық Кеңестiң 2002 жылғы 5 тамыздағы № 5 қаулысы). Демек, жеке салымдар мен жинаған қаражаттың құпиялылығы сақталуына құқығын шектеу заң шығарушының айрықша құзыретi болып табылады. Қаралып отырған өтiнiшке қатысты бұл, заң шығарушының басқа бiр мемлекеттiк органға немесе лауазымды тұлғаға жеке салымдар мен жинаған қаражаттың құпиялылығын шектеудiң шектерiн заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiлермен реттеуге өкiлеттiк беруге хақылы еместiгiн бiлдiредi.

Конституцияның 18-бабы, Негiзгi Заңның 6-бабы     2-тармағының және 26-бабы 4-тармағының нормаларымен жинақтала келе, меншiк иесiне өзiнiң жеке салымдары мен жинаған қаражатына иелiк ету, оларды пайдалану және оларға билiк ету құқығын, ақшалай немесе өзге  бiр  мүлiктiк  сипаттағы  өзiне  тиесiлi  қаражатты  орналастыру, соның iшiнде, банктiк салымдар мен өзге бiр шоттарда, шаруашылық жүргiзушi субъекттердiң жарғылық капиталдарында орналастыру және кәсiпкерлiк пен өзге бiр шаруашылық қызметiнiң заңмен рұқсат етiлген нысандарында пайдалану арқылы осы көрсетiлген құқықтарды iске асыру құқығын бередi.

Әркiмнiң өзiнiң жеке салымдары мен жинаған қаражатының құпиялылығы сақталуына конституциялық құқығын қорғау бiрқатар заңдармен,   солардың   iшiнде,   1994   жылғы   27   желтоқсандағы №   268-ХIII   Қазақстан   Республикасының   Азаматтық   Кодексiмен (Жалпы   бөлiм),   «Салық   және   бюджетке   төленетiн   басқа   да мiндеттi төлемдер туралы» 2008 жылғы   10 желтоқсандағы № 99-IV Қазақстан Республикасының Кодексiмен, «Жеке кәсiпкерлiк туралы» 2006 жылғы 31 қаңтардағы № 124-III Қазақстан Республикасының Заңымен,  «Қазақстан  Республикасындағы  банктер  және  банк қызметi туралы» 1995 жылғы 31 тамыздағы № 2444 Қазақстан Республикасының Заңымен,  «Бағалы   қағаздар   рыногi   туралы» 2003 жылғы 2 шiлдедегi  №461-II Қазақстан Республикасының Заңымен қамтамасыз етiледi.

Конституцияның және жоғарыда санамалап айтылған заңдар нормаларының мазмұнын негiзге ала отырып, салымшының өзi туралы,  оған  тиесiлi  ақша  немесе  өзге  мүлiк  туралы,  солардың iшiнде,  банктiк  салымдары,  өзге  де  шоттары  мен  жинаған қаражаты туралы, шаруашылық жүргiзушi субъекттердiң жарғылық капиталдарындағы үлестерi және өзге де мүлкi, сондай-ақ олармен жасалатын операциялар туралы заңмен қорғалатын кез келген, тұлғалардың шектеусiз тобы үшiн жалпыға бiрдей қолжетiмдi болып табылмайтын мәлiметтер жеке салымдар мен жинаған қаражаттың құпиялылығын құрайды. Бұл түпмәтiнде, әркiмнiң құпиясы сақталуына конституциялық құқығы, салымшының тек өзi ғана өз қалауы бойынша оған билiк ете алатынын (соның iшiнде мәлiметтердi бiреуге беретiнiн) бiлдiредi.

Әркiмнiң өзiнiң жеке салымдары мен жинаған қаражатының құпиялылығы сақталуына  құқығын шектеудiң  жол  берiлетiн  шектерi мен тәртiбi, сондай-ақ мұндай шектеудiң өлшемдерi конституциялық талаптарға, солардың iшiнде, Конституцияның 39-бабында белгiленген талаптарға сәйкес болуға тиiс.

