«Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiне дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктердiң қызметi мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының конституциялылығын тексеру туралы

 

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң

2002 жылғы 4 сәуiрдегі № 2 қаулысы

 

Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi, Төраға Ю.А. Хитрин, Кеңес мүшелерi Х.Ә. Әбiшев, Қ.Ж. Балтабаев, С.Ф. Бычкова, А. Есенжанов, А.К. Котов және Қ.Ә. Омарханов қатысқан құрамда, мыналардың:

Мемлекет басшысының өкiлiРеспублика Президентi Әкiмшiлiгiнiң мемлекеттiк-құқық бөлiмi меңгерушiсiнiң орынбасары Н.В. Белоруковтың,

Республика Парламентi Сенатының депутаты Б.Ғ. Жүсiповтiң және Республика Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты А.Ә. Айталының,

Республика Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келiсiм министрi

М.А. Құл-Мұхаммедтiң,

Республика Бас Прокурорының орынбасары А.Қ. Дауылбаевтың,

Республика Үкiметi жанындағы Дiни бiрлестiктермен байланыс жөнiндегi кеңестiң хатшысы А.М. Мұқашовтың,

сарапшылар – Қазақ гуманитарлық-заң университетi азаматтық құқық және процесс кафедрасының меңгерушiсi, заң ғылымының кандидаты, доцент М.Қ. Өмiрқұловтың және Е.Ә. Сапаровтың қатысуымен,

өзiнiң ашық отырысында Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiне дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктердiң қызметi мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының конституциялылығын тексеру жөнiндегi өтiнiшiн қарады.

Қазақстан Республикасы Парламентi Палаталары, Үкiметi, Жоғарғы Соты, Бас прокуратурасы және ЕҚЫҰ/ДАҚБ-ның дiн мен дiни сенiм бостандығы жөнiндегi сарапшыларының консультативтiк комитетi ұсынған құжаттарды, сондай-ақ конституциялық iс жүргiзудiң өзге де материалдарын зерделеп, баяндамашы – Конституциялық Кеңестiң мүшесi Қ.Ә. Омархановтың баяндамасын, өтiнiш субъектiсi өкiлiнiң және отырысқа қатысушылардың сөйлеген сөздерiн тыңдап, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi мынаны

 

АНЫҚТАДЫ:

 

1. «Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiне дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктердiң қызметi мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын Республика Парламентi 2002 жылғы 31 қаңтарда қабылдап, 2002 жылғы 8 ақпанда Қазақстан Республикасы

Президентiнiң қол қоюына берген.

Конституцияның 72-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Мемлекет басшысы Конституциялық Кеңеске жоғарыда аталған Заңның конституциялылығын тексеру туралы өтiнiш жiберген.

2. «Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiне дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктердiң қызметi мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Заңды Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестiгi мәнiнде қарай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi мына ережелердiң конституциялылығына назар аударды:

Заңның, дiни нанымдарды тарату бостандығын жүзеге асыру құқығы заң актiлерiмен шектелуi мүмкiн делiнетiн 3-тармағының 3) тармақшасы;

ислам дiни бiрлестiктерiн мемлекеттiк тiркеу Қазақстан мұсылмандары Дiни басқармасының ұсынысы бойынша жүзеге асырылатындығы туралы 3-тармақтың 13) тармақшасы;

Заңның, мұсылмандық ғибадат үйлерi мен ғимараттарын салу және (немесе) ашу Қазақстан мұсылмандары Дiни басқармасының рұқсатымен жүзеге асырылуын көздейтiн 3-тармағының 17) тармақшасы.

3. Дiни нанымдарды тарату бостандығын жүзеге асыру, Республика Конституциясы 20-бабы 2-тармағының: «Әркiмнiң заң жүзiнде тыйым салынбаған кез келген тәсiлмен еркiн ақпарат ... таратуға құқығы бар» деген нормасынан туындайды.

