Қазақстан Республикасы Конституциясының 54-бабының

7) тармақшасын ресми түсiндiру туралы

 

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң

2006 жылғы 18 мамырдағы № 2 қаулысы

 

ҚР Конституциялық Кеңесінің 24.09.2008 ж. №7, 17.04.2017 ж.

№ 2 нормативтік қаулыларымен осы қаулының жекелеген ережелері алып тасталынды.

 

Қазақстан  Республикасы Конституциялық Кеңесi, Төраға И.И. Рогов, Кеңес мүшелерi Х.Ә. Әбiшев, Қ.Ж. Балтабаев, Н.В. Белоруков, С.Ф. Бычкова, А.М. Нұрмағамбетов, Ү.М. Стамқұлов қатысқан құрамда, мыналардың:

өтiнiш субъектiсiнiң  өкiлi  –  Қазақстан  Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң  депутаты Р.Т. Шырдабаевтың, Қазақстан    Республикасы Парламентi Сенатының депутаттары Н.Ш. Жолдасбаева мен О. Сәпиевтiң,

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң өкiлдерi – Қазақстан Республикасы сыртқы iстер министрiнiң орынбасары P.C Жошыбаевтың, Қазақстан Республикасының әдiлет вице-министрi С.П. Нұғымановтың, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары А.Қ. Дауылбаевтың,

Сыртқы iстер министрлiгiнiң өкiлiхалықаралық-құқық департаментiнiң директоры З.А. Аманжолованың қатысуымен,

өзiнiң ашық отырысында Қазақстан Республикасы Парламентiнiң бiр топ депутаттарының Конституцияның 54-бабының 7) тармақшасын ресми түсiндiру туралы өтiнiшiн қарады.

Конституциялық iс жүргiзу материалдарын зерделеп, баяндамашы – Конституциялық Кеңестiң мүшесi Ү.М. Стамқұловтың хабарлауын, өтiнiш субъектiсi өкiлiнiң және отырысқа қатысушылардың сөздерiн, сондай-ақ сарапшы – заң ғылымдарының докторы, профессор М.А. Сәрсембаевтың қорытындысын, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетiнiң халықаралық және конституциялық құқық кафедрасының меңгерушiсi заң ғылымдарының кандидаты, доцент Ж.О. Құлжабаеваның пiкiрiн тыңдап, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесi мынаны

 

АНЫҚТАДЫ:

 

Қазақстан Республикасы  Конституциялық  Кеңесiне 2006 жылғы 26 сәуiрде Қазақстан Республикасы Парламентiнiң бiр топ депутаттарының Конституцияның 54-бабының 7) тармақшасын ресми түсiндiру туралы өтiнiшi келiп түстi.

Өтiнiш субъектiсi мынадай сұрақтарға жауап қайтаруды сұрайды: «1. Халықаралық шартты ратификациялау туралы заң мен ратификациялауға жататын халықаралық шартқа қосылу туралы заңның арасында айырмашылық бар ма?

2. Сол кезде қолданыста болған заңнамаға сәйкес ратификациялауға жатқызылмаған, бiрақ заңнаманы өзгертудiң салдарынан соған қайшы келген Қазақстан Республикасының күшiне енген халықаралық шарты ол өзгертiлгенге дейiн немесе оның қолданысы тоқтатылғанға дейiн толық көлемде орындалуға тиiс пе?».

Қазақстан   Республикасы  Конституциясының   54-бабының 7)  тармақшасын  ресми  түсiндiрген  кезде  Конституциялық  Кеңес мынаны негiзге алды.

1. Конституцияның 54-бабы 7) тармақшасының мазмұнына түсiндiрме Конституциялық Кеңестiң 2001 жылғы 13 желтоқсандағы

№ 16-17/3 қаулысында берiлген.