Конституциялық Кеңес бұдан бұрын, заң шығарушы заң қабылдау  кезiнде  конституциялық  құқықтар  мен  бостандықтардың мән-жайын бұрмаламай, конституциялық тұрғыдан айқындалған мақсатқа сай келмейтiн шектеулер енгiзбей отырып, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын шектеудiң жол берiлетiн конституциялық шектерiн негiзге алуға мiндеттi, деп атап кеткен болатын (Конституциялық Кеңестiң 2008 жылғы 27 ақпандағы № 2 Нормативтiк қаулысы).

Жеке салымдар мен жинаған қаражаттың құпиялылығы сақталуына заңмен белгiленетiн шектеулер тиiстi құқықтық қатынастардың  табиғатына  бара  бар, адамның және  азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшiн мөлшерлес болуға және әдiлдiк принциптерiне сәйкес келуге тиiс.

Конституциялық Кеңес, Конституцияның 6-бабы   2-тармағының, 18-бабы 2-тармағының мазмұнын негiзге ала отырып, Конституцияның 39-бабының 1-тармағында көрсетiлген мақсаттарды жүзеге асыруға қажеттi жағдайларда және сол тәртiппен, мемлекеттiң банк, қаржы- несие институттарына, кәсiпкерлiк және өзге де шаруашылық жүргiзушi субъекттерге жеке салымдар мен жинаған қаражат құпиясын құрайтын ақпаратты заңмен уәкiлеттiк берiлген мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды тұлғаларына беру мiндетiн жүктеуiне жол беруге болады деп пайымдайды. Конституциялық Кеңестiң қаулыларына сәйкес «мемлекет мүддесiне орай меншiк құқығы заңмен шектелуi мүмкiн»  (1999 жылғы 3 қарашадағы № 19/2), «мүлiктiк құқық абсолюттi болып табылмайды және азаматтық-құқықтық қатынастар саласында болсын, жария-құқықтық салада болсын заңдармен шектелуi мүмкiн» (2005 жылғы 1 шiлдедегi № 4, 2007 жылғы 28 мамырдағы № 5).

Сонымен  бiрге,  заңда  осындай  шектеулер  қойылуына мүмкiндiк беретiн негiздер болып, олардың толық тiзбесi айқындалуға, сондай-ақ жеке салымдар мен жинаған қаражат құпиясын құрайтын мәлiметтердiң заңсыз түрде жария етiлмейтiн жағдайларда сұралуын, алынуын және пайдаланылуын қамтамасыз ететiн кепiлдiктер көзделуге тиiс.

2.   Қазақстан   Республикасының   Парламентi   2009   жылғы 17 маусымда қабылдаған, «Заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңын (бұдан әрi - № 1 Заң) және «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне заңсыз   жолмен   алынған   кiрiстердi   заңдастыруға   (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын (бұдан әрi – № 2 Заң) Конституцияға сәйкестiгi тұрғысында қараған кезде Конституциялық Кеңес мынаны негiзге алды.

Көрсетiлген заңдар заңсыз жолмен алынған кiрiстердi жылыстатумен және терроризмдi қаржыландырумен байланысты құқыққа терiс әрекеттерге қарсы iс-қимылдың және олардың алдын алудың заңнамалық реттелуiн жетiлдiруге, қылмыстық  әрекеттердiң ұйымдасқан нысандарына қарсы күрес шараларын күшейтуге бағытталған.

