Конституциялық мерзімдерді есептеу мәселесі бойынша Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларын ресми түсіндіру туралы

 

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2012 жылғы

13 сәуірдегі № 2 Нормативтік қаулысы.

 

ҚР Конституциялық Кеңесінің 17.04.2017 ж. № 2 нормативтік қаулысымен осы қаулының дәлелдеу бөлігіндегі жекелеген ережелері алып тасталынды.

 

Қазақстан  Республикасы  Конституциялық  Кеңесі,  Төрағасы И.И.   Рогов,   Кеңесі   мүшелері   І.Ж.   Бақтыбаев,   Н.В.   Белоруков, А.Н.    Жайылғанова,    В.А.    Малиновский,    А.М.    Нұрмағанбетов, Ү.М. Стамқұлов қатысқан құрамда, мыналардың:

Қазақстан     Республикасы     Үкіметінің     өкілі     -     Қазақстан Республикасы Әділет вице-министрі Д.Р. Құсдәулетовтің,

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының өкілі - Қазақстан Республикасы Парламеті Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы С.Б. Ақылбайдың,

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің өкілі - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Р.Қ. Сәрпековтің,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының өкілі - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы Ғ.Б. Ақ-қуованың,

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі - Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары И.Д. Меркельдің,

Қазақстан  Республикасы  Ұлттық  қауіпсіздік  комитетінің  өкілі - Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары Ө.Е.Мизанбаевтың,

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің өкілі - Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Е.Ә. Кененбаевтың,

Қазақстан    Республикасы    Экономикалық    қылмысқа    және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясының) өкілі - Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясының) Төрағасының орынбасары М.М. Ахметжановтың,

Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі - Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың басшысы  В.А. Калюжныйдың,

сарапшы - Қазақ гуманитарлық-заң университетінің ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор М.Ш. Қоғамовтың қатысуымен, өзінің ашық отырсында Қазақстан Республикасының Премьер- Министрі К.Қ. Мәсімовтің конституциялық мерзімдерді есептеу мәселесі бойынша Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларын ресми түсіндіру туралы өтініштерін қарады.

Баяндамашы  -  Қазақстан  Республикасы  Конституциялық Кеңесінің мүшесі А.Н. Жайылғанованың хабарлауын, отырысқа қатысушылардың сөйлеген сөздерін тыңдап, сарапшылар: заң ғылымдарыныңдокторы,профессорМ.Ш.Қоғамовтың,заңғылымдарының докторы Л.С. Жақаеваның, Гумбольт атындағы Университеттің профессоры А. Бланкнегельдің (Германия Федеративтік Республикасы) қорытындыларын зерделеп, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының ҚЫҰ/ДИАҚБ), Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Герман қоғамының, «Халықаралық түрме реформасы» Халықаралық қоғамдық ұйымның Орталық Азиядағы өкілдігінің, «Адам құқықтары үшін хартия» Қоғамдық қорының, «Құқықтық саясатты зерттеу орталығы» Қоғамдық қорының, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Б.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Б. Бейсенов атындағы Академиясының, Қазақ гуманитарлық-заң университетінің, Д.А. Қонаев атындағы университеттің қорытындыларымен, конституциялық іс жүргізудің өзге де материалдарымен танысып, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі

 

АНЫҚТАДЫ:

 

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесіне 2012 жылғы 1 наурызда Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі (бұдан әрі - Премьер-Министр) конституциялық мерзімдерді есептеу мәселесі бойынша Қазақстан Республикасы Конституциясының бірқатар баптарының нормаларын ресми түсіндіру туралы өтініші келіп түсті.

Өзінің өтінішінде Премьер-Министр былай деп атап көрсеткен:

«Қазақстан Республикасының Конституциясында көрсетілген мерзімдерді  есептеу  қашан  басталатыны  және   ол   мерзімдердің қашан аяқталатыны барлық жағдайларда белгілене бермейді және мерзімдерді  есептеудің  басталуы  мен  аяқталуы  қай  күнге  немесе қай оқиғаның болуына қарай айқындалатыны нақтыланбайды. Негізгі Заңды белгіленген мерзімдерді есептеу ережелері Республиканың қолданыстағы құқығында да бекітілмеген. Бұл Конституцияның нормаларын қолдану кезінде мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың қызметінде қиындықтар туғызуы мүмкін».

