Қазақстан Республикасы 
Конституциялық Кеңесінің 
Жолдауы 


«Қазақстан Республикасындағы 
конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» 

(2020 жылғы 22 маусымда Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының бірлескен отырысында жария етілді)   

Қазақстан Республикасы Конституциясының 53-бабының 6) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі Қазақстан Республикасының Парламентіне «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» жолдауын (бұдан әрі – КК жолдауы) ұсынады. 

Биылғы жылы Қазақстан Республикасының Конституциясына 25 жыл толады. Ол Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың стратегиясы мен Қазақстан халқы еркінің үндестігі жағдайында 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған болатын.
Өткен жылдар ішінде Конституциялық Кеңестің бес, он, он бес, жиырма және жиырма бес жыл бойынша (2000, 2005, 2010, 2015 және 2016 жылдары) қорытынды жолдауларын ұсынудың белгілі бір практикасы қалыптасты. 
Бұл ұстаным Негізгі Заңның қолданысы тиімділігін одан әрі арттыру үшін жүргізіліп отырған жұмысқа мазмұндық жағынан және объективті мониторинг жүргізу, оның әлеуетін барынша пайдалану мақсаттарына неғұрлым толық дәрежеде жауап береді.
Сондықтан осы жолдауда 2015-2020 жылдар кезеңі бойынша ақпарат ұсынылды.

I.

Өткен кезең қазақстандық конституциялық бірегейлікті нығайту үшін тарихи таңбалы оқиғаларымен ерекшеленді.  
Қазақстанда жоғарғы биліктің ауысуы орын алды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев 2019 жылғы 19 наурызда өз еркімен отставкаға шығуын жариялап, Мемлекет басшысы ретіндегі өкілеттігін тоқтатты. Ол өкілеттілік Парламент Сенатының Төрағасына өтті.  
2019 жылғы 20 наурызда Үкіметтің бастамасы бойынша Республика Конституциясының 2-бабына өзгерістер енгізілді. Қазақстан астанасының атауы Нұр-Сұлтан болып өзгерді. 
9 маусымда кезектен тыс президенттік сайлау қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының жаңа Президенті болып Қ.К. Тоқаев сайланды және ол 12 маусымда қызметіне кірісті.
Мемлекет басшысы өкілеттігінің көшуі, Конституцияға өзгерістер енгізу және Республика Президентінің кезектен тыс сайлауы Конституцияның және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарына қатаң сәйкестікте өтті. 
Биліктің ауысуы ішкі тұрақтылықты қамтамасыз етудің және Қазақстанның халықаралық беделін нығайтудың серпінді факторы  болды. Конституциялық Кеңес сол кезде атап өткендей, мемлекеттілік дамуының жаңа кезеңінде мемлекеттің барлық органдарының, азаматтық қоғам институттарының және азаматтардың бірінші кезектегі міндеті болып билік тармақтарының қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты, Қазақстан Республикасының басқа түбегейлі принциптері мен құндылықтарын, ел Конституциясының ережелері мен нормаларын құрметтеу жағдайында жұмыс жасауын қамтамасыз ету табылады.   
Уақыт Республиканың Тұңғыш Президенті – Елбасының және Қазақстан Республикасы Президентінің конституциялық заңнамада белгіленген бір-бірін өзара толықтыратын қызметінің оңтайлылығы мен перспективалылығын көрсетті. Осы қызмет Қазақстанның өркендеуі, қоғамдағы бейбітшілік пен келісімге, Ұлттың одан әрі бірігуіне қол жеткізу сияқты ортақ мақсаттарына бағытталған. Бұл ретте Елбасы мен Мемлекет басшысы қолданыстағы заңнамаға сәйкес өздері атқарып отырған әртүрлі мемлекеттік лауазымдар мен қызмет нысандарын және әдістерін пайдаланады, бұл елді басқару нәтижелілігін арттырады. 
Қазақстанда конституционализмді дәйекті түрде орнықтыру, Негізгі Заңның құндылықтарын байыту, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беру, кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру және оны қорғау, конституциялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс жалғастырылды.
Бүгінде әлем қарқынды өзгерістер, жаңа геосаяси шындық дәуіріне қадам басты. Қазақстанның алдында бұрын болмаған сын- қатерлер туындап отыр, оларға тек экономикалық, әлеуметтік және саяси прогресс арқылы ғана дұрыс жауап берілуі мүмкін.
Қазақстан Республикасының Президенті мемлекеттік аппараттың қызметін Қазақстанның Үшінші жаңғыруын іске асыруға, Бес институционалдық реформаны және мемлекетіміздің басқа да маңызды стратегиялық құжаттарын жүзеге асыруға бағыттап отыр. 
Жоғарғы биліктің конституциялық саясатының басымдықтарына өткір әлеуметтік проблемалар мен жұмыспен қамту мәселелерін шешу; қазақстандық кәсіпкерлерді қолдау, инвестицияларды тарту және қорғау, іскерлік белсенділікті ынталандыру, кең көлемде орта тапты қалыптастыру; қоғамның бірлігін қамтамасыз ету және әрбір азаматтың құқықтарын қорғау; «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру, саяси трансформация процесін жалғастыру және азаматтық қоғамды дамыту енгізілген. 
Күшті, өкілетті Президент – ықпалды, жұмыс істеуге қабілетті Парламент – халыққа есеп беретін Үкімет мемлекеттік биліктің үштаған формуласына айналуда.
Республика Президенті мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, дамыған және инклюзивті экономиканы қалыптастыруға, халықты әлеуметтік қамсыздандыру саласын жаңғыртуға, сондай-ақ өңірлерді нығайтуға бағытталған бірқатар бастамаларын ұсынды. Олар Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында түйінделіп берілді. 
2019-2020 жылдары Қазақстан Республикасын демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде айқындайтын Конституцияның қосымша ресурстары іске қосылды. 
Қазақстан Республикасы коронавирустық пандемияның алдын алу және онымен күресу барысында өзін мықты әлеуметтік мемлекет ретінде көрсете білді. Конституцияның адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылықтар жөніндегі талабы бүкіл жұмыстың негізіне қойылды. Шетелдерден жүздеген азаматтарымызды эвакуациялау, аурудан зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету, сондай-ақ табысынан айырылған қазақстандықтарға қаржылай қолдау, олардың бизнесін сақтау үшін бұрын-соңды болмаған қаржылық және адами ресурстар жұмсалды. Барлық қажетті мемлекеттік мекемелер, құқық қорғау органдары мен Қарулы Күштер жұмылдырылды, азаматтар әскери жиындарға тартылды. Отандастардың басым көпшілігі карантин шаралары кезінде оқшаулану тәртібін сақтап, осылайша дәрігерлерге көмектесті. Әрбір тұлғаның өз міндеттерін сапалы орындауының арқасында бұл қиындықтың салдары барынша азайтылды. Конституцияда бекітілген азаматтардың әлеуметтік-экономикалық құқықтары қосымша материалдық және ұйымдастырушылық тұрғыдан қамтамасыз етілді.
Елде мемлекеттік және қоғамдық өмірді одан әрі демократияландыру жөніндегі жұмыс жүргізілуде. Республика Президенті өзі құрған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін басқарады, оның басты міндеті елдің өзекті экономикалық және саяси мәселелері бойынша жүйелі, ұзақ мерзімді, тиімді шаралар әзірлеу болып табылады. Қоғамның әртүрлі топтарының кең өкілдігі негізінде сындарлы диалог арқылы жаңа саяси мәдениет қалыптастырылуда.