Бұл  заңдарды  Парламент  Республиканың  бiрқатар халықаралық      мiндеттемелерiн,      солардың      iшiнде,      Бiрiккен Ұлттар   Ұйымының   Сыбайлас   жемқорлыққа   қарсы   2003   жылғы 31 қазандағы конвенциясын (2008 жылғы 4 мамырдағы № 31-IV Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған), Бiрiккен      Ұлттар      Ұйымының      Терроризмдi      қаржыландыруға қарсы күрес туралы 2000 жылғы 10 қаңтардағы халықаралық конвенциясын (2002 жылғы 2 қазандағы № 347-II Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған), Бiрiккен Ұлттар Ұйымының  Трансұлттық  ұйымдасқан  қылмысқа  қарсы  2000  жылғы 13 желтоқсандағы конвенциясын (2008 жылғы 4 маусымдағы № 40-IV Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған), Шанхай ынтымақтастық ұйымы 2001 жылғы 15 маусымда қабылдаған, Терроризмге,    сепаратизмге    және    экстремизмге    қарсы    күрес туралы Шанхай конвенциясын (2002 жылғы 18 сәуiрдегi № 316-II Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған), Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң Терроризмге қарсы күресудегi ынтымақтастығы туралы 1999 жылғы    4 маусымдағы шартты (2000 жылғы 23 қазандағы № 93-II Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған) орындау мақсатында қабылдаған.

Осы көрсетiлген халықаралық құжаттарға сәйкес, әрбiр қатысушы  мемлекет,  ақшаны  жылыстатудың  барлық  нысандарына жол бермеу және оларды анықтау мақсатында, банктерге және банктiк емес қаржы институттарына, сондай-ақ тиiстi жағдайларда – ақшаны жылыстату тұрғысынан алғанда айрықша осал органдарға реттеу және қадағалаудың толық қамтитын iшкi режимiн белгiлейдi. Мұндай режим клиенттiң жеке басын анықтауға, есеп жүргiзуге және күдiктi мәмiлелер туралы ақпаратты берiп тұруға қатысты талаптарға негiзделедi.

Конституциялық iс жүргiзудегi заңдарды Парламент Конституцияның 61-бабы 3-тармағының 1), 2), 6) және 11) тармақшаларына сәйкес қабылдаған. Бұл тармақшаларға сай Парламент аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтiн, жеке және заңды  тұлғалардың  құқық  субъектiлiгiне,  азаматтардың  құқықтары мен бостандықтарына, жеке және заңды тұлғалардың мiндеттерi мен жауапкершiлiгiне, меншiк режимiне және өзге де мүлiктiк құқықтарға, сотта  iс  жүргiзу  мәселелерiне,  мемлекет  қауiпсiздiгiн  қамтамасыз етуге қатысты негiзгi принциптер мен нормаларды белгiлейтiн заңдар шығаруға хақылы.

Конституцияның   61-бабы 1-тармағына   сай   Үкiметтiң   заң шығару бастамасы тәртiбiмен жобалары Парламент Мәжiлiсiне енгiзiлген № 1 және № 2 Заңдарды, Парламент конституциялық ережелердi (Конституцияның 61-бабының 3-5-тармақтары, 62-бабының 1, 5, 7-тармақтары) және Республиканың Негiзгi Заңының 39-бабы 1-тармағының талаптарын сақтай отырып қабылдаған.

Қаралып отырған заңдар «Қазақстан Республикасындағы халықаралық және шетелдiк коммерциялық емес ұйымдардың қызметi туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне коммерциялық емес ұйымдар мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасы заңдарын Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестiгi тұрғысында тексеру туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң 2005 жылғы 23 тамыздағы № 6 қаулысына сәйкес келедi, бұл қаулыға сай «Конституция заң шығарушыға мемлекет пен қоғамның айрықша қорғалатын мүдделерi мен құндылықтарына төнетiн қауiп- қатерге бара бар құқықтық шаралар айқындау мүмкiншiлiгiн бередi».

Осылайша, № 1 және № 2 Заңдардың ережелерiне Конституциялық Кеңес жүргiзген талдау олардың Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес екенiн көрсеттi.