Халықаралық құқық нормаларын талдау көрсеткенiндей, халықаралық шартты ратификациялау да, оған қосылу секiлдi, халықаралық шарттың өзi үшiн мiндеттi екендiгiне мемлекеттiң келiсiм беру  тәсiлдерiнiң  бiрi  болып  табылатынын  және  ол  дәл  осындай атауы бар халықаралық акт түрiнде ресiмделетiнiн атап өткен жөн (1969 жылғы 23 мамырдағы Халықаралық шарттар құқығы туралы Вена Конвенциясының 2-бабы 1-тармағының «b» тармақшасы (бұдан әрi - Вена Конвенциясы).

Халықаралық шартты ратификациялау – оны мемлекеттiң уәкiлеттiк  берiлген органының  түпкiлiктi  түрде  бекiтуiОл  мынадай екi акт арқылы iске асырылады: халықаралық (ратификациялау грамотасында) және iшкi мемлекеттiк (әдетте – заңда).

Конституцияның 54-бабына сәйкес ратификациялау, Палаталардың бөлек отырысында тиiстi мәселелердi әуелi Мәжiлiсте, ал содан кейiн Сенатта өз кезегiмен қарау арқылы жүзеге асырылатын Республика Парламентiнiң өкiлеттiгi болып табылады.

2. Вена Конвенциясының нормалары халықаралық шартты ратификациялау мен халықаралық шартқа қосылудың арасында құқықтық салдары жағынан айырмашылық белгiлемейдi (11, 14 және 15-баптар). Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Құқықтық мәселелер жөнiндегi басқармасының Келiсiм-шарт секциясының түсiндiрмесiне сай, «қосылу да, ратификациялау секiлдi сол бiр құқықтық салдарға әкеп соқтырады».

Халықаралық құқық пен Республиканың ұлттық заңнамасының нормаларынан келiп шығатыны, халықаралық-құқық аспектiсiнде қосылу,  егер  Парламент  оны  заң  қабылдау  арқылы  iске  асырған болса, онда ратификациялау секiлдi сол бiр құқықтық салдарға әкеп соқтырады.

Қазақстан Республикасында халықаралық шартты ратификациялау туралы заңдар мен ратификациялауға жататын халықаралық  шартқа  қосылу  туралы  заңдар қабылдаудың  бiрдей рәсiмiнен өтедi. Сондықтан олар өзiнiң заңдық күшi мен құқықтық салдары жағынан тең.

Осыған орай Конституциялық Кеңес, Республика үшiн     мiндеттiлiгi халықаралық  шарттарды ратификациялау туралы    заңдармен немесе халықаралық  шарттарға қосылу туралы заңдармен белгiленген халықаралық шарттарды ратификацияланған     деп есептеу керек деп пайымдайды. Сонымен  бiрге,   ратификация   және   қосылу   толығымен   барабар ұғым   болып   табылмайды,   сондықтан, Конституцияның 54-бабы 7) тармақшасының мазмұнынан келiп шығатынындай, Қазақстан Республикасының  ратификациялауға  жататын халықаралық шарттарға қосылатындығы туралы шешiмдердi халықаралық шарттарға қосылу және оларды ратификациялау туралы заң қабылдау арқылы ресiмдеген тиiмдiрек болады.

3.   Қазақстан   Республикасы   Конституциясының   4-бабының

1-тармағына сай Конституция нормаларына сәйкес келетiн Республиканың халықаралық шарттары мен өзге де мiндеттемелерi Республиканың қолданылатын құқығының құрамдас бөлiгi болып табылады.

Бұл ретте Қазақстан, Республика бекiткен халықаралық шарттардың Республика заңдарынан басымдығы болады деп Конституцияның 4-бабының 3-тармағында белгiлей отырып, ратификацияланған халықаралық шарттарға айрықша мән бередi.