Осыған орай  Премьер-Министр Конституцияның  16-бабының 2-тармағын, 44-бабының 2) тармақшасын (Қазақстан Республикасы Президенті Парламент Сенаты ұсынған заңға бір ай ішінде қол қояды, заңды халыққа жария етеді не заңды немесе оның жекелеген баптарын қайтадан  талқылап,  дауысқа  салу  үшін  қайтарды  деген  бөлігінде),

51-бабының  3-тармағын,  54-бабы  2-тармағының  2)  тармақшасын, 73-бабының 3-тармағын және конституциялық маңызы бар әрекеттер жасаудың мерзімдері белгіленген басқа да нормаларын ресми түсіндіру туралы өтінішпен жүгінді, Конституция нормаларына ресми түсіндірме беру кезінде өтініш субъектісі Қазақстан Республикасының Конституциясында көзделген мерзімдердің басталуы мен аяқталуын есептеу тәртібін айқындауды сұрайды.

2012 жылғы 29 наурызда Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесіне Премьер-Министрдің екінші өтініші келіп түсті, бұл өтініште ол Конституцияның 16-бабы 2-тармағының, 51-бабы 2-тармағының,  53-бабы  3)  тармақшасының,  54-бабының  2-тармағы 2) тармақшасының, 59-бабы 3- тармағының, 61-бабы 7-тармағының, 63-бабы  2-тармағының,  71-бабы  3-тармағының,  91-бабы  1,  2  және 4-тармақтарының, 94-бабы 1-тармағының, 94-1-бабының нормаларын түсіндіруді және мынадай сұрақтарға жауап беруді сұрайды:

«1.   Конституцияның   16-бабы   2-тармағында   қолданылған «ұстау» ұғымының мазмұны нені білдіреді, және осы конституциялық нормадағы мерзімнің басталуы мен аяқталуын есептеу тәртібі қандай?

2. Парламенттің жоғары өкілді орган ретінде сессиялы түрде жұмыс істейтінін ескере отырып, егер Мемлекет басшысының қарсылықтарын қарау үшін бөлінген бір айлық мерзім парламенттік демалыспен тұспа-тұс келетін болса, бұл керсетілген мерзім үзіле ме?

3. Конституцияда жылдармен белгіленген мерзімдердің басталуы мен аяқталуын қалай анықтаған жөн?».

Келіп түскен өтініштер өзара байланысты болып, ал бірінші өтініш   бойынша   қорытынды   шешім   әлі   қабылданбағандықтан, «Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі туралы» 1995 жылғы

29 желтоқсандағы № 2737 Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 26-бабының 2-тармағына сәйкес, Конституциялық Кеңестің 2012 жылы 29 наурыздағы № 3/1 қаулысымен аталған өтініштер бір конституциялық іс жүргізуге біріктірілді.

Конституциялық Кеңестің отырысы барысында өтініш субъектісінің     өкілі «Қазақстан  Республикасы  Конституциялық Кеңесі   туралы»   Конституциялық   заңның   21-бабы   3-тармағының

1) тармақшасының тәртібімен «келіп түсу уақыты қатар келмеуі мүмкін екенін ескере отырып, түскен өтініштер бір іс жүргізуге біріктірілген кезде Конституциялық Кеңестің оларды қарауының бір айлық мерзімін есептеу ережесін нақтылауды» өтініп, Конституциялық Кеңестің бұл өтінішті қанағаттандырды.

Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларын өтініштің мән-жайына қатысты талдап шығып, Конституциялық Кеңес мынаны негізге алды.

