Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнің

2000 жылғы 16 маусымдағы № 6/2 қаулысы

 

Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi Төраға мiндетiн атқарушы Н.I. Өкеев, Кеңес мүшелерi Ж.Д. Бұсырманов, А. Есенжанов, А.К. Котов, Қ.Ә. Омарханов және В.Д. Шопин қатысқан құрамда, өтiнiш субъектiсiнiң өкiлi – Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутаты А.Қ. Дауылбаевтың қатысуымен, өзiнiң ашық отырысында Қазақстан Республикасы Парламентi бiр топ депутаттарының Қазақстан Республикасы Конституциясы 26-бабының 3-тармағын ресми түсiндiру туралы өтiнiшiн қарады.

Қолдағы бар материалдарды зерделеп шығып, баяндамашы – Конституциялық Кеңес мүшесi А.К. Котовтың баяндамасын, өтiнiш субъектiсi өкiлiнiң сөзiн тыңдап, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi мынаны

 

АНЫҚТАДЫ:

 

Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесiне 2000 жылғы 17 мамырда Қазақстан Республикасы Парламентi бiр топ депутаттарының мемлекеттiк органдардың соттан тыс тәртiппен айыппұл түрiнде өндiрiлетiн мүлiктi  (ақшаны)  мәжбүрлеп  өндiрiп алуға байланысты құқықтық қатынасқа қолданылатын Қазақстан Республикасы Конституциясы 26-бабының 3-тармағын ресми түсiндiру туралы өтiнiшi келiп түстi.

Қазақстан Республикасы Конституциясы 26-бабының 3-тармағын түсiндiргенде Конституциялық Кеңес мынаны негiзге алады. Конституцияға сәйкес Қазақстан Республикасында меншiкке заңмен кепiлдiк берiледi. Бұл кiмдi болса да мүлкiнен айыруға сот шешiмiнен басқа ретте тек заңда көзделген жағдайларда ғана жол берiлетiнiн бiлдiредi. Мүлiктiк құқық абсолюттi болып табылмайды, өйткенi Конституцияның 39-бабы 3-тармағының және азаматтық, қылмыстық немесе әкiмшiлiк заңдарының тиiстi нормалары негiзiнде оны шектеуге жол берiледi. Яғни айтқанда заңдармен көзделген жағдайларда нақты мүлiктiк құқықты шектеу азаматтық-құқықтық қатынастарда да, сондай-ақ жария-құқықтық салада да заңды.

Бұл, мысалы, не құқық бұзушылық жасағаны үшiн сот тәртiбiмен жаза түрiнде тәркiлеу жолымен, не мемлекет қажетi үшiн реквизиция түрiнде, мысалы, табиғи апат жағдайында, басқа да төтенше жағдайда соған бара-бар кейiнгi өтем жолымен iске асырылуы мүмкiн.

Тәркiлеудiң не реквизицияның негiздемесi, шарты және тәртiбi Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 249, 253 және 254-баптарында белгiленген. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 249-бабында меншiк иесiнiң мiндеттемелерi бойынша мүлiкке қолданылатын өндiрiп алу жағдайларында меншiк иесiнiң мүлкiн мәжбүрлеп алу; аталған адамға заң актiлерi бойынша меншiгi болуы мүмкiн емес мүлiктi (мысалы, экономикалық контрабанда объектiлерi; азаматтық айналымнан алып қойылған заттар және т.б.) мәжбүрлеп иелiктен айыру көзделген.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 249-бабының 1-тармағы негiзiнде заң актiлерiнде, сондай-ақ мүлiкке, оның iшiнде оның ақша сияқты түрiне де, меншiк құқығын жоюдың басқа да жағдайлары көзделуi мүмкiн (ҚР АК 115-бабының 2-тармағы). Әкiмшiлiк айыппұлды әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасағаны үшiн әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн жауапкершiлiк туралы заңдарда көзделген жағдайлар мен шекте ақшалай өндiрiп алуға жатқызуға болады.

