«Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» 
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 
ЖОЛДАУЫ 

(2019 жылғы 20 маусымда Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының бірлескен отырысында жария етілді)  

Қазақстан Республикасы Конституциясының 53-бабының 6) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі Қазақстан Республикасының Парламентіне «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» жолдауын ұсынады. 

I.

Бұдан бұрынғы Жолдауды жариялағаннан бергі кезең Қазақстанның мемлекеттілігі мен конституциялық бірегейлігі үшін тарихи таңбалы оқиғаларымен ерекшеленді. 
Қазақстанда жоғарғы биліктің байсалды ауысуы орын алды.  
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2019 жылғы 19 наурызда өз еркімен отставкаға шығуын жариялап, Мемлекет басшысы ретіндегі өкілеттігін тоқтатты.  
Конституцияның 48-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігі ел Парламенті Сенатының Төрағасына өтті. Қ. Тоқаев 2019 жылғы 20 наурызда халыққа ант беріп, Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне кірісті.
2019 жылғы 20 наурызда Үкіметтің бастамасы бойынша Конституциялық Кеңестің оң қорытындысымен Республика Парламенті Палаталарының бірлескен отырысында Республика Конституциясының 2-бабына өзгерістер енгізілді. Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтан болып ауысты.
Республика Президентінің ағымдағы жылғы 9 сәуірдегі Жарлығы негізінде 9 маусымда Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы өткізілді. 
Мемлекет басшысы өкілеттігінің көшуі, Конституцияға өзгерістер енгізу және Республика Президентінің кезектен тыс сайлауы Конституцияның және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының талаптарына қатаң сәйкестікте өтті. 
Осылайша тәуелсіздік таңында Елбасы мәлімдеген және тұрақты түрде қамтамасыз етіліп отырған Ата Заңның рухы мен әрпін адал сақтау бағытының сабақтастығы және оған қатысты қоғам мен мемлекеттің бұлжымастығы қайта расталды. Биліктің көшуі тыныш, даусыз жағдайда өтті, бұл Қазақстанның ішкі тұрақтылығын қамтамасыз етудің және халықаралық беделін нығайтудың маңызды факторы болып табылады.  
Конституциялық Кеңес мемлекеттің барлық органдарының, азаматтық қоғам институттарының және азаматтардың ең басты міндеті билік тармақтарының қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты, Қазақстан Республикасының басқа түбегейлі принциптері мен құндылықтарын, ел Конституциясының ережелері мен нормаларын құрметтеу жағдайында жұмыс жасауын қамтамасыз ету, деп санайды. Бұндай үрдіс мемлекеттілік дамуының жаңа дәуірінде бұдан былай да жалғасын табатын болады.        
Өткен кезеңде елімізде конституционализмді дәйекті түрде орнықтыру, Конституцияның мемлекеттік құрылыс саласындағы ережелері мен нормалары қолданылуының тиімділігін арттыру, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беру жөніндегі жұмыстар жалғастырылды.
Қазақстанда мемлекеттік жоспарлау жүйесінің қолданыстағы құжаттарын орындау жалғасуда: Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары (Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 15 ақпандағы Жарлығы), Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» (2018 жылғы 10 қаңтар) және «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» (2018 жылғы 5 қазан) Қазақстан халқына жолдаулары, сондай-ақ «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі (2018 жылғы 5 наурыз).
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» жаңа мақаласында айқындалған басымдықтармен толықтырылды.
Әлеуметтік әділ мемлекет орнықтыру бағыты қуатты серпінге ие болды. Халықтың аз қамтылған және әлеуметтік жағынан осал топтарын қолдау, барлық қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру және тұрмыс сапасын жақсарту бойынша жаңа ауқымды шаралар әзірленіп, іске асырылуда. 
Қазақстанның мемлекеттік егемендігін нығайтудағы аса маңызды қадамдардың қатарында Республика Президентінің Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға – Әзірбайжан, Иран, Қазақстан, Ресей, Түрікменстан арасындағы халықаралық шартқа қол қоюын; Түркістан облысын құруын және түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде Түркістан қаласын дамыту жөніндегі бас жоспардың Тұжырымдамасын қабылдауды атап өткен жөн. 