Кеңестің назарында жерді қорғау және ауыл шаруашылығы алқаптарын ұтымды пайдалану, мемлекеттік құрылымдардың есеп беруі мен ашықтығы, бюджет қаражатының тиімді әрі ұтымды жұмсалуы, шетелдік жұмыс күшін тартуды ұйымдастыру, сыртқы қарыз бойынша бюджет қаражатын бөлу, әлеуметтік реформалар және басқа да өзекті мәселелер бар.
Олардың бірқатары заңнамада шешімін тауып үлгерді. «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» түбегейлі жаңа Заң қабылданды. «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға оппозициялық қызметке арналған нормалар енгізілді. Бұдан басқа заңнамалық новеллалардың қатарында саяси партия құру үшін азаматтардың санын екі есе қысқарту, сайлау партиялық тізімдерінде әйелдер мен жастар үшін міндетті 30 % квотаны қарастыру, жала жабуды декриминализациялау және басқалар бар.   
Аталған қызмет Негізгі Заңда көзделген халық билігі жүйесінің уақыт талаптарына сәйкес біртіндеп трансформациялануы үшін аса мәнді болып табылады.
Ағымдағы 2020 жылы қолданыстағы Қазақстан Республикасының Конституциясына 25 жыл толады. Мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктер осы тарихи оқиғаның мәнін терең түсініп, оны қазақстандық патриотизмді нығайту үшін пайдалануы, Негізгі Заңның арқасында қол жеткізілген жетістіктерді, сондай-ақ мемлекеттің, қоғамның және әрбір қазақстандықтың жоғары назарын талап ететін сын-қатерлер мен тәуекелдерді талдағаны жөн.
Конституциялық Кеңес Елбасының конституционализмді одан әрі бекіту; Қазақстандық жалпыұлттық құндылық ретінде құқық үстемдігін қамтамасыз ету; халық билігіне, адамның құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беру;  жеке тұлғаның қорғалу деңгейін және мемлекеттік аппараттың тиісті жұмыс істеуін арттыру жөніндегі стратегиялық бағытының жан-жақты сабақтастығын аса маңызды деп санайды.
Конституционализм негіздерінің мызғымастығын сақтау және оның жаңа жетістіктерін іске асыру, Конституцияның тұрақтылығы мен дамып отыру қабілеттілігінің үйлесімділігі, оның қоғамдық даму талаптарын қабылдауы Ата Заңның әлеуетін заңнамалық және басқа жолдармен іске асыру, сондай-ақ Негізгі Заңның мәтініне уақтылы өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы жүзеге асырылады.
Қазақстанның мемлекеттілігі үшін өткен үш жыл «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2017 жылғы 10 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңымен жүзеге асырылған конституциялық реформаның іске асырылуымен ерекшеленді. Ол «Қазақстан-2050» Стратегиясы, Қазақстанның озық дамыған отыз елдің қатарына кіруі аясында қоғам мен мемлекеттің дәйекті түрде жан-жақты жаңғыруы жолындағы жаңа заңды кезең.
Заңмен Мемлекет басшысының конституциялық мәртебесін нақтылау, Парламент пен Үкіметтің рөлін, дербестігін және жауапкершілігін күшейту, мемлекеттік биліктің біртұтастығы және бөлінуі қағидатын негізге ала отырып, билік өкілеттіктерін Президенттің, Парламенттің және Үкіметтің арасында қайта бөлу арқылы президенттік басқару нысанын демократиялық жаңғырту жүзеге асырылды. Сот жүйесі мен прокуратураның конституциялық негіздері түзетілді. 
Новеллалардың бірқатары Конституцияның қолданыстағы құқық жүйесіндегі үстемдігін және еліміздің бүкіл аумағында оның сөзсіз орындалуын қамтамасыз етуге, мемлекетті басқаруды жетілдіруге, адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге, азаматтардың конституциялық міндеттерін орындауын қамтамасыз етуге бағытталған. 
Конституциялық Кеңес Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңартылған мәтіні еліміздің тұрақты дамуының басымдықтарына, азаматтардың пікірін кеңінен ескере және Негізгі Заңның Кіріспесінде, 1-бабының 2-тармағында және 91-бабының 2-тармағында бекітілген конституциялық құндылықтарды сөзсіз сақтай отырып, қоғам мен мемлекетті терең жаңғыртуға жауап береді деп есептейді. 
Еуропа Кеңесінің Құқық арқылы демократия үшін Еуропалық комиссиясы (Венеция комиссиясы) 110-шы жалпы сессиясында «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы бойынша оң қорытынды берді.
Заңнамаға тиісті түзетулер енгізілгеннен кейін ел жаңа конституциялық шынайылық, мемлекеттік органдардың қосымша мүмкіндіктерді біртіндеп игеруі, олардың неғұрлым дербестігі мен жауапкершілігі жағдайында өмір сүріп келеді. Жаңа құқық қолдану практикасы қалыптасуда, қоғамдық сана, оның ішінде азаматтар мен мемлекеттік аппараттың конституциялық-құқықтық мәдениеті өзгеруде.
Тұтастай алғанда, дұрыс айқындалған конституциялық-құқықтық саясат пен құндылықтарға бағдарланған конституциялық-құқықтық практика өзара бірін-бірі толықтыра отырып, Негізгі Заңның өзіне тән функцияларын тиімді іске асыруына ықпал етеді, оның ережелерін және нормаларын орындау мен қолданудың сапасын, азаматтар мен мемлекеттік қызметшілердің құқықтық санасының деңгейін арттыруға жұмыс жасайды.
Қазақстанда ұзақ мерзімді басымдықтарға сәйкес мемлекеттік жоспарлау жүйесінің қолданыстағы құжаттарын: Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын (Республика Президентінің 2018 жылғы 15 ақпандағы Жарлығы), «Рухани Жаңғыру» бағдарламасын және басқаларды орындау жалғасуда. 
2019 жылдан бастап Жастар жылының өткізілуімен және Волонтер жылының басталуымен, «Birgemiz» республикалық Волонтерлер фронт-офисінің ашылуымен, Президенттік жастар кадр резервінің қалыптастырылуымен және т.б. байланысты маңызды оқиғалар орын алды.
Қазақстанның мемлекеттік егемендігін нығайтуда соңғы жылдарда іске асырылған аса маңызды істердің күн тәртібінде –Түркістан облысын құру және түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде Түркістан қаласын дамыту жөніндегі бас жоспардың тұжырымдамасын іске асыруды бастау; Республика Президентінің Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қоюы; елорданың 20 жылдық мерейтойын мерекелеу; «Астана» халықаралық қаржы орталығын іске қосу; «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі, судьялардың VII съезі, Азаматтық форумдар мен басқа да іс-шаралар болды. 
