Ақмола облыстық сотының «Қазақстан Республикасының

Қылмыстық кодексін күшіне енгізу туралы» 1997 жылғы

16 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабын конституциялық емес деп тану жөнiндегi ұсынымы туралы

 

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнің

2000 жылғы 2 тамыздағы № 17/2 қаулысы

 

Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi Конституциялық Кеңес Төрағасының мiндетiн атқарушы Н.I. Өкеев, Кеңес мүшелерi А. Есенжанов, А.К. Котов, Қ.Ә. Омарханов және В.Д. Шопин қатысқан құрамда, Қазақстан Республикасының Президентi Әкiмшiлiгiнiң мемлекеттiк-құқық бөлiмiнiң аға референтi Т.Е. Нұғымановтың қатысуымен өзiнiң ашық отырысында Ақмола облыстық сотының «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiн күшiне енгiзу туралы» 1997 жылғы 16 шiлдедегi Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабын конституциялық емес деп тану жөнiндегi ұсынымын қарады.

Қолдағы бар материалдарды, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия мемлекеттiк университетiнiң қылмыстық құқық және процесс кафедрасының меңгерушiсi – сарапшы Қ.Ж. Балтабаевтың қорытындысын зерделеп, баяндамашы А. Есенжановтың хабарын тыңдап, Конституциялық Кеңес мынаны

 

АНЫҚТАДЫ:

 

Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесiне 2000 жылғы 3 шiлдеде Ақмола облыстық сотының ««Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiн күшiне енгiзу туралы» 1997 жылғы 16 шiлдедегi Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабын конституциялық емес деп тану жөнiндегi ұсынымы келiп түстi.

 Ұсынымнан мәлiм болғанындай, Ақмола облыстық сотының iс жүргiзуiнде, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша, бiрнеше рет, үй-жайға кiрумен, қару ретiнде пайдаланылатын заттарды қолданумен жасалған қарақшылық үшiн жауаптылықты көздейтiн 179-бабы, 2-бөлiгi, а), б), в), г) тармақтары бойынша Д.В.Васиневке айып тағу жөнiндегi қылмыстық iс жатыр. Бұл iс Ақмола облысы Есiл ауданы прокурорының осы аудан сотының үкiмiне келтiрген наразылығы бойынша қабылданған болатын. Прокурордың наразылығында, сотталушының әрекетi, «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiн күшiне енгiзу туралы» 1997 жылғы 16 шiлдедегi Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына сай, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң, ұрлық немесе қорқытып алушылығы үшiн бұрын екi немесе одан да көп рет сотталған адам жасаған қарақшылық үшiн жауаптылықты көздейтiн 179-бабы 3-бөлiгiнiң г) тармағы бойынша айқындалуы тиiс, деп көрсетiлген.

«Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiн күшiне енгiзу туралы» 1997 жылғы 16 шiлдедегi Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабында: «Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 175-бабына Ескертудiң 4-тармағында бекiтiлген ереже «Қазақ КСР-iнiң Қылмыстық Кодексiн бекiту туралы» 1959 жылғы 22 шiлдедегi Қазақ КСР Заңымен бекiтiлген Қазақ КСР Қылмыстық Кодексiнiң 63 (бандитизм), 76 (ұрлық), 76-1 (тонау), 76-2 (шабуыл жасап  тонау), 76-3  (алаяқтық), 76-4 (бөтен бiреудiң мүлкiн меншiктену немесе жұмсап қою жолымен немесе қызмет бабын пайдаланып, қиянат жасау жолымен талан-таражға салу), 76-7 (қорқытып алу), 203-бабында (атылатын қаруды, оқ-дәрiнi немесе жарылғыш заттарды ұрлау), 205-2 (радиоактивтi материалдарды ұрлау), 213-1 (есiрткi заттарды ұрлау) баптарында көзделген қылмыстардың қайсыбiреуiн бұрын жасаған адамдарға қолданылады» делiнген.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 175-бабына Ескертудiң 4-тармағына сай, «осы тараудың баптарында, сондай-ақ осы Кодекстiң басқа баптарында ұрлық немесе қорқытып алушылық үшiн бұрын сотталған адам деп осы Кодекстiң 175-181, 248, 255, 260-баптарында көзделген бiр немесе бiрнеше қылмыс үшiн сотталған адам танылады».

Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген Қылмыстық кодексiнiң жоғарыда аталған нормаларын, 1959 жылғы 22 шiлдеде қабылданған Қазақ КСР-i Қылмыстық кодексiнiң осы тақiлеттес нормаларымен салыстырмалы түрде талдай келе, өтiнiш субъектiсi, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 179-бабы 3-бөлiгiнiң г) тармағында және «Меншiкке қарсы қылмыстар» тарауының басқа баптарының осы тақiлеттес тармақтарында көзделген, бұл жағдайда ұрлық немесе қорқытып алушылығы үшiн бұрын екi немесе одан да көп рет сотталған адам жасаған қарақшылық, айқындаушы белгiнi осы қарастырылып отырған Заңның 8-бабы арқылы қолдануға болмайды деп пайымдайды. Соған орай мынадай дәлелдер келтiрiледi.

Қазақ КСР-iнiң 1959 жылғы 22 шiлдедегi Қылмыстық кодексiнде, екi және одан да көп рет ұрлық немесе қорқытып алушылық жасағаны немесе пайдакүнемдiк қылмыс (оның санынан тәуелсiз) жасағаны үшiн екi және одан да көп рет сотталған адамдардың iс-әрекетi «қайталап» белгiсi бойынша айқындалатын. Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген Қылмыстық кодексiнде болса «қайталану» айқындаушы белгiсi «бiрнеше рет» айқындаушы белгiмен ауыстырылған және, алаяқтықты алып тастағанда, жаза жеңiлдетiлген.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде «бiрнеше рет» айқындаушы белгiмен қатар, жауаптылығын күшейте отырып, мынадай жаңа дербес айқындаушы белгi енгiзiлген: дәл осындай қылмысы үшiн екi және одан да көп рет сотталған адамның ұрлық немесе қорқытып алушылық жасауы. Ақмола облыстық сотының пiкiрi бойынша, бұл сотталушының жағдайын нашарлатады, себебi екi немесе одан да көп рет сотталған адамның жасаған қылмысы үшiн, өте қауiптi рецидивист жасаған қылмыспен бiрдей жауаптылықты көздейдi. Ал бұл, облыстық соттың пiкiрiнше, Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабы  3-тармағының 5) тармақшасында баянды етiлген заңның керi күшi туралы конституциялық принципке қайшы келедi. Ал қарастырылып отырған Заң 8-бабының өте қауiптi рецидивист деп танылған да, танылмаған да адамдардың бәрiне тарауы, Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабында баянды етiлген, заң алдында жұрттың бәрi тең деген конституциялық принциптi бұзады. Баяндалғанның негiзiнде, Ақмола облыстық соты

«Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiн күшiне енгiзу туралы» 1997 жылғы 16 шiлдедегi Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабын конституциялық емес деп тануды сұрайды.

Осы ұсынымды қарау кезiнде Конституциялық Кеңес мынаны ескердi.

Конституциялық Кеңес, Ақмола облыстық сотының, ұрлық немесе қорқытып алушылығы үшiн бұрын екi немесе одан да көп рет сотталған адамның пайдакүнемдiк қылмыс жасауын айқындайтын белгiнi, онымен бiр мезгiлде Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде бiрнеше реттiлiктi айқындайтын белгi болып тұрғанда қолдануға болмайды деген дәлелдерiн қарай алмайды. Қылмыстық- жазаланатын әрекеттердiң құрамын топтастыру, соның iшiнде олардың айқындалатын белгiлерiн анықтау заң шығарушының төтенше құзыры болып табылады, ал нақтылы бiр қылмыстық әрекеттердiң айқындалуы жөнiндегi даулар процессуалдық заңдарда белгiленген тәртiппен шешiледi.

Республика Конституциясы 78-бабының ережелерiнен келiп шығып, Ақмола облыстық соты Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 5) тармақшасына қайшы келедi деп есептейтiн, «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiн күшiне енгiзу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының осы аталған 8-бабы ғана Конституциялық Кеңес қарауының нысаны бола алады.

Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 5) тармақшасына сәйкес, жауапкершiлiктi белгiлейтiн немесе күшейтетiн, азаматтарға жаңа мiндеттемелер жүктейтiн немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың керi күшi болмайды. Яғни, мұндай заңдар оларды енгiзгенге дейiн жасалған әрекеттерге қатысты қолданылмайды.

Алайда, «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiн күшiне енгiзу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабы, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң бұдан да қатаң санкциялары бар баптарын осы аталған кодекстi күшiне енгiзуге дейiн жасалған әрекеттерге тiкелей қолдануды көздемейдi де. Заңның қарастырылып отырған бабы, меншiкке қарсы қайталап қылмыс жасаған адамның әрекетiн айқындау кезiнде, олардың Қазақ КСР-iнiң Қылмыстық кодексi күшiнде болған мерзiмде өтелмеген немесе алынып тасталмаған соттылығын ескеруге мүмкiндiк бередi. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiн қабылдау кезiнде, заң шығарушы оның меншiкке қарсы қылмыстар туралы баптарына «бұрын екi немесе одан да көп рет сотталған адамның қылмыс жасауы» деген айқындау белгiсiн енгiзгендiктен, сотталуды тiркеудiң ережесiн де көзде тұту қажет болатын, олар қолданылып жүрген Қылмыстық кодекстiң 175-бабына Ескертудiң 4-тармағында, ал Қазақ КСР-iнiң Қылмыстық кодексi күшiнде болған мерзiмде орын алған қылмыстардың осы санаттары бойынша сотталуларға қатысты – «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiн күшiне енгiзу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабында баяндалған.

Облыстық соттың ұсынымында, Қылмыстық кодекстiң 179-бабы 3-бөлiгiнiң г) тармағын да («ұрлық немесе қорқытып алушылығы үшiн бұрын екi немесе одан да көп рет сотталған адам» жасаған қарақшылық айқындалатын белгiнi анықтайтын), Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 175-бабына Ескертудiң 4-тармағын да конституциялық емес деп тану туралы мәселе қойылмайды. Алайда, бұл нормалар «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiн күшiне енгiзу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабымен тығыз байланысты, онысыз олар өз мағынасын жоғалтады. Қарастырылып отырған заң нормасы рецидивтi (бұрын осы тақiлеттес қылмыс бойынша сотталған адам жасаған) деп айқындалған қылмыс үшiн жазаны белгiлеудiң тiкелей тәртiбiн анықтамайды.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi 59-бабының 1-бөлiгiне сай, жаза әртүрлi мән-жайды, соның iшiнде, бұрын жасалған да, жаңадан жасалған да қылмыстардың сипатын және қоғамдық қауiптiлiк дәрежесiн ескерiп белгiленуi тиiс. Бұл, егер Заңның 8-бабын қолданып жауаптылыққа тартылып отырған нақтылы бiр сотталушы, бұдан алдын ала жазасын ауырлататын жағдайларда жасалған қылмыстары үшiн емес, облыстық соттың ұсынымында айтылғандай, Қазақ КСР-iнiң Қылмыстық кодексi тиiстi баптарының «бiрiншi бөлiгi бойынша» сотталған болса, онда сот бұл сотталушыға жазалау мөлшерiн анықтау кезiнде бұл жағдайларды ескеру мүмкiндiгiне ие дегендi бiлдiредi. Демек, «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiн күшiне енгiзу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабын қолдану кезiнде, рецидивтi қылмыс үшiн жазалау, жауаптылықты күшейтетiн заңға (Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiне) керi күш беру арқылы түгелдей анықталады деп айтуға болмайды. Оған Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi 59-бабының 3-бөлiгi де көрсетiп тұр, оған сәйкес, егер осы аталған кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң бабы (баптың бөлiгi) қылмыс жасаған адамның сотталғандығын айқындаушы белгi ретiнде көрсетiп тұрса, қылмыстардың рецидивi, қауiптi рецидивi немесе ерекше қауiптi рецидивi кезiнде жазалау, осы баптың екiншi бөлiгiнде көзделген ережелердi, яғни қылмыс рецидивiнiң әртүрлi нысандарында мерзiм мен мөлшердiң ең төменгi шегiн белгiлейтiн ережелердi ескермей отырып белгiленедi.

Осылайша, Конституциялық Кеңес «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiн күшiне енгiзу туралы» 1997 жылғы 16 шiлдедегi Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабын, Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 5) тармақшасына сәйкес емес деп тану үшiн негiз жоқ деп есептейдi. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң бұл бабы адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтiрмейдi.

Баяндалғанды ескерiп және Қазақстан Республикасы Конституциясы 72-бабының 2-тармағын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы» конституциялық заң күшi бар Жарлығының 33, 37, 38 және

41-баптарын басшылыққа алып, Конституциялық Кеңес

 

ҚАУЛЫ ЕТЕДi:

 

1. «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiн күшiне енгiзу туралы» 1997 жылғы 16 шiлдедегi Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес деп танылсын.

2. Қазақстан Республикасы Конституциясы 74-бабының 3-тармағы негiзiнде қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшiне енедi, шағымдануға жатпайды, Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында жалпыға бiрдей мiндеттi және Қазақстан Республикасы Конституциясы 73-бабының 4-тармағында көзделген жағдайды ескерiп, түпкiлiктi болып табылады.

3. Осы қаулы қазақ және орыс тiлдерiнде республикалық ресми басылымдарда жариялансын.