«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестiгi туралы

 

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң

2000 жылғы 3 шiлдедегі № 16/2 қаулысы

 

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесi Төрағасының мiндетiн атқарушы В.Д. Шопин, Кеңес мүшелерi Ж.Д. Бұсырманов, А. Есенжанов, А.К. Котов және Қ.Ә. Омарханов қатысқан құрамда, өтiнiш субъектiсiнiң өкiлi – Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгi мемлекеттiк-құқықтық бөлiмi меңгерушiсiнiң бiрiншi орынбасары Т.С. Донаковтың қатысуымен, өзiнiң ашық отырысында Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестiгi туралы өтiнiшiн қарады.

Қолдағы бар материалдарды зерделеп шығып, баяндамашылар

- Конституциялық Кеңес мүшелерi А.К. Котовтың және Ж.Д. Бұсырмановтың баяндамаларын және отырысқа қатысушылардың сөздерiн тыңдап, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесi мынаны

 

АНЫҚТАДЫ:

 

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiне 2000 жылғы 30 маусымда Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының Республика Конституциясына сәйкестiгi туралы өтiнiшi келiп түстi.

Қазақстан Республикасының Парламентi 2000 жылғы 27 маусымдағы Палаталардың бiрлескен отырысында қабылдаған және 2000 жылғы 30 маусымда Қазақстан Республикасы Президентiне қол қоюға ұсынған «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестiгi туралы мәселенi қарағанда, Конституциялық Кеңес мынаны негiзге алады.

 Қазақстан Республикасының Парламентi Конституцияның 49-бабына сәйкес Республиканың заң шығару қызметiн жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары өкiлдi органы болып табылады.

Конституцияның 62-бабы 1-тармағының негiзiнде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң «Қазақстан Республикасы Конституциясы 44-бабының 2) тармақшасын, 45-бабының 2-тармағын, 61-бабының 2-тармағын, 62-бабының 2-тармағын, 72-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын ресми түсiндiру туралы» 2000 жылғы 3 шiлдедегi № 15/2 қаулысына сәйкес ол заң актiлерiн заң түрiнде де, оның iшiнде елдiң бүкiл аумағында мiндеттi күшi бар Қазақстан Республикасының конституциялық заңдарын да қабылдауға құқылы.

Қазақстан Республикасының Парламентi 2000 жылғы 27 маусымда «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңын осы деңгейдегi заң актiлерiн қабылдау үшiн көзделген конституциялық тәртiппен және регламенттiк рәсiмдерге сәйкес қабылдаған. Осы Конституциялық заңды реттеу мәнi Конституцияның 61-бабы 3-тармағымен аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтiн заңдар шығаруға Қазақстан Республикасының Парламентiне берiлген төтенше құзырет ауқымына жауап бередi. Атап айтқанда ол Конституцияның 61-бабы 3-тармағының 1) тармақшасында көзделген жеке және заңды тұлғалардың құқық субъектiлiгiне, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, жеке және заңды тұлғалардың мiндеттемелерi мен жауапкершiлiгiне қатысты негiзге алынатын принциптер мен нормаларды белгiлейдi.

Конституцияның 92-бабына сәйкес, онда конституциялық деп аталған заңдар осы Конституция күшiне енген күннен бастап бiр жыл iшiнде қабылдануға тиiс. Осы ереженi оның белгiлеген қандай конституциялық заңдарының алдымен қабылдануға тиiс екенiн белгiнедi деп түсiну керек, бiрақ бұл Конституция мәтiнiнде конституциялық деп аталған заңдар түбегейлi анықталды дегендi бiлдiрмейдi.

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi туралы» Конституциялық заңды қабылдауға Қазақстан Республикасы Конституциясы 46-бабының, 44-бабы 20) тармақшасының, 71-бабының нормалары, сондай-ақ Кiрiспе мен 1-бабы 2-тармағының ережелерi конституциялық-құқықтық негiз болып табылады.