Қазақстанның жоғары халықаралық беделі Қазақстан Президенті Қ.К. Тоқаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы 74-ші сессиясының жалпы дебаттарында және «COVID-19 пандемиясы тұсында және одан кейінгі кезеңде дамуды қаржыландыру» атты жоғары деңгейде өткен шарада сөз сөйлеуі кезінде; қазақстандық балалар мен аналарды қарулы қақтығыстар аймақтарынан шығару; Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі миссиясын орындауы және оған төрағалық етуі барысында; 2016 жылғы 31 наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымына енгізілген Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде; Нұр-Сұлтан қаласында өткізілген Сирия бойынша халықаралық кездесулерде; әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезінде және басқа да ірі форумдарда бірнеше рет расталды.
Қазақстанның жетістіктері ел беделінің және Республиканың Конституциясында баянды етілген қағидаттардың, ережелер мен нормалардың сапалы орындалуының айғағы. 
Дей тұрғанмен, жаңа сын-қатерлер қазақстандық заң шығарушы және атқарушы билік тармақтары органдарының жүйесі алдында өз шешімін талап ететін жаңа мәселелерді қояды.


II.

Белгіленген кезең ішінде Конституциялық Кеңестің құқықтық негіздері жетілдірілді. Үшінші конституциялық реформамен оның елдегі конституциялық заңдылық режимін қамтамасыз ету жөніндегі миссиясын неғұрлым тиімді атқаруға мүмкіндік беретін өзгерістер жүзеге асырылды.
Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін, егемендігі мен тұтастығын қамтамасыз ету мүддесінде Мемлекет басшысы Конституциялық Кеңеске күшіне енген заңның немесе өзге де құқықтық актінің конституциялылығын тексеру мәселесі бойынша, Конституцияның 91-бабының 3-тармағында көзделген жағдайда қорытынды беру туралы өтініш жасау құқығына ие болды. Бұл Негізгі Заңға түзетулер енгізу кезінде ерекше қорғалатын конституциялық құндылықтарды сақтау тетіктерін күшейтуге қатысты. Бұдан былай Республиканың Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар олардың Негізгі Заңның 91-бабының 2-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келетіні туралы Конституциялық Кеңестің қорытындысы болған жағдайда ғана республикалық референдумға немесе Парламенттің қарауына шығарылады.    
Республика Президентінің Конституциялық Кеңестің шешіміне қарсылық білдіру құқығы оның өзінің бастамасы бойынша алып тасталды. Осылайша, Кеңестің қорытынды шешімдеріне түпкілікті сипат берілді, бұл конституциялық нормаларды түсіндірудегі Кеңестің рөлі мен жауапкершілігін арттырады. Конституциялық Кеңестің аппараты күшейтілетін болады.  
Конституциялық Кеңес қызметінің ұйымдастырушылық негіздерінде елеулі өзгерістер болды. Конституциялық Кеңеске соттардың қолданылатын заңның немесе өзге де нормативтік құқықтық актінің конституциялылығын тексеру туралы ұсыныстармен жүгінуі рәсімі жеңілдетілді. Судьялардың тәуелсіздігін күшейту және судьялық белсенділікті ынталандыру мақсатында тиісті соттар төрағаларының ұсыныстарға қол қоюы туралы формальды талап жойылды. 
Құқықтық жүйенің қарқынды дамуы және туындайтын сын-қатерлер конституциялық бақылауды доктриналық-әдіснамалық қамтамасыз етуді күшейту қажеттігіне себепші болды, осыған байланысты 2018 жылы еліміздің белгілі құқықтанушы ғалымдары кіретін Конституциялық Кеңес жанынан Ғылыми-консультативтік кеңес құрылды. Өтініштерді жан-жақты және толық қарау үшін Конституциялық Кеңестің алдына қойылған мәселелерге құқық қорғау, ғылыми және өзге де ұйымдар мен азаматтардың бастамашылық қорытындылары институты көзделді.  
Жаппай цифрландыру дәуірінде Конституциялық Кеңес конституциялық іс жүргізуді электрондық форматта жүргізуге мүмкіндік беретін ақпараттық технологияларды енгізуде. 
Өткен уақыт ішінде жаңа мүмкіндіктерді пайдалана отырып, Конституциялық Кеңес Парламент қабылдаған және Мемлекет басшысына қол қоюға ұсынылған заңдардың Конституцияға сәйкестігін қарады, қолданыстағы заңнаманың конституциялылығын тексерді, Негізгі Заңның нормаларына ресми түсіндірме берді, конституциялық реформаның қорытындысы бойынша өз шешімдеріне ревизия жүргізді және конституциялық құндылықтарды орнықтыру жөніндегі өзге де қызметті жүзеге асырды. Өтініш субъектілері қатарында Мемлекет басшысы, Парламент Палаталарының Төрағалары мен Республика соттары болды. Конституциялық іс жүргізу нәтижелері бойынша 8 нормативтік қаулы, 1 қосымша қаулы, 1 қорытынды және Кеңестің бұрын қабылданған шешімдерін қайта қарау туралы 2 қаулы қабылданды.   
Қайта қаралған және жаңа конституциялық талаптарға сәйкес келтірілген нормативтік қаулылар: ұлттық және халықаралық құқықтың арақатынасы; Мемлекет басшысының заң шығару функцияларын жүзеге асыруы; Үкіметті қалыптастыру тәртібі, құрылымы мен құзыреті, оның актілерінің күшін жою не тоқтата тұру; айрықша қорғалатын конституциялық құндылықтардың тізбесі мен оларды қорғау тетіктері; прокуратураның, сот жүйесінің және басқа да институттардың мәртебелік негіздері мәселелеріне қатысты болды. Олар өзгерген конституциялық ережелердің мазмұнын қайта пайымдауға, қажеттілікке қарай, жаңа конституциялық талаптарды ескере отырып, қайта түсіндіруге мүмкіндік берді. 
Кеңес конституциялық нормаларды ресми түсіндіру бойынша өкілеттігін іске асыра отырып, Мемлекет басшысының құқықтық жағдайын және оның өкілеттігін тоқтату негіздерін, ең жоғары лауазымды тұлғаның қызметіне кандидаттарға қойылатын талаптарды, Конституциялық Кеңес мүшелерін тағайындау мерзімдерін, әлеуметтік мемлекет, ана мен баланы қорғау қағидаттарын нақтылаған, адамның және азаматтың кейбір конституциялық құқықтары мен бостандықтарының мазмұнын ашқан, олардың әртүрлі сот ісін жүргізуде сақталуы кепілдіктерін нығайтқан түсіндірулер берді (2016 жылғы 14 желтоқсандағы № 1, 2018 жылғы 10 сәуірдегі № 3, 2018 жылғы 3 шілдедегі № 5, 2019 жылғы 15 ақпандағы № 1, 2019 жылғы 25 сәуірдегі № 4 нормативтік қаулылар).
Конституциялық Кеңес өзінің жыл сайынғы жолдауларында қолданыстағы құқықтың конституциялылығын қамтамасыз ету, жеке тұлғаның конституциялық мәртебесін толыққанды іске асыру, заң шығармашылығы қызметін жаңғырту, мемлекеттік қызметтің алуан түрлерінің тиімділігін арттыру және басқа да мәселелерге әрқашан назар аударып отырды. 
Конституциялық Кеңес Негізгі Заңға өзгерістер мен толықтырулар жобасына алдын ала конституциялық бақылауды жүзеге асыру жөніндегі өзінің жаңа функциясын алғаш рет іске асырды. Республика Президентінің өтініші бойынша Үкімет бастамашылық еткен «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Республика Конституциясына сәйкес деп танылды (2019 жылғы 20 наурыздағы № 2 қорытынды). 