3. «Алматы облысы Қапшағай қалалық сотының өтiнiшi бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 361-бабының бiрiншi және төртiншi бөлiктерiнiң конституциялығын тексеру туралы» Конституциялық Кеңестiң 2008 жылғы 27 ақпандағы № 2 Нормативтiк қаулысында «адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын шектейтiн заң заңдық тұрғыдан дәлме-дәл және әкеп соқтыратын салдары болжаулы болуға тиiс, яғни оның нормалары жеткiлiктi дәрежеде анық тұжырымдалып және заң ережелерiн өзiнше пайымдау мүмкiндiгiн жоққа шығара отырып, заңдылы мiнез-құлықты заңсызынан мейлiнше айқындықпен ажыратуға мүмкiндiк беретiн түсiнiктi өлшемдерге негiзделуге тиiс», деп атап көрсетiлген.

Сонымен бiрге, конституциялық iс жүргiзу материалдарынан және конституциялық iс жүргiзуге қатысушылардың сөйлеген сөздерiнен, № 1 және № 2 Заңдардың жекелеген ережелерiнiң қажетiнше айқын тұжырымдалмағаны және әркезде де бiр-бiрiмен келiспейтiнi байқалды. Соның салдарынан оларды қолдану кезiнде адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары бұзылуы мүмкiн екенiн жоққа шығаруға болмайды.

3.1. № 1 Заңның 3-бабы 1-тармағының 7) тармақшасына сәйкес адвокаттар клиенттiң атынан немесе оның тапсырмасы бойынша ақшамен және (немесе)   өзге   мүлiкпен   операцияларға   қатысқан кездегi  жағдайларда  қаржы  мониторингiнiң  субъектiлерiне  жатады. Сол арқылы, адвокаттар үшiн заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимылға шектеулi түрде қатысу көзделедi.

Конституцияға сәйкес «әркiмнiң құқық субъектiсi ретiнде танылуына құқығы бар және өзiнiң құқықтары мен бостандықтарын заңға   қайшы   келмейтiн   барлық   тәсiлдермен   қорғауға   хақылы» (13-баптың 1-тармағы), «әркiмнiң бiлiктi заң көмегiн алуға құқығы бар» (13-баптың 3-тармағы), «ұсталған, тұтқындалған, қылмыс жасады деп айып тағылған әрбiр адам сол ұсталған, тұтқындалған немесе айып тағылған кезден бастап адвокаттың (қорғаушының) көмегiн пайдалануға құқылы» (16-баптың 3-тармағы).

«Адвокаттық  қызмет  туралы»  1997  жылғы  5 желтоқсандағы № 195-I  Қазақстан  Республикасының  Заңына  (1-баптың 1 және 2-тармақтары) сай, «адвокатура адамның өз құқықтарын, бостандықтарын сотта қорғауға және бiлiктi заң көмегiн алуға мемлекет кепiлдiк берген және Қазақстан Республикасының Конституциясымен баянды  етiлген  құқығын  жүзеге  асыруға  жәрдемдесуге  арналған», «адвокатура қылмыстық iстер бойынша қорғау, азаматтық, әкiмшiлiк, қылмыстық және басқа да iстер бойынша өкiлдiк ету, сондай-ақ азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн, сондай-ақ  заңды  тұлғалардың  құқықтары  мен  заңды  мүдделерiн қорғау мен iске асыруға жәрдемдесу мақсатында заң көмегiнiң өзге де түрлерiн көрсету жөнiндегi адвокаттардың қызметiн ұйымдастырады». Адвокатураның ұйымдастырылуы мен қызметiнiң негiзгi принциптерi «адвокаттық қызметтi заңдарда тыйым салынбаған әдiстерiн және құралдармен   жүзеге   асыру»,   «кәсiби   мiнез-құлық   нормаларын ұстану және адвокаттық құпияны сақтау» болып табылады (3-баптың 2) және 4) тармақшалары).

