Қарағанды қаласындағы Ленин аудандық сотының Қазақстан Республикасы Президентiнiң Конституциялық заң күшi бар «Мемлекеттiк қызметi туралы» Жарлығының

33-бабы 2-тармағының конституциялық еместігін тану жөнiндегi ұсынысы туралы

 

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң

1997 жылғы 21 сәуiрдегi № 6/2 қаулысы

 

ҚР Конституциялық Кеңесінің 2011.04.27 № 4 нормативтік қаулысымен осы қаулының жекелеген ережелері алып тасталды.

 

Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi Конституциялық Кеңестiң Төрағасы Ю. А. Кимнiң, Конституциялық Кеңес мүшелерi Н.И. Акуевтiң, Ө.Қ. Ихсановтың, В.В. Мамоновтың, С.Н. Сәбiкеновтiң, С.Ғ. Темiрболатовтың, В.Д. Шопиннiң құрамында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң өкiлi Н.С. Мәшiмбаевтың, маман, Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттiк ұлттық университетiн кафедра меңгерушiсi, заң ғылымының кандидаты Т.М. Абайдiлденовтiң қатысуымен 1997   жылғы 16 және 21 сәуiрде ашық мәжiлiсте Қарағанды қаласы Ленин аудандық сотының Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995 жылғы 26 желтоқсандағы заң күшi бар «Мемлекеттiк қызметi туралы» Жарлығының 33-бабы 2-тармағының конституциялық еместiгiн тану туралы ұсынысын қарады.

Баяндамашы – Конституциялық Кеңестiң мүшесi Н.И. Акуевтiң хабарламасын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң өкiлi Н.С. Мәшiмбаевтың, маман Т.Т. Абайдiлденовтiң, Қазақстан Республикасы Президентiнiң заң шығару және сот жүйесi мәселелерi  жөнiндегi бөлiмнiң меңгерушiсi Б.Ә. Мұхамеджановтың сөздерiн тыңдап, сондай-ақ  сарапшы В.И. Макалкиннiң қорытындысымен таныса келiп, Конституциялық кеңес

 

ҰЙҒАРДЫ:

 

Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесiне Қарағанды қаласы Ленин аудандық сотының оның төрағасы Қ. Қамзабаевтың қолы қойылған Қазақстан Республикасы Президентiнiң заң күшi бар «Мемлекеттiк қызметi туралы» Жарлығының 33-бабының 2-тармағын конституциялық еместiгiн тану туралы ұсынысы келiп түстi. Өтiнуге Азамат С.К. Сартаевтың Қарағанды облысы әкiмi аппаратының оған мемлекеттiк қызметшi ретiнде бiлiктiлiк сыныбы үшiн қосымша ақы, көп жылғы еңбегi үшiн үстеме қосуға байланысты заңсыз бас тартуы туралы талап арызын сотта қарау себеп болды. С.К. Сартаев Қазақстан Республикасының «Iшкi iстер органдары құрамындағы басшы және қатардағы әскери қызметшiлердi және олардың отбасын зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» заңына сәйкес зейнеткер бола жүрiп, Қарағанды облысының әкiмшiлiгiнде әкiмнiң әскери мәселелер жөнiндегi көмекшiсi болып iстейдi. Аталған заңның 57-бабына сәйкес оған басқа кiрiс түрлерi мен еңбек ақысынан басқа зейнетақы толық төленедi.

Қарағанды қаласының Ленин аудандық соты «Мемлекеттiк қызметi туралы» Жарлықтың 33-бабының 2-тармағындағы осы Жарлық ықпалының бұрын зейнеткерлiкке шыққан сондай-ақ Жарлық күшiне енген сәтте мемлекеттiк қызметшi қатарында тұратын зейнеткерлерге таратылмайтынын Қазақстан Республикасы Конституциясында бекiтiлген азаматтар құқықтарына нұқсан келтiредi деп қараған. Бұл жерде сот көзқарасын Қазақстан Республикасы Конституциясының: 14-бабы барлығының заң мен сот алдындағы теңдiгi және 24-бабы ешбiр кемсiтусiз еңбегi үшiн сыйақыға құқығының бары туралы нормаларына сiлтеме жасай отырып негiздейдi.

Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995 жылғы 26 желтоқсандағы заң күшi бар «Мемлекеттiк қызметi туралы» Жарлығының 33-бабының 2-тармағын талдау барысында Конституциялық Кеңес оған төмендегiдей жайлар тұрғысынан қарайды.

Қазақстан Республикасы Конституциясы 33-бабының 4-тармағында Республика азаматтарының мемлекеттiк қызметке кiруге құқығы бар делiнген. Мемлекеттiк қызметкер лауазымына кандидатқа қойылатын талап тек лауазымдық мiндеттiң сипатына қатысты және оны заң белгiлейдi.

«Мемлекеттiк қызмет туралы» Жарлықтың 33-бабының 2-тармағында Жарлықтың күшi бұрын зейнетке шыққан адамдарға, сондай-ақ ол күшiне енген сәтте мемлекеттiк қызметте жүрген зейнеткерлерге қолданылмайды деп көрсетiлген.

Зейнетке бұрын шыққан адамдар мемлекеттiк қызметкер болып табылмайды, себебi мұндай қызметкерлердiң санаты талдау жасалып отырған Жарлықпен заңға тұңғыш рет енгiзiлдi. Жарлық күшiне енген сәтте мемлекеттiк қызметте жүрген зейнеткерлерге келетiн болсақ, оның күшi оларға жүрмейдi, олардың қызметi Қазақстан Республикасының еңбек заңымен реттеледi.

Бұрын зейнетке шыққан адамдарға, сондай-ақ ол күшiне енген сәтте мемлекеттiк қызметте жүрген зейнеткерлерге аталған Жарлық күшiнiң қолданылмауы азаматтардың заң алдында тең және кемсiтуге (Конституцияның 14 және 24 баптары) болмайды деген принциптi бұзу деп қарамау керек, себебi көрсетiлген шектеу Қазақстан Республикасының Конституциясының 33-бабының 4-тармағы талаптарына сай белгiленген, олар ағымдағы заңдарда нақты көрсетiлетiн болады. Демек, «Мемлекеттiк қызмет туралы» Жарлықтың 33 бабының 2-тармағы Конституцияда бекiтiлген азаматтың құқығымен бостандығына нұқсан келтiрмейдi.

Айтылғандардың негiзiнде және Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 2-тармағын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң конституциялық заң күшi бар «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы» Жарлығының 33, 37, 38-баптарын басшылыққа ала отырып, Конституциялық Кеңес

 

ҚАУЛЫ ЕТТi:

 

1. Қазақстан Республикасы Президентiнiң заң күшi бар «Мемлекеттiк қызмет туралы» Жарлығының 33-бабының 2-тармағы Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкес деп танылсын.

2. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 3-тармағына сәйкес қаулы қабылданған күннен бастап күшiне енедi, Қазақстан Республикасының барлық аумағына бiрдей жалпы мiндеттi болып табылады, Қазақстан Республикасы Президентiнiң конституциялық заң күшi бар «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы» Жарлығының 38-бабының 2 және 3-тармақтарында көрсетiлген жағдайларда ол түпкiлiктi және арыздануға жатпайды.