Республиканың Тұңғыш Президентінің Конституциялық Кеңестің құрамына кіруі конституциялық бақылау органын күшейту үрдісін жалғастырды. Жыл басында Конституциялық Кеңес Негізгі Заңның 78-бабының тәртібімен Алматы қаласы Алатау аудандық сотының «Тұрғын үй қатынастары туралы» 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 107-бабының 8) тармақшасын конституциялық емес деп тану туралы ұсынысын қарады. 
Осы өтініш бойынша Конституциялық Кеңестің отырысы мемлекеттің конституциялық дамуы процесіндегі маңызды оқиға болды. Конституцияның 71-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев Конституциялық Кеңестің ғұмыр бойы мүшесі ретіндегі өзінің миссиясын алғаш рет іске асырып, Кеңестің отырысына қатысты. Сол арқылы ол тәуелсіздік алғаннан бері жүргізіп келе жатқан азаматтардың конституциялық құқықтарын, соның ішінде тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша, қорғау және олардың кепілдіктерін нығайту бағытындағы жұмысын жалғастырды. 
Конституциялық Кеңес «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 107-бабының 8) тармақшасын конституциялық емес деп таныды.
Конституциялық Кеңес өзінің 2020 жылғы 21 қаңтардағы № 1 нормативтік қаулысында атап өткендей, тұтастай алғанда, адамдарды жалға алынған тұрғын үйден шығару мүмкіндігі жалдаушылардың мемлекеттік тұрғын үй кепілдіктерін негізсіз пайдалануына жол бермеу тәсілдерінің бірі болып табылады. Алайда құқық қолдану органдарының шығару туралы шешімі басқа тұрғын үйді меншікке алу фактісі бойынша емес, әрбір нақты жағдайда азаматтардың заңды мүдделерін ескере отырып қабылдануы тиіс. Бұл ретте, жалдаушының отбасы мүшелерінің саны, жалға алынған және алынған басқа пәтердің алаңы, тұрғын үй беру нормалары және өзге де мән-жайлар назарға алынуы керек. Кеңес анықтағандай, құқықтық норманың құрылымы оны біркелкі түсінуді және қолдануды қамтамасыз етуге қауқарсыз, ал бұл азаматтардың конституциялық құқықтарына нұқсан келтіруге әкеп соқтырады. Оның қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндерінің мағыналық сәйкессіздігі анықталды.
Осыған байланысты, Конституциялық Кеңес Үкіметке «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және басқа да құқықтық актілерге түзетулер енгізуге бастамашылық жасауды ұсынды. Соттарға және басқа да құқық қолдану органдарына қажетті нормативтік-құқықтық шаралар қабылданғанға дейін Қазақстан Республикасы Конституциясының тікелей қолданылуын қамтамасыз ету және Кеңестің аталған шешімін басшылыққа алу ұйғарылды.
Құқық шығармашылық және құқық қолдану қызметіндегі Конституцияның үстемдігі, адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының қорғалу дәрежесі елеулі түрде Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімдерінің орындалу сапасына байланысты. Мемлекет тетігіндегі өзінің жауапкершілігі мен рөлін сезіне тұра, Конституциялық Кеңес шетелдік конституциялық әділет органдарының қызметінде қолданылатын жалпыға бірдей танылған халықаралық стандарттар мен озық технологияларды пайдалана отырып, конституциялық нормаларды ашу және оларды нақты мазмұнмен толықтыру үшін жан-жақты күш-жігерін салуға тырысады.
Соңғы бес жылда мемлекеттік органдар Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімдерін орындауға бағытталған бірқатар заңнамалық актілер мен өзге де шешімдерді қабылдады, бұл туралы алдыңғы жолдауларда көрсетілген болатын. Өткен жыл ішінде бұл жұмыс құқық шығармашылық процестің барлық субъектілері тартыла отырып жүргізілді.
Мәселен, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2019 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңымен алқабилердің қатысуымен қылмыстық сот ісін жүргізудің процестік негіздері жаңартылды. Енді алқабилер қатысатын соттың соттылығына, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 52-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген істерді қоспағанда, қылмыстық заңмен аса ауыр қылмыстар санатына жатқызылған іс-әрекеттер туралы барлық істер жатады. 
Конституциялық Кеңес 2014 жылғы 19 маусымдағы жолдауында «Әкімшілік рәсімдер туралы» Заңның құқықтық реттеу нысанасын нақтылауды, атап айтқанда оның қолданысын атқарушылық функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға ғана шоғырландыруды, сондай-ақ мемлекеттік органның оның құқықтық мәртебесінің жария-құқықтық табиғатын бұрмалайтын ұғымын қайта қарауды ұсынды.
Осы ұсынымды іске асыру жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте көзделген. Оған сәйкес мемлекеттік орган деп Республика Конституциясы, заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілері негізінде мемлекет атынан белгілі бір функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік билік ұйымы танылады (4-баптың 1-тармағының 10) тармақшасы).
КК-нің 2018 жылғы 5 маусымдағы жолдауында Азаматтық кодекстің мемлекеттік қызметшілерге сыйға тарту мәселелерін реттейтін ережелерін Қылмыстық кодекстің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық жауаптылықтан босату шарттарын регламенттейтін нормаларымен үйлестіру қажеттігі көрсетілген.
Осы мақсатта Үкіметтің 2019 жылғы 23 желтоқсандағы № 958 қаулысымен Парламент Мәжілісінің қарауына Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі әзірлеген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы енгізілді. Заң жобасында өзіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер қабылдаған мемлекеттік қызметшілерге және өзге де адамдарға рұқсат етілетін сыйлық құнының шегін Азаматтық кодекстен алып тастау көзделген.
Конституциялық Кеңес бірнеше рет атап өткендей, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін одан әрі нығайту, соның ішінде заң жобалау жұмыстары жоспарларының тиімділігін арттыра, заңдар жобаларының сапасын, оларды қабылдаудың салдарын талдамалық және болжамдық тұрғыдан бағалауды жақсарта, заңнамалық актілердің және оларға ілеспе заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің қабылдануын үйлестіре отырып, құқықтық ортаны серпінді түрде конституцияландыру және заңнаманы жаңарту арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Бұдан басқа, Кеңес құқық шығармашылық қызметіне «жасанды интеллект» құралдарын енгізу, құқық шектеулердің мөлшерлестігі мен тепе-теңдігі қағидатын қамтамасыз етудің нақты өлшемшарттарын әзірлеу қажеттілігіне, сондай-ақ заңдар мен өзге де құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулардың негізсіз жиі енгізілетініне назар аударды (КК-нің 2016 жылғы 16 маусымдағы, 2018 жылғы 5 маусымдағы жолдаулары және т.б.).
Аталған ұсынымдарды іске асыру мақсатында Әділет министрлігі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне нормашығармашылықты жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзірледі. Онда құқықтық актілерді әзірлеуден бастап және қабылдағаннан кейін оларды орындауды қамти отырып, нормашығармашылық жұмыстарының барлық кезеңдерін жетілдіру көзделген. Үкіметтің 2019 жылғы 30 желтоқсандағы № 1006 қаулысымен жоғарыда аталған Заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілді. Онда Конституциялық Кеңестің шешімін іске асыруға бағытталған нормативтік құқықтық актілерді дайындаудың жеңілдетілген тәртібі туралы нормалар да бар (14-2, 14-3, 21-1-баптар және т.б.).