Адвокаттық қызметтiң бұл көрсетiлген      кепiлдiктерi 1997 жылғы 13 желтоқсандағы № 206-I Қазақстан Республикасының Қылмыстық iс жүргiзу кодексiнде (74-бап), 1999 жылғы 13 шiлдедегi № 411-I Қазақстан Республикасының Азаматтық iс жүргiзу кодексiнде (18-бап) және 2001 жылғы 30 қаңтардағы № 155-II Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының кодексiнде (23-бап) нақтыланған.

Конституцияның   13-бабы 1 және3-тармақтарының және 16-бабы 3-тармағының нормаларын жоғарыда көрсетiлген заңдардың ережелерiмен жүйелей байланыстыра отырып жасалған талдау, Конституцияның жеке тұлғаларға да, заңды тұлғаларға да бiлiктi заң көмегiн көрсету жөнiнде адвокаттарға, ал мемлекетке – әркiмнiң осындай көмек алуға конституциялық құқығын қамтамасыз ету жөнiнде ерекше мiндет жүктейтiнiн көрсетедi. Бұл баяндалғандар Конституциялық Кеңестiң «Адвокаттық қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабы 3-тармағының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестiгi туралы» 1999 жылғы 2 шiлдедегi № 12/2 қаулысында   берiлген,   жеке   және   заңды   тұлғаларға   бiлiктi   заң көмегiн көрсету жөнiндегi конституциялық-құқықтық мiндет негiзiнен адвокаттардың мiндетi болып табылатындығы туралы ұйғарымдарына сай келедi.

№ 1 Заңның 3-бабы 1-тармағы 7) тармақшасының ережелерi сондай-ақ Республика ратификациялаған халықаралық шарттармен түпмәтiндес қаралуға тиiс, өйткенi олардың кейбiрiнде, атап айтқанда, БҰҰ-ның Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясында адвокаттардың,    нотариустардың    және    өзге    де    тұлғалардың заңсыз жолмен алынған кiрiстердi жылыстатуға және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимылға қатысуы көзделген. «Қатысушы- мемлекеттер өз iшкi заңнамасының негiзiн қалаушы  қағидаттарына сәйкес,   ұйымдасқан   қылмыстық   топтардың   тиiстi   заңнамалық, әкiмшiлiк немесе басқа да шаралар қабылдау арқылы қылмыстардан түскен   табыстарды   пайдаланып,   заңды   рыноктарда   iс-қимылдар жасаудың бар немесе болашақ мүмкiндiктерiн қысқартуға тырысады. Сондай шаралар: ... көпшiлiк және тиiстi жекеменшiк ұйымдардың жұмысындағы адалдықты қамтамасыз етуге арналған стандарттар мен рәсiмдердi, сондай-ақ тиiстi кәсiптердiң өкiлдерi үшiн, атап айтқанда адвокаттардың, нотариустардың, салық салу мәселелерi жөнiндегi кеңесшi мен бухгалтерлердiң жүрiп-тұру кодекстерiн әзiрлеуге көмек көрсетуде шоғырланулары тиiс» (Конвенцияның 31-бабы 2-тармағының b) тармақшасы).

БҰҰ-ның Қылмыстың алдын алу және құқық бұзушыларға қарау жөнiндегi Сегiзiншi конгресiнде қабылданған, Заңгерлердiң ролiне қатысты негiзгi принциптердiң 22-тармағына және «Адвокаттық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (3-бап) сәйкес адвокаттық құпияны қамтамасыз ету адвокаттық қызметтiң аса маңызды принципi болып табылады.