1. Қазақстан Республикасы Конституциясында ұзақтығы сағатпен  (16-баптың  2-тармағы,  61-  баптың  7-тармағы);  күндермен (59-баптың 2-тармағы, 61-баптың 4 және 5-1-тармақтары, 65-баптың 2  -тармағы,  70-баптың  4-тармағы);  жұмыс  күндерімен  (59-баптың 3-тармағы); айлармен (42-баптың 2- тармағы, 44-баптың 2) тармақшасы, 47-баптың 2-тармағы, 51-баптың 1, 2 және 3-тармақтары, 54- баптың 2-тармағының   2)   тармақшасы,   61-баптың   2-тармағы,   63-баптың 2-тармағы, 73-баптың 3- тармағы, 94-баптың 1-тармағы); жылдармен (51-баптың 2-тармағы, 59-баптың 3-тармағы, 61-баптың 7 -тармағы, 63-баптың  2-тармағы,  71-баптың  3-тармағы,  92-баптың  1,  2  және 4-тармақтары, 94-баптың 1-тармағы, 94-1-баптың) есептелетін мерзімдер белгіленген. Бұл ретте онда көрсетілген мерзімдерді есептеудің ережелерін Конституция барлық жағдайларда айқындай бермейді.

Қоғамдық қатынастарды тәртіпке келтіру және Конституцияның ережелері мен нормаларын жүзеге асырудың тетіктерін жасау мерзімдердің конституциялық-құқықтық маңызын құрайды. Негізгі Заңда  бекітілген  нақты  мерзімдер  арқылы  уәкілетті  органдардың және лауазымды тұлғалардың адам және азамат құқықтарын шектеу мүмкіншілігіне шек қойылады, жеке бас бостандығын кепілдік берілуіне алғышарт жасалады. Олар сондай-ақ жекелеген мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың қызмет атқару кезеңдерін, өз өкілеттіктерін іске  асыруының  басталуы  мен  аяқталуын,  сондай-ақ  мемлекеттік билік тармақтарының тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесі қолданылатын жағдайда  өзара  әрекеттесуін  айқындайды.  Бұл  мерзімдерді  сақтау конституциялық заңдылық режимін қамтамасыз ету шарттарының бірі болып табылады.

Конституциялық Кеңес, Негізгі Заңда белгіленген мерзімдер туралы мәмілені қарау кезінде, Конституцияның ең жоғары заңдық күшке ие екені және Қазақстанның бүкіл аумағында ол тікелей қолданылатыны    туралы    принцип    (Конституцияның    4-бабының 2-тармағы) негізге алынуы қажет деп пайымдайды.

2.Конституцияның   1-бабының   1-тармағына   сәйкес   адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең қымбат қазынасы болып табылады. Оларды ең қымбат қазына деп тану  мемлекеттің  адамға  қамқорлық  жасаудан  маңыздырақ  міндеті жоқ екенін және адамның лайықты өмір сүруі үшін қолдан келген жағдайлардың бәрін жасауға міндетті екенін білдіреді (Конституциялық Кеңестің 2001 жылғы 21 желтоқсандағы № 18/2, 2005 жылғы 29 сәуірдегі № 3 және 2005 жылғы 1 шілдедегі № 4 қаулылары).

Әркімнің жеке басының бостандығына құқығы (Конституцияның 16-бабының 1-тармағы) адамның негізгі құқықтарының бірі болып табылады. Ол әркімге тумысынан жазылған, абсолютті деп танылады және одан ешкім айыра алмайды, Конституцияның өзінің нормаларымен белгіленген  жағдайларды  қоспағанда,  Негізгі  Заңның  39-бабының 3-тармағына сәйкес ешбір жағдайларда да шектелмеуге тиіс құқықтар мен бостандықтар қатарына жатады.

Конституцияның 16-бабының 2 және 3-тармақтарына сәйкес заңда көзделген реттерде ғана және тек қана соттың санкциясымен тұтқындауға және қамауда ұстауға болады, тұтқындалған адамға шағымдану құқығы беріледі. Соттың санкциясынсыз адамды жетпіс екі сағаттан аспайтын мерзімге ұстауға болады. Ұсталған, тұтқындалған, қылмыс жасады деп айып тағылған әрбір адам сол ұсталған, тұтқындалған немесе айып тағылған кезден бастап адвокаттың (қорғаушының) көмегін пайдалануға құқылы.

