1. Конституциялық Кеңес Қазақстан Республикасы Президентінің, Сенат Төрағасының, Мәжіліс Төрағасының, Парламент депутаттары жалпы санының кемінде бестен бір бөлігінің, Премьер-Министрдің өтініші бойынша:
1) дау туған жағдайда Республика Президентінің, Парламент депутаттарының сайлауын өткізудің дұрыстығы және республикалық референдум өткізу туралы мәселені шешеді;
2) Парламент қабылдаған заңдардың Республика Конституциясына сәйкестігін Президент қол қойғанға дейін қарайды;
2-1) Парламент және оның палаталары қабылдаған қаулылардың  Республика Конституциясына сәйкестігін қарайды;
3) Республиканың халықаралық шарттарын бекіткенге дейін олардың Конституцияға сәйкестігін қарайды;
4) Конституцияның нормаларына ресми түсіндірме береді;
5) Конституцияның 47-бабының 1 және 2-тармақтарында көзделген реттерде қорытындылар береді.
2. Конституциялық Кеңес Конституцияның 44-бабының 10-1) тармақшасында көзделген жағдайларда – Республика Президентінің өтiнiштерiн, сондай-ақ Конституцияның 78-бабында белгiленген жағдайларда соттардың өтiнiштерiн қарайды.
(Қазақстан Республикасы Конституцияның 72 бабы).

Конституциялық Кеңес мына жағдайларда қосымша шешімдер қабылдайды, егер:
1) Конституциялық Кеңестің шешіміне түсіндірме беру туралы мәселе қойылса. Мұндай жағдайда қосымша шешім конституциялық іс жүргізуге қатысушылардың не Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімін орындауға міндетті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың өтініштері бойынша қабылданады;
2) Конституциялық Кеңестің шешімінде жіберілген редакциялық сипаттағы дәлсіздіктер мен қателерді түзету қажет болса. Мұндай жағдайда Конституциялық Кеңес қосымша шешімді өз бастамасы бойынша қабылдайды.
Қосымша шешiмдi Конституциялық Кеңес отырысында қабