Қазақстан Республикасы Президентінің “Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы” Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы жөнінде” Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2001 жылғы 22 қарашадағы № 15/2 қаулысына қарсылығы туралы

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 
2001 жылғы 30 қарашадағы №15/3 Қаулысы


Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі құрамында Төраға Ю.А. Хитрин, Кеңес мүшелері Н.І. Өкеев, Ж.Д. Бұсырманов,    А. Есенжанов, А.К. Котов, Қ.Ә. Омарханов және В.Д Шопин қатысқан өзінің ашық отырысында Қазақстан Республикасының Президенті   Н.Ә. Назарбаевтың “Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы” Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы жөнінде” Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2001 жылғы 22 қарашадағы                  № 15/2 қаулысына қарсылығын қарады.
Қолдағы бар материалдарды зерделеп, баяндамашылар — Кеңес мүшелері Н.І. Өкеев пен В.Д. Шопинді тыңдап шығып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі мынаны


А Н Ы Қ Т А Д Ы:


Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өтініші бойынша қабылданған, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің  2001 жылғы 22 қарашадағы № 15/2 қаулысымен, “Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы” Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы конституциялық емес деп танылды. 2001 жылғы 27 қарашада Қазақстан Республикасы Президентінің бұл қаулыға толығымен қарсылығы келіп түсті.
Қарсылықты қарап шығып, Конституциялық Кеңес, осы аталған Конституциялық заңды Республика Парламенті 2001 жылғы 18 қазанда Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабы 6-тармағының талаптарын бұза отырып қабылдағанын растайды, бұл тармаққа сай мемлекеттік кірісті қысқартуды немесе мемлекеттік шығысты көбейтуді көздейтін заңдардың жобалары Республика Үкіметінің оң қорытындысы болғанда ғана енгізілуі мүмкін. “Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабының 6-тармағын ресми түсіндіру туралы” Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1997 жылғы  28 маусымдағы № 14/2 қаулысымен, осы конституциялық нормада аталған заңдар жобасы бойынша Республика Үкіметінің оң қорытындысы, оларды Парламент Мәжілісіне қарауға енгізудің міндетті шарттарының бірі болып табылады, деп түсіндірме берілген. Қаралып отырған Конституциялық заңның жобасына Үкімет 2000 жылғы қыркүйекте № 13-14/8021- теріс қорытынды берген.
Конституциялық Кеңес сондай-ақ, осы Заңның бірқатар ережелерінің Республика Конституциясы 3-бабының 4-тармағына, 44-бабының   9) тармақшасына, 53-57-баптарына және 72-бабы 1-тармағының   2) тармақшасына сәйкес еместігі туралы оның 2001 жылғы 22 қарашадағы 15/2 қаулысында баяндалған ұйғарымдарды растайды.
Одан тыс, “Қазақстан Республикасының Парламенті жоне оның депутаттарының мәртебесі туралы” қолданыстағы Конституциялық заңның 9-бабы 4-тармағына енгізілген өзгерістер Республика Конституциясының 58-бабы 2-тармағына қайшы келеді. Оның жаңа редакциясы Парламент Палаталары төрағаларының өз еркімен орнынан түсуінің немесе “Палата депутаттары жалпы санының кемінде үштен бірінің бастамашылығы бойынша” қызметінен кері шақырылып алынуының құқықтық мүмкіндігін шарттастырады. Аталған конституциялық норма мұндай шартты көздемейді және онда былай делінеді: “Палаталардың төрағалары, егер бұл үшін Палаталардың депутаттары жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қызметтен кері шақырылып алынуы мүмкін сондай-ақ олар өз еркімен орнынан түсуге хақылы.”.
Бұл аталған өзгерістер Палата депутаттары жалпы санының кемінде үштен біріне Палаталардың төрағаларын қызметінен кері шақырып алу туралы мәселе қоюға ерекше құқық береді. Алайда Конституцияның 58-бабы 1-тармағына сай “Сенат Төрағасының қызметіне кандидатураны Қазақстан Республикасының Президенті ұсынады. Мәжіліс Төрағасының қызметіне кандидатураларды Палатаның депутаттары ұсынады.”, бұдан келіп шығатыны, Республика Президенті - Сенат Төрағасына, ал жекелеген Мәжіліс депутаттары - Мәжілістің Төрағасына қатысты қызметінен кері шақырып алуға бастамашылық жасау құқығына ие. Сол арқылы, бұл аталған өзгерістер Палаталардың төрағаларын қызметінен кері шақырып алу туралы мәселе қоюға құқығы бар субъектілердің құқықтық мүмкіндігін шектейді және нәтижесінде конституциялық норманың мазмұнын тарылтады.
Конституциялық Кеңес, Конституцияға негізделген, “Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы” қолданыстағы Конституциялық заңның ережелеріне қаралған Конституциялық заңның жекелеген нормаларының сәйкес еместігіне де назар аударады. Мәселен, қолданыстағы Конституциялық заңның 27-бабы            2-тармағымен мемлекеттің, депутаттық сұрау салынуы мүмкін, лауазымды түлғаларының толық тізбесі белгіленген. Алайда қабылданған Конституциялық заңның 16-тармағымен депутаттық фракциялар мен топтарға өз атынан “мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларына” сұрау салуға құқық беріледі, бұл олардың құқықтарын жекелеген депутаттардың құқықтарымен салыстырғанда анағұрлым кеңейтеді және қолданыстағы Конституциялық заңның жоғарыда аталған нормасына қайшы келеді.
Республика Парламенті 2001 жылғы 18 қазанда қабылдаған, “Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы” Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Конституциялық заңды конституциялық емес деп тапқан, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2001 жылғы 22 қарашадағы № 15/2 қаулысына Республика Президентінің қарсылығын қарау нәтижесінде, - Республика Конституциясының 73-бабы 4-тармағында көзделген, қарсылықты еңсеру үшін қажетті дауыс саны алынды.
Баяндалғанның негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 73-бабы 4-тармағын және Қазақстан Республикасы Президентінің “Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы” конституциялық заң күші бар Жарлығының 38-бабы 2-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі

ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1.    Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 27 қарашадағы, “Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы” Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы жөнінде” Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2001 жылғы 22 қарашадағы № 15/2 қаулысына қарсылығы еңсерілді деп есептелсін.
2.    “Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы” Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы жөнінде” Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2001 жылғы 22 қарашадағы № 15/2 қаулысы заңдық күшін сақтайды.
3.    Осы қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағымдануға жатпайды.

  Қазақстан Республикасы 
Конституциялық Кеңесінің 
             Төрағасы                                   Ю. Хитрин