Конституциялық-құқықтық мағынада «ұстау» деп, құқық бұзушылықтың жолын кесу немесе қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету, сондай-ақ мәжбүрлеу сипатындағы өзге де шараларды қолдану мақсатында адамның жеке бас бостандығын жетпіс екі сағаттан аспайтын қысқа уақытқа шектеуден тұратын жеке уәкілетті мемлекеттік органдар, лауазымды және өзге де тұлғалар заңда көзделген негізде және тәртіппен іске асыратын мәжбүрлеу шарасын түсінген жөн.

«Соттың санкциясынсыз адамды жетпіс екі сағаттан аспайтын мерзімге ұстауға болады» деген конституциялық ереже, осы көрсетілген уақыттан  кешіктірмей  соттың  ұсталған  адамға  қатысты  тұтқындау және қамауда ұстау, сондай-ақ заңмен көзделген өзге де шараларды қолдану туралы шешім қабылдануы қажет немесе ұсталған адам босатылуға тиіс дегенді білдіреді. Бұл орайда Конституциялық Кеңес, тиісті шешім қабылдауы үшін заң шығарушы одан да азырақ, жетпіс екі сағат шегіндегі мерзімді белгілеуі мүмкін деп атап өтеді.

Ұсталған адамның емін-еркін жүріп-тұру бостандығын шектеуді - белгілі бір жерлерде мәжбүрлеп ұстауды, анықтау және тергеу органдарына мәжбүрлеп әкелуді (адамды қолға түсіруді, үй-жайға қамауды, бір жерге баруға, немесе орнында тұруға мәжбүрлеуді және т.б.), сондай-ақ адамның жеке бас бостандығын айтарлықтай шектейтін басқа да әрекеттерді де қоса отырып, бас бостандығы оған қандай да бір процессуалдық мәртебе берілуіне немесе формальды басқа бір рәсімдер орындалуына қатыссыз шын мәнінде шектелген кезде, минутына дейінгі дәлдікпен сол сағат ұстау мерзімінің басталуы болып табылады. Нақты ұстау уақытынан бастап үздіксіз есептелетін жетпіс екі сағаттан өтуі осы мерзімнің аяқталу сәті болып табылады.

«Қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңнамасының адамның жеке бас бостандығын сақтау және қадір-қасиетіне қол сұқпау, қинауға, зорлық-зомбылыққа, басқа да қатыгез немесе адамның ар-намысын қорлайтын әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы мәселелер жөніндегі нормаларын қолдану туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2009 жылғы 28 желтоқсандағы № 7 нормативтік қаулысында дәл осындай құқықтық ұстаным көзделген.

Адам құқықтары туралы халықаралық актілерде де мұндай көзқарас жалпыға тән болып табылады .

Азаматтық    және    саяси    құқықтар    туралы    халықаралық пактінің  (Біріккен  Ұлттар  Ұйымы  Бас  Ассамблеясының  1966  жылғы 16 желтоқсандағы 2200А (ХХI) Резалюциясымен қабылданған және

2005 жылғы 28 қарашада № 91-III Қазақстан Республикасы Заңымен ратификацияланған) 9-тармағында «әрбір адамның бас бостандығына және жеке басына қол сұғылмауына құқығы бар. Ешкім де еріксіз тұтқындауға немесе қамауда ұсталуға тиіс емес» деп атап өтілген.

Қандай да болсын нысанда ұсталатын немесе қамалатын адамдарды қорғау принциптерінің жиынтығында (Біріккен Ұлттар Ұйымы  Бас  Ассамблеясының  1988  жылғы  9  желтоқсандағы  43/173

Резалюциясымен бекітілген) «ұсталған адам» деп, құқық бұзушылық жасағаны үшін жеке бас бостандығынан сотталусыз айырылған кез келген адамды түсіндіреді.

3. Конституцияның 44-бабының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Президенті Парламент Сенаты ұсынған заңға бір ай ішінде қол қояды, заңды халыққа жария етеді де заңды немесе оның жекелеген баптарын қайтадан талқылап, дауысқа салу үшін қайтарады.

«Қазақстан  Республикасы  Президентінің  заңдарға  қол  қою үшін берілген бір ай мерзімі бөлігінде Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабы 2) тармақшасын ресми түсіндіру туралы» Қазақстан Республикасы Кеңесінің 2010 жылғы 18 қазандағы № 3 нормативтік  қаулысында  «бір  ай  мерзім  Мемлекет  басшысының Парламент Сенаты ұсынған заң қол қою кезеңі үшін ғана көзделген» деп атап көрсетілген.

