2016 жылғы 16 маусымдағы № 09-2/1 Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің  Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың  жай-күйі туралы жолдауы

Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі Қазақстан Республикасы Конституциясының 53-бабының 6) тармақшасына және «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» 1995 жылғы 29 желтоқсандағы № 2737 Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 17-бабы 4-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Парламентіне «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» Жолдауын ұсынады.

Биылғы жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігіне жиырма бес жыл толады. Сондықтан Конституциялық Кеңес осы Жолдауда Республика Конституциясында бекітілген құндылықтарға сәйкес мемлекеттік құрылыс бойынша өз көзқарасын білдіруді, өз шешімдерінің осы тарихи үдерістегі маңызын көрсетуді қажет деп санайды.

Мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі – халықтың еркін орындау мақсатында 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңмен еліміздің мемлекеттік тәуелсіздігі салтанатты түрде жария етілді. Оның негіздері ата-бабаларымыздың аңсаған арманынан, озық ойшылдарымыздың қызметі мен құжаттарынан, отандастарымыздың қан майдандағы ерлігі мен жасампаз еңбегінен бастау алды және Қазақ ССР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы 1990 жылғы 25 қазандағы декларацияда жария етілді. Ел азаматтары Қазақстанның тәуелсіздігін басты конституциялық құндылық және Ұлтты сақтап қалудың түп қазығы деп қабылдайды.

Тәуелсіздігімізді қалыптастыру мен нығайтуда, жаңа қазақстандық мемлекеттілікті сәттілікпен құруда түбегейлі рөл Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа тиесілі. 1991 жылғы 1 желтоқсанда тікелей сайлау барысында халықтың толық сеніміне ие болып, Елбасы конституциялық негізде Жаңа Дәуірге серпілуді қамтамасыз етті және Қазақстанды бейбітшілік пен өркендеу жолымен алға бастап келеді.

Мемлекет басшысы өзінің «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына 2015 жылғы 30 қарашадағы Жолдауында, небәрі ширек ғасырда Қазақстан жаһандық шаруашылық байланыстарға қосылған егемен ұлттық экономика және ұлттардың әлемдік отбасының толыққанды қатысушысына айналған мемлекет ретінде қалыптасты, деп атап өтті.

Дүниетанымымызға маңызды серпіліс берген «Қазақстан-2030» Стратегиясында еліміздің даму жолы көрсетілген болатын. Соның арқасында үшқұлақ жаңғырту жүргізілді: қазіргі заманғы мемлекет құрылды және нарықтық экономикаға өту басталды; әлеуметтік мемлекеттің іргетасы қаланды; қоғамдық сана қайта қалыптастырылды. Дамудың таңдап алынған саяси, әлеуметтік-экономикалық және сыртқы саяси моделі өзінің тиімділігін дәлелдеп шықты.

Қазақстан әлемдегі бәсекеге неғұрлым қабілетті 50 елдің қатарына енді және «Қазақстан-2050» Стратегиясының басты мақсаты – неғұрлым дамыған 30 елдің қатарына енуге ұмтылуда.

Бұған жоғары биліктің Қазақстан дамуының келешегін, өзі айқындаған басымдықтарды іске асырудың бағыттары мен жолдарын анық көре білуі, азаматтардың, қоғам мен мемлекеттің күш-жігерін соларды іске асыруға жұмылдыруы, сондай-ақ әлемдік және өңірлік дағдарыстардан туындайтын уақыт сыны мен тәуекелдерді болдырмаудың арқасында қол жетті.

Елордамыз – Астана Елбасымыздың стратегиялық идеяларының іске асуы, барша қазақстандықтардың мақтанышы. Астана мен тәуелсіз Қазақстан – егіз ұғымдар, Астана дегенде Отанымызды тұтас түсінеміз. Астана – мемлекеттің әкімшілік орталығы ғана емес, еліміздің экономикалық, саяси және әлеуметтік жетістіктерінің де нышаны.

Бүгінде Қазақстан «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институционалдық реформаларын жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» атты Ұлт Жоспарында анық баяндалған өз дамуының жаңа кезеңіне аяқ басты. Олардың қатарында: қазіргі заманғы, кәсіби және автономиялы мемлекеттік аппаратты қалыптастыру; заңның үстемдігін қамтамасыз ету; индустрияландыру және әртараптандыруды негіз еткен экономикалық өсім; болашағы біртұтас ұлт; сондай-ақ транспарентті және есеп беруші мемлекет.

Егемен Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың толық құқылы мүшесіне айналды. Еліміздің жетістіктері мен Елбасының жеке беделі Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымында, Ислам ынтымақтастығы ұйымында, Шанхай ынтымақтастығы ұйымында, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында және басқа да халықаралық ұйымдарда табысты төрағалық етуіне негіз болды. Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде дауысқа түсуі еліміздің халықаралық құқық субъектілігін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашады. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылымдарымен және басқа да жаһандық беделді қатысушылармен тығыз ынтымақтаса отырып, ұлттық мүдделерді қамтамасыз ету, жаңадан туындайтын сыртқы қауіп-қатердің алдын алу және сейілту, халықтар арасындағы бейбітшілікті, келісім мен төзімділікті нығайту, Жер ғаламшарын мекендейтін барша адамның игілігін көздейтін экономикалық даму саясатына бастама жасап, жүргізіп келеді. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымына енгізген «Әлем. ХХІ ғасыр» Манифесінде ол өзінің жинақталған көрінісін тапты.