Конституцияның 46-бабы Республика экс-Президенттерiне Республика Президентiнiң абыройы мен ар-намысына ешкiмнiң тиiсуiне болмайтындығы және Республика Президентi мен оның отбасын қамтамасыз ету, оларға қызмет көрсету және қорғау мемлекет есебiнен жүзеге асырылатыны туралы ереженi қолданады. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi өз өкiлеттiктерiн атқаруды тоқтатқаннан кейiн Республиканың экс-Президентi болады, кезектi сайлауларда  сайланған  Қазақстан  Республикасының  Президентiне конституциялық өкiлеттiктерiн бередi. «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi туралы» Конституциялық заң экс-Президенттер үшiн Конституция белгiлеген қол сұғылмаушылық пен қамтамасыз ету туралы кепiлдiктердi жаңа тәуелсiз мемлекет құрылысына Қазақстан Республикасының тұңғыш Президентiнiң ерекше рөлi мен үлесiне қатысты нақтылы көрсетедi.

Конституцияның 71-бабы Республиканың экс-Президенттерi құқығы бойынша ғұмыр бойы Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң мүшесi болып табылады және мұндай құқық өз өкiлеттiктерiн атқаруды тоқтатқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентiне берiлуге тиiс.

Конституцияның 44-бабы 20) тармақшасына сәйкес жұмыс iстеп жүрген Қазақстан Республикасы Президентiнiң Қауiпсiздiк Кеңесi мен басқа да консультативтiк-кеңесшi органдарды құруы «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi туралы» Конституциялық заңның 1-бабы 2) тармақшасының нормаларына қайшы келмейдi. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентiнiң Қауiпсiздiк Кеңесiнiң құрамына енуi, сондай-ақ жаңа тәуелсiз мемлекеттiң негiзiн қалаушы, қазақстандық патриотизмнiң идеологы және ұлтаралық келiсiмнiң кепiлi ретiнде Қазақстан халықтары Ассамблеясына төрағалық  етуi сол кезеңдегi ел Президентiнiң жоғарыда аталған конституциялық өкiлеттiктердi жүзеге асыруына кедергi болмайды.

Жұмыс iстеп жүрген ел Президентiнен бiр ерекшелiгi Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi жолдаулар, жарлықтар және өкiмдер шығармай, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi туралы» Конституциялық заңның 1-бабы 1) және 2) тармақшаларына сәйкес Қазақстан халқының көшбасшысы ретiнде халыққа, Республика Парламентiне және Үкiметiне ел үшiн маңызды мәселелер талқыланған кезде қажеттi бастамалар көтере алады, бұл да жұмыс iстеп жүрген Президент құқықтары кешенiн көздейтiн Конституцияның 44-бабының нормаларына қайшы келмейдi.

Сонымен «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi туралы» Конституциялық заңды Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкестiлiк мәнiне орай талдау Парламенттiң осы Конституциялық заңды екiншi оқылымда 2000 жылғы 27 маусымда Палаталардың бiрлескен отырысында әрбiр Палата депутаттары жалпы санының «жақтаймын» деген 2/3 дауысы көпшiлiгiмен Конституция белгiлеген тәртiппен қабылдағанын көрсеттi. «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi туралы» Конституциялық заңның нормалары мен ережелерi Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келедi.

Жаңа тәуелсiз мемлекеттердiң, сондай-ақ дамыған демократия елдерiнiң тәжiрибесi осы заманғы конституционализмнiң мемлекет басшысы қызметiн атқарған және өз мiндеттерiн атқаруды тоқтатқан адамдарды саяси және әлеуметтiк кепiлдiктермен қамтамасыз ету үрдiсiн растайды.

Баяндалғанның және Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 2) тармақшасы негiзiнде, Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесi туралы» конституциялық заң күшi бар Жарлығының 17-бабы 2-тармағының 1) тармақшасын, 32, 33, 37-баптарын және 41-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесi

 

ҚАУЛЫ ЕТЕДi:

 

1. «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес деп танылсын.

2. Қазақстан Республикасы Конституциясы 74-бабының 3-тармағына сәйкес, осы қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшiне енедi және шағымдануға жатпайды, Қазақстан Республикасы Конституциясы 73-бабының 4-тармағында көзделген жағдайды ескерiп, Республиканың бүкiл аумағында жалпыға бiрдей мiндеттi және түпкiлiктi болып табылады.

3. Осы қаулы қазақ және орыс тiлдерiнде республикалық ресми баспасөз басылымдарында жариялансын.