Қазақстан Республикасы Конституциясының  41-бабының 3-1-тармағын ресми түсіндіру туралы  Конституциялық Кеңесінің 2015 жылғы 24 ақпандағы № 2 Нормативтік қаулысы

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі, Төраға И.И.Рогов, Кеңес мүшелері І.Ж.Бақтыбаев, Н.В.Белоруков, А.Н.Жайылғанова, В.А.Малиновский, А.М.Нұрмағамбетов, Ү.М.Стамқұлов қатысқан құрамда, мыналардың:

өтініш субъектінің өкілі – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Г.В.Кимнің,

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің өкілі – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Р.Қ.Сәрпековтің,

Қазақстан Республикасы Үкіметінің өкілі – Қазақстан Республикасы Әділет министрінің орынбасары З.Х.Баймолдинаның,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының өкілі – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының төрағасы А.А.Қасымовтың,

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары А.Н.Кравченконың,

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының өкілі – Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі М.А.Сәрсембаевтың,

Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі – Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың басшысы В.А.Калюжныйдың,

«Заңгерлер әділ сайлау үшін» Республикалық қоғамдық бірлестіктің президенті Ө.Қ.Қопабаевтың қатысуымен,

өзінің ашық отырысында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қ.К.Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Конституциясының 41-бабының 3-1-тармағын ресми түсіндіру туралы өтінішін қарады.

Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің мүшесі Н.В.Белоруковтың хабарлауын, отырысқа қатысушылардың сөйлеген сөздерін тыңдап, сарапшылар: заң ғылымдарының докторы, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті заң факультетінің халықаралық құқық кафедрасының профессоры Е.М.Абайділдиновтің; заң ғылымдарының докторы, Д.А.Қонаев атындағы Көлік және құқық гуманитарлық университетінің конституциялық және халықаралық құқық кафедрасының профессоры Қ.К.Айтқожиннің; заң ғылымдарының докторы, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті заң факультетінің мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық құқық кафедрасының профессоры Ж.Д.Бұсырмановтың; Қазақ-гуманитарлық заң университетінің Құқықтық саясат және конституциялық заңнама ғылыми-зерттеу институтының директоры, заң ғылымдарының докторы, профессор С.Ф.Ударцевтің қорытындыларын талдап, конституциялық іс жүргізудің өзге де материалдарымен танысып, бірқатар шет елдердің заңнамасы мен практикасын зерделеп шығып, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі 

анықтады:

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесіне 2015 жылғы 19 ақпанда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының Қазақстан Республикасы Конституциясының 41-бабының 3-1-тармағын ресми түсіндіру туралы өтініші келіп түсті.

Бұл конституциялық нормаға түсіндірме берген кезде өтініш субъекті мынадай сұрақтарға жауап беруді сұрайды:

«1. Қазақстан Республикасы Конституциясының 41-бабының 3-1-тармағы Қазақстан Республикасы Президентінің Президенттің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы сөзсіз құқығын қарастыра ма?

2. Елбасының Президенттің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы шешім қабылдауына Қазақстан Республикасы Конституциясы қандай да бір шарттар мен шектеулер қарастыра ма?».

Негізгі Заңның нормаларын өтініш нысанасына қатысты талдап шығып, Конституциялық Кеңес мынаны негізге алды.

1. Қазақстан Республикасында мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық, ол билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді. Халық пен мемлекет атынан билік жүргізуге Республика Президентінің, сондай-ақ өзінің конституциялық өкілеттігі шегінде Парламенттің құқығы бар (Конституцияның 3-бабының 1-3-тармақтары).

Бұл конституциялық ережелер демократияның тікелей және өкілді нысандарының қатынастарын, Қазақстан Республикасы азаматының мемлекет ісін басқаруға тікелей және өз өкілдері арқылы қатысу құқығын қоса отырып, оның мәртебесін, сондай-ақ Республиканың жоғары мемлекеттік органдарының мақсатын, құрылу тәртібін, функцияларын, құзыреті мен жауапкершілігін, олардың тежемелік әрі тепе-теңдік механизміндегі өзара қарым-қатынасын кейіннен Негізгі Заңда бекіту және реттеу үшін халық билігінің тұтас жүйесінің саяси-құқықтық бастауларын жасайды.