Қазақстан Республикасы, тәуелсіз мемлекет және халықаралық қатынастардың өз алдына дербес субъекті бола отырып, өзге мемлекеттермен ынтымақтастық және бейбіт көршілік саясатын Қазақстан халқының мүддесіне орай, Қазақстан Республикасының Конституциясы негізінде және оның халықаралық шарттары мен заңдарына сәйкес жүзеге асырады.

Тәуелсіздіктің Базалық Құндылықтары

Еліміздің Конституциясы Тәуелсіздіктің, жаңа мемлекеттілікті қалыптастырудың, нығайтудың және жетілдірудің саяси-құқықтық тұғыры болып табылады.

Мемлекеттік тәуелсіздікті құрған тарихи құжаттардың озық ережелері Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 28 қаңтардағы алғашқы Конституциясына, ал кейінірек – 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумде қабылданған Республиканың қолданыстағы Конституциясына негіз етіп алынды. Ол тәуелсіз Қазақстанның заңдылығын және халықаралық деңгейде танылуын қамтамасыз еткен, қоғамды біріктіретін басты құндылықтары мен құрылымдарын түпкілікті бекітті.

Негізгі Заңға сәйкес Республиканың Президенті – халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі. Мемлекет басшысының Конституцияның әлеуетін мейлінше аша түсу жөніндегі қатаң тапсырмасы арқасында мемлекеттіліктің негізгі құрағыштары айтарлықтай қысқа мерзімде аса маңызды мемлекеттік шешімдерде іске асырылды.

Негізгі Заңның рухы мен идеяларының күнделікті өмірге енуі, өмірдің барлық жақтарын дәйектілікпен Конституцияға сәйкестендіру құқықтық әдістермен қатар, стратегиялық мемлекеттік жоспарлау құжаттарын кезектілікпен іске асыру, нарықтық экономиканы бекемдеу, этносаралық және конфессияаралық келісімді, әлеуметтік кепілдіктерді нығайту, мәдениет пен білім салаларын дамыту арқылы қамтамасыз етіледі.

Өз кезегінде, қоғам мен мемлекет қол жеткізген жаңа жағдайды ескере отырып, және де кезектегі міндеттерді шешу мақсатында 1998 және 2007 жылдары жүргізілген конституциялық реформалар және 2011 жылы оны «нысаналы» толықтыру арқылы қолданыстағы Конституция жаңғыртылды. Негізгі Заңға енгізілген новеллалар еліміздің құқық жүйесінде және күнделікті өмірінде заң шығару арқылы жедел іске асырылып отырды.

Қазақстанның даму стратегиясы және соған негізделген құқықтық саясаты қайта құрулардың жүйелілігін және кешенділігін, ал қорыта келе – Мемлекеттік Тәуелсіздіктің синергетикалық тиімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Республикада конституциялық патриотизмге негізделген, басты қағидаттары – құқықтың үстемдігі және құқықтық тәртіп, заңға жаппай бойсұну және қауіпсіздік, еркіндік және жауапкершілік болып табылатын мемлекет мақсатты түрде қалыптастырылып келеді.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы қазақстандық біртектілік пен бірлікті, қоғамдық келісімді нығайтатын жалпыазаматтық құндылықтардың жүйелі жиынтығы болып табылады. Ол Конституцияның кіріспесінен қисынды түрде туындайды, еліміздің өткенін, бүгінгісі мен болашағын байланыстырады, барша қазақстандықтардың басын біріктіреді және қазақстандық біртектіліктің дүниетанымдық тұғыры болып табылады. 2015 жылы Қазақстан патриоттарының Республикалық Форумы мақұлдаған және биылғы жылғы 26 сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХIV сессиясында қабылданған «Мәңгілік Ел» Патриоттық Актісі оның заңи нысанына айналды.

Бірегей мемлекеттік-қоғамдық институт – Қазақстан халқы Ассамблеясы этномәдени бірлестіктердің, Парламент және мәслихаттар депутаттарының, орталық және жергілікті атқарушы органдар басшыларының, қоғам қайраткерлерінің, саяси партиялар, діни бірлестіктер, мемлекеттік емес ұйымдар, оқу орындары, ғылыми, шығармашыл зиялы қауым және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің басын қосады. Бүгінгі таңда «Мәңгілік Ел» Патриоттық Актісінің орындалуына мониторинг жүргізудің басты институты ретінде Ассамблеяның алдында жаңа кеңістіктер ашылды.

Адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары тәуелсіз Қазақстанның ең қымбат қазынасы деп танылады (Конституцияның 1-бабының 1-тармағы). Конституцияның және соған негізделген құқықтық актілердің, оның ішінде мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының бәрінің негізгі мазмұнында әрбір қазақстандыққа деген қамқорлық жатыр. Соның арқасында қоғам өмірінің барлық саласында жеке тұлғаның басымдығы қамтамасыз етіледі.