КК-нің 2019 жылғы 5 маусымдағы жолдауының 2.5-тармағында мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыру қажеттігі көрсетілген.
Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2020 жылға арналған жоспарына сәйкес Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын әзірлеу жүктелді (Парламентке енгізу мерзімі – 2020 жылғы желтоқсан). 
Заңда «мүгедек балалар», «кемтар балалар», «кемістік», «кемтарлық», «ақыл-ой жағынан кенжелеп қалу», «түзету», «дамымау», «тыныс-тіршіліктің шектелуі», «қалыпты дамудан ауытқушылық», «ақыл-ой бұзылысы», «жарақат», «ақыл-ой кемістігі» деген ұғымдар сияқты мүгедектік белгісі бойынша кемсітуге әкеп соғатын терминологияны өзгерту көзделетін болады. Сонымен қатар, жеке көмекшінің әлеуметтік қызметтерін көрсетуінің негізгі бизнес-процестерін қайта қарау жоспарлануда. Әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы объектілері қолжетімділігінің сапасын бақылау мақсатында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы жергілікті атқарушы органдарға мүгедектігі бар адамдардың барлық топтары үшін объектілердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бақылау функцияларын бекіту ұсынылады.
Конституциялық Кеңестің 2020 жылғы 21 қаңтардағы № 1 нормативтік қаулысын орындау үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзірледі. Онда мемлекеттiк тұрғын үй қорынан басқа тұрғын үй берiлмей шығару негiздерiн одан әрі жетілдіру көзделген. Осы мақсатпен уәкілетті орган «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 107-бабының 8-1) тармақшасын да түзетуді жоспарлап отыр. 
Тұтастай алғанда, мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Құқықтық саясат жөніндегі кеңестің күн тәртібінде тұрақты қаралатын Конституциялық Кеңестің құқықтық ұстанымдары мен ұсынымдарын іске асыру мәселелеріне тиісті көңіл бөледі.
«Рухани Жаңғыру» ұлттық жобасы шеңберінде Конституциялық Кеңес жүйелі түрде азаматтардың конституциялық мәдениетін арттыру жөнінде шаралар қабылдады. Конституцияны ғылыми тұрғыдан ұғыну мен түсіну деңгейін арттыру, оның ережелері мен нормаларын терең түсіндіру бойынша елеулі жұмыс жүзеге асырылды. Осы мақсатта Республика Конституциясына ғылыми-практикалық түсіндірме, елде конституционализмді бекіту хроникасы туралы ұжымдық монография шығарылды, жеке кітапта Қазақстан мен Еуропа Кеңесінің Құқық арқылы демократия үшін Еуропалық комиссиясының (Венеция комиссиясының) құқық үстемдігі қағидаттарын бекіту саласындағы ынтымақтастығының жиырма жылдан астам тәжірибесі қорытындыланды. Оқушы жастардың құқықтық мәдениетіне ерекше көңіл бөлінуде. Конкурстар, іскерлік ойындар, кездесулер, ашық есік күндері, отырыстарға шақыру арқылы қазақстандықтардың жаңа буынына конституциялық ережелерді құрметтеу және ұстану сезімдері, өз құқықтарын пайдалану және қорғау үшін олардың маңыздылығын ұғыну бойға сіңірілуде. 
Ағымдағы жылы Республика Конституциясының 25 жылдығына орай отандық авторлардың Елбасының конституциялық құрылыс жөніндегі тәжірибесі туралы, Конституциялық Кеңестің адам құқықтары мен бостандықтарын және басқа да құндылықтарды қорғау жөніндегі қызметі туралы монографиялар; Конституциялық құқықтың энциклопедиялық анықтамалығы, сондай-ақ Негізгі Заң туралы жыр туындылардың (алғаш рет қазақ тілінде) және балалар суреттерінің жинақтары; шетелдік авторлардың күшімен – қазақстандық конституционализм туралы ғылыми мақалалар жинағы дайындалды.
Көпвекторлы сыртқы саясат шеңберінде Конституциялық Кеңестің елдегі конституциялық заңдылық режимін нығайтуға қызмет ететін халықаралық байланыстары дамуда.
Еуропа Кеңесінің Венеция комиссиясындағы Конституциялық Кеңестің экс-Төрағасы И. Роговтың және Кеңес мүшесі У. Шапактың мүшелігі жалғасуда. 
Қазақстан Конституциялық Кеңесінің Төрағасы Қ. Мәми 117 елдің конституциялық әділет органдары мүше болып табылатын Конституциялық сот төрелігі жөніндегі дүниежүзілік конференция Бюросының құрамына кірді. Сонымен қатар, 2018 жылы Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы Конституциялық бақылау органдары Еуразиялық қауымдастығының төрағасы болып сайланды. 2019-2021 жылдары Конституциялық Кеңес Азиялық конституциялық соттар және баламалы институттар қауымдастығына төрағалық етеді.
Осы халықаралық бастамалардың барлығы Негізгі Заңның қолданысы тиімділігін одан әрі көтеруге, конституциялық заңдылық режимін нығайтуға және елдің әлемдік аренадағы беделін арттыруға қызмет етеді.


III.
Конституциялық Кеңес елде және әлемде болып жатқан кең ауқымды өзгерістермен, демократияландыру процестерін тереңдетумен, құқық қорғау қызметін күшейтумен және бұрын қабылданған ұстанымдарды нақтылаумен, жаһандық сын-қатерлердің өсуімен және жаңа қатерлердің туындауымен ерекшеленетін мемлекеттілік дамуының қазіргі кезеңінде Конституция нормалары іске асырылуының жай-күйін қолданыстағы заңнаманың сапасы мен оны қолдану практикасы тұрғысынан ғана емес, сондай-ақ олардың жақын және алыс жылдардағы дамуы перспективалары тұрғысынан да бағалау аса маңызды деп санайды. Негізгі Заңның жасампаз әлеуеті елде мықты құқықтық мемлекетті қалыптастыру тұрақты бағытын сақтай отырып, қажетті жағдайлардың туындауына қарай мемлекеттің заңнамалық, әлеуметтік-экономикалық, саяси және өзге де шешімдерінде барабар көрініс табуы тиіс. Бұл міндетті шешуге Конституциялық Кеңестің мынадай ұсыныстары бағытталған.
1. Осы жылдар ішінде конституциялық ережелерді, Негізгі Заңның басты идеялары мен қағидаттарын өмірге енгізу ұзақ мерзімді мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары негізінде жүзеге асырылды. Олардың қатарында Мемлекет басшысы 1994, 2002 және 2009 жылдары бекіткен Республиканың Құқықтық реформасының мемлекеттік бағдарламасы, Құқықтық саясат тұжырымдамалары бар. Осы бағдарламалық құжаттар іске асырылуының қорытындылары елдің жаңа құқықтық жүйесін құру, ұлттық заңнаманың негізгі салаларын елеулі жаңарту және мемлекеттік аппарат қызметін қайта жаңғырту болды.
Ең бастысы – олар өмірдің барлық салаларында Конституцияның әлеуетін барынша ашу жөніндегі жоспарлы жұмысты жасауға мүмкіндік берді.