Конституциялық Кеңестің пікірінше, бір ай мерзім Мемлекет басшысының заңға қол қоюы үшін бөлінген уақыт болып табылады, оны Республика Президенті заңды алған күннен бастап есептеу қажет, ал бұл мерзім келесі айдың тиісті күнінде (күн санында) аяқталады. Егер мерзімнің аяқталуы тиісті күні жоқ айға тура келетін болса, онда мерзім осы айдың соңғы күнінде аяқталады.

4.   Конституцияның 54-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында Парламент  Палаталардың  бөлек  отырысында  мәселелерді  әуелі - Мәжілісте, ал содан кейін Сенатта өз кезегімен қарау арқылы, Республика Президентінің қарсылығын туғызған заңдар немесе заңның баптары бойынша қарсылықтар жіберілген күннен бастап бір ай мерзімі ішінде қайталап талқылау мен дауысқа салу өткізіледі. Бұл мерзімнің сақталуы Президент қарсылықтарының қабылданғанын білдіреді, деп белгіленген.

Сонымен  бірге,  Қазақстан  Республикасы  Конституциясының 59-бабының 3-тармағында Парламенттің кезекті сессиялары жылына бір рет қыркүйектің бірінші жұмыс күнінен маусымның соңғы жұмыс күніне дейін өткізіледі деп белгіленген.

Бұл конституциялық норманың түпмәтініндегі жұмыс күндері деп, демалыс немесе мереке ( ұлттық және мемлекеттік мерекелер) күндерінен басқа күндері түсінген жөн.

Осыған орай Конституциялық Кеңестің пайымдауынша, Республика Президентінің қарсылығын туғызған заңдар немесе заңның баптары бойынша Парламент Палаталарының қайталап талқылау мен дауысқа салуды өткізу үшін бөлінген бір ай мерзім, Конституцияның 59-бабының 4-тармағында және 61-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, егер ол уақыты бойынша Конституцияның 59-бабының 3-тармағында көзделген Парламент жұмысының сессиялы кезеңімен тұспа-тұс келмейтін болса, үзіледі.

«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» 1995 жылғы 16 қазанда № 2529

Қазақстан   Республикасы   Конституциялық   заңының   19-бабының 4-тармағында бұл мәселе ішінара былай деп шешілген: «егер Парламент сессиясы заңды Президенттің қайтаруы ықтимал мерзімі біткенше жабылған болса, Президент заңды Парламенттің кезекті сессиясының алғашқы күні қайтарылады».

Конституциялық      ережедегі      (Конституцияның      54-бабы 2-тармағының 2) тармақшасы) «жіберілген күннен бастап» деген сөз тіркесі, Республика Президентінің қарсылығын туғызған заңдар немесе заңның баптары бойынша Парламент Палаталарының қайталап талқылау мен дауысқа салуды өткізу үшін бөлінген бір ай мерзім Мемлекет басшысы өз қарсылықтарын жіберген күннен басталатынын білдіреді.  Бұл  мерзім  келесі  айдан  тиісті  күнінде  (күн  санында) аяқталады. Егер мерзімінің аяқталуы мұндай күні жоқ айға тура келетін болса, онда мерзім осы айдың соңғы күнінде аяқталады.

5.  Конституцияның 51-бабының 3-тармағында «Парламент немесе Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы тиісінше Парламент немесе Парламент Мәжілісінің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған күннен бастап екі ай ішінде өткізіледі» деп белгіленген.

Конституциялық Кеңестің пікірінше, Республика Президентінің Парламентті немесе Парламент Мәжілісін тарату туралы актісі қолданысқа енгізілген күннен бастап, Парламент немесе Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлау өткізілуге тиіс мерзім басталады. Бұл мерзім екі ай өткен соң аяқталады. Егер мерзімнің аяқталуы мұндай күні жоқ айға тура келетін болса, онда мерзім осы айдың соңғы күнінде аяқталады.