Вена Конвенциясының 26-бабымен белгiленген «pacta sunt servanda» принципiне сай қолданыстағы әрбiр шарт оның тараптары үшiн мiндеттi және адал орындалуға тиiс. Бұл принцип сондай-ақ, БҰҰ- ның Жарғысына сәйкес мемлекеттердiң алған мiндеттемелерiн адал орындау принципi ретiнде, Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына сәйкес Мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынастар мен ынтымақтастыққа  қатысты  халықаралық  құқық  принциптерi туралы 1970 жылғы 24 қазандағы декларацияда да бекiтiлген.

Сонымен бiрге, Конституциялық Кеңес 2000 жылғы 11 қазандағы  №  18/2  қаулыда  көрсеткенiндей, Вена  Конвенциясы «шарттың орындалу тәртiбiн айқындамайды. Бұл мемлекеттердiң конституциялық және заң шығарушылық төтенше құзырына жатады және халықаралық құқықтың жаппай танылған принципi – мемлекеттердiң егемендiк теңдiгiнен келiп шығады».

Осыны негiзге ала отырып, Конституциялық Кеңес, Қазақстан Республикасының халықаралық шарты немесе оның жекелеген ережелерi    белгiленген    тәртiппен,    Негiзгi    Заңның    4-бабының 2-тармағына сай Республиканың аумағында ең жоғары заңдық күшi бар Республика Конституциясына қайшы деп танылған жағдайда, мұндай шарт толығымен немесе Конституцияға сәйкес емес деп танылған бөлiгiнде орындауға жатпайды деп пайымдайды.

Конституциялық Кеңестiң 2000 жылғы 11 қазандағы № 18/2 қаулысына сай Қазақстан Республикасының ратификацияланбаған шарттарының    Республика    заңдарынан    басымдығы    болмайды және «олар Республика заңдарына қайшы келмейтiндей шамада орындалуға тиiс. Араларында қайшылық болған жағдайда, шарттасу тараптары Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасу, орындау және күшiн жою туралы» заң күшi бар Жарлығына, сондай-ақ халықаралық құқық нормаларына сәйкес, келiсу рәсiмдерi арқылы оларды шеше алады».

Сонымен бiр мезгiлде бұл қаулыда сондай-ақ, Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституция қабылданғанға дейiн жасалған, ратификациялауға жатпайтын бiрқатар халықаралық шарттарының, егер осы халықаралық шарттар үшiн мұндай басымдық Республиканың тиiстi құқықтық қатынастар саласын реттейтiн заңдарында тiкелей көзделген болса, Республика заңдарынан басымдығы сақталады деп атап көрсетiлген.

Конституцияның 3-бабының 3-тармағына сәйкес халық пен мемлекет атынан билiк жүргiзуге Республика Президентiнiң, сондай-ақ өзiнiң конституциялық өкiлеттiгi шегiнде Парламенттiң құқығы бар. Аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттеу Конституцияның 61-бабының 3-тармағына сәйкес Парламент қабылдайтын заңдар  арқылы  iске асырылады.

Республика Парламентiнiң  заңдар қабылдау жөнiндегi өкiлеттiгi    болса  мемлекет егемендiгiн  жүзеге асыру  нысаны болып табылады. Бұдан келiп шығатыны, ратификацияланған халықаралық шарттардың Республика  заңдарынан Конституциямен белгiленген басымдығын заң шығарушы Қазақстан Республикасының өзге де  халықаралық  шарттарына  таратуы мүмкiн. Бұл қалыптасып болған заң шығарушылық практикасымен дәлелденедi (1994 жылғы 27 желтоқсандағы № 268-XIII Қазақстан Республикасының Азаматтық  кодексi  (Жалпы  бөлiм), 1995 жылғы 30 наурыздағы № 2155 «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi туралы» Заң).

Демек, Конституцияның 62-бабы 8-тармағының мағынасын ескере отырып заң шығарушы келiсу рәсiмдерiн жүргiзу кезеңiне, Қазақстан Республикасының ратификацияланбаған халықаралық шарттарына қайшы келген заңдарды осы халықаралық шарттар реттейтiн құқықтық қатынастарға қолдануға немесе қолданбауға хақылы.