Клиент өзiне қандастық-туыстық немесе өзгелей бiр жақындығы жоқ тұлғаға, үшiншi бiр тұлғаларға белгiлi болмайды және өзiне зиян келтiрмейдi деген сенiммен өзi туралы қандай да болсын мәлiметтердi хабарлаған кезде, адвокат пен азаматтың өзара қарым-қатынасында орнаған тараптардың бiр-бiрiне деген сенiмi бiлiктi заң көмегiн алу құқығының негiзгi iргетасы болып табылады. № 1 Заңға сай адвокаттарға өз клиенттерi туралы ақпаратты уәкiлеттi органдардың назарына жеткiзу мiндетiн жүктеу адвокаттарға деген сенiмнiң жоғалып, бiлiктi заң көмегiн алуға өтiнiш жасау туралы шешiм қабылдаған кезде адамның iштей шектелуiне әкеп соғуы мүмкiн.

№ 1 Заңның 10-бабының, анықтау, алдын ала тергеу органдарында және соттарда заң көмегiн көрсеткен кезде адвокатты қаржы мониторингi мәселелерi жөнiндегi мәлiметтер мен ақпаратты беру мiндетiнен босататын  3-тармағы, құқықтық қатынастарға қатысушылардың құқықтары осы көрсетiлген қызмет аясынан тыс жерлерде бұзылуы мүмкiндiгiн толық жоймайды.

Конституциялық Кеңес, әркiмге Конституциямен кепiлдiк берiлген бiлiктi заң көмегiн көрсету жөнiндегi мiндеттi атқаруға бағытталған  адвокаттық  қызметтiң  ерекшелiгiне  орай,  адвокаттар үшiн осы Заңда адвокаттар орындайтын конституциялық маңызды миссия мен олар үшiн заңмен енгiзiлiп отырған, өз клиентiнiң күмәндi қаржылық мәмiлелерi туралы уәкiлеттi органды хабарландыру мiндетi арасындағы тартысты болдырмайтын қосымша құқықтық механизмдер көзделуi қажет деп пайымдайды.

3.2. № 1 Заңның  3-бабы  1-тармағының 7) тармақшасына сәйкес заң мәселелерi бойынша мамандар заңды тұлғаларды не құралымдарды құруға, олардың жұмыс iстеуiне немесе оларды басқаруға және кәсiпорындарды сатып алуға-сатуға қатысты клиенттiң атынан немесе оның тапсырмасы бойынша ақшамен және (немесе) өзге мүлiкпен операцияларға қатысқан кездегi жағдайларда қаржы мониторингiнiң субъектiлерi болып табылады. Бұл құқықтық норманың түпмәтiнiнен «құралым» деген терминнiң ненi бiлдiретiнi түсiнiксiз, өйткенi заң шығарушы оның мазмұнын ашпайды, ал өзге заңнамалық актiлерде мұндай ұйымдық-құқықтық нысан көзделмеген.

3.3. № 1 Заңның 11-бабының 6-тармағында қаржы мониторингi субъектiлерiнiң уәкiлеттi органға мәлiметтер мен құжаттарды осы Заңда көзделген мақсатта және тәртiппен ұсынуы қызметтiк,    коммерциялық,    банктiк    немесе    заңмен    қорғалатын өзге құпияны жария ету болып табылмайды деп айқындалған. Сонымен   бiрге,№ 1 Заңның 10-бабының   2-тармағына   сай, қаржы    мониторингiне    жататын    операция    туралы    мәлiметтер мен ақпаратты қаржы мониторингi субъектiлерi уәкiлеттi органға уәкiлеттi орган тиiстi мемлекеттiк органдармен келiсiм бойынша айқындаған тәртiппен ұсынады. Конституциялық Кеңес бұл аталған тәртiп  заңмен  белгiленуге  тиiс  деп  пайымдайды  (Конституцияның

18-бабының 2-тармағы).

