«Еңбек (қызмет) мiндеттерiн атқару кезiнде жазатайым оқиғаның немесе кәсiби аурудың нәтижесiнде зардап шеккен қызметкердiң өмiрi мен денсаулығына зиян келтiргенi үшiн жұмыс берушiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестiгi туралы

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң1999 жылғы 3 тамыздағы № 17/2 қаулысы

Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi Төраға Ю.А. Ким, Кеңес мүшелерi Н.I. Өкеев, Ж.Д.  Бұсырманов, А. Есенжанов, А.К. Котов және В.Д. Шопин қатысқан құрамда, Қазақстан  Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 2) тармақшасы және «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы» Қазақстан Республикасы Президентiнiң конституциялық заң күшi бар Жарлығының 25-бабы негiзiнде, өтiнiш субъектiсiнiң өкiлi – Қазақстан Республикасының Президентi Әкiмшiлiгiнiң мемлекеттiк-құқықтық бөлiмiнiң бас сарапшысы К.К. Әлжановтың және Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсi мен Сенатының депутаттары А.М. Әмiржанова мен А.В. Белоглазовтың қатысуымен өзiнiң ашық отырысында Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Еңбек (қызмет) мiндеттерiн атқару кезiнде жазатайым оқиғаның немесе кәсiби аурудың нәтижесiнде зардап шеккен қызметкердiң өмiрi мен денсаулығына зиян келтiргенi үшiн жұмыс берушiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестiгi жөнiндегi өтiнiшiн қарады.

Баяндамашы – Конституциялық Кеңестiң мүшесi А.К. Котовты, отырыс қатысушыларының сөздерiн тыңдап және қолда бар материалдарды зерделеп, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi мынаны

АНЫҚТАДЫ:

1999 жылғы 26 шiлдеде Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесiне Қазақстан Республикасының Парламентi 1999 жылғы 8 шiлдеде қабылдаған «Еңбек (қызмет) мiндеттерiн атқару кезiнде жазатайым оқиғаның немесе кәсiби аурудың нәтижесiнде зардап шеккен қызметкердiң өмiрi мен денсаулығына зиян келтiргенi үшiн жұмыс берушiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестiгi жөнiндегi Қазақстан Республикасы Президентiнiң өтiнiшi келiп түстi.

Конституциялық Кеңес аталған Заңды сараптау үстiнде оның жекелеген ережелерiнiң мағынасында Қазақстан Республикасы Конституциясы нормаларының талаптарынан мынадай алшақтаулар бар екенiн тапты.

Мәселен, «Еңбек (қызмет) мiндеттерiн атқару кезiнде жазатайым оқиғаның немесе кәсiби аурудың нәтижесiнде зардап шеккен қызметкердiң өмiрi мен денсаулығына зиян келтiргенi үшiн жұмыс берушiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру туралы»  Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабы 1-тармағының 6) тармақшасында Қазақстан Республикасының Үкiметi «сақтандыру өтемдерiн төлеуден бас тарту негiздемелерiн белгiлейдi» делiнген.

Конституцияның 61-бабының 3-тармағына сай Парламент жеке және заңды тұлғалардың құқық субъектiлiгiне, жеке және заңды тұлғалардың мiндеттемелерi мен жауапкершiлiгiне қатысты нормаларды заңдар түрiнде шығаруға тиiс.

Сақтандыру өтемдерiн төлеуден бас тарту негiздемелерiн белгiлеудiң мағынасы сақтандырушы жауапкершiлiгiнiң шектерiн нормативтi белгiлеу және еңбек (қызмет) мiндеттерiн атқару кезiнде зардап шеккен қызметкердiң өтеу төлемдерiн талап етiп алуға құқықтық мүмкiншiлiктерiнiң шегiн баянды ету болып табылады. Басқаша айтқанда, мiндеттi сақтандырудың бұл түрiндегi қоғамдық қатынастарды реттеудiң негiзгi принциптерi мен нормалары белгiленедi. Бұл құқықты Үкiметке бере отырып, қарастырылып отырған Заңның 9-бабы 1-тармағының 6) тармақшасы жеке тұлғалардың құқық қабiлеттiлiгiн заңға тәуелдi актiлермен шектейтiн уәкiлеттiктi атқарушы өкiмет органына заңсыз берiп отыр.

Қазақстан Республикасында жеке тұлғалардың әрекет қабiлеттiлiгiн азаматтық-құқықтық қатынастардың баршасында, және сақтандыру қатынастарында әсiресе, заңдық актiлермен көзделген реттер мен тәртiп бойынша болмаса, шектеуге немесе айыруға жол берiлмеуi сондай-ақ Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң жалпы бөлiмiнiң 18-бабында және ерекше бөлiмiнiң 839-бабында белгiленген.

«Қазақстан Республикасының Үкiметi туралы» 1999 жылғы 6 мамырдағы Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 9-бабы 9) тармақшасында Республика Үкiметiнiң сақтандыру өтемдерiн төлеуден бас тарту негiздемелерiн белгiлеу мәселелерiн шешу бойынша емес, әлеуметтiк сақтандырудың жүйесi мен шарттарын белгiлеудегi құзыретi баянды етiледi.

Сонымен, Қазақстан Республикасының Үкiметiне еңбек (қызмет) мiндеттерiн атқару кезiнде жазатайым  оқиғаның немесе кәсiби аурудың салдарынан зардап шеккен қызметкерлерге сақтандыру өтемдерiн төлеуден бас тарту негiздемелерiн белгiлеу құқығын беретiн «Еңбек (қызмет) мiндеттерiн атқару кезiнде жазатайым оқиғаның немесе кәсiби аурудың салдарынан зардап шеккен қызметкердiң өмiрi мен денсаулығына зиян келтiргенi үшiн жұмыс берушiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабы 1-тармағының 6) тармақшасы конституциялық емес болып табылады, себебi Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабы 3-тармағы 1) тармақшасының ережелерiне қайшы келедi және «Қазақстан Республикасының Yкiметi туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 9-бабы 9) тармақшасының нормасын беталды кеңейтедi.

Баяндалғанның негiзiнде және Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi

ҚАУЛЫ ЕТТi:

1. «Еңбек (қызмет) мiндеттерiн атқару кезiнде жазатайым оқиғаның немесе кәсiби аурудың салдарынан зардап шеккен қызметкердiң өмiрi мен денсаулығына зиян келтiргенi үшiн жұмыс берушiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 9-бап 1-тармақ 6) тармақшаның ережесi бөлiгiнде конституциялық емес деп танылсын.

2. Соған байланысты, «Еңбек (қызмет) мiндеттерiн атқару кезiнде жазатайым оқиғаның немесе кәсiби аурудың салдарынан зардап шеккен қызметкердiң өмiрi мен денсаулығына зиян келтiргенi үшiн жұмыс берушiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен бiр мезгiлде, яғни 2000 жылғы 1 қаңтардан бастап, әрекетке енгiзiлуi көзде тұтылған оған iлеспе «Еңбектi қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерiстер енгiзу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қол қойылуға жатпайды.

3. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабы 3-тармағына сәйкес осы қаулы қабылданған күнiнен бастап күшiне енедi, шағымдануға жатпайды, Республиканың бүкiл аумағында жалпыға бiрдей мiндеттi және Қазақстан Республикасы Конституциясының 73-бабының 4-тармағында көзделген реттердi ескерiп, түпкiлiктi болып табылады.