Адам құқықтары, оларды іске асырудың кепілдіктері мен механизмдері, азаматтардың жауапкершілігі туралы конституциялық нормалар Конституциялық Кеңестің ресми түсіндіруіне бірнеше рет нысана болып, бұл ережелердің жүйе құраушы рөлін ол үнемі атап отырды:

адамның құқықтары мен бостандықтарының тізбесіне мемлекет Республика Конституциясының және соған сәйкес келетiн басқа да нормативтiк құқық актiлердiң нормалары белгiлеген шекте кепiлдiк бередi. Адамның құқықтары мен бостандықтарын абсолюттi деп тану олардың Қазақстан Республикасының аумағында тұратын әр адамға, оның Республика азаматы болуы-болмауына қарамастан, таралатынын бiлдiредi. Құқықтар мен бостандықтардан ешкiм айыра алмайды дегенде, Конституция белгiлеген құқықтар мен бостандықтардан адамды ешкiм, соның iшiнде мемлекет те, Конституция мен соның негiзiнде қабылданған заңдарда көзделгеннен басқа жағдайларда, айыра алмайтыны көзделеді. Адамның көрсетілген құқықтары мен бостандықтары Қазақстан Республикасы Конституциясының 12-бабының 2-тармағына сәйкес заңдар мен басқа да нормативтiк құқықтық актiлердiң мазмұны мен қолданылуын белгiлейдi (Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1996 жылғы 28 қазандағы № 6/2 нормативтік қаулысы (бұдан әрі – КК нормативтік қаулысы);

құқықтардың және бостандықтардың нақты бiр түрiнiң конституциялық құқық деңгейiне жеткiзiлуi және Конституцияда оның кепiлдiлiгiнiң жариялануы мемлекеттiң осы құқықтар мен бостандықтардың жүзеге асырылуын қамсыздандыруды өзінің ерекше мiндетiне алғандығы деп есептеледі (КК 1999 жылғы 12 наурыздағы № 3/2 және 2005 жылғы 29 сәуірдегі № 3 нормативтік қаулылары);

заң шығарушы заңдарды қабылдаған кезде конституциялық құқықтар мен бостандықтардың мәнiн бұрмаламай және конституциялық анықталған мақсаттарға сәйкес келмейтiн шектеулер енгiзбей, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын шектеудiң жол берiлетiн конституциялық шегiн негiз етiп алуға тиiс (КК 2008 жылғы 27 ақпандағы № 2 нормативтік қаулысы);

Қазақстан адам құқықтарын қорғау саласындағы негізгі әмбебап халықаралық шарттарға қатысып, олардың ережелерін ұлттық заңнамасына имплементациялап отырады.

Ішкі мемлекеттік шаралар Конституцияның үстемдігі негізінде қолға алынады, бұған Конституциялық Кеңес бірнеше қорытынды шешімдерде назар аударды:

Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының 1-тармағына сай Конституция нормаларына сәйкес келетiн Республиканың халықаралық шарттары мен өзге де мiндеттемелерi Республиканың қолданылатын құқығының құрамдас бөлiгi болып табылады;

Қазақстан Республикасының халықаралық шарты немесе оның жекелеген ережелерi белгiленген тәртiппен, Негiзгi Заңның 4-бабының 
2-тармағына сай Республиканың аумағында ең жоғары заңдық күшi бар Республика Конституциясына қайшы деп танылған жағдайда, мұндай шарт толығымен немесе Конституцияға сәйкес емес деп танылған бөлiгiнде орындауға жатпайды;

бекiтiлген халықаралық шарттардың заңдардан басымдығы және тiкелей қолданылуы дегенде, мұндай шарттар нормаларының заң нормаларына қайшы келетiн реттерде басымдығы көзделеді (КК 2000 жылғы 11 қазандағы № 18/2 және 2006 жылғы 18 мамырдағы № 2 нормативтік қаулылары);

азамат өз Республикасының аумағында оның қолданыстағы құқығының субъектісі болып табылады. Оның құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері бұзылған немесе ол құқыққа қайшы әрекет жасаған жағдайда оған Қазақстанның мемлекеттік билігінің юрисдикциясы тарайды, оны жүзеге асыру Республиканың тиісті мемлекеттік органдарына жүктелген (КК 2001 жылғы 7 мамырдағы № 6/2 нормативтік қаулысы).

Конституциялық Кеңестің бұл келтірген құқықтық ұстанымдарын орындау мақсатында Республиканың бекітілген кейбір халықаралық шарттарына, атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасында жасалған «Байқоңыр» кешенін жалға беру туралы 1994 жылғы 10 желтоқсандағы Шартқа және Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасында жасалған «Байқоңыр» кешені аумағында құқық тәртібін қамтамасыз етудегі құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылы туралы 1997 жылғы 4 қазандағы Келісімге түзетулер енгізілді.

Отбасы институты біртұтас Қазақстан қоғамының өзегі болып табылады. Халықтың ең жақсы рухани-имандылық құндылықтары – төзімділік, еңбекқорлық, Отанға сүйіспеншілік, үлкенге құрмет, болашаққа ұмтылыс берік отбасылық байланыстар арқылы ұрпақтан-ұрпаққа беріледі. Мемлекет басшысының бастамасымен 2013 жылдан бері ерекше мән-маңызға ие мереке – Отбасы күні жыл сайын атап өтіледі.

Конституциялық Кеңес 2015 жылғы 18 мамырдағы № 3 нормативтік қаулыда неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады және олар Негізгі Заңда тұжырымдалған биік мақсаттар мен базалық қағидаттардан заңды түрде туындайтын Республиканың іргелі конституциялық құндылықтары қатарына жатады. Өзінің жиынтығында олар ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етеді, егемендіктің иесі, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы болып табылатын Қазақстан халқының сақталуы мен дамуының шарттары ретінде көрінеді, деп атап көрсетті.

1992 жылғы 4 маусымда тәуелсіздіктің басты атрибуттары – Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері: Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Әнұран (2006 жылғы 7 қаңтарда жаңартылған) бекітілді. Олар Республиканың мемлекеттік біртектілігі мен егемендігін бейнелейді, жаңа тәуелсіз мемлекеттің бейнесін – барша қазақстандықтардың ортақ үйін әлемге паш етеді.

Конституциялық Кеңес мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібін құқықтық реттеу мәселелері бойынша түсіндірме берді: мемлекеттiк рәмiздерде тек қана қазақ тiлiнiң пайдаланылуы мемлекеттiк тiлдiң жоғары саяси-құқықтық мәртебесiн айғақтайды, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасын ресми пайдалану тәртібін айқындау заң шығарушының құзыретіне жатады және конституциялық заңмен белгіленеді (КК 2006 жылғы 6 шілдедегі № 3 және 2007 жылғы 23 ақпандағы № 3 нормативтік қаулылары).

Бүгінде Қазақстан халықаралық деңгейде заңды түрде ресімделген мемлекеттік шекараға – Республиканың егемендігі мен аумағының тұтастығына кепілдік беретін бейбітшілік пен тату көршіліктің шебіне ие.

Конституциялық Кеңес атап өткендей, мемлекет аумағы сол мемлекет өмiр сүретiн және егемен билiк ұйымы ретiнде қызмет iстейтiн кеңiстiк шегiн бiлдiредi. Аумақтық тұтастық – Қазақстанның ұлттық қауiпсiздiгiн айқындаушы шарт болып табылады және оның аумағын бөлшектеуге, мемлекеттiң келiсiмiнсiз табиғи ресурстарды пайдалануға және Қазақстан аймақтарының мәртебесiн өздiгiнше өзгертуге жол берілмейтінін, мемлекеттiк шекараның мызғымастығын және мемлекеттiң ұлттық мүддесi мен егемендi теңдiгiне нұқсан келтiретiн аумақтық шегiнiмге тыйым салынатынын білдіреді. Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығын өзгерту үшін Конституцияға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы бастама жасауға болмайды (КК 1998 жылғы 4 желтоқсандағы № 13/2, 2003 жылғы 23 сәуірдегі № 4 нормативтік қаулылары).

Қазақстанның егемендiгi Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық қатынастарға да қолданылады, ал Конституцияда көзделген Республика егемендiгiнiң, тәуелсiздiгiнiң және конституциялық құрылысының негiздерiне жататын жалпы ережелер, принциптер мен нормалар (1-5, 10-12, 34, 36, 39 және өзге де баптары) бiрiншi кезекте Конституциямен, ал содан кейiн ғана – соған негiзделетiн заңдық күшi кемдеу нормативтiк құқықтық актiлермен қамтамасыз етiлiп, қорғалады (КК 2003 жылғы 1 желтоқсандағы № 12, 2009 жылғы 5 қарашадағы № 6 нормативтік қаулылары, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы 2015 жылғы 16 маусымдағы № 11-2/1 Жолдауы).

Қазақстанда Мемлекет басшысының тиімді де салиқалы, мемлекеттік тілдің басымдығына және Қазақстан халқының тілдерін құрметтеуге негізделген тіл саясаты жүзеге асырылып келеді. Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 29 маусымдағы № 110 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 - 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуы, сондай-ақ «Тілдердің үштұғырлығы» атты бірегей жобаның енгізілуі мемлекеттік тілді құрметтеуге, тіліне байланысты кемсітуге жол бермеуге септігін тигізеді.

Конституциялық Кеңес Негізгі Заңның тілдер туралы нормаларының мән-мазмұнын түсіндіретін, оларды қолданудың шарттары мен тәртібін белгілейтін шешімдер қабылдады:

қазақ тiлiнiң мемлекеттiк тiл ретiнде конституциялық жолмен баянды етiлуiнен келiп шығатыны, қазақ тiлi Қазақстан мемлекеттiлiгiн айқындайтын факторлардың бiрi болып табылады, оның егемендiгiн рәмiздейдi және Қазақстан халқының бiрлiгiн бiлдiретiн, Республиканың конституциялық-құқықтық мәртебесiнiң элементi болып табылады;

«мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады» деген Конституцияның 7-бабының 2-тармағы, мемлекеттiк ұйымдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында қазақ және орыс тiлдерi тең дәрежеде, ешбiр жағдайдан тыс бiрдей қолданылады, деп бiржақты түсiндiрiледi;

қазақ және орыс тiлдерiн пайдаланудағы теңдiк сондай-ақ нормативтiк құқықтық актiлердiң қазақ және орыс тiлдерiндегi мәтiндерiнiң заңдық маңызы тең екенiн де бiлдiредi;

Конституция әркiмге өз қалауы бойынша қарым-қатынас тiлiн таңдап алу құқығын бередi;

мемлекет қоғамда қызмет етушi кез келген тiлдi қорғауға және тiлiне байланысты кемсiтушiлiктiң алдын алуға тиiс. Заңнама және құқық қолдану практикасы Конституцияның 14-бабы 2-тармағының ешкiмдi ешқандай, соның iшiнде тiлiне байланысты, кемсiтуге болмайды деген нормасын ескеруге тиiс (КК 1997 жылғы 8 мамырдағы № 10/2, 2009 жылғы 11 ақпандағы № 1 және 2015 жылғы 18 мамырдағы № 3 нормативтік қаулылары).

Адамның егемен Қазақстанмен тұрақты саяси-құқықтық байланысын білдіретін Қазақстан Республикасының азаматтығы институты – барша қазақстандықтардың құндылығы, өзінің әл-ауқатты Отаны бар екенін сезіну, оның жетістіктерін мақтан тұту және оның игілігіне қызмет ету.