ХХІ ғасырдың үшінші онжылдығы конституциялық құрылыстағы кезекті, сапасы жағынан жаңа кезеңді ашады. Заңнаманың қарқынды дамуы, жаһандану процестерінің тереңдеуі мен ішкі қажеттіліктер мемлекет алдына бұрын белгісіз болған, шешуі қоғамдық қатынастарды конституцияландыру деңгейін арттыруды талап ететін міндеттер қояды.
Конституциялық Кеңестің пайымдауынша, Қазақстан үшін өршіл мақсатқа қол жеткізу - 2050 жылға қарай әлемдегі ең алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттің қатарына кіру жолында Қазақстан Республикасының Конституциясын одан әрі іске асыру, оның ең жоғары заңды күші мен тікелей қолданылуын қамтамасыз ету құқықтық саясат саласындағы жаңа бағдарламалық құжат негізінде жүзеге асырылуы тиіс. Бұл қоғам, адам өмірінің сапасын арттыруға және құқық үстемдігі жағдайында мемлекеттілікті нығайтуға арналған елдің жүргізіп отырған бағытының сабақтастығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 
2. Заңнама олқылықтар мен өзекті мәселелер бойынша қабылданатын шешімдердің өміршеңдігіне күмән келтіруге жол бермей, мемлекеттік және қоғамдық өмірдің тез өзгеріп тұратын жағдайларына бейімделіп үлгеруі тиіс. Біртұтас мемлекет жағдайында біркелкі құқық шығармашылық және құқық қолдану практикасын қамтамасыз ету маңызды болып табылады.
Қолданыстағы құқықтың қарқынды дамуы кей кездерде құқықтық реттеу жүйесіндегі теңгерімсіздікке әкеледі, жаңа заңдар қолданылып жүрген заңдармен ұштастырылмай қабылданады, заңдар мен заңға тәуелді актілер арасындағы жүйелі байланыстар бұзылады, терминологияның біркелкі болмауы байқалады. Әсіресе, бұл өткен ғасырдың 90-шы жылдары қабылданған және қазіргі уақытқа дейін қолданыста жүрген заңнамалық актілер үшін өзекті болып отыр. Оларды конституциялық талаптарға сәйкестігі тұрғысынан мұқият талдау және, қажет болған жағдайда, жаңа редакцияда қабылдау қажет. 
IT индустриясының және «Электрондық Үкімет» инфрақұрылымының тез дамуы, мемлекеттік қызметтерді көрсету және мемлекеттік қызметтің жекелеген түрлерін (электрондық мемлекеттік органдар, онлайн қабылдау бөлмесі, электрондық денсаулық сақтау, қылмыстық қудалау, сот төрелігі және басқалары) жүзеге асыру кезінде цифрлық технологиялар қолданылуының тереңдеуі адамның бірқатар конституциялық құқықтарының іске асырылуы дәрежесіне тікелей әсер етіп, барабар құқықтық база қалыптастыру талабын айқындайды. Таяуда орын алған оқиғалар осы бағыттың өзектілігін тағы да растады. Осы салада қолданылып жүрген және қабылданатын құқықтық актілері мазмұны мен терминологиясы бойынша өзара сәйкесті болуы қажет. Олар азаматтардың дербес деректерін, мемлекеттік құпияларды қорғауға кепілдік беруі, құқықтар мен бостандықтарды іске асыруға халықтың қатысуының және мемлекеттік функцияларды атқарудың электрондық нысандарын кеңейтуі тиіс. 
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жариялаған COVID-19 коронавирусының пандемиясы және оның жаһандық ауқымына байланысты осы қауіп-қатерге қарсы іс-қимыл шаралары халықаралық және ұлттық құқықтық базаны олардың дағдарыс жағдайындағы жаңа сын-қатерлердің талаптарына сәйкестігі, қоғамдық, мемлекеттік және жеке мүдделердің орынды теңгерімін қамтамасыз етуі тұрғысынан терең ұғыну қажеттігін өзектендірді. Құқықтық реттеудің қосымша шаралары мемлекеттердің көпжақты тиімді ынтымақтастығы үшін сенімді негіз жасауға, азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету және міндеттерін іске асыру тетігін осындай жағдайларда, соның ішінде осы құқықтық қатынастардың цифрлық форматқа ауыстырылуына байланысты, жетілдіруге тиіс. Тұтастай алғанда, олар конституциялық қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатерлерді анықтау мен болдырмауға және қазақстандық қоғам өмірінің қауіпсіз жағдайларын қалыптастыруға бағытталуы қажет.
3. Конституцияға сәйкес Қазақстан Республикасының азаматына жыл сайын республикалық бюджет туралы заңда белгіленетін ең төменгі зейнетақы мөлшеріне кепілдік берілген (ағымдағы жылы ол айына 40441 теңгені құрайды).
Бұл конституциялық ереже адамның өмір бойы жұмыспен қамтылуы дәрежесіне, зейнетақы жинақтарының көлеміне және т.б. қарамастан, мемлекет тағайындайтын және төлейтін зейнетақының мөлшері көрсетілген шектен төмен болмайтынын білдіреді.
Сөйтсе де, қолданыстағы зейнетақы заңнамасында азаматтардың жекелеген санаттарына мөлшері ең төменгі зейнетақы мөлшерінен төмен зейнетақы төлемдерін белгілеуге жол беріледі, бұл әлеуметтік сипаттағы мемлекеттің талаптарына сәйкес келмейді. 
4. Соңғы жылдары Конституциялық Кеңестің шешімдерін орындау үшін адамның жеке басының бостандық құқығын сақтау кепілдіктерін нығайту, заңдарды Конституцияның 16-бабының талаптарына сәйкес келтіру жөніндегі заңнамалық және өзге де шаралар қабылданды. Бұл жұмысты қисынды аяқтауға дейін жеткізу қажет. Қолданыстағы заңдарда «соттың санкциясынсыз адамды жетпіс екі сағаттан аспайтын мерзімге ұстауға болады» деген конституциялық талаптың сақталмауына соқтыратын ережелер әлі де бар. 
Мәселен, «Алкоголизмге, нашақорлық пен уытқұмарлық дертіне шалдыққан ауруларды еріксіз емдеу туралы» 1995 жылғы 7 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңында күштеп әкелу сияқты мемлекеттік мәжбүрлеу шарасы көзделген, ол мәжбүрлеп емдеуге жіберу туралы мәселені шешу кезінде медициналық куәландырудан жалтарған адамдарға қолданылады (3-бап).
Алайда осы Заңда қолдану тетігі іс жүзінде қатаң құқық шектеу сипатына ие шаралармен ұштасатын күштеп әкелуді орындау тәртібі регламенттелмеген. Күштеп әкелуді жүзеге асыру уақыты; күштеп әкелуге жатпайтын адамдардың тізбесі; адамның келмеу себептерін дәлелді деп танудың мән-жайлары; арнаулы құралдарды, дене күші мен қаруды қолдану мүмкіндігі; сондай-ақ адамның конституциялық құқықтарын қозғайтын басқа да мәселелер заңнамалық түрде айқындалмаған.