Қазақстанның жоғары халықаралық беделі Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі миссиясын орындау және оған төрағалық ету кезінде; оның астанасында өткен Сирия бойынша халықаралық кездесулерде; әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI съезінде және басқа да ірі форумдарда расталды. 
Келесі 2020 жылы 1995 жылғы 30 тамыздағы республикалық референдумда Қазақстан халқы қабылдаған қолданыстағы Республика Конституциясына 25 жыл толады. Мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктер, Негізгі Заңның арқасында қол жеткізілген жетістіктерді, сондай-ақ мемлекеттің, қоғамның және әрбір қазақстандық-патриоттың басты назарын талап ететін сын-қатерлер мен тәуекелдерді талдай отырып, осы тарихи оқиғаға дайындалуы тиіс.   
Конституциялық Кеңес Елбасының конституционализмді одан әрі бекіту; Қазақстандық жалпыұлттық құндылық ретінде құқық үстемдігін қамтамасыз ету; халық билігіне, адамның құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беру;  жеке тұлғаның қорғалу деңгейін және мемлекеттік аппараттың тиісті жұмыс істеуін арттыру жөніндегі стратегиялық бағытының жан-жақты сабақтастығын аса маңызды деп санайды.

II.

Осы уақыт ішінде Конституциялық Кеңес Негізгі Заңның нормаларына ресми түсіндірме берді және Конституцияның үстемдігі мен тікелей қолданылуын қамтамасыз ету жөніндегі миссиясына сәйкес өзге де қызметті атқарды.
Конституциялық Кеңес 2019 жылғы 25 сәуірдегі № 4 нормативтік қаулысында Республика Конституциясы 41-бабының 2-тармағын ресми түсіндірді. Бұл нормадағы «Қазақстан Республикасының Президенті болып..., ... Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын... Республика азаматы сайлана алады.» деген сөздерді Республика Президенттігіне кандидат ретінде Қазақстан Республикасының аумағында соңғы он бес жыл бойы тұрақты тұратын азамат тіркелуі мүмкін деп түсіну керек. Белгіленген он бес жылдық мерзімге Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметі персоналының және оларға теңестірілген Қазақстан мүше болып табылатын халықаралық ұйымдар жанындағы лауазымдарға тағайындалған (сайланған) азаматтардың  Республикадан тыс жерлерде тұру кезеңдері де қосылуы мүмкін.    
2019 жылғы 20 наурызда Конституциялық Кеңес алғаш рет «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігіне тексеру туралы»  қорытындысын қабылдады. Бұл өкілеттік Конституциялық Кеңеске «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасының              2017 жылғы 10 наурыздағы Заңымен берілді. Қазақстан Республикасы Президентінің өтініші бойынша (Конституцияның 44-бабының             10-1) тармақшасы) Үкімет бастамашылық жасаған заң жобасы (Конституцияның 91-бабының 1-тармағы) Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес деп танылды (Конституцияның 91-бабының 3-тармағы).
2019 жылғы 15 ақпандағы № 1 нормативтік қаулысында Конституциялық Кеңес Республика Конституциясының 42-бабының     3-тармағында белгіленген Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату негіздерінің тізбесі түпкілікті болып табылмайтынын түсіндірді. Қазақстан Республикасы Президентінің конституциялық мәртебесінен оның өз еркі бойынша өкілеттігін тоқтату құқығы туындайды, ол Мемлекет басшысының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға дербес негіз болып табылады.
Конституциялық Кеңестің 2018 жылғы 28 маусымдағы № 4 нормативтік қаулысымен (бұдан әрі – КК-нің нормативтік қаулысы) «Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар Конституцияға сәйкес деп танылды.