Негізгі Заңның азаматтық институты мәселелерін реттейтін нормаларын түсіндіре отырып, Конституциялық Кеңес мыналарды атап өтті:

азаматтық институты Республика егемендігінің, тәуелсіздігі мен конституциялық құрылысының айқындаушы белгісі болып табылады, өйткені мемлекеттің азаматтарынан тұратын Қазақстан халқы ғана «мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы» болып табылады және «билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді» (Конституцияның 3-бабының 1 және 2-тармақтары);

азаматтықтың бірыңғайлығы туралы конституциялық принцип мемлекеттің біртұтастығынан келіп шығады және Республика азаматтарының бірыңғай конституциялық құқық субъектілікке негізделген бірыңғай құқықтық мәртебеге ие екендігін білдіреді (Конституцияның 2-бабының 1-тармағы, 12-бабының 3-тармағы, 13-бабының 1-тармағы). Азаматтықтың теңдігі принципі дегенде, Республика азаматтарының тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қатыссыз, құқықтарының, бостандықтары мен міндеттерінің теңдігін түсінген жөн (КК 2003 жылғы 1 желтоқсандағы № 12 нормативтік қаулысы).

Конституциялық Кеңес азаматтың конституциялық мәртебесінің түрлі аспектілерін түсіндіре келе, қазақстандықтардың азаматтығына орай құқықтары мен бостандықтары өзге адамдар алдындағы, қоғам мен мемлекет алдындағы жауапкершілігінен ажырағысыз екеніне үнемі назар аударып келеді.

Конституцияда Республика қызметінің түбегейлі принциптері қатарында қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық айқындалған (1-бабының 2-тармағы). Олар мемлекеттің, оның институттарының, қоғамдық бірлестіктердің және әрбір азаматтың қызметінде ерекше маңызды орын алады.

Негізгі Заң кіріспесінің ережелері, мынадай: жұрттың бәрінің теңдігі және кез келген жағдаят бойынша кемсітуге тыйым салынатыны; идеологиялық және саяси саналуандылық; әркімнің ана тілі мен төл мәдениетін пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдап алуға құқығы; Мемлекет басшысы Сенат депутаттарының бір бөлігін тағайындаған кезде қоғамның ұлттық-мәдени және өзге де елеулі мүдделері ескерілуін қамтамасыз ету туралы; ұлтаралық татулықты бұзатын кез келген әрекеттің конституциялық емес деп танылатыны туралы конституциялық нормалармен үйлесе келе, көп этносты қоғамның бірегей қазақстандық моделінің құқықтық негізі болып табылады.

Аталған конституциялық ережелерді іске асыруға Конституциялық Кеңестің құқықтық ұстанымдары да септігін тигізеді, олар Республика Президенті айқындап берген Болашағы біртұтас ұлтты қалыптастырудың басты бағыттарын іске асыруға заңдық негіз жасайды:

заң мен сот алдында жұрттың бәрiнiң теңдiгi принципі құқықтар мен мiндеттердiң тең болуын, осы құқықтарды мемлекеттiң тең қорғауын және әркiмнiң заң алдындағы жауапкершiлiгi бiрдей болуын, бiр тектес қызмет түрiн iске асырушы тиiстi құқық қатынастары субъектiлерiнiң бәрі үшiн талаптар мен құқықтық жауапкершiлiктiң бiрыңғайлығын көздейдi (КК 1999 жылғы 10 наурыздағы № 2/2, 1999 жылғы 29 наурыздағы № 7/2, 2005 жылғы 31 қаңтардағы № 1 және басқа да нормативтік қаулылары);

Конституцияның 14-бабына сай заң алдында жұрттың бәрі тең, бұл барлық діндер мен діни бірлестіктердің заң алдында тең екенін, кейбір діндер мен діни бірлестіктерге басқаларға қарағанда қандай да болсын жеңілдіктер жасалуына жол берілмейтінін, дінге көзқарасына, нанымына немесе кез келген өзге жағдаяттарға байланысты кемсітуге тыйым салынатынын білдіреді (КК 2002 жылғы 4 сәуірдегі № 2 және 2009 жылғы 11 ақпандағы № 1 нормативтік қаулылары);

Республика Конституциясының 20-бабының 1-тармағы сөз бен шығармашылық еркiндiгiне кепiлдiк бередi, ол өз пiкiрiн, көзқарастарын, сенiмдерiн, идеяларын әр түрде және нысанда, оның iшiнде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы еркiн бiлдiру құқығын көздейдi (КК 2004 жылғы 21 сәуірдегі № 4 және 2008 жылғы 27 ақпандағы № 2 нормативтік қаулылары);

Қазақстан Республикасы азаматтарының саяси партияларға еркiн бiрiгу құқығы, Қазақстан Республикасында идеологиялық және саяси әралуандылық танылатындығы туралы Конституцияның Жалпы ережелерiнiң 5-бабы 1-тармағынан туындайды, және конституциялық бiрлесу бостандығы құқығына сәйкес келедi, бұл бiрлестiктердiң ерекше түрлерi жекелеген заңдармен реттелуi мүмкiн (КК 2002 жылғы 11 шілдедегі № 6 нормативтік қаулысы).

Тәуелсіздігіне қол жеткізген сәттен бастап Қазақстанның алдында мемлекеттік егемендіктің құрамдас бөлігі ретінде еліміздің құқықтық егемендігін қамтамасыз ету міндеті тұрды. Жиырма бес жылдың ішінде жоғары халықаралық стандарттарға, қазақстандық дәстүрлерге, мемлекеттік басқару мен қоғамдық құрылыстың барлық салаларын қарқынды жаңғырту мүддесіне сай келетін жаңа құқық жасау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді.

