Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнің

2000 жылғы 13 сәуiрдегі № 2/2 қаулысы

 

Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi Төраға Ю.А. Ким, Кеңес мүшелерi Н.I. Өкеев, Ж.Д. Бұсырманов, А.Е. Есенжанов, А.К. Котов, Қ.Ә. Омарханов және В.Д. Шопин қатысқан құрамда, өтiнiш субъектiсiнiң өкiлi – Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутаты С.Ө. Есiмхановтың қатысуымен өткен ашық отырысында Қазақстан Республикасы Парламентi депутаттары тобының Қазақстан Республикасы Конституциясы 6-бабының 3-тармағын ресми түсiндiру туралы өтiнiшiн қарады.

Қолда бар материалдарды зерделеп шығып, баяндамашылар   – Конституциялық Кеңес мүшелерi А.К. Котов пен Қ.Ә. Омархановтың, өтiнiш субъектiсi өкiлiнiң және отырысқа шақырылғандардың сөйлеген сөздерiн тыңдап, сондай-ақ, тәуелсiз маман – «Салық мәдениетiн қалыптастыру» Қорының сарапшылық- әдiстемелiк кеңесi төрағасы, заң ғылымдарының кандидаты Е.В. Пороховтың қорытындысымен танысып шығып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi мынаны

 

АНЫҚТАДЫ:

 

2000 жылғы 14 наурызда Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесiне Қазақстан Республикасы Парламентi депутаттары тобының Қазақстан Республикасы Конституциясы 6-бабының 3-тармағын ресми түсiндiру туралы өтiнiшi келiп түстi.

Өтiнiш беруге Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2000 жылғы

12 қаңтарда «Богатырь Аксесс Көмiр» жауапкершiлiгi шектелген серiктестiгi үшiн жердi тұрақты пайдалану құқығын құжаттық ресiмдеумен, жердi пайдаланғаны үшiн және қоршаған ортаны ластағаны үшiн төлемдердi өндiрiп алумен байланысты бiрқатар жеңiлдiктер белгiлеген «Аксесс Индастриз, Инк.» компаниясының кейбiр мәселелерi туралы» № 53 қаулыны қабылдауы себеп болды.

Депутаттардың пiкiрi бойынша, «Аксесс Индастриз, Инк.» компаниясының меншiгi (жылжымайтын мүлкi) орналасқан жер учаскесiне деген құқықтарын «Богатырь Аксесс Көмiр» жауапкершiлiгi шектелген серiктестiгiне беру Республика Конституциясы 6-бабы 1 және 3-тармақтарының талаптарымен келiспейдi. Олар жоғарыда аталған Үкiмет актiсi заңда белгiленген және Конституцияға негiзделген жер пайдалану құқығы режимiн бұзады деп есептейдi.

Парламент депутаттары өздерiнiң өтiнiшiнде аталған жағдайға қатысты қолданыста Қазақстан Республикасы Конституциясы 6-бабының 3-тармағына және өзге де нормаларына түсiндiрме берудi сұрайды.

1. Конституциялық Кеңес Конституцияның тиiстi нормаларын ресми түсiндiрудi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2000 жылғы 12 қаңтардағы № 53 қаулысын конституциялылық пен заңдылық тұрғысынан бағалаумен байланыстырмайды, өйткенi оның құзыретiне бұл кiрмейдi.

Сонымен бiрге, Қазақстандағы меншiк қатынастарын және жер қатынастарын құқықтық реттеу принциптерi мен нормалары Республика Конституциясының жалпы бастаулары мен нормаларынан және соларға негiзделген, заңи күшi жағынан олармен тең тиiстi заңдар мен заң актiлерiнен келiп шығатынын, оларды қолдану өзара байланысты екенiн және осы тектес барша қоғамдық қатынастар мен жағдайларға таралатынын назарға ала отырып, Конституциялық Кеңес Конституцияның 6-бабының 3-тармағына және сол түйiндес өзге де нормаларына жүйелi түрде түсiндiрме беру мүмкiн деп есептейдi.

2. Конституцияның 6-бабының 3-тармағында «жер және оның қойнауы, су көздерi, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесi, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншiгiнде болады. Жер, сондай- ақ заңда белгiленген негiздерде, шарттар мен шектерде жеке меншiкте де болуы мүмкiн» деп белгiленген. Бұл конституциялық ереже меншiктiң құқықтық режимi, меншiк иесiнiң (шаруашылық жүргiзушi субъектiнiң) Конституцияның осы нормасының объектiсi ретiндегi жерге қатысты өз өкiлеттiлiктерiн жүзеге асырудың шарттары мен шектерi заңмен немесе заңи күшi жағынан тең заң актiсiмен анықталады дегендi бiлдiредi. Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995 жылғы 23 желтоқсандағы № 2717 «Жер туралы» заң күшi бар Жарлығы, өтiнiш берудiң нысаны болған, құқықтық реттеу қатынастарына қатысты қолданыста сондай актi болып табылады.

«Жер туралы» заң актiсi Қазақстандағы меншiк қатынастарын дамыту үшiн Конституцияның мынадай жалпы бастауларына негiзделедi: «меншiк мiндет жүктейдi, оны пайдалану сонымен қатар қоғам игiлiгiне де қызмет етуге тиiс» (6-баптың  2-тармағы) және «адамның және азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға ... тиiс» (12-баптың 5-тармағы). Ол бұл ережелердi жер құқықтарын терiс пайдалануға жол бермеу деп нақтылай түседi: «жер қатынастары субъектiлерiнiң өздерiне тиесiлi құқықтарды жүзеге асыруы табиғи объект ретiнде жерге, айналадағы табиғи ортаға, сондай-ақ басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiне зиян келтiрмеуi тиiс» (Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Жер туралы» заң күшi бар Жарлығының 9-бабы).