Негізгі Заңның 78-бабының тәртібімен Конституциялық Кеңес атқарушылық іс жүргізуде күштеп әкелудің конституциялылығы мәселесін қарап, заңнаманың елеулі кемшіліктеріне назар аударды (КК-нің 2018 жылғы 3 шілдедегі № 5 нормативтік қаулысы).   
Конституциялық Кеңестің Төрағасы мен мүшелері Конституцияның ережелерін және Конституциялық Кеңестің шешімдерін ғылыми конференцияларда және бұқаралық ақпарат құралдарында түсіндіру және насихаттау жұмыстарын жүргізді. 
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорымен және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен бірлесіп «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ: конституционализмді бекіту хроникасы» ұжымдық монографиясы жарияланды. Кітап және оның негізінде дайындалған интерактивті оқу құралы гуманитарлық мамандықтар бойынша оқытушылар, студенттер және магистранттармен жұмыста кеңінен қолданылатын болады. 
Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімдерін тиісінше орындау адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің және елдегі конституциялық заңдылық режимін нығайтудың маңызды шарты болып табылады.   
Өткен кезеңде Қазақстанда Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулыларын, сондай-ақ оның Республикадағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жыл сайынғы жолдауларында (бұдан әрі – КК-нің жолдауы) қамтылған ұсынымдар мен ұсыныстарды орындауға бағытталған бірқатар заңнамалық және өзге де актілер қабылданды.  
Мәселен, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 21 қаңтардағы Заңында «мемлекет мұқтажы», «ерекше жағдайлар», «тең бағамен өтелген кезде» ұғымдарының мазмұны ашылды (КК-нің 2000 жылғы 20 желтоқсандағы № 21/2 нормативтік қаулысы және КК-нің 2013 жылғы 12 маусымдағы жолдауы). Енді мемлекет мұқтажы үшін мүліктен күштеп айыру кезінде оның құнын өтеу бұрынғыдай кадастрлық немесе шарттық емес, нарықтық бағасы бойынша жүзеге асырылады. 
Конституциялық Кеңестің 2018 жылғы 3 шілдедегі № 5 нормативтік қаулысын орындау үшін «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі Заңы (бұдан әрі - «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңы) жаңа 35-1-баппен толықтырылды. Онда атқарушылық іс жүргізуде күштеп әкелуді қолдану тәртібі егжей-тегжейлі реттелген, сондай-ақ оны қолдану процесінде мемлекеттік органдар өкілеттіктерінің ара-жігі ажыратылған.  
Конституцияның 17-бабының 2-тармағына сәйкес адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмаушылық кепілдіктерін нығайту, құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына жол бермеу мақсатында Конституциялық Кеңес өткен жылы халықаралық стандарттарға сәйкес азаматтарды азаптаудан, зорлық-зомбылықтан, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсету мен жазадан қорғау тетіктерін күшейтуді ұсынды.   
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнама мен құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар қызметін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 12 шiлдедегi Заңымен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі -Қылмыстық кодекс) 65 және 68-баптарына өзгерістер енгізілді, оларға сәйкес азаптауды қолданған тұлғалар шынайы өкінуіне және татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылмайтын болып танылды. 
Тиісті мемлекеттік органдар аталған қоғамға қауіпті іс-әрекеттерге қарсы тұрудың халықаралық құралдарын ұлттық заңнамаға имплементациялау жөніндегі жұмыстарын жалғастырады.   
2014 жылғы 19 маусымдағы жолдауда Конституциялық Кеңес «Әкімшілік рәсімдер туралы» Заңның құқықтық реттеу затын нақтылауды, сондай-ақ оның құқықтық мәртебесіндегі жария-құқықтық табиғатын бұрмалайтын мемлекеттік орган ұғымының қолданыстағы анықтамасын қайта қарауды ұсынды.    
Осы мақсатта Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің және ілеспе заңның жобалары әзірленді.   
КК-нің 2016 жылғы 14 желтоқсандағы № 1 нормативтік қаулысымен Республика Үкіметіне халықтың көші-қоны саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін заңнамалық актілерге түзетулер енгізу туралы мәселені қарау ұсынылды.  