Бұл ретте нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу кезiнде Конституциялық  Кеңестiң  2001  жылғы  12  сәуiрдегi  №  1/2 қаулысында көрсетiлген, Қазақстан Республикасының халықаралық құқық принциптерi мен нормаларын құрметтейтiндiгi туралы Конституцияның  8-бабының  ережесi,  iшкi  мемлекеттiк  құқық  құру кезiнде оларды ескеруге деген ұмтылысын бiлдiредi, деп есептейтiн Конституциялық     Кеңестiң     құқықтық     позициясын     басшылыққа алу қажет.

Жазылғанның негiзiнде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 4) тармақшасын, «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық   заңының   17-бабы 3-тармағының  1)тармақшасын,  31-33,  37-баптарын  және  41-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесi

 

ҚАУЛЫ ЕТЕДi:

 

1.Қазақстан  Республикасы  Конституциясының  54-бабының 7) тармақшасы, өтiнiш нысанына қатысты қолданыста, Республиканың Негiзгi Заңы халықаралық шарттың өзi үшiн мiндеттiлiгiне мемлекеттiң келiсетiндiгiн бiлдiру тәсiлi ретiнде ратификациялауға айрықша маңыз беретiнiн бiлдiредi.

2. Халықаралық шарттарды ратификациялау туралы Қазақстан Республикасының актiлерi және халықаралық шарттарға қосылу  туралы  Қазақстан  Республикасының  актiлерi  өзiнiң  заңдық күшi және құқықтық салдары жағынан тең мағыналы болып табылады. Бұл орайда, заң шығару қызметiн жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары өкiлдi органы (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесi, Парламентi) қабылдаған және Қазақстан Республикасы Президентiнiң заң күшi бар Жарлықтарымен қабылданған, Қазақстан үшiн мiндеттiлiгi халықаралық шарттарға қосылу туралы нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген халықаралық шарттар Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға теңестipiледi.

3.Қазақстан Республикасының ратификацияланбаған халықаралық шарттарының Республика заңдарынан басымдығы болмайды және олар Республика заңдарына қайшы келмейтiндей шамада орындалуға тиiс. Араларында қайшылықтар болған жағдайда шарттар тараптарының 2005 жылғы 30 мамырдағы № 54-III «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Заңға , сондай- ақ халықаралық құқық нормаларына сәйкес оларды келiсу рәсiмдерi және қайшылықтарды еңсеру жөнiндегi басқа да шаралар қабылдау арқылы шешуге мүмкiндiгi бар.

Заң   шығарушы   Конституцияның   3-бабының   3-тармағына, 61-бабының   3-тармағына   және   62-бабының   8-тармағына   сәйкес заң қабылдау арқылы, Қазақстан Республикасының заңдары мен ратификацияланбаған халықаралық шарттарының қолданылуының ара-қатынасын айқындай отырып, Республиканың өзiне алған халықаралық мiндеттемелерiнiң орындалуын қамтамасыз ететiн тәртiп белгiлеуге хақылы.

4.Қазақстан Республикасының халықаралық шарты немесе оның жекелеген ережелерi белгiленген тәртiппен Республика Конституциясына қайшы деп танылған жағдайда, мұндай шарт немесе оның тиiстi ережелерi орындауға жатпайды.

5.Қазақстан  Республикасы  Конституциясының  74-бабының 3-тармағына сәйкес қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшiне енедi, шағымдануға жатпайды, Республиканың бүкiл аумағында жалпыға бiрдей  мiндеттi  және  Қазақстан  Республикасы  Конституциясының 73-бабының 4-тармағында көзделген реттi ескере отырып, түпкiлiктi болып табылады.

6.Осы  қаулы  республикалық  ресми  басылымдарда  қазақ және орыс тiлдерiнде жариялансын.