3.4. №  1  Заңның  19-бабының  2-тармағына  сәйкес  уәкiлеттi орган мен шет мемлекеттiң құзыреттi органы арасындағы осы қаралып отырған саладағы ынтымақтастық ақпарат сұрату және алмасу жолымен жүзеге асырылуы мүмкiн. Конституциялық Кеңестiң пiкiрiнше, шет мемлекеттiң құзыреттi органы сұратып отырған, адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын ақпаратты беруден бас тартуға тиiстi органдар хақылы болатын негiздердiң толық тiзбесi Заңда көрсетiлуге тиiс. Конституцияға сай Республика өзiнiң одан тыс жерлерде жүрген азаматтарын қорғауға және  оларға  қамқорлық  жасауға  кепiлдiк  бередi  (Конституцияның 11-бабының   2-тармағы).   Демек,   уәкiлеттi   мемлекеттiк   органдар

№ 1 Заңның ережелерiне сәйкес алынған ақпаратты пайдалануға байланысты азаматтардың құқықтарын Қазақстаннан тыс жерлерде де қамтамасыз етуге мiндеттi. Мемлекет осы қаралып отырған процестерге қатыстырылған Республика азаматтарының құқықтарын мейлiнше қамтамасыз ететiн пәрмендi механизм жасауға тиiс. Бұл конституциялық талап шетелдiк органдарға ақпарат берудiң айқын тәртiбiн, сондай-ақ оны беруден бас тарту негiздерiн заңда белгiлеу қажет екенiн көрсетедi.

3.5. № 2 Заңның 1-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сай, 1999 жылғы 1 шiлдедегi № 409-I Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң (Ерекше бөлiм) 765-бабы 7-тармақпен толықтырылады, оған сәйкес Қазақстан Республикасының заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға   (жылыстатуға)   және   терроризмдi   қаржыландыруға қарсы iс-қимыл туралы заңнамасында көзделген негiздер бойынша және тәртiппен банк салымын беру тоқтатыла тұруы мүмкiн.

№ 2 Заңның   1-бабы 2-тармағының  2)   тармақшасымен Қазақстан  Республикасы  Азаматтық  Кодексiнiң  830-бабына өзгерiстер енгiзiлген, оларға сәйкес сақтандыру құпиясын құрайтын мәлiметтер қаржы мониторингi жөнiндегi уәкiлеттi органға Қазақстан Республикасының заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға)    және    терроризмдi    қаржыландыруға    қарсы    iс- қимыл туралы заңнамасында көзделген мақсатта және тәртiппен берiлуi мүмкiн.

Бұл   құқықтық   нормалардың   мазмұнынан,   банк   салымын берудi шектеудiң негiздерi қай деңгейдегi құқықтық актiмен (заңмен немесе заңға тәуелдi актiмен) белгiленетiндiгi, сондай-ақ сақтандыру құпиясын құрайтын мәлiметтi уәкiлеттi органға берудiң мақсаты мен тәртiбi түсiнiксiз.

3.6. № 1 Заң мен № 2 Заңның арасында нотариустың қаржы мониторингiнiң  субъектiсi  ретiндегi  мәртебесi  туралы  мәселе бойынша  алшақтық  бар.  №  1  Заңда  мұндай  ретiнде  «ақшамен және   (немесе)   өзге   мүлiкпен   нотариаттық   iс-қимылды   жүзеге асыратын  нотариустар»  айқындалған  (3-баптың   6)   тармақшасы). № 2 Заңмен Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының кодексi «Қазақстан Республикасының заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл туралы заңнамасын бұзу»  деген  мазмұндағы  168-3-баппен  толықтырылған.  Бұл  баптың 1-тармағының екiншi бөлiгiнде осы көрсетiлген әрекеттер үшiн әкiмшiлiк жауаптылық субъектiлерi ретiнде, олар iске асыратын нотариаттық iс-әрекеттер нақтыланбай, «жекеше нотариустар» айқындалған.

Бұл келiспеушiлiк қызметтiң бiр түрiн жасайтын және әртүрлi меншiк нысанындағы субъектiлерге құқық қолдану практикасында мемлекет тарапынан теңдей қарамаушылық туындатуы мүмкiн.