Конституцияның 39-бабы 1-тармағына сәйкес, бұл аталған құқық конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртiптi, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажеттi шамада ғана және тек заңмен шектелуi мүмкiн. «Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiне дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктердiң қызметi мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Заңның 3-тармағы 3) тармақшасындағы, дiни нанымдарды тарату құқығы заң актiлерiмен шектелуi мүмкiн деген ереже, осы конституциялық талапқа қайшы келедi, себебi заңға немесе Қазақстан Республикасы Президентiнiң заң күшi бар жарлығына қарағанда заңдық күшi аз нормативтiк құқықтық актi арқылы адамның және азаматтың құқықтарын шектеуге жол бередi, өйткенi, «Нормативтiк құқықтық актiлер туралы» 1998 жылғы 24 наурыздағы Республика Заңының 1-бабына сай, Республика Парламентi мен оның Палаталарының қаулылары да нормативтiк құқықтық актiлер ұғымына кiредi.

4. Конституцияның 1-бабы 1-тармағымен көзделген, мемлекеттiң зайырлы сипаты, дiннiң мемлекеттен бөлiнуiн бiлдiредi.

Бұл аталған норма-принцип өзге конституциялық нормаларда нақтылана түседi. Конституция 5-бабының 1-тармағына сәйкес қоғамдық және мемлекеттiк институттардың бiрiгiп кетуiне жол берiлмейдi. Конституцияның 14-бабына сай заң алдында жұрттың бәрi тең, бұл, зерделеу нысанына қатысты қолданыста, барлық дiндер мен дiни бiрлестiктер заң алдында бiрдей екенiн, кейбiр дiндер мен дiни бiрлестiктерге басқаларға қарағанда қандай да бiр артықшылықтар жасалуына жол берiлмейтiнiн, дiнге көзқарасына, нанымына байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша кемсiтуге тыйым салынатынын бiлдiредi.

Ал бұл орайда болса, «Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiне дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктердiң қызметi мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Заңның 3-тармағы 13) тармақшасымен, ислам дiни бiрлестiктерiн мемлекеттiк тiркеу Қазақстан мұсылмандары Дiни басқармасының ұсынысымен жүзеге асырылады деп белгiленедi. Одан тыс, Заңның 3-тармағы 17) тармақшасының нормалары, мұсылмандық ғибадат үйлерi мен ғимараттарын салу және (немесе) ашу Қазақстан мұсылмандары Дiни басқармасының рұқсатымен жүзеге асырылатынын көздейдi.

Осылайша, Заңмен, ислам дiни iлiмiн уағыздаушы азаматтардың дiни бiрлестiгi болып табылатын, Қазақстан мұсылмандары Дiни басқармасына (жарғысын 1996 жылғы 23 мамырда Алматы қаласында Республика Әдiлет министрлiгi қайта тiркеген), мемлекеттiң айрықша құзырына жататын, рұқсат беру сипатына ие өкiлеттiк берiледi.

Конституциялық Кеңес бұдан Республика Конституциясы 1-бабы 1-тармағының, 5-бабы 1-тармағының және 14-бабының ережелерiн бұзуды тауып отыр.

Баяндалғанның негiзiнде Республиканың Конституциялық Кеңесi, «Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiне дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктердiң қызметi мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Заң Қазақстан Республикасының Конституциясына қайшы деп есептейдi.

Қазақстан Республикасы Конституциясы 72-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы» конституциялық заң күшi бар Жарлығының 17-бабы 2-тармағының 1) тармақшасын, 31, 32, 33, 37, 38 және 39-баптарын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi

 

ҚАУЛЫ ЕТЕДi:

 

1. Қазақстан Республикасының Парламентi 2002 жылғы 31 қаңтарда қабылдап, 2002 жылғы 8 ақпанда Қазақстан Республикасы Президентiнiң қол қоюына келiп түскен, «Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiне дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктердiң қызметi мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес емес деп танылсын.

2. Аталған заңға, Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабы 1-тармағына сай, қол қойылмайды және ол күшiне енгiзiлмейдi.

3. Қазақстан Республикасы Конституциясы 74-бабының 3-тармағына сәйкес қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшiне енедi, шағымдануға жатпайды, Республиканың бүкiл аумағында жалпыға бiрдей мiндеттi және Қазақстан Республикасы Конституциясы 73-бабының 4-тармағында көзделген жағдайды ескерiп, түпкiлiктi болып табылады.

4. Осы қаулы республикалық ресми басылымдарда қазақ және орыс тiлдерiнде жариялансын.