Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2019 жылғы 11 сәуірдегі №3 «Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Регламентіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»  нормативтік қаулысы

     «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» 1995 жылғы 29 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 9-бабының 2-тармағына және Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2002 жылғы 19 сәуірдегі № 1 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі Регламентінің 34-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі қаулы етеді:

   1. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2002 жылғы 19 сәуірдегі № 1 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Регламентіне мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

     1) мынадай мазмұндағы 4-1-тармақпен толықтырылсын:

     «4-1. Келіп түскен өтініштің аса маңыздылығына және шұғылдығына байланысты Конституциялық Кеңес оны жеделдетілген тәртіппен қарау туралы шешім қабылдай алады. Бұл жағдайда баяндамашы Кеңес отырысына материалдар дайындауды Конституциялық Кеңестің Төрағасы айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады.»;  

     2) мынадай мазмұндағы 5-2-тармақпен толықтырылсын:

    «5-2. Конституциялық Кеңестің алдына қойылған мәселелер бойынша маманданған құқық қорғау, ғылыми және өзге де ұйымдар мен азаматтар Кеңеске өз қорытындыларын (пікірлерін) жібере алады. Мәселені заңи талдауға негізделген, қызығушылық тудыратын және өтінішті тиісінше қарауға ықпал ететін қорытындылар іс жүргізу материалдарына қоса тіркелуі және Конституциялық Кеңестің интернет-ресурсында жариялануы мүмкін.»;

     3) 11-тармақтың үшінші абзацы алып тасталсын;

     4) 13-тармақ мынадай мазмұндағы үшінші абзацпен толықтырылсын:

    «Осы Регламенттің 4-1-тармағында көзделген жағдайларда Конституциялық Кеңес конституциялық іс жүргізуге қатысушыларды шақырмай және тыңдаулар өткізбей өтінішті қарауға құқылы. Бұл ереже Конституциялық Кеңес өзінің бұрын қабылданған нормативтік қаулыларында мазмұндалған құқықтық позициялары негізінде мәселе шешілуі мүмкін деген қорытындыға келген жағдайда да қолданылады.»;  

     5) 24-тармақтың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

    «Конституциялық Кеңестің шешімі бойынша оның нормативтік қаулысын, қорытындысын не олардың қарар бөлігін төрағалық етуші Конституциялық Кеңес мүшелерінің, ал қажет болған жағдайда, отырысқа қатысушылардың алдында жариялайды. Бұл ереже осы Регламенттің 27 және 28-тармақтарында көзделген жағдайларда да қолданылады.».  

     2. Нормативтік қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшіне енеді.

Қазақстан Республикасы
     Конституциялық Кеңесінің
                    Төрағасы                                                            Қ.Ә. Мәми