Одан тыс, адвокаттардың қызметi секiлдi нотариаттық қызметте көбiнесе азаматтарға бiлiктi заң көмегiн көрсетумен байланысты болғандықтан, Конституциялық Кеңес бұл конституциялық маңызды мiндеттiң орындалуын қамтамасыз ететiн қосымша құқықтық механизмдер заңда бекiтiлуi қажет деп есептейдi.

4.   Қазақстан   Республикасының   Парламентi   2009   жылғы 17 маусымда қабылдаған, «Заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңы және «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға  қарсы  iс-қимыл  мәселелерi  бойынша  өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес екендiгiн Конституциялық Кеңес атап өтедi.

Сонымен бiрге, заңдардың жекелеген ережелерi қажетiнше айқын баяндалмағандықтан және бiр-бiрiмен келiспегендiктен, практикада  адамның  және  азаматтың  құқықтары  бұзылуына  әкеп соқтыруы мүмкiн. Сондықтан Конституциялық Кеңес тиiстi нормаларды заңнамалық түрде түзету қажет деп есептейдi. Баяндалғанның        негiзiнде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы            1-тармағының 2) және 4) тармақшаларын, «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы» Қазақстан     Республикасы Конституциялық     заңының 17-бабы 2-тармағының     1) тармақшасын және 3-тармағының 1) тармақшасын, 31, 32, 33, 37, 40-баптарын және 41-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесi

 

ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

 

1.   Қазақстан  Республикасы  Конституциясының 18-бабының    2-тармағымен кепiлдiк берiлген, жеке салымдар мен жинаған қаражаттың құпиялылығы сақталуына құқығын, салымшының өзi туралы,  оған  тиесiлi  ақша  немесе  өзге  мүлiк,  солардың  iшiнде, банктiк салымдары, өзге де шоттары мен жинаған қаражаты туралы, шаруашылық жүргiзушi субъекттердiң жарғылық капиталдарындағы үлестерi және өзге де мүлкi, сондай-ақ олармен жасалатын операциялар туралы салымшының заңмен қорғалатын кез келген, тұлғалардың шектеусiз тобы үшiн жалпыға бiрдей қолжетiмдi болып табылмайтын мәлiметтердiң жария етiлмеуiне құқығы деп түсiнген жөн.

2. Конституцияның 18-бабының 2-тармағымен көзделген, әркiмнiң өзiнiң жеке салымдары мен жинаған қаражатының құпиялылығы сақталуына құқығын шектеудiң шектерi, Қазақстан Республикасы Конституциясының 18-бабының 2-тармағы, 39-бабының 1 және 3-тармақтары  ескерiле  отырып,  Конституцияның  61-бабы 3-тармағының 1) және 2) тармақшаларына сәйкес заңмен айқындалуға тиiс.

3.   Қазақстан  Республикасының   Парламентi   2009   жылғы 17 маусымда қабылдаған, «Заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңы және «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға  қарсы  iс-қимыл  мәселелерi  бойынша  өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес деп танылсын.

4. Қазақстан Республикасының Үкiметiне, көрсетiлген заңдар қолданысқа енгiзiлгенге дейiн, заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл туралы заңнаманы Конституциялық Кеңестiң осы Нормативтiк қаулысындағы құқықтық позицияларына сәйкестендiрудi көздейтiн заң жобасын Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Мәжiлiсiне енгiзуге бастама жасау ұсынылсын.

5.   Қазақстан  Республикасы Конституциясының  74-бабының 3-тармағына сай Нормативтiк қаулы оны қабылдаған күннен бастап  күшiне енедi, шағымдануға жатпайды, Республиканың бүкiл аумағында жалпыға бiрдей мiндеттi және Қазақстан Республикасы Конституциясының 73-бабының 4-тармағында көзделген реттi ескере отырып, түпкiлiктi болып табылады.

6. Осы  Нормативтiк қаулы республикалық ресми басылымдарда қазақ және орыс тiлдерiнде жариялансын.