Ұлттық құқықтық жүйені қалыптастыру кезең-кезеңмен, нақты стратегиялық жоспарлау негізінде іске асырылды. Қазақстан Республикасындағы құқықтық реформаның Мемлекеттік бағдарламасында (Республика Президентінің 1994 жылғы 12 ақпандағы № 1596 қаулысы) кезінде мемлекеттің құқықтық саясатының негізгі бағыттары бекітілген болатын, оның мәні құқықтық инфрақұрылымға табиғи құқық доктринасының, құқықтық мемлекеттің идеяларын және құндылықтарын бойлата сіңіруге, қолданыстағы құқықтың бүкіл жүйесін одан әрі Конституцияға сәйкестендіруге келіп саятын. Олар соңыра қолданылу мерзімі 2010 жылға дейін болған Қазақстан Республикасының Құқықтық саясат тұжырымдамасында (Республика Президентінің 2002 жылғы 20 қыркүйектегі № 949 Жарлығы), ал ол іске асырылғаннан кейін – Қазақстан Республикасының 2010-2020 жылдарға дейінгі кезеңге арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасында дамытылып, нақтыланды (Республика Президентінің 2009 жылғы 24 тамыздағы № 858 Жарлығы).

Мемлекеттің жедел дамуы, жер-жерлердің бәрінде құқық үстемдігі принципінің енгізілуі, азаматтық қоғам институттарының рөлі күшеюі, жыл өткен сайын жаһандану үдерісінің тереңдей беруі жаңа буынды заңнамалық актілерге қажеттілікті айқындайды. Осы мақсатта жаңа Еңбек, Азаматтық процестік, Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Қылмыстық-атқару кодекстері (тиісінше, 2015 жылғы 23 қарашадағы № 414-V, 2015 жылғы 31 қазандағы № 377- V, 2014 жылғы 3 шілдедегі № 226-V, 2014 жылғы 4 шілдедегі № 231-V, 2014 жылғы 5 шілдедегі № 234-V), 2014 жылғы 5 шілдедегі № 235-V Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» 2015 жылғы 18 қарашадағы № 410-V, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» 2015 жылғы 23 қарашадағы № 416-V, «Халықты еңбекпен қамту туралы» 2016 жылғы 6 сәуірдегі № 482-V және басқа да көптеген заңдар қабылданды, олар бүгінгі күннің талаптары мен қатерлеріне жауап береді.

Ұлттық заңнаманың құрылымдық элементтері мен принциптері Конституциялық Кеңестің бірқатар шешімдерінде ашып көрсетілді:

Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген құқығы бұл жерде құқықты субъектiлердiң белгiленген тәртiппен қабылдаған нормативтiк құқықтық актiлерiндегi: Конституциядағы және соған сәйкес келетiн Республика заңдарындағы, Республика Президентінiң Жарлықтарындағы, Парламенттiң, оның Палаталарының және Үкiметтiң қаулыларындағы, басқа нормативтiк құқықтық актiлердегi, Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттардағы, Республика Конституциялық Кеңесiнiң және Жоғарғы Сотының нормативтiк қаулыларындағы нормалардың жүйесi ретiнде қаралады. Қазақстан Республикасының Конституциясы жоғары заң күшiне ие (КК 1996 жылғы 28 қазандағы № 6/2 және 1997 жылғы 6 наурыздағы № 3 нормативтік қаулылары);

конституциялық материяның күрделілігі, конституциялық реттеу қатынастарының саналуандығы мен жылжымалығы, Қазақстан қоғамы өмірінің барлық жақтарының объективті түрде дамуы, заңдарды қабылдау кезінде де, қолдану кезінде де конституциялық құндылықтардың, ережелер мен нормалардың мағынасын сөзсіз ескеруді, сондай-ақ конституциялық ұғыну аппаратын пайдалануда ерекше ұқыптылықты талап етеді (Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» 2014 жылғы 19 маусымдағы № 09-3/1 жолдауы).

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда тиімді мемлекеттік билік қалыптастырылды, халық сенімін арқалаған қуатты да табысты мемлекет құрылды.

Мемлекет өзін-өзі жетілдіруге деген қабілетін үнемі растап келеді, қоғамның мұқтажын ескере отырып мемлекеттік қызмет көрсетулердің бір бөлігін бәсекелестік ортаға берді, ел азаматтары мен қоғамдық бірлестіктердің мемлекеттік қызметке араласуының аясы мен нысанын кеңітіп отырды, жергілікті өзін-өзі басқарудың жаңа механизмдері мен кепілдіктерін құрды. Президенттік басқару нысанына парламентаризмнің партиялық бастауларын кеңейту және мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттікті қайта бөлісу, депутаттық корпус пен Үкіметтің өзара жауапкершілігін арттыра отырып, Парламенттің Үкіметті бақылауын күшейту арқылы олардың байланысын нығайту жөніндегі шаралар енгізілуде.

Конституциялық Кеңес мынадай: мемлекеттік биліктің біртұтастығы және тармақтарға бөлінуі; президенттік басқару нысаны; заң шығарушы, атқарушы билік органдарын, соттарды, прокуратураны және өзге де мемлекеттік органдарды құрудың тәртібі, олардың функциялары мен өкілеттіктері; ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Қарулы Күштерді пайдалану және мемлекеттік аппараттың басқа да түбегейлі мәселелері туралы конституциялық нормаларға ресми түсіндірме беріп, олардың нәтижелері тиісті салалық заңнамаға негіз етіп алынды (КК 1999 жылғы 17 наурыздағы № 4/2, 1999 жылғы 14 шілдедегі № 13/2, 2002 жылғы 5 тамыздағы № 5, 2003 жылғы 19 қарашадағы № 11, 2005 жылғы 19 тамыздағы № 5, 2006 жылғы 14 сәуірдегі № 1, 2007 жылғы 18 сәуірдегі № 4, 2007 жылғы 18 маусымдағы № 7, 2015 жылғы 24 ақпандағы № 2 және өзге де нормативтік қаулылары).