Үкіметтің ақпараты бойынша, қазіргі таңда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қолданыстағы көші-қон заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар дайындады. Оларды «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы шеңберінде іске асыру көзделіп отыр. 
Конституциялық Кеңес 2018 жылғы 5 маусымдағы жолдауында оған конституциялық құндылықтардың іске асырылу жай-күйі белгілі шамада тәуелді заң шығару жұмысының деңгейін арттыру жөнінде бірқатар ұсыныстар енгізді. 
Әділет министрлігінің ақпараты бойынша, Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарының «Сыбайлас жемқорлықсыз құқықтық мемлекет» 4-реформасын іске асыру бойынша іс-шаралар жоспары шеңберінде нормашығармашылық процесті жетілдіруге, заңнаманы жүйелеуге, құқық қолдануды жақсартуға бағытталған іс-шаралар көзделген. Қабылданған актілерді жоспарлаудан бастап, іске асырумен қоса алғанда, құқықшығармашылық жұмыстың барлық сатыларын жаңғыртуды көздейтін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне норма шығаруды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдамасы әзірленді.  
Әділет министрлігі мемлекеттік органдардың нормашығармашылық қызметіне заманауи технологияларды (интернет-көздерден ақпарат жинау роботы, BigData, жасанды интеллект және т. б.) енгізуді мақсат етіп отыр.  
Мемлекеттік қызметшілерге қатысты сыйға тарту мәселелерін реттейтін Республика Азаматтық кодексінің ережелерін сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық жауапкершіліктен босату шарттарын реттейтін Қылмыстық кодекстің нормаларымен үйлестіру бойынша жұмыс жалғасуда, бұл туралы Конституциялық Кеңес өткен жылғы жолдауда айтты.  
Өзінің бірқатар шешімдерінде (2008 жылғы 27 ақпандағы № 2 нормативтік қаулысы және 2018 жылғы 5 маусымдағы жолдауы) Конституциялық Кеңес адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын шектейтін заң құқықтық дәлдік және салдарының болжамдылығы талаптарына сәйкес болуы тиіс екенін көрсеткен. Сонымен қатар, заңнамалық актілерде бір-біріне қайшы келетін және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын бұзуға жағдай жасайтын ережелерді алып тастау бойынша жұмысты жалғастыру қажеттігі атап өтілді. 
Конституциялық Кеңестің аталған ұсынымы тұрақты негізде заң шығару жұмысы барысында құқықтық нормаларды түзету, заңнамалық актілердің мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мәтіндерінде сәйкессіздіктерді жою жолымен қамтамасыз етілуде.     
Бас прокуратура «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдамасын әзірледі, ол Заң жобалау қызметі жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 2018 жылғы 19 қыркүйектегі отырысында мақұлданды. Тұжырымдамада заңдардың құқықтық дәлдігін қамтамасыз етуге бағытталған Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекске түзетулер енгізу көзделеді.
Конституциялық Кеңес Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі интеграциялық процестерде Қазақстан Республикасы Конституциясының үстемдігін шүбәсіз сақтаудың, отандық және ұлттықтан жоғары құқықтық реттеуді барынша синхрондауды қамтамасыз етудің маңызды екенін бірнеше рет атап өткен болатын.
Үкіметтің ақпараты бойынша, Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 2018 жылғы 16 қарашадағы отырысында Негізгі Заңның 4-бабы 3-тармағының жаңа редакциясын іске асыру үшін «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасының тұжырымдамасы мақұлданды, онда аталған мәселелер пысықталған. Қазіргі уақытта Сыртқы істер министрлігі тиісті заң жобасын әзірлеуде. 
Мемлекеттік органдар Конституциялық Кеңестің құқықтық ұстанымдары мен ұсынымдарын орындау жөніндегі қызметін жалғастыруда. 
   

 III.

Конституциялық Кеңес Қазақстан Республикасының орнықты дамуы және оның алдында тұрған міндеттерді жедел шешу үшін мықты құқықтық мемлекетті қалыптастыруды жалғастыру қажет деп есептейді. 