5. Азаматтардың құқықтары мен міндеттерін тиісінше іске асыру, конституциялық ережелерге негізделуге, қандай да бір салада қоғамдық қатынастар дамуының ықтимал нұсқаларының барлық спектрін қамтуға қабілетті болуға, мемлекеттік және жеке мүдделердің ақылға қонымды теңгерімін қамтамасыз етуге тиіс, заңнаманың сапасына байланысты.
5.1. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеруді ол тоқтатылғаннан, оның ішінде ақтайтын негіздер бойынша, кейін қайта бастау адамды қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімі шегінде прокурордың шешімі бойынша шешіледі (ҚПК-нің 291-бабы). 
Қылмыстық қудалау органдарының бастамасы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді қайта бастау үшін ұзақ мерзімдерді белгілеу күдіктінің құқықтарын бұрын тоқтатылған қылмыстық қудалауды негізсіз қайта бастаудан қорғаудың пәрменді кепілдіктерінің болуын талап етеді. Егер сотқа дейінгі іс жүргізуде қылмыстық істі тоқтату туралы шешімнің күшін жою сот отырысында барлық материалдарды жан-жақты қарау нәтижесінде қабылданса, онда мұндай тетік негізделетін болады. 
5.2. Азаматтық процеске қатысушылар құқықтарының конституциялық кепілдіктерін нығайту бойынша бағытты жалғастыру қажет. Конституцияның 13-бабының 3-тармағында әркімнің білікті заң көмегін алуға құқығы көзделген, ол ерекше құқықтық қорғалуға мұқтаж адамдарға қатысты айрықша маңызға ие. «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының кодексі баланың он төрт жасқа толғанда өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін өз бетінше сотқа жүгінуге құқығын айқындайды (67-баптың 2-тармағы). Мұндай адамдардың азаматтық процестік әрекетке қабілеттілігі танылады (Азаматтық процестік кодекстің 45-бабының төртінші бөлігі). Кәмелетке толмағандардың өз құқықтарын толыққанды сот арқылы қорғауына оларды заң көмегіне ақы төлеуден босату және өкілдік етуге байланысты шығындарды мемлекеттің өтеуі ықпал етер еді.
5.3. Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатында қажетті шамада ғана және тек заңмен шектелуі мүмкін. Конституциялық Кеңес бірнеше рет атап көрсеткендей, осы құндылықтарды қорғау, егер мұндай шектеу заңды түрде негізделген мақсаттарға барабар болса және әділдік талаптарына сай келсе, тепе-тең, мөлшерлес және демократиялық мемлекетте конституциялық маңызы бар құндылықтарды қорғау үшін қажетті болып табылса, құқықтар мен бостандықтарды шектеуді шарттауы мүмкін.   
Алайда, заңнамалық актілерде әлі де осы конституциялық талаптарға сәйкес келмейтін және қайта қарауды талап ететін шектеулер бар.
5.4. Адамның бірқатар конституциялық құқықтарын іске асырумен тікелей байланысты салалардың бірі меншік қатынастары болып табылады. Конституциялық Кеңес бірнеше рет атап өткендей, Конституцияның қағидаттары мен нормалары қоғам мен мемлекеттің тұрақты және қарышты дамуын қамтамасыз ете отырып, меншiк құқығының оның туындауының, өзгеруінің және тоқтатылуының барлық кезеңдерiнде кепiлдiктерін баянды етедi және бекітеді. 
Алайда, меншік туралы қолданыстағы заңнамада меншік иелерінің өздерінің мүліктік құқықтарын толыққанды іске асыруына, сол сияқты конституциялық міндеттерін орындауына кедергі келтіретін олқылықтар әлі де бар. Көппәтерлі тұрғын үйлердің бір бөлігі болып табылмайтын тұрғын емес орынтұрақ үй-жайларын кондоминиум объектісі ретінде құру және мемлекеттік тіркеу тәртібі осы уақытқа дейін заңнамалық түрде реттелмеген. Тіпті олардың ұзақ уақыт бойы жұмыс істейтініне қарамастан. Мемлекеттік тіркеудің болмауы меншік иелеріне ортақ мүлікті басқару тетігін айқындау, сондай-ақ олардың салықтарды, алымдарды және бюджетке төленетін өзге де міндетті төлемдерді төлеу бойынша міндетті орындауы кезінде проблемалар тудырады. Бұны Конституциялық Кеңес өзінің 2008 жылғы 23 сәуірдегі № 4 нормативтік қаулысында көрсеткен болатын.
6. Конституциялық Кеңес келіп түскен өтініштерді қарау кезінде заңнамалық актілердің қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндерінің сол бір қоғамдық қатынастарды әртүрлі құқықтық реттеуге жол беретін мағыналық сәйкессіздігін жиі анықтайды. Аталған кемшіліктер құқықтық айқынсыздық, даулар және құқық нормасын қолдану мәселесі бойынша бірыңғай сот практикасының болмауын туындатады. Конституциялық Кеңес бірқатар нормативтік қаулыларда қазақ және орыс тілдерінің қолданылудағы теңдігі сондай-ақ нормативтік құқықтық актілердің қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндерінің заң түріндегі тең маңыздылығын білдіреді, ал құқықтық норманың мазмұнын бұрмалайтын және оны біржақты түсінуге мүмкіндік бермейтін мағыналық сәйкессіздік, Республика Конституциясының 7-бабы 2-тармағының мазмұнына негізделе отырып, мұндай норманың практикада қолданылуын жоққа шығарады, деп көрсеткен болатын (2007 жылғы 23 ақпандағы № 3, 2009 жылғы 11 ақпандағы № 1, 2011 жылғы 7 желтоқсандағы № 5, 2020 жылғы 21 қаңтардағы № 1 және басқалар). 
Осыған байланысты, Конституциялық Кеңес бүкіл нормативтік-құқықтық базаны белгіленген конституциялық талаптарға сәйкес келтіру мақсатында оған терең ревизия жүргізу – уәкілетті органдардың маңызды міндеті болып табылады деп санайды.
7. Мемлекеттік қызметшілер мен азаматтардың құқықтық мәдениеті деңгейін арттыру конституциялық заңдылықты және құқықтық тәртіпті нығайтудың маңызды шарты болып табылады. Бұл міндетті шешуге адамдардың санасына құқықтық құндылықтарды, заң талаптарын орындау қажеттілігін түсінуді, тәртіпсіздік пен құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік сезімін ендіруді көздейтін құқықтық тәрбие ықпал етеді. Бұл жалпыға бірдей құқықтық оқытудың үйлесімді жүйесін құрумен, кең көлемде заң насихатын өрістетумен қамтамасыз етілуге тиіс. Азаматтарды өз құқықтарын адал пайдалануға және оларды заңды құралдармен қорғауға үйретудің маңызы зор. Конституцияны білу мен сақтау, оны мемлекеттің басты құқықтық құжаты ретінде құрметтеу құқықтық тәрбиенің барлық осы құрамдас аспектілерінің өзегі болуы тиіс. Конституциялық құндылықтарға бас ию қоғамдық сананы жаңғыртудың тірегі болуы керек.