6.   Конституцияның 73-бабының 3-тармағында Конституциялық Кеңес өтініштер түскен күннен бастап бір ай ішінде өз шешімін шығарады. Егер мәселе кейінге қалдыруға болмайтын болса, Республика Президентінің талабы бойынша бұл мерзім он күнге дейін қысқартылу мүмкін деп белгіленген.

Аталған конституциялық норма келіп түскен өтініші Конституциялық Кеңес қарап, ол бойынша шешім қабылдайтын уақыт кезеңін   айқындайды.   Осыған   орай   Конституцияның   73-бабының 3-тармағында белгіленген мерзім келесі айдың тиісті күнінде (күн санында) аяқталады. Егер мерзімнің аяқталуы мұндай күні жоқ айға тура келетін болса, онда мерзім осы айдың соңғы күнінде аяқталады.

«Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі туралы» Конституциялық заңының 26-бабының 2 -тармағына сай, бір-бірімен өзара байланысты өтініштер келіп түскен жағдайда Конституциялық Кеңес оларды бір конституциялық іске біріктіру туралы шешім қабылдай алады. Мұндай жағдайда шешім шығаруға бөлінген бір ай мерзімді Конституциялық Кеңеске соңғы өтініш түскен күннен бастап есептеген жөн.

«Республика Президентінің талабы бойынша бұл мерзім он күнге дейін қысқартылуы мүмкін» деген конституциялық ережені қатаң күнтізбелік мағынада түсінген жөн, яғни белгіленген кезеңнің соңғы күнінде бұл мерзім аяқталады.

7.  Қазақстан  Республикасы  Конституциясының  51-бабының 2-тармағында, 59-бабының 3- тармағында, 61-бабының 7-тармағында, 63-бабының 2-тармағында, 71-бабының 3-тармағында, 92- бабының 1, 2 және 4-тармақтарында, 94-бабының 1-тармағында, 94-1-бабында жылдармен есептелетін мерзімдер белгіленген.

Мәселен, Конституциясының 63-бабының 2-тармағына сәйкес Парламент немесе Парламент Мәжілісін төтенше немесе соғыс жағдайы кезеңінде, Президент өкілеттігінің соңғы алты айында, сондай-ақ  осының  алдындағы  таратудан  кейінгі  бір  жыл  ішінде таратуға болмайды Конституциялық Кеңестің пікірінше, бұл жағдайда аталған бір жыл мерзім осы оқиға болған күннен, яғни Республика Президентінің Парламент немесе Парламент Мәжілісін тарату туралы актісі қолданысқа енгізілген күннен басталады.

Жылдармен  есептелетін  мерзім  оның  соңғы  жылының  тиісті айы  мен  күнінде  аяқталады.  Егер  мерзімнің  аяқталуы  мұндай  күні жоқ айға тура келетін болса, онда мерзім осы айдың соңғы күнінде аяқталады.

Сонымен   бірге,   Конституцияның   61-бабының   7-тармағына сай Үкімет енгізген заң жобасының қабылданбауына байланысты Премьер-Министр Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Үкіметке сенім туралы мәселе қоюға хақылы. Алайда, Үкімет бұл құқықты жылына екі реттен артық пайдалана алмайды. Көрсетілген норманың  мағынасынан  туындайтын,  бұл  жағдайда  «жыл»  деген уақыт кезеңін ағымдағы жыл деп (1 қаңтардан 31 желтоқсанға дейін) түсінген жөн екенін назарда ұстау қажет.

Конституциялық Кеңес, Конституцияда белгіленген мерзімдердің басталуы мен аяқталуын есептеу мәселелері Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің құқықтық ұсынымдары ескеріле отырып, қажет кезде заңдармен реттелуі мүмкін деп атап көрсетеді.

