Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнің1999 жылғы 17 наурыздағы № 4/2 қаулысы

 

Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi құрамында Кеңес төрағасы Ю.А. Ким және Кеңес мүшелерi О.Қ. Ықсанов, В.В. Мамонов, С.Ғ. Темiрболатов және В.Д. Шопин қатысқан, өтiнiм субъектiсiнiң өкiлiРеспублика Премьер-Министрi Кеңсесiнiң құқықтық сараптама бөлiмiнiң сектор меңгерушiсi Ж.К. Сүтемгенованың қатысуымен өзiнiң ашық отырысында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi Н. Балғымбаевтың Республика Конституциясының 66-бабы 4) тармақшасына ресми түсiндiрме беру туралы өтiнiмiн қарап, мынаны

 

АНЫҚТАДЫ:

 

1999 жылғы 24 ақпанда Конституциялық Кеңеске келiп түскен өзiнiң өтiнiмiн Республика Премьер-Министрi былай негiздеген. Меншiктiң құқықтық режимiнiң ережелерiн көздеген заң шығарушы мемлекеттiк меншiк құқығы субъектiсiн анықтамаған. Үкiметтiң мемлекеттiк меншiк объектiлерiне билiк ету жөнiндегi бiрқатар нормативтiк құқықтық актiлерiнiң заңдылығы туралы мәселенiң шешiлуi өтiнiмде аталған Конституция нормасына ресми түсiндiрме беруге байланысты болып отыр. Баяндалған және басқа да жағдаяттарды ескере отырып, Республика Премьер- Министрi Республика Конституциясының 66-бабы 4) тармақшасына ресми түсiндiрме берiлуiн, онда «мемлекеттiк меншiктi басқаруды ұйымдастырады» деген конституциялық норманың заңдық мазмұны Үкiметке мемлекеттiк меншiк құқығы субъектiсi өкiметтiгiн берудi бiлдiре ме деген сұраққа жауап болуын өтiнген.

Баяндамашы – Кеңес мүшесi С.Ғ. Темiрболатовтың хабарламасын тыңдап және конституциялық өндiрiс материалдарын, оның iшiнде маманның – Қазақ мемлекеттiк Заң университетi Жеке құқық ғылыми-зерттеу Орталығының директоры, Ұлттық Ғылым Академиясының мүше-корреспондентi, заң ғылымдарының докторы, профессор М.К. Сүлейменовтың қорытындысын қарап, көрсетiлген конституциялық нормаға ресми түсiндiрме бергенде Конституциялық Кеңес мынаны негiзге алады:

Меншiк мәселелерi жөнiнде Республика Конституциясында мынадай нормалар бар: 6-баптың 2-тармағы «Меншiк субъектiлерi мен объектiлерi, меншiк иелерiнiң өз құқықтарын жүзеге асыру көлемi мен шектерi, оларды қорғау кепiлдiктерi заңмен белгiленедi», 61-баптың 3-тармағының 2) тармақшасы «Парламент аса маңызды қоғамдық  қатынастарды реттейтiн, 2) меншiк режимiне және өзге де мүлiктiк құқықтарға қатысты негiз қалаушы принциптер мен нормаларды белгiлейтiн заңдар шығаруға хақылы», 66-баптың 4) тармақшасы «Қазақстан Республикасының Үкiметi: 4) мемлекеттiк меншiктi басқаруды ұйымдастырады».

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексi 192-баптың 1 және 2 тармақтарында: «1. Мемлекеттiк меншiк республикалық және коммуналдық меншiк түрiнде көрiнедi. 2. Республикалық меншiк республикалық қазынадан және заң құжаттарына сәйкес мемлекеттiк республикалық заңды тұлғаларға бекiтiлiп берiлген мүлiктен тұрады» деп белгiленген.

Республика Конституциясының 3-бабы 3-тармағына сәйкес «Республика Үкiметi мен өзге де мемлекеттiк органдар өздерiне берiлген өкiлеттiктер шегiнде ғана мемлекет атынан билiк жүргiзедi».

Азаматтық-құқықтық қатынастарға қолданыста көрсетiлген конституциялық норма Республиканың Азаматтық кодексiнiң 111-бабында өрбiтiлiп, оның 2-тармағында: «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк өкiмет билiгi мен басқару органдары өздерiнiң осы органдардың мәртебесiн айқындайтын заң құжаттарында, ережелерде және өзге де құжаттарда белгiленетiн құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының атынан өз әрекеттерi арқылы мүлiктiк және жеке мүлiктiк емес құқықтар мен мiндеттердi алып, оларды жүзеге асырады» деп белгiленген.

Үкiметтiң мәртебесiн анықтайтын акт Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Қазақстан Республикасының Үкiметi туралы» конституциялық заң күшi бар Жарлығы болып табылады. Аталған Жарлықтың 9-бабының 8) тармақшасы Үкiмет «мемлекет меншiгiн басқаруды ұйымдастырады, оны пайдалану жөнiндегi шараларды әзiрлейдi және жүзеге асырады, Қазақстан Республикасы аумағында мемлекеттiк меншiк құқығын қорғауды қамтамасыз етедi» деп белгiленген. Бұл ретте Үкiметтiң құзыретiне жататын «мемлекет меншiгiн басқару» ұғымын мемлекеттiк мүлiк меншiк иесiнiң заңдылығын Қазақстан Республикасының атынан заң шеңберiнде жүзеге асыру деп түсiну қажет. Үкiметке бұл заңды құқықтар Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Қазақстан Республикасының Үкiметi туралы» конституциялық заң күшi бар Жарлығы қабылданған сәттен бастап берiлген.

Маманның – профессор М.К. Сүлейменовтың қорытындысында көрсетiлгенiндей, Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Қазақстан Республикасының Үкiметi туралы» Жарлығының 9-бабының 8) тармақшасы белгiлеген мемлекеттiк меншiктi пайдалану жөнiндегi шараларды жүзеге асыруға Республика заң актiлерi белгiлеген шегiнде мемлекеттiк меншiктi иелену де, пайдалану да, билiк ету де жатады.

Сөйтiп, Қазақстан Республикасының өзi мемлекеттiк меншiк иесi болып табылады, ол заң актiсiнде Үкiметтiң өкiлеттiгiн анықтай отырып, мемлекеттiк мүлiктiң меншiк иесi ретiнде оған иелену, пайдалану және билiк ету құқығын бередi.

Баяндалғанның негiзiнде және Республика Конституциясының

72-бабының 4) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Республика Конституциясының 66-бабы 4) тармақшасына ресми түсiндiрме беру ретiнде Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi

 

ҚАУЛЫ ЕТЕДi:

 

1. Қазақстан Республикасы Конституциясының 66-бабы 4) тармақшасының «мемлекеттiк меншiктi басқаруды ұйымдастырады» деген нормасының заңдық мазмұны Республика Үкiметiне заң актiлерi белгiлеген шегiнде мемлекеттiк меншiктi иелену, пайдалану және жұмсау өкiметтiктерi берiледi деп түсiну қажет.

2. Қазақстан Республикасының Президентiнiң «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы» конституциялық заң күшi бар Жарлығының 38-бабының 1-тармағына  сәйкес  осы заң қабылданған күннен бастап күшiне енедi, Республиканың бүкiл аумағында жалпыға бiрдей мiндеттi, түпкiлiктi болып табылады және Қазақстан Республикасы Конституциясының 73-бабының 4-тармағында көзделген жағдайларды ескере отырып, шағымдануға жатпайды.

3. Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы» конституциялық заң күшi бар Жарлығының 41-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес осы қаулы ресми республикалық баспасөз басылымдарында жарияланады.