Конституцияның 6-бабының 3-тармағындағы жер пайдалану құқықтық режимдерi үшiн заңмен белгiленген шарттар дегенде, жоғарыда аталған заң актiсiнде баянды етiлген, атқарушы органдардың шаруашылық жүргiзушi субъектiлер мен жеке тұлғаларға қатысты жер пайдалану мәселелерi жөнiндегi нақтылы шешiмдерiнiң заңдылығын қамтамасыз ететiн әлеуметтiк-құқықтық алғышарттардың жиынтығын түсiну керек.

Ондайларға, жекелей алғанда, Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Жер туралы» заң күшi бар Жарлығының 18-бабының шарты – жер учаскесiне құқықтың және онда орналасқан үйлер мен ғимараттарға құқықтың бiр-бiрiнен ажыратылмауы жөнiндегi шарт жатады. Бұл шарт жер учаскесiн онда орналасқан жылжымайтын мүлiктен бөлектеп алып оқшаулауға немесе беруге құқықтық тыйым салынады дегендi бiлдiредi, сол арқылы меншiктiң қоғам игiлiгi екендiгi және бiрыңғай шаруашылық жүргiзушi субъектiнiң азаматтық-құқықтық жауаптылығы туралы конституциялық принцип қамтамасыз етiледi.

Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Жер туралы» заң күшi бар Жарлығының 40-бабында көзде тұтылған жердi тұрақты пайдалану құқығының шетелдiк жер пайдаланушыларға берiлмеуi жөнiндегi шарт, шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң нақты бiр түрi үшiн жер пайдаланудың мүмкiн болған құқықтық режимiн анықтаудың басқа бiр құқықтық өлшемi болып табылады. Оларға, демек, жер үшiн тиiстi жалдау ақысын төлей отырып, жер учаскесiн жалға алу шартымен жердi уақытша пайдалану құқығы берiледi.

Конституцияда, және оның ережелерiне негiзделген «Жер туралы»  заң  актiсiнде белгiленген шектерден шығып кету, сондай- ақ осы соңғысында көзде тұтылған, заңға тәуелдi актiлермен жер қатынастарын нормативтiк реттеудi жүзеге асыратын атқарушы орган тарапынан шаруашылық жүргiзушi субъектiлерге немесе жеке тұлғаларға жер пайдалану құқықтары берiлуiнiң нақты шарттарын сақтамау, бұл қатынастарға ықпал етудiң құқықтық шекарасын асырып жiберу дегендi бiлдiредi. Нәтижеде бұл конституциялылық режимiн бұзуға әкеп соқтырады. Конституция 4-бабының 1-тармағына орай, оған сай келмейтiн заңдар және өзге де нормативтiк құқықтық актiлер  Қазақстан  Республикасының қолданатын құқығы бола алмайды. Конституцияның 69-бабының 3-тармағында Үкiметтiң қаулылары және Премьер-Министрдiң өкiмдерi Конституцияға, заң актiлерiне, Республика Президентiнiң жарлықтары мен өкiмдерiне қайшы келмеуге тиiс деп белгiленген.

3. Конституцияның 6-бабының 1-тармағына сәйкес «Қазақстан Республикасында мемлекеттiк меншiк пен жеке меншiк танылады және бiрдей қорғалады». Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi 1999 жылғы 3 қарашадағы нормативтiк сипаттағы № 19/2 қаулысында бұл ережеге ресми түсiндiру берген болатын. Өтiнiште көрсетiлген жағдайға байланысты қолданыста бұл, мемлекет меншiктiң екi нысанындағы субъектiлерге ғана емес, сондай-ақ меншiктiң бiр нысанындағы және экономикалық қызметтiң бiр түрiндегi шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң өзара қарым- қатынасында да бұзылған құқықтарын қорғау мен қалпына келтiрудiң бiрдей құқықтық мүмкiндiктерiне кепiлдiк бередi дегендi бiлдiредi. Олар үшiн рұқсат етiлген немесе жол берiлетiн нақты құқықтық қатынастарда мұндай шаруашылық жүргiзушi субъектiлер сол бiр ғана құқықтық режимге бағынуы тиiс.

Баяндалғанның және Қазақстан Республикасы Конституциясы

72-бабы 1-тармағының 4) тармақшасы негiзiнде, және Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы» конституциялық заң күшi бар Жарлығының 17-бабы 3-тармағының 1) тармақшасын, 32, 33 және 37-баптарын, 41-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi

 

ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

 

1. Қазақстан Республикасы Конституциясы 6-бабының 3-тармағын, өтiнiш нысанына қатысты қолданыста, осы конституциялық ережелер, бұл ережелерге негiзделген заңдармен және заңи күшi жағынан олармен тең заң актiлерiмен реттелетiн Қазақстан Республикасындағы жер құқығы қатынастарының жалпы мiндеттi бастауларын белгiлейдi деп түсiну керек.

Олардың нормаларын заңға тәуелдi актiлермен нақтылау тек қана осы заңдарда және заңи күшi жағынан оларға тең заң актiлерiнде белгiленген негiздерде, шарттарда және шектерде мүмкiн болады.

2. Қазақстан Республикасы Конституциясы 74-бабының 3-тармағына сай қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшiне енедi, Республиканың бүкiл аумағында жалпыға бiрдей мiндеттi, түпкiлiктi болып табылады және Қазақстан Республикасы Конституциясы 73-бабының 4-тармағында көзделген жағдайды ескере отырып, шағымдануға жатпайды.

3. Осы қаулы қазақ және орыс тiлдерiнде республикалық ресми баспасөз басылымдарында жариялансын.