Конституциялық заңдылықтың қамтамасыз етілуі, сондай-ақ оның принциптерінің өмірге енуі тек Негізгі Заңның жасампаздық әлеуеті мен құқықтық талаптарының мүлтіксіз жүзеге асырылуы жағдайында ғана мүмкін. Конституциялық Кеңестің келесі ұсыныстары осы міндеттерді шешуге бағытталған. 
1. Конституцияға сәйкес, адамның құқықтары мен бостандықтары тек заңмен ғана шектелуі мүмкін. Жеке және заңды тұлғалардың құқық субъектілігі, соның ішінде құқық шектеу сипатқа ие шараларды пайдалану, мәселелерін қозғайтын мемлекеттік органдардың функциялары заңдарда бекітілуі тиіс (39-баптың             1-тармағы, КК-нің 2002 жылғы 4 сәуірдегі № 2, 2008 жылғы                  27 ақпандағы № 2, 2013 жылғы 16 мамырдағы № 2 нормативтік қаулылары, КК-нің 2005 жылғы 27 маусымдағы жолдауы және басқалар). 
Соңғы жылдары осы конституциялық талаптарды орындау үшін бірқатар заңнамалық актілер қабылданды. 
Дегенмен, қолданыстағы заңнамада (кейбір мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын қолдану тетігін қоса алғанда) Негізгі Заңның 61-бабының 3-тармағында көрсетілген аса маңызды қоғамдық қатынастарды заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілермен реттеу әлі де кездеседі. Ондайға жол беруге болмайды.    
Мысалы, қамтамасыз ету шарасы ретінде күштеп әкелу өндірістің әр түрлерінде қолданылады. Конституциялық Кеңестің пікірінше, қойылған міндеттері мен жүргізу принциптеріндегі айырмашылықтарға қарамастан, аталған шараның құқықтық табиғаты барлық жерде бірдей және ол адамның біраз құқықтарының (жеке басының бостандығына, еркін жүріп-тұруға және тұрғылықты жерін таңдауға және т.б.) мәнін қозғайды. Сондықтан іс жүргізудің барлық түрлерінде оны қолдану тәртібі заңмен белгіленуі тиіс. 
Бұл ұстаным азаматтардың құқықтары мен міндеттерін көздейтін, құқықбұзушылық құрамдарының белгілерін анықтауға ықпалдасып, жауапкершілік шараларын тағайындауға әсер ететін басқа да құқықтық актілерге де қатысты (Жол жүрісі қағидалары және басқалар). Оларды баяндалған конституциялық ережелерге сәйкестігі тұрғысынан мұқият ревизиялау мақсатқа лайық болар еді.
2. Қазақстан Республикасын құқықтық мемлекет ретінде одан әрі орнықтыру заңнамалық массивті конституцияландыру деңгейін арттыру қажеттігін айқындайды.   
2.1. «Соттың санкциясынсыз адамды жетпіс екі сағаттан аспайтын мерзімге ұстауға болады» деген конституциялық ереже (Конституцияның 16-бабының 2-тармағы) осы көрсетілген уақыттан кешіктірмей соттың ұсталған адамға қатысты тұтқындау және қамауда ұстау, сондай-ақ заңмен көзделген өзге де шараларды қолдану туралы шешімі қабылдануы қажет немесе ұсталған адам босатылуға тиіс дегенді білдіреді (КК-нің 2012 жылғы 13 сәуірдегі № 2 нормативтік қаулысы).
Іс жүргізудің тиісті түрлерінде жеке бас бостандығына құқықты шектеу қатынастарын реттейтін заңнамалық актілерде Кеңестің осы құқықтық ұстанымы түпкілікті іске асырылмаған.
Мәселен, «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 29 сәуірдегі Заңында жеке профилактика шараларының қатарында жүріп-тұру еркіндігін алдын ала шектеу көзделген (29-бап). Ол белгілі бір тұрғылықты жері және (немесе) жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ адамға қатысты, оның іс-әрекеттерінде қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық белгілері болмаған және оның жеке басын өзге де тәсілдермен анықтау мүмкін болмаған кезде, қолданылады. Оны ішкі істер органдары соттың санкциясымен қолданады және бұл адам ішкі істер органдарының арнаулы мекемесінде отыз тәулікке дейінгі мерзімге уақытша оқшауланады.
Бірақ соттың осы шараны санкциялау тәртібі (мерзімдері), санкция беруден бас тарту негіздері заңмен белгіленбеген. Бұл жәйт  ұстаудың конституциялық мерзімінің сақталмауы және оның негізсіз тағайындалуы мүмкіндігін жоққа шығармайды.  
Адамды ел шегінен тысқары жерге шығарып жіберу кезінде және іс жүргізудің басқа түрлерінде ұстау мерзімдерін қосымша заңнамалық реттеу қажеттілігі әлі де өз өзектілігін жойған жоқ.  
2.2. Конституциялық Кеңестің бірқатар шешімдері меншіктің құқықтық режимі мен оған қол сұғылмаушылықтың кепілдіктері мәселелеріне қатысты. Оларда меншік қатынастары Конституцияға қатаң сәйкестікте, құқықтық мемлекет, заңдық теңдік және әділдік принциптерінің негізінде, азаматтық айналымға барлық қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделерінің тепе-теңдігін қамтамасыз етіле отырып, реттелуі тиіс, деп атап өтілді. Заң шығарушы, меншік иелері арасындағы өзара сенімнің мейлінше жоғары деңгейін ұстай отырып және меншік құқығы тиімді қорғалуына қажетті жағдайдың бәрін жасай отырып, азаматтық айналым саласында құқықтық айқындылық, тұрақтылық болуын және соңы болжануын қамтамасыз етуге міндетті (КК-нің 2014 жылғы                   11 маусымдағы № 2  нормативтік қаулысы және басқалар). Бұл құқықтық ұстанымдар салалық заңнамада тиісті түрде жүзеге асырылуы керек. 
«Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңына сәйкес, өндіріп алушының сот орындаушысынан атқарушылық құжатты қайтаруды (саны шектелмеген) талап етуге құқығы бар. Мұндай қайтару осы құжатты орындауға қайта ұсынуға кедергі болмайды. Бұл ретте атқарушылық құжатты орындауға ұсынуға арналған мерзім әрдайым жаңадан басталады және үзіліске дейін өткен уақыт жаңа мерзімге есептелмейді (12, 48-баптар). Осындай құқықтық реттеу кредиторлардың өз құқықтарын теріс пайдалануына, атқарушылық іс жүргізудің созылуына, меншік иесінің құқықтарын ұзақ мерзімге шектеуге және өндіріп алушы мен борышкер мүдделерінің конституциялық тепе-теңдігін бұзуға әкеп соқтыруы мүмкін. 
2.3. Қылмыстық процесте жәбірленушілердің конституциялық құқықтарының кепілдіктерін арттыру қажет. 
Қылмыстық-процестік кодекске сәйкес, жекеше айыптау істері бойынша іс жүргізу жәбірленушінің шағымы бойынша ғана басталады (32-бап). Жекеше айыптауды тұлға сотқа адамды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы шағым беру арқылы қозғайды. Шағым анықтау органына, тергеушiге немесе прокурорға берілген кезде ол сотқа жiберiлуге жатады (408-бап).
Шағымда, басқалармен қоса, қылмыстық жауаптылыққа тартылатын адам туралы мәліметтер болуға тиіс. Егер берілген шағым белгіленген талаптарға сәйкес келмесе, судья оны берген адамға оны талаптарға сәйкес келтіруді ұсынады және, нұсқау орындалмаған жағдайда, өз қаулысымен шағымды іс жүргізуге қабылдаудан бас тартып, бұл туралы оны берген тұлғаны хабардар етеді (409-бап).
«Жекеше айыптау істері бойынша сот практикасы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы                     25 желтоқсандағы № 13 нормативтік қаулысында егер жекеше айыптау ісі бойынша шағымды жәбірленушінің өзі берсе, онда ол кезек күттірмейтін тергеу әрекеттерінің материалдарымен бірге Қылмыстық-процестік кодекстің 179-бабының бесінші бөлігіне сәйкес аудандық және оған теңестірілген сотқа істің аумақтық соттылығы бойынша жіберіледі, бұл туралы арыз беруші хабардар етіледі деп түсіндірілген. Жекеше айыптау ісі бойынша жәбірленуші сотқа шағым келтіргенге дейін қайтыс болса, оның туысқандары құқықтық мирасқорлықпен қамтылмағандықтан кінәлі тұлғаны қылмыстық қудалау жөніндегі іс олардың арызы негізінде қозғалмайды (6 және 16-тармақтар).
Қылмыстық-процестік заңнаманы талдау онда қылмыстық қудалау органдарын қылмыстық жауаптылыққа тартылатын адам туралы мәліметтер болмаған кезде жекеше айыптау қылмыстық істері бойынша жәбірленушіге қылмыстық құқық бұзушылықтың мән-жайларын анықтауға жәрдемдесуге міндеттейтін, сондай-ақ жәбірленуші адам қайтыс болған жағдайда жақын адамдардың өтініштері бойынша жекеше айыптауды қозғау мүмкіндігін көздейтін нормалар жоқ екенін көрсетеді.
Конституциялық Кеңес жекеше айыптау қылмыстық істерін қозғауды және олар бойынша қылмыстық қудалауды жүзеге асыруды жәбірленушілердің өздеріне жүктейтін тәртіп мемлекетті (уәкілетті органдар) азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын тиісті қорғауды, соның ішінде сот арқылы, сондай-ақ елдегі заңдылық пен құқықтық тәртіп режимін қамтамасыз ету жөніндегі өзінің конституциялық міндеттерін орындаудан босатпайды деп пайымдайды. Бұдан басқа, жеке тұлғаның қадір-қасиетіне қол сұғылмаушылық туралы конституциялық ереже мемлекетті осы материалдық емес игілікті адамның өмірі кезеңінде ғана емес, ол қайтыс болғаннан кейін де қорғаудың құқықтық кепілдіктерін белгілеуге міндеттейді.
Осыған байланысты, жәбірленушілерінің конституциялық құқықтары мен бостандықтарын тиісінше қорғау мақсатында Қылмыстық-процестік кодекске қажетті түзетулер енгізу орынды болар еді.
2.4. Конституциялық Кеңес Қарағанды облысының Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы Кодексі 47-бабының 5-тармағын конституциялық емес деп тану туралы ұсынысын қараудың қорытындысы бойынша табиғи жаратылыстану заңдарына байланысты жүктілік кезеңінде және бала өмірінің алғашқы жылдарында баланың мүдделерін оның анасынан айырып қарау мүмкін еместігін атап өтті. Бұл маңызды кезеңде олардың заңды мүдделерін барабар қорғауға кепілдік беру қажет. Осы ретте Үкіметке ана мен баланың құқықтары мен бостандықтарын неғұрлым толық қамтамасыз ету мақсатында аталған кодекске түзетулер енгізу туралы мәселені қарау ұсынылды. 
Кеңестің құқықтық ұстанымдарын іске асыру үшін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдардың қызметімен байланысты мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 1 сәуірдегі Заңымен Кодекстің аталған нормасы жаңа редакцияда жазылған және онда анасының баланың әкесінен өзін күтіп-бағу бойынша шығыстарға ақша қаражатын алу мерзімдері белгіленген.
Қабылданған шаралар негізінен терминологиялық түсініспеушіліктерді жойды. 
Конституциялық Кеңес ана мен бала институттарын қорғау мақсатында қосымша заңнамалық шаралар қабылдау қажет деп есептейді.