Республика Президенті жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде Республиканың кәмелетке толған азаматтары жасырын дауыс беру арқылы сайлайтын бірден-бір дара тұлға, Қазақстан халқының ең жоғары өкілі. Сол арқылы Республика Президентін сайлау – оған мемлекеттегі жоғарғы билікті берудің нысаны болып табылады. Сайлау қорытындылары бойынша Мемлекет басшысы Қазақстанды басқаруға, ел ішінде және халықаралық қатынастарда халықтың атынан өкілдік етуге және оның мүддесін білдіруге мандат алады.

Мемлекеттің басшысы, оның ең жоғары лауазымды тұлғасы бола отырып, Қазақстан Республикасының Президенті мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайды. Қазақстан Республикасының Конституциясы жалпы халық сайлаған Президенттің халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі ретіндегі мәртебесін бекітеді, оған мемлекеттік биліктің барлық тармағының келісіп жұмыс істеуін және өкімет органдарының халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз ету міндетін жүктейді (40-бап).

Республика Президентінің шешімдері мен іс-әрекеті, оның ішінде Президенттің кезектен тыс сайлауын тағайындау мен өткізу, Конституцияның Кіріспесінде және «Жалпы ережелер» деп аталатын І бөлімінде, сондай-ақ өзге де ережелері мен нормаларында тұжырымдалған мақсаттар мен құндылықтарға қол жеткізуге және оларды қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс. Бұлардың қатарында Республика қызметінің түбегейлі принциптері – қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму, қазақстандық патриотизм, мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, оның ішінде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу (1-баптың 2-тармағы).

2. Негізгі Заңның 41-бабының нормаларымен Президенттің сайлауын ұйымдастыру мен өткізудің құқықтық бастаулары жүйелі түрде регламенттелген. Өзінің жиынтығында және басқа конституциялық нормалармен өзара әрекеттесе келе, олар, тұтас алғанда Республика Президентінің сайлауында халық билігі жүйесінің қызмет істеуін қамтамасыз ете отырып, Мемлекет басшысын сайлаудың қағидаттарын айқындайды, сайлау процесі субъектілерінің қызметін реттейді.

Республика Конституциясының 41-бабының 3-1-тармағымен Президенттің кезектен тыс сайлауы Республика Президентінің шешімімен тағайындалады және конституциялық заңда белгіленген тәртіп пен мерзімде өткізіледі деп көзделген. Мемлекет басшысының кезектен тыс сайлауы Негізгі Заңның 41-бабының 3-тармағымен белгіленген мерзімнен тыс өткізіледі және ол Республика Президентінің шешіміне тікелей байланысты. Оны тағайындау үшін Конституцияда белгіленген құқықтық шектеулер жоқ.

Осылайша, Президенттің кезектен тыс сайлауын тағайындау Негізгі Заңның 41-бабының 3-1-тармағына сәйкес Республика Президентінің айрықша құзыретіне жатады. Бұл конституциялық құқықтылыққа қандай да болсын шарттар мен шектеулер қойылмаған және оны Мемлекет басшысы жеке-дара жүзеге асырады.

3. Конституцияның 41-бабының 3-тармағына және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» 1995 жылғы 28 қыркүйектегі № 2464 Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 51-бабына сай (бұдан әрі – Сайлау туралы конституциялық заң), Республика Президентінің кезекті сайлауы мерзімі жағынан Парламенттің жаңа құрамын сайлаумен тұспа-тұс келмеуге тиіс. Бұл Президент және Парламент сайлауының уақыты жағынан ара-жігін ажыратуға және, сол арқылы, мемлекеттік биліктегі тепе-теңсіздіктің алдын алуға және толыққанды сайлау науқанын өткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сондықтан, Президенттің және Парламенттің кезекті сайлауын өткізу мерзімдерінің тұспа-тұс келуі Президенттің кезектен тыс сайлауын тағайындау үшін конституциялық негіздердің бірі болуы мүмкін.