Жазылғанның         негізінде,         Қазақстан         Республикасы Конституциясының     72-бабы     1-тармағының     4)     тармақшасын, «Қазақстан      Республикасы      Конституциялық      Кеңесі      туралы» 1995  жылғы  29  желтоқсандағы  №  2737  Қазақстан  Республикасы Конституциялық  заңының  17-бабы  3-тармағының  1)  тармақшасын, 31-33 , 37-баптарын және 41-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі

 

ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

 

1. «Ұстау» деп, Конституциясының 16-бабы 2-тармағына қатысты қолдануда, құқық бұзушылықтың жолын кесу немесе қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету, сондай-ақ мәжбүрлеу сипатындағы өзге де шараларды қолдану мақсатында адамның жеке бас бостандығын жетпіс екі сағаттан аспайтын қысқа уақытқа шектеуден тұратын және уәкілетті мемлекеттік органдар, лауазымды және өзге де тұлғалар заңда көзделген негізгі және тәртіппен іске асыратын мәжбүрлеу шарасын түсінген жөн.

Ұсталған адамның емін-еркін жүріп-тұру бостандығын шектеуді - белгілі бір жерлерде мәжбүрлеп ұстауды, анықтау және тергеу органдарына мәжбүрлеп әкелуді (адамды қолға түсіруді, үй-жайға қамауды,  бір  жерге  баруға,  немесе  орнында  тұруға  мәжбүрлеуді және т.б.), сондай-ақ адамның жеке бас бостандығын айтарлықтай шектейтін басқа да әрекеттерді де қоса отырып, бас бостандығы оған қандай да бір процессуалдық мәртебе берілуіне немесе басқа бір формальды рәсімдер орындалуына қатыссыз шын мәнінде шектелген кезде, минутына дейінгі дәлдікпен сол сағат ұстау мерзімінің бастауы болып табылады. Нақты ұстау уақытынан бастап үздіксіз есептелетін жетпіс екі сағаттан өтуі осы мерзімнің аяқталу сәті болып табылады.

2. Айлармен     есептелетін     конституциялық     мерзім Конституцияда көрсетілген оқиға болған күнінен басталып, мерзімнің соңғы айының тиісті күнінде (күн санында) аяқталады. Егер мерзімнің аяқталуы тиісті күні жоқ айға тура келетін болса, онда мерзім осы айдың соңғы күнінде аяқталады .

3.   Мемлекет басшысының заңға немесе заңның баптарына қарсылықтарын Парламент қарауы үшін бөлінген бір ай мерзім, Конституцияның    59-бабының    4-тармағында    және    61-бабының

2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, егер ол өзінің уақыты бойынша Конституцияның 59-бабының 3- тармағымен көзделген Парламент жұмысының сессиялы кезеңімен тұспа-тұс келмейтін болса, үзіледі.

4. Жылдармен    белгіленген    конституциялық    мерзім Конституцияда көрсетілген оқиға болған күннен бастап есептеліп, өзінің соңғы жылының тиісті айы мен күнінде аяқталады. Егер мерзімнің  аяқталуы  тиісті  күні  жоқ  айға  тура  келетін  болса,  онда мерзім осы айдың соңғы күнінде аяқталады . «Жыл» деген уақытын кезеңін Конституцияның 61-бабының 7-тармағына қатысты қолдануда ағымдағы жыл деп (1 қаңтардан 31 желтоқсанға дейін) түсінген жөн.

5. Күндермен     есептелетін     конституциялық     мерзім Конституцияда көрсетілген оқиға болған күннен басталып, белгіленген кезеңнен соңғы күнінде аяқталады.

6.   Бір-бірімен өзара байланысты өтініштерді Конституциялық Кеңес бір іс жүргізуге біріктірген жағдайда, шешім шығару үшін Конституцияда көзделген бір ай мерзімді соңғы өтініш түскен күннен бастап есептеген жөн.

7.   Конституцияда     белгіленген     мерзімдердің     басталуы мен аяқталуын есептеу мәселелері, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің құқықтық ұстанымды ескере отырып, қажет кезде заңдармен реттелуі мүмкін.

8.   Қазақстан  Республикасы  Конституциясының  74-бабының

3-тармағына    сәйкес    қаулы    оны    қабылданған    күнінен    бастап күшіне  енеді,  шағымдануға  жатпайды,  Республиканың  бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті және Қазақстан Республикасы Конституциясының 73-бабының 4-тармағында көзделген ретті ескере отырып, түпкілікті болып табылады.

9.   Осы  қаулы  республикалық  ресми  басылымдарда  қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.