Тұтастай алғанда, неке және отбасы, ана, әке және бала институттарына мемлекеттік қамқорлық көрсетудің бірыңғай жүйесін жаңғыртуға елеулі назар аудару керек, оны құру Конституцияның      27-бабының 1-тармағынан туындайды. 
2.5. Мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыру орынды болар еді. «Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы», «Кемтар балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында және өзге де заңнамалық актілерде көзделген шаралар азаматтардың осындай санаттарының тыныс-тіршілігінде тең мүмкіндіктерді іске асыруы және олардың қоғамға толық кірігуі үшін жағдайлар жасауы тиіс.   
2.6. Соттардың қолданысқа енгізілген құқықтық актілердің конституциялылығын тексеру туралы ұсыныстармен Конституциялық Кеңеске жүгіну мүмкіншілігін кеңінен пайдалану қажет. Сот өтініштерінің Кеңестің іс жүргізуіне қабылданғаны туралы басқа соттарды хабардар етудің анық тетігі жасалған жоқ.  
Соңғы уақыттары соттардың Конституциялық Кеңеске өтініш беру қарқыны көңіл толарлықтай емес. Осындай жағдайдың қалыптасуына судьялар белсенділігінің төмен деңгейі ғана емес,  ұйымдастырушылық проблемалар да ықпалын тигізуде.   
2.7. Конституцияның 4-бабы 3-тармағының жаңа редакциясын және Конституциялық Кеңестің құқықтық ұстанымдарын іске асыру мақсатында «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына Қазақстан аумағында Конституцияға сәйкес емес деп танылған халықаралық ұйымдардың шешімдерін орындауға тыйым салу, сондай-ақ  ратификациялауға жатпайтын және Қазақстан Республикасының Конституциясымен келіспейтін халықаралық шарттарды қабылдауға немесе бекітуге жол бермеу бөлігінде түзетулер енгізуді ұсынамыз. 
3. Конституцияның 74-бабының 3-тармағына сәйкес Конституциялық Кеңестің шешімдері қабылданған күннен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағымдануға жатпайды. Бұл шешімдерде құқықтық реттеудің ақаулары жиі айтылады және оларды жоюдың ықтимал тәсілдері көрсетіледі.  
Осыған байланысты конституциялық заңдылық режимін нығайтуға Кеңестің бұрын енгізген және әлі де өз шешімін таппаған кейбір ұсынымдары да ықпал етпек, атап айтқанда:
әкімшілік құқық бұзушылықтарды қылмыстық құқық бұзушылықтар қатарына ауыстыру кезінде жаңа заңның кері күші (бұрын қолданылған әкімшілік жазаларды орындау) мәселелерін реттеу;
соттылықтың және ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық қудалауды тоқтатудың жалпы құқықтық салдарын қайта қарау;
қылмыстық заңнамада сотталғандардың дене мүшесін зақымдау актілерін жасау мақсатын нақтылау және «қоғамнан оқшаулауды қамтамасыз ететін мекеме» ұғымының мазмұнын ашу, бұл қылмыс құрамының белгілеріне бір мағына беруге және құқық қолдану практикасының шектен аспауына тоқтам береді.  
Конституциялық Кеңес осы жолдауда айтылған ұсынымдарды іске асыру Ата Заңның негізінде конституционализмді нығайтуға және елде құқық үстемдігі принциптерін барынша күшейтуге ықпал етеді деп есептейді.   
Жаңа конституциялық шынайылық кезінде Негізгі Заңның беделін одан әрі көтеру, конституциялық патриотизм мемлекетін қалыптастыруды жалғастыру қажет. Оның басты қағидаттары құқық үстемдігі мен құқықтық тәртіп, жалпыға бірдей заңға бағыну және қауіпсіздік, еркіндік пен жауапкершілік. Заңнамада және мемлекеттік органдардың ұйымдастырушылық-практикалық қызметінде конституциялық құндылықтарды одан әрі дамыту Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігін орнықты және дәйекті нығайтуға ықпал ететін болады. 

Конституциялық Кеңес