Президенттің кезектен тыс сайлауын тағайындау үшін құқықтық негіз жасайтын Конституцияның 41-бабының 3-1-тармағы, Президенттің кезектен тыс сайлауын өткізудің тәртібі мен мерзімі туралы мәселені шешуді конституциялық заң деңгейіне бере отырып, бұл сайлаудың мерзімі жағынан Парламенттің жаңа құрамын сайлаумен тұспа-тұс келуіне жол берілмейтіндігі туралы қағиданы қамтымайды.

Сайлау туралы конституциялық заң, өз кезегінде, «Президенттiң кезектен тыс сайлауы осы Конституциялық заңда Президенттiң кезектi сайлауы үшiн белгiленген қағидаларға сәйкес өткiзiледi», деп айқындайды (66-1-бап). Яғни, Сайлау туралы конституциялық заң Республика Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізудің тәртібіне айтарлықтай ерекшелік енгізбейді және бұл сайлауға, Президенттің кезекті сайлауы сияқты, сайлау процесін реттейтін жалпы қағидалар қолданылуға тиіс.

Қазіргі уақытта заңдық күші сақталып отырған, «Қазақстан Республикасы Конституциясының 41-бабының 1 және 3-тармақтарын және 94-бабының 1-тармағын ресми түсіндіру туралы» 2005 жылғы 19 тамыздағы № 5 Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің нормативтік қаулысынан, Негізгі Заңның 41-бабының 1 және 3-тармақтары жалпы сипатқа ие екені және Мемлекет басшысының барлық сайлауына қатысты екені келіп шығады.

Осылайша, Конституцияда белгіленген қағидалар, Республика Президентінің сайлауы кезекті бола ма, кезектен тыс бола ма, оған тәуелсіз, барлық сайлау үшін бірыңғай. Республика Президентінің кезекті және кезектен тыс сайлауының құқықтық табиғаты, өткізілу тәртібі және құқықтық салдары тұтастай алғанда бірдей және сайлауды тағайындау субъектілері мен өткізу мерзімдері бойынша ғана ерекшеленеді.

Осы конституциялық нормаларды жүйелі түрде талдауды, Конституциялық Кеңестің аталған нормативтік қаулысында оларды ресми түсіндіруді және Сайлау туралы конституциялық заңның 66-1-бабының конституциялық-құқықтық мағынасын негізге алып, олардың Конституцияның жалпы ережелерімен және принциптерімен қисынды түрдегі байланысы мен қабаттастығын назарға ала отырып, Конституциялық Кеңес Республика Президентінің кезекті сайлауының мерзімі жағынан Парламенттің жаңа құрамын сайлаумен тұспа-тұс келуіне жол бермейтін Конституцияның 41-бабы 3-тармағының ережесі Президенттің кезектен тыс сайлауына да қолданылады және бұл жағдай сайлауды тағайындағанда ескерілуге тиіс деп пайымдайды.

Баяндалғанның негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 4) тармақшасын, «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» 1995 жылғы 29 желтоқсандағы № 2737 Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 17-бабы 3-тармағының 1) тармақшасын, 31-33, 37-баптарын және 41-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі

қаулы етеді:

1. Қазақстан Республикасы Конституциясының 41-бабы 3-1-тармағының нормасын, Қазақстан Республикасы Президентінің Президенттің кезектен тыс сайлауын жеке-дара тағайындауға айрықша құқығы бар деп түсінген жөн.

2. Елбасының Президенттің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы шешім қабылдауына Республика Конституциясы қандай да бір шарттар мен шектеулер қарастырмайды.

Мұндай сайлау тағайындау туралы шешім қабылдағанда Қазақстан Республикасы Конституциясының 41-бабының 3-тармағында қарастырылған, Республика Президентінің сайлауы мерзімі жағынан Қазақстан Республикасы Парламентінің жаңа құрамын сайлаумен тұспа-тұс келмеуге тиіс деген қағида ескерілуі керек.

3. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 3-тармағына сәйкес нормативтік қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшіне енеді, шағымдануға жатпайды, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті және Қазақстан Республикасы Конституциясының 73-бабының 4-тармағында көзделген ретті ескере отырып, түпкілікті болып табылады.

4. Осы нормативтік қаулы республикалық ресми басылымдарда қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.