Сотқа айыппұл түрiндегi әкiмшiлiк жаза туралы шешiмге шағым жасалғанда, оған сот бақылауы кепiлдерi болған жағдайда мемлекеттiк бюджеттiң кiрiсiне айыппұл өндiрiлiп алынады. Шешiмге шағым жасалуы оның орындалуын тоқтатады. Конституцияның 13-бабы 2-тармағына сәйкес өзiнiң құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға әркiмнiң құқығы бар. Кiнәлi субъект әкiмшiлiк тәртiппен айыппұл салуға, мүлiкке құқықты мәжбүрлеп тоқтату туралы, яғни айтқанда заңмен белгiленген ақшалай айыппұл мөлшерiн белгiлеуге уәкiлеттi органдардың iс-әрекеттерiне шағымданған жағдайда, сот шешiмi шыққаннан кейiн мәжбүрлеп өндiрiп алуға жатады.

Айыппұл түрiнде мүлкi (ақшасы) алынып қойылатын субъект әкiмшiлiк жауапкершiлiк туралы заңдардың iс жүргiзу нормалары кепiлдiк беретiн мерзiм мен тәртiпте сотқа шағымданбағанда ғана әкiмшiлiк жолмен жазалауға, оның iшiнде айыппұл салуға да, құқы бар мемлекеттiк органдардың немесе лауазымды адамдардың шешiмi түпкiлiктi сипатқа ие бола алады. Құқық бұзушы субъектiнiң айыппұлды ерiктi түрде төлеу нысаны әкiмшiлiк мәжбүрлеу шара есебiндегi ақшалай түрiндегi жазаның (айыппұл) құқықтық табиғатын өзгертуге әкеп соқпайды.

Демек, сот шешiмiмен болмаса ешкiмдi де өз меншiгiнен айыруға болмайды деген конституциялық қағида әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасағаны үшiн айыппұл салу туралы мiндеттi түрде алдын ала сот шешiмi болуын көздемейдi.

Баяндалғанның және Қазақстан Республикасы Конституциясы

72-бабының 1-тармағы 4) тармақшасының негiзiнде және Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы» конституциялық заң күшi бар Жарлығының 17-бабы 3-тармағының 1) тармақшасын, 32, 33, 37 және 41-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi

 

ҚАУЛЫ ЕТЕДi:

 

1. Қазақстан Республикасы Конституциясы 26-бабының 3-тармағын түсiндiргенде және қолданған кезде сот шешiмiнен басқа тек заңда көзделген жағдайларда болмаса ешкiмдi де өз меншiгiнен айыруға болмайтынын негiзге алу керек. Конституцияның 39-бабы 3-тармағына сәйкес мүлiктiк құқық абсолюттi болып табылмайды және азаматтық-құқықтық қатынастар саласында да, жария-құқықтық салада да шектелуi ықтимал.

Қазақстан Республикасы Конституциясы 26-бабы 3-тармағының «сот шешiмiнсiз ешкiмдi де өз меншiгiнен айыруға болмайды» деген нормасын бұл қағида әкiмшiлiк мәжбүрлеу шарасы ретiнде айыппұл салу туралы барлық жағдайда алдын ала сот шешiмi болуын талап етпейдi деп түсiну керек.

Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған кiнәлi адам, Конституция мен әкiмшiлiк жауапкершiлiк туралы заңдардың iс жүргiзу нормаларының өзiне кепiлдiк беретiнiне қарамастан, ақшалай айыппұл түрiнде әкiмшiлiк жаза тартқызу туралы уәкiлеттi органның шешiмiнiң заңдылығы мен негiздiлiгiне сотқа шағымданбаған жағдайлар Қазақстан Республикасы Конституциясы 26-бабының 3-тармағына қайшы келмейдi. Сол сияқты уәкiлеттi органға да осы әкiмшiлiк мәжбүрлеу шарасын орындаудан жалтарып жүрген адамға салынған айыппұлды сот арқылы төлетуге заң жолымен мүмкiндiк берiлген.

2. Қазақстан Республикасы Конституциясы 74-бабының 3-тармағына сәйкес, осы қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшiне енедi, Республиканың бүкiл аумағында жалпыға бiрдей мiндеттi, түпкiлiктi болып табылады және Қазақстан Республикасы Конституциясы 73-бабының 4-тармағында көзделген жағдайларды ескере отырып, шағымдануға жатпайды.

3. Осы қаулы қазақ және орыс тiлдерiнде республикалық ресми баспасөз басылымдарында жариялансын.