Құқықтық мәдениет құқық бұзушылықтың алдын алумен тығыз байланысты. Ол адамға оның құқыққа қарсы іс-әрекетінің теріс құқықтық және өзге де салдарларын түсіндіру, құқықтық нұсқамалардан ауытқыған мінез-құлық моделін таңдауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды зерделеу арқылы ықтимал бұзушылықтардың алдын алуды білдіреді. Құқыққа сыйымды мінез-құлықты және құқықты теріс пайдалануға жағымсыз көзқарасты ынталандыру маңызды болып табылады. Осы жұмысқа мемлекеттік құрылымдарды ғана емес, сол сияқты қызметі халыққа заң қызметтерін көрсетумен байланысты қоғамдық институттарды да тарту керек. Бұл процеске кешенділік пен ауқымдылықты беру мақсатында құқықтық тәрбиенің мемлекеттік бағдарламасын бекіту орынды болар еді. 
8. Ширек ғасыр ішінде Негізгі Заңда белгіленген, Конституциялық Кеңес жүзеге асыратын конституциялық бақылаудың жаңа моделі Қазақстан Республикасының демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде дамуы процесінің маңызды кепіліне және қозғаушы күшіне айналды. Конституциялық Кеңестің шешімдері конституциялық нормалардың мазмұнын нақтылайды, оларға анықтық, тұтастық пен нақты көрініс береді, құқықтық нұсқамалардың болжанған мағынасын ашады, осылайша заңнама мен оны қолдану практикасының конституциялық мемлекет идеалдарына барынша сәйкес келуіне бағыт береді. Олар қоғам мен мемлекеттің өзара іс-қимылының қағидаттарына, жеке тұлғаның құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету және қорғауға, халық, ұлттық және мемлекеттік егемендіктің бастауларына, қолданыстағы құқыққа, мемлекет нысанына және Республиканың конституциялық құрылысының басқа да құрамдас бөліктеріне қатысты. 
Осы мемлекеттік-құқықтық қызмет түрінің тиімділігі көп жағдайда қаралатын өтініштердің санына байланысты, соңғы жылдары олардың саны төмендеуде. Конституциялық Кеңеске өтініш беру субъектілерінің белсенділігі мемлекеттегі жалпы құқықтық ахуалға тікелей әсер етеді, мемлекеттік аппарат пен азаматтардың конституциялық-құқықтық мәдениеті деңгейін арттырады, сондай-ақ мемлекеттік өмірдің аса маңызды мәселелерін Конституция негізінде шешудің көрсеткіші болып табылады.    
Конституциялық Кеңестің өкілеттіктеріне азаматтар мен ұйымдардың өтініштерін қарау кірмейді. Дегенмен, азаматтар мен ұйымдар Кеңеске жеке және ұжымдық өтініштер жолдайды, оларда жекелеген істерді шешу кезінде қолданылған заңдар мен басқа да нормативтік құқықтық актілердің кемшіліктерін көрсетеді.
Оларды зерделеу кейбір жағдайларда көтерілген мәселелер конституциялық нормалардың мазмұнымен тығыз байланысты және Конституциялық Кеңесте өз шешімін табуы мүмкін екенін көрсетті. Конституцияға сәйкес Кеңеске мұндай өтініштерді Республика соттары жібере алады, олардың алдында нақты істерді қарау барысында тараптар тиісті өтінішхаттар мәлімдейді. Алайда, процестік заңнамада көзделген соттардың осы өтінішхаттарды қарау тетігі, Конституциялық Кеңестің пікірінше, жетілдіруді қажет етеді.   
Заңнаманы жаңғырту «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» Конституциялық заңды да одан әрі дамытуды талап етеді. Заңнамада және оны қолдану практикасында конституциялық бастаулардың күшеюі, Кеңес құзыретінің, цифрлық технологияларды қолдану салаларының кеңеюі және басқа да қазіргі заманғы трендтер мен сын-қатерлер конституциялық іс жүргізудің ұйымдастырушылық-құқықтық негіздерін нақтылау мен дамыту қажеттігін туындатады. Тұтастай алғанда, бұл шаралар кешені адамның конституциялық құқықтарының кепілдіктерін нығайту, құқық үстемдігі және Республика Конституциясының жетекшілігімен елдің құқықтық жүйесін дамыту үшін қажет.
9. Талдау көрсетіп отырғандай, Конституциялық Кеңестің шешімдерін орындау саласындағы жалпы оң үрдістерге қарамастан, елдегі конституциялық заңдылық режимін нығайтуға бағытталған оның бұрын айтылған кейбір ұсыныстары мен ұсынымдары әлі де өз шешімін таппаған, атап айтқанда:
әкімшілік құқық бұзушылықтарды қылмыстық құқық бұзушылықтар қатарына ауыстыру кезінде жаңа заңның кері күші (бұрын қолданылған әкімшілік жазаларды орындау) мәселелерін реттеу; 
сотталғандықтың және ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық қудалауды тоқтатудың жалпы құқықтық салдарын қайта қарау;
қылмыстық заңнамада сотталғандардың дене мүшелерін зақымдау актілерін жасау мақсатын нақтылау және «қоғамнан оқшаулауды қамтамасыз ететін мекеме» ұғымының мазмұнын ашу, бұл қылмыс құрамының белгілерін бір мағынада анықтауға және құқық қолдану практикасында кең ұғынуға жол бермеуге кепілдік береді; 
әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізуде күштеп әкелуді қолдану мәселелерін заңнамалық регламенттеу;
қылмыстық қудалау органдарына қылмыстық жауаптылыққа тартылатын адам туралы мәліметтер болмаған кезде жекеше айыптау қылмыстық істері бойынша жәбірленушіге қылмыстық құқық бұзушылықтың мән-жайларын анықтауға жәрдемдесу міндетін жүктеу, сондай-ақ жәбірленуші адам қайтыс болған жағдайда жақын адамдардың өтініштері бойынша жекеше айыптауды қозғау мүмкіндігін белгілеу; 
құқық бұзушылық құрамдарының белгілерін анықтауға ықпал ететін және жауапкершілік шараларын айқындауға әсер ететін қолданыстағы заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерге (Жол жүрісі қағидалары, Қазақстан Республикасында бақылауға жататын есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар тізімі, Заңсыз айналымда жүргені анықталған есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестер мен прекурсорларды шағын, ірі және аса ірі мөлшерге жатқызу туралы жиынтық кесте, Сот сараптамасы органдарында сот сараптамалары мен зерттеулерді ұйымдастыру және жүргізу қағидалары және басқалар) Конституция талаптарына (39, 61-баптар) сәйкестігі тұрғысынан ревизия жүргізу;  
жүріп-тұру еркіндігін алдын ала шектеу түріндегі жеке профилактика шарасын соттың санкциялауы тәртібін (мерзімдерін), санкция беруден бас тарту негіздерін заңнамалық белгілеу;
 тұлғаны ел шегінен тысқары жерге шығарып жіберу кезінде ұстау мерзімдерін заңнамалық реттеуді одан әрі жетілдіру. 

Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдық мерейтойы – бірінші кезекте оның ережелерін жан-жақты ұғынудың, қазіргі кезеңде мазмұны мемлекет пен қоғамды одан әрі жаңғыртуға жеткілікті әлеуетке ие конституциялық құндылықтарды іске асырудың қосымша шараларын әзірлеу үшін бірден-бір себеп болып табылады.
Конституциялық Кеңес осы жолдауда ұсынылған шараларды іске асыру Негізгі Заңның беделін арттырады және елімізде құқық үстемдігін нығайтуға ықпал етеді деп пайымдайды.

Конституциялық Кеңес