Әлеуметтік бағытталған нарықтық экономика меншіктің мемлекеттік және жеке нысандарының танылатынын және бірдей қорғалатынын негізге алады.

Конституциялық Кеңес меншік құқығының конституциялық мағынасы мен мазмұнын ашатын мынадай бірқатар құқықтық ұстанымдарды тұжырымдады:

Конституцияның принциптерi мен нормалары меншiк құқығына оның туындауының, ауысуының және тоқтатылуының барлық кезеңдерiнде кепiлдiк берiлетiнiн жариялап, баянды етедi және қоғам мен мемлекеттiң тұрақты әрi қарышты дамуын, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары мызғымастығын қамтамасыз ете отырып, мемлекеттiк органдар мен лауазымды тұлғалардың тиiстi шешiмдер шығаруының барлық рәсiмдерiне қолданылады (КК 2008 жылғы 23 сәуірдегі № 4, 2011 жылғы 7 желтоқсандағы № 5 және 2014 жылғы 11 маусымдағы № 2 нормативтік қаулылары);

мемлекеттiк меншiк пен жеке меншiктің бiрдей қорғалатыны туралы конституциялық талаптың мазмұны, мемлекеттік меншік иесі мен жеке меншік иесі оларға заңнамамен рұқсат етiлген және жол берiлген нақты құқықтық қатынастарда, көпшiлiк салада болсын, жеке салада болсын, бiр ғана құқықтық тәртiпке бағынатынына келiп саяды (КК 1999 жылғы 3 қарашадағы № 19/2 және 2005 жылғы 31 қаңтардағы № 1 нормативтік қаулылары;

Конституцияның 26-бабының 3-тармағын, осы нормада аталған мынадай: біріншіден, мемлекет мұқтажы үшiн, екіншіден, заңдарда көзделген ерекше жағдайларда және, үшіншіден, құны тең бағамен өтелген кезде, – деген шарттар мiндеттi түрде сақталғанда ғана меншiк иесiнiң мүлкiн иелiктен айыруға болады. Бұл ережелер меншік құқығы қорғалуына кепілдіктер жасайды және өз өкілеттіктерін іске асыру кезінде заң шығарушы және құқық қолданушы органдар үшін міндетті болып табылады, деп түсінген жөн (КК 2000 жылғы 20 желтоқсандағы № 21/2 және 2005 жылғы 1 шілдедегі № 4 нормативтік қаулылары).

Еліміздің бағдарламалық-стратегиялық құжаттарының бәрі де бүкіл адамзаттың өмір сүруінің тұғырын айқындайтын бұлжымас жалпыгуманистік қағидалардан тұрады. Конституцияның 8-бабының ережелерін іске асыра отырып, егемен Қазақстан өзінің жаһандық жауапкершілікті қолдайтынын паш етіп, әлемдік өркениеттің алға басуына салмақты үлес қосып келеді.

Жыл сайын 29 тамызда әлем қауымдастығы Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күнін атап өтеді. Бұл күнді Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы Қазақстанның ұсынысы бойынша 2009 жылғы желтоқсанда жариялаған болатын (64/35-резолюция). 1991 жылы нақ осы күні Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Семей ядролық полигонын жабу туралы тарихи да батыл шешімі қабылданған болатын. Қазақстан өз еңбегі арқасында жаһандық ядролық сынақтарға қарсы қозғалыстың көшбасшысы деп танылып отыр.

Халықаралық және ұлттық құқықтың ара-қатынасын дұрыс айқындауға Конституциялық Кеңестің бірқатар шешімдері, атап айтқанда оның: «Конституцияның 8-бабының Қазақстан Республикасы халықаралық құқықтың принциптері мен нормаларын құрметтейді деген ережесі, мемлекеттің ішкі құқығын құрастыру кезінде оларды ескеруге ұмтылатынын білдіреді» деген құқықтық ұстанымы қызмет етеді (КК 2003 жылғы 23 сәуірдегі № 4 және 2006 жылғы 18 мамырдағы № 2 нормативтік қаулылары).

Республиканың Негізгі Заңына сай конституциялық бақылау Конституциялық Кеңеске жүктелген. Нормативтік қаулылардағы құқықтық ұстанымдар, жыл сайынғы жолдаулардағы ұйғарымдар мен ұсыныстар түрінде жинақталған тәжірибе Конституциялық Кеңестің конституциялық процеске белсене қатысуына мүмкіндік береді.

