Адам құқықтары күні мен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған заңдық жоғары оқу орындарының (факультеттерінің) арасында конституциялық іс жүргізу бойынша республикалық олимпиада өткізу қағидалары 
(пилоттық жоба)

Осы Қағидада Адам құқықтары күні мен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған заңдық жоғары оқу орындарының (факультеттерінің) арасында конституциялық іс жүргізу бойынша республикалық олимпиада (іскерлік ойын) өткізу тәртібі мен жеңімпаздарды іріктеу өлшемшарттары айқындалады.
Іскерлік ойын moot courts қағидалары бойынша өткізіледі. 
Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі іскерлік ойынның ұйымдастырушысы болып табылады.

Мақсаты: 
жастар арасында конституциялық мәдениетті, Қазақстан Республикасының Конституциясын – қоғам мен мемлекеттің Негізгі Заңын, онда көрсетілген құндылықтарды, қағидаттар мен нормаларды білуін, түсінуін және құрметтеуін қалыптастыру; 
Қазақстан Республикасы Конституциясының 78-бабын іске асыру және оны заңнамада құқықтық регламенттеу тетігін зерттеу;
Қазақстан Республикасы қолданыстағы құқығының қайнар көзі ретіндегі Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің нормативтік қаулыларын білу; 
конституциялық құқық бойынша білімді нығайту. 

Міндеттер: 
жастарды конституциялық құндылықтарды құрметтеуге, Негізгі Заңның ережелерін іске асыру бойынша Конституциялық Кеңестің қызметіне тарту; 
болашақ заңгерлердің конституциялық құқықтың өзекті мәселелері бойынша өтініштерді қарау жөніндегі конституциялық іс жүргізу практикасындағы теориялық білімін нығайту;
студенттерді конституциялық-құқықтық ойлауға әрі заңнаманы адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен міндеттерін іске асыру және қорғау тұрғысынан талдауға дағдыландыру. 

1. Қатысушылар және кейстердің бекітілген тақырыптары:
1.1. М.С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университетінің командасы - Алматы облысы Қапшағай қалалық сотының 1997 жылғы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 361-бабының бірінші және төртінші бөліктерін конституциялық емес деп тану туралы ұсынысы; 
1.2. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің командасы - Қостанай облысы Қостанай қаласының № 2 сотының «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу туралы» 2007 жылғы 26 шілдедегі № 310-ІІІ Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабының 3-тармағын және 25-бабы 1-тармағының 6) тармақшасын конституциялық емес деп тану туралы ұсынысы; 
1.3. Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің командасы - Қарағанды облысы Теміртау қалалық сотының Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 28 наурыздағы № 361 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеу қағидаларының 7-тармағының 3) тармақшасын конституциялық емес деп тану туралы ұсынысы.

2. Кейстің құрылымы: 
2.1. Іскерлік ойынның ұйымдастырушысы әрбір командаға:
- өтініштің нысанасын;
- отырыстарды өткізу сценарийін;
- отырыстағы мемлекетік органдар мен сараптамалық қоғамдастық атынан өкілдік ететін қатысушылардың санын;
- конституциялық іс жүргізуге дайындық үшін маңызы бар өзге де материалдарды қамтитын істің фабуласын береді. 
2.2. Әрбір команда мынадай құжаттардың пакетін:  
- Конституциялық Кеңес нормативтік қаулысының (оның сипаттамалы-дәлелді бөлігінің) жобасын; 
- өтініш нысанасы бойынша мемлекеттік органдар мен сараптамалық қоғамдастықтың ұстанымдарын;
- рөлдері бөлінген команда қатысушыларының тізімін дайындауы және Конституциялық Кеңеске ұсынуы тиіс. 

3. Командалар құрамы:
3.1. Әрбір команда 15 адамнан тұрады.
3.2. Жеті қатысушы Конституциялық Кеңес құрамының атынан, сегіз қатысушы – өтініш субъектілерінің, мүдделі мемлекеттік органдардың, ғылыми және өзге де ұйымдардың атынан өкілдік етеді (сарапшылардың біреуі халықаралық-құқықтық актілер мен шет елдердің конституциялық бақылау органдарының практикасына талдау жүргізуі тиіс).

4. Іскерлік ойынды өткізу кезеңдері:
4.1. 2018 жылғы 4 желтоқсанға дейін командалар Конституциялық Кеңеске тиісті кейс бойынша құжаттар пакетінің толық электрондық нұсқасын ұсынады. 
4.2. Іскерлік ойынды өткізу күні мен уақыты: 2018 жылғы  13 желтоқсанда сағат 9.00-ден бастап. Командалардың шығу кезектілігін конкурстық комиссия жеребе тастау арқылы айқындайды. Өткізу орны – Конституциялық Кеңестің отырыс залы. 
Әрбір командаға – 80 минутқа дейін беріледі.   

5. Жеңімпаздарды бағалау өлшемшарттары және қорытынды шығару:  
5.1. Іскерлік ойынды бағалауды конкурстық комиссия жүзеге асырады. 
Командалардың материалдары мен ойынын бағалау кезінде конкурстық комиссия мүшесі мына өлшемшарттарға сүйене отырып баға береді:
5.1.1) өтініш нысанасын білу, қатысы бар фактілерді іріктеу қабілеті;
5.1.2) Конституцияны, Конституциялық Кеңестің құқықтық ұстанымдарын, Республика заңнамасын, халықаралық шарттар мен органдардың талаптары мен практикасын білу, істің нақты фактілеріне қатысты қолданыстағы заңнаманы қолдану қабілеті; 
5.1.3) құқықтық зерттеудің сапасы мен көлемі, материалдарды баяндау ашықтығы мен реттілігі; 
5.1.4) тұжырымдардың бірегейлігі мен өзіндік дербестігі; 
5.1.5) нақты және дәйекті ұстаным;
5.1.6) өз ұстанымдарында құжаттарды баяндаудың тұтастығы мен қисындылығы; 
5.1.7) Конституциялық Кеңес отырыстарын жүргізу тәртібі мен оның Регламентін, сондай-ақ қызметтік әдеп талаптарын сақтау; 
5.1.8) жеке қатысу және басқа да маңызды мән-жайлар. 
5.2. Іскерлік ойынның қорытындысын шығару конкурстық комиссияның отырысында жүзеге асырылады.
Конкурстық комиссия іскерлік ойынның жеңімпазын айқындайды және бірінші, екінші және үшінші командалық орындар береді.   
5.3. Іскерлік ойынның қорытындылары хаттамада ресімделеді және Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Интернет-ресурсында орналастырылады.
5.4. Іскерлік ойынның жеңімпаздары димломдармен және құнды сыйлықтармен марапатталады. Іскерлік ойынның бейнефайлдары Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Интернет-ресурсында орналастырылуы мүмкін. 
5.5. Ұйымдастырушы іскерлік ойындағы қатысушылардың рөліне қарай арнайы номинациялар белгілеуге құқылы. Барлық қатысушыларға қатысу туралы сертификат беріледі. 
5.6. Жеңімпаздарды марапаттау Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесінде 13 желтоқсан күнінің екінші жартысында орын алады.