Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнің 1999 жылғы 30 маусымдағы № 14/2 қаулысы

 

Конституциялық Кеңесінің 2017.04.17 жылғы № 2 нормативтік қаулысымен осы қаулының жекелеген ережелері алып тасталды.

 

Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасы Ю.А. Ким, Кеңес мүшелерi Ж.Д. Бұсырманов, А.К. Котов, Қ.Ә. Омарханов және В.Д. Шопин қатысқан құрамда, өтiнiш субъектiсiнiң өкiлi Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты Н.С. Каптильдiң қатысуымен ашық отырысында Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң Төрағасы М.Т. Оспановтың Қазақстан Республикасы Конституциясының 59-бабының 3-тармағын ресми түсiндiру  туралы өтiнiшiн қарады.

Конституциялық Кеңестiң мүшесi В.Д. Шопиннiң хабарын, өтiнiш субъектiсiнiң өкiлi депутат Н.С. Каптильдiң сөзiн тыңдап және қолда бар материалдармен таныса келе, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi мынаны

 

АНЫҚТАДЫ:

 

Конституциялық Кеңеске Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының Қазақстан Республикасы Конституциясының 59-бабының 3-тармағын ресми түсiндiру туралы өтiнiшi келiп түстi. Өтiнiште сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламентiнiң сессиясын ұзартудың мүмкiндiгi туралы да мәселе қойылуда.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 59-бабының 3-тармағын ресми түсiндiруде Конституциялық Кеңес мынаны ескердi.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 59-бабының 3-тармағы Қазақстан Республикасы  Парламентiнiң, қыркүйектiң бiрiншi жұмыс күнiнен бастап маусымның соңғы жұмыс күнiне дейiн, кезектегi сессияларын бiр жылда бiр рет өткiзудi белгiлейдi. Бұл осы норманың Парламенттiң сессиялық жұмысының жалпы мерзiмiн көзде тұтуын бiлдiредi, бұл ретте Республика Конституциясында көрсетiлген мерзiмдi өзгертуге тыйым салатын нормалар жоқ.

Баяндалғанның негiзiнде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 4) тармақшасын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы» конституциялық заң күшi бар Жарлығының 17-бабы 3-тармағының 1) тармақшасын, 37-бабын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Конституциясының 59-бабының 3-тармағын ресми түсiндiру тәртiбiнде Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi

 

ҚАУЛЫ ЕТТi:

 

1. Қазақстан Республикасы Конституциясының 59-бабының 3-тармағын, өтiнiш мәселесiне қатысты, осы норма Қазақстан Республикасы Парламентiнiң сессиялық жұмысы кезеңiн белгiлейдi деп түсiну керек, ол кезең Қазақстан Республикасы Парламентiнiң қаулысымен ұзартылуы мүмкiн.

Қазақстан Республикасы Президентiнiң заң жобаларын жедел қаралады деп жариялауы Парламенттi олар енгiзiлген күннен бастап бiр айдың iшiнде қарауға мiндеттейдi.

2. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 3-тармағына сәйкес осы қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшiне енедi, Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында жалпыға бiрдей мiндеттi, түпкiлiктi болып табылады және Қазақстан Республикасы Конституциясының 73-бабының 4-тармағында көзделген жағдайларды ескерiп, шағымдануға жатпайды.