Өткен жылдар ішінде мемлекеттік органдар Конституциялық Кеңестің шешімдерін орындау жөніндегі бірқатар шараларды қолға алды. Республиканың құқықтық базасы конституциялық құндылықтарға бара бар дамыды, адам құқықтарын қорғау, мемлекетті басқару, ұлттық қауіпсіздік, қорғаныс қабілеті, экономика, қаржы, әлеуметтік қамсыздандыру, сот құрылысы және сот ісін жүргізу, прокурорлық қадағалау, сайлау жүйесі және т.б. салалардағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институционалдық реформаларын жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» атты Ұлт Жоспарын іске асыру үшін бастама жасалған 59 заңның және солармен көзделген заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің көпшілігінің тұжырымдамалары мен мазмұнын қалыптастыруда Конституциялық Кеңестің шешімдері ескерілді, атап айтқанда:

Конституциялық Кеңестің құқықтық ұстанымдары қазір қолданыстағы Азаматтық процестік кодексте және бес сатылы сот төрелігі жүйесінен үш деңгейлігіне көшуді, алқабилердің қатысуымен өтетін соттардың қолданылу аясын кеңейтуді және өзге де прогрессивті новеллаларды сот жүйесіне енгізуді қамтамасыз еткен өзге де процестік кодекстерге түзетулерде іске асырылды (КК 1998 жылғы 5 маусымдағы № 3/2, 1999 жылғы 29 наурыздағы № 7/2, 2000 жылғы 1 қарашадағы № 19/2, 2007 жылғы 24 қаңтардағы № 1 және өзге де қаулылары);

«Ақпаратқа қол жеткізу туралы» 2015 жылғы 16 қарашадағы № 401-V Заңда әркімнің кез келген, заңмен тыйым салынбаған тәсілмен ақпарат алуға және таратуға құқығына қатысты Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулыларының ережелері ескерілді (КК 2002 жылғы 4 сәуірдегі № 2, 2002 жылғы 5 тамыздағы № 5, 2004 жылғы 21 сәуірдегі № 4 және 2015 жылғы 18 мамырдағы № 3 нормативтік қаулылары);

 2015 жылгы 29 қазандағы № 375-У Кәсіпкерлік кодексінде Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулыларының кәсіпкерлік субъектілерінің теңдігі, меншік құқығы, кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу және кәсіпкерліктің әлеумеггік жауапкершілігі мәселелері жэне азаматтардың белсенді экономикалық қызметінің басқа да аспектілері бойынша құқықтық ұстанымдары мен ұсыныстары көрініс тапты (1999 жылғы 10 наурыздағы № 2/2, 1999 жылғы 29 наурыздағы № 7/2, 1999 жылғы 3 қарашадағы № 19/2, 2005 жылғы 31 қаңтардағы № 1, 2008 жылғы 23 сәуірдегі № 4, 2008 жылғы қазандағы № 8, 2011 жылғы 7 желтоқсандағы № 5, 2013 жылғы мамырдағы № 2 және тағы басқалары);

«Құқықтық актілер туралы» 2016 жылғы 6 сәуірдегі № 480-V Заң Конституциялық Кеңестің 2013 жылғы 6 наурыздағы № 1 нормативтік қаулысын іске асыруға бағытталған, бұл қаулыда Конституция арнаулы заңның реттеу нысанасын Конституцияның 62-бабының 8-тармағында көрсетілген заң және өзге де нормативтік құқықтық актілерін әзірлеу, ұсыну, талқылау, күшіне енгізу және жариялау тәртібімен ғана шектемейді. Оған мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың құқық шығару жэне кұқық қолдану қызметінің басқа да мәселелері, солардың ішінде нормативтік болып табылмайтын құқықтық актілерді әзірлеу және қабылдау тәртібін реттеу мәселелері енгізілуі мүмкін деп атап көрсетілген.

         Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігін одан әрі нығайту, Конституциялық Кеңестің пікірінше, мынадай жолдармен іске асырылуы мүмкін:

конституционализмді және конституциялық заңдылық режимін үнемі нығайту, Негізгі Заңның құндылықтарын толығымен жүзеге асыру, ел Конституциясының үстемдігін және тікелей қолданылуын қамтамасыз ету;

ғылыми айқындалған индикаторлар негізінде қолданыстағы құқықты және құқық қолдану практикасын конституциялық құндылықтардың жүзеге асырылуы тұрғысындағы талдаудан тұратын, жаппай қамтитын конституциялық мониторингтің тиімді жүйесін қалыптастыру және енгізу;

заң жобалау жұмыстары жоспарларының тиімділігін арттыра отырып құқықтық ортаны серпінді түрде конституцияландыру және заңнаманы жаңарту; заң жобаларының сапасын, оларды қабылдаудың салдарын талдамалық және болжамдық түрғыдан бағалауды жақсарту, заңнамалық актілердің және соларға ілесе жүретін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің шығарылуын қатарластыру;

азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын корғауды күшейту мақсатында, Негізгі Заңның 78-бабында соттардың бастамасы бойынша көзделген кейінгі конституциялық бақылауды тиімді пайдалану;

азаматтарды конституциялық патриотизмде тәрбиелеу, конституциялық құқық түсінушілікке, құқыққа сай жүріп-тұруға, құқық бүзушылыққа жэне құқықты теріс пайдаланушылыққа төзбеуге ынталандыру.

Конституциялық Кеңестің мемлекеттік органдар, оның ішінде сот төрелігі органдары, шешімдер қабылдаған кезде Конституцияның тиісті нормаларына сілтеме жасауға міндетті екені туралы ұсынымдары өзектілігін сақтауда, бұл Негізгі Заң нормаларының ең жоғары заңдық күші бар екені және олар тікелей қолданылатындығы туралы Конституцияның 4-бабының 2-тармағынан туындайды.

Конституциялық Кеңес осы жоғарыда баяндалғандарды іске асыру конституционализмді орнықтылықпен және дәйектілікпен нығайтуға, құқықтық жүйені жаңғыртуға, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепілдігін күшейтуге, мемлекетті басқаруды жетілдіруге септігін тигізеді деп пайымдайды.

 

Қазақстан Республикасы 

Конституциялық Кеңесінің 

Төрағасы                                                                                              И.И. Рогов