Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң

2001 жылғы 21 желтоқсандағы № 18/2 қаулысы

 

Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi, Төраға Ю.А. Хитрин, Кеңес мүшелерi Н.I. Өкеев, Ж.Д. Бұсырманов, А. Есенжанов, А.К. Котов, Қ.Ә. Омарханов және В.Д. Шопин қатысқан құрамда, өтiнiш субъектiсiнiң өкiлi – Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты Ш.А. Оразалиновтiң қатысуымен, өзiнiң ашық отырысында Қазақстан Республикасы Парламентi бiр топ депутаттарының Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабының 1-тармағын ресми түсiндiру жөнiндегi өтiнiшiн қарады.

Қолда бар материалдарды зерделеп, баяндамашылар Конституциялық Кеңестiң мүшелерi Ж.Д. Бұсырманов пен А.К. Котовты, отырысқа қатысушылардың сөйлеген сөздерiн тыңдап шығып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi мынаны

 

АНЫҚТАДЫ:

 

Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесiне 2001 жылғы 28 қарашада Қазақстан Республикасы Парламентi бiр топ депутаттарының Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабы 1-тармағын, «Қазақстан Республикасы өзiн ...әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады; оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары», – деген сөздерi бөлiгiнде ресми түсiндiру жөнiндегi өтiнiшi келiп түстi.

Өтiнiште, «Қазақ КСР-iнде азаматтарды зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» Заңның талаптарын бұза отырып, Халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi алқасының 1994 жылғы 23 қыркүйектегi № 5 қаулысымен зейнетақыны қайта есептеу үшiн     төмендетiлген базалық көрсеткiш белгiленгенi, соның нәтижесiнде зейнетақының ең аз мөлшерi де, ең көп мөлшерi де едәуiр төмендетiлгенi айтылған. Бас прокуратураның талап- арызы бойынша Жоғарғы Сот бұл құжатты заңдарға қайшы келедi деп тапты. Соған қарамастан, Республика Үкiметi 1996 жылғы 12 шiлдеде № 899 қаулы қабылдап, базалық көрсеткiштi белгiлеу жөнiндегi мәселенi Халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi қалай шешкен болса, бұл қаулыда да ол солай шешiлген болатын. Одан тыс, бұл нормалар Үкiмет актiсi шығардан анағұрлым бұрын туындаған құқықтық қатынастарды қамтитын, ал ол Республика Азаматтық кодексi 4-бабының азаматтық заң актiлерiнiң керi күшi туралы ережелерiне қайшы келетiн.

Парламент депутаттарының пiкiрiнше, Халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң және Үкiметтiң жоғарыда аталған қаулылары арқылы, экономикалық мақсатты көздей отырып заңдылық принциптерi бұзылған, соның нәтижесiнде зейнеткерлердiң конституциялық құқықтарына нұқсан келген.

Жоғарыда баяндалғанға орай депутаттар Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабы 1-тармағына, «әлеуметтiк мемлекет, оның ең қымбат қазынасы – адам және  адамның  өмiрi, құқықтары мен бостандықтары», – деген ұғымдары бөлiгiнде, Республика Халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң және Үкiметiнiң жоғарыда аталған қаулыларына қатысты қолданыста түсiндiрме берудi сұрайды.

Өтiнiштi қарау кезiнде Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi мынаны ескердi.

1. Өтiнiштен келiп шығатыны, Республика Конституциясының 1-бабы 1-тармағын түсiндiруден тыс, Парламент депутаттары Халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi алқасының 1994 жылғы 23 қыркүйектегi № 5 және Республика Үкiметiнiң 1996 жылғы 12 шiлдедегi № 899 қаулыларының конституциялылығы туралы мәселе қояды.

Парламент  депутаттарының  конституциялық  нормаларды ресми түсiндiру жөнiндегi өтiнiштерiн қарау Конституциялық Кеңестiң құзырына кiредi.

Нормативтiк құқықтық актiлердiң Конституцияға сәйкестiгi туралы мәселеге келер болсақ, Конституцияның 72-бабы 1-тармағына сай, Конституциялық Кеңес депутаттардың мұндай өтiнiштерiн қарай алмайды. Бұл аталған құқық Конституцияның 72-бабы 2-тармағымен соттарға берiлiп, ол Конституцияның 76-бабы 2-тармағының және 78-бабының ережелерi шеңберiнде жүзеге асырылады.

Республиканың Конституциясы, заңдары, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерi мен халықаралық шарттары негiзiнде туындайтын барлық iстер мен даулар, Конституцияның 76-бабы 2-тармағымен сот билiгiнiң юрисдикциясына жатқызылған.

Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы» конституциялық заң күшi бар Жарлығының 1-бабына сай, Конституциялық Кеңес өз өкiлеттiгiн жүзеге асыру кезiнде саяси және өзге себептердi негiзге ала алмайды және соттардың немесе басқа мемлекеттiк органдардың құзыретiне жататын барлық жағдайларда өзге мәселелердi анықтау мен зерттеуден қалыс тұруға мiндеттi.

Атқарушы билiк органдарының зейнетақыны қайта есептеу үшiн базалық көрсеткiш есебiн жасауының заңдылығы туралы мәселе, Конституциялық Кеңестiң емес, соттардың және тиiстi өкiлеттi мемлекеттiк органдардың қарау нысаны болып табылып, олар Конституция нормаларының жоғары тұруы туралы принциптердi ескеруге тиiс.

2. Конституцияның 1-бабының 1-тармағы, «Қазақстан Республикасы өзiн ...әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады;

...», – деп жариялайды. Конституцияның I-бөлiмiнiң бұл жалпы ережесi, Қазақстан, мемлекеттiң мүмкiншiлiгiне қарай отырып, өзiнiң азаматтарына игiлiктi өмiр сүру үшiн жағдай жасау және жеке адамның еркiн дамуы арқылы әлеуметтiк теңсiздiктi жұмсартуға мiндеттеме алатын мемлекет ретiнде дамуға ниет танытады  дегендi бiлдiредi. Бұл ереже Негiзгi Заңның мынадай: азаматтардың жұмыссыздықтан әлеуметтiк қорғалуға, тынығу, заңмен белгiленген жұмыс уақытының ұзақтығына, демалыс және мереке күндерiне, жыл сайынғы ақылы демалысқа құқығы (24-бап); жасына келген, науқастанған, мүгедек болған, асыраушысынан айрылған жағдайда ең төменгi жалақы мен зейнетақының мөлшерiне, әлеуметтiк қамсыздандырылуға кепiлдiк берiлуi және ерiктi әлеуметтiк сақтандыру, әлеуметтiк қамсыздандырудың қосымша нысандарын жасаудың және қайырымдылықтың көтермеленуi (28-бап); азаматтардың денсаулық сақтауға, заңмен белгiленген кепiлдi медициналық көмек көлемiн тегiн алуға құқығы (29-бап); тегiн орта бiлiм алуға, конкурстық негiзде тегiн жоғары бiлiм алуға кепiлдiк берiлуi (30-бап); адамның өмiр сүруi мен Денсаулығына қолайлы айналадағы ортаны мемлекеттiк қорғау (31-бап); отбасын, ана мен әке және баланы мемлекеттiк қорғау (27-бап); мемлекеттiң азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшiн жағдайлар жасауы, тұрғын үйдi заңмен белгiленген нормаларға сәйкес мемлекеттiк тұрғын үй қорларынан азаматтардың шама-шарқы көтеретiн ақыға беруi (25-бап), сияқты әртүрлi нормаларында ашылады.

Конституцияның 1-бабы 1-тармағының талданып отырған ережесiнде «өзiн орнықтырады» деген тiркес қолданылған, ол әлеуметтiк мемлекет ретiнде Қазақстан дамуының ырғақтылығын көрсетедi, оған сөзсiздiк және әлеуметтендiру процесiне бағытталғандық сипат бередi. Республиканың өзiн әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтыруы, сондай- ақ Қазақстан қоғамында әлеуметтiк әрiптестiк пен оң қарсыластық дамуын көздейдi.

Қазақстан Республикасы үшiн, Конституцияның 1-бабының 1-тармағына сай, «адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары ең қымбат қазына болып табылады». Конституцияның I-бөлiмiнiң бұл жалпы ережесi Қазақстан Республикасы үшiн жалпы адамзат құндылықтарының басымдығы болатынын айғақтайды.

Конституцияның II-бөлiмiнде адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының тiзбесi берiледi. Конституцияның

12-бабы 2-тармағына сай, адам құқықтары мен бостандықтары оларға тумысынан жазылған, олар абсолюттi болып танылады, олардан ешкiм айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады. Конституциялық Кеңес «Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының 1-тармағын және 12-бабының 2-тармағын ресми түсiндiру туралы» 1996 жылғы 28 қазандағы қаулыда былай: «адам құқығы мен бостандығы, осы құқық пен бостандықтың жүзеге асырылуының жағдайлары мен тәртiбiн белгiлеушi заңдар жасаған және қабылдаған кезде Конституция жариялаған адам құқығы мен бостандығы негiз болады. Адам құқығы мен бостандығын белгiлеушi заңдарды, Конституцияның 39-бабының 3-тармағында келтiрiлгендердi қоспағанда, мемлекеттiң шынайы әлеуметтiк-экономикалық мүмкiндiктерiне қарай, белгiленген тәртiппен заң шығарушы орган өзгерте алады», – деп атап көрсеткен болатын. Қазақстан Республикасында Конституцияға сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепiлдiк берiледi.

Баяндалғанның негiзiнде және Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 4) тармақшасын, 76-бабының 2-тармағын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы» конституциялық заң күшi бар Жарлығының 1-бабын, 17-бабы 3-тармағының 1) тармақшасын, 32, 33, 37-баптарын және 41- бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi

 

ҚАУЛЫ ЕТЕДi:

 

1. Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабының 1-тармағы, «Қазақстан Республикасы өзiн ... әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады; оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары.» деген сөздерi бөлiгiнде, Қазақстан Республикасы мемлекеттiң шынайы мүмкiндiктерiне сәйкес әлеуметтiк мемлекет мiндетiн орындауға ұмтылады дегендi бiлдiредi. Қазақстанда Конституцияға сәйкес адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепiлдiк берiледi.

2. Конституциялық Кеңес, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996 жылғы 12 шiлдедегi № 899 қаулысының және Қазақстан Республикасы Халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi алқасының 1994 жылғы 23 қыркүйектегi № 5 қаулысының Конституцияға сәйкестiгiн, өтiнiш нысанына  қатысты қолданыста қарауға хақылы емес.

Конституцияның 76-бабы 2-тармағына сәйкес, Конституцияның, заңдардың және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң негiзiнде туындайтын барлық iстер мен даулар сот билiгiнiң құзырына кiредi.

3. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабы 3-тармағына сәйкес осы қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшiне енедi, шағымдануға жатпайды, Республиканың бүкiл аумағында жалпыға бiрдей мiндеттi және Қазақстан Республикасы Конституциясының 73-бабы 4-тармағында  көзделген  жағдайды ескерiп, түпкiлiктi болып табылады.

4. Осы қаулы республикалық ресми басылымдарда қазақ және орыс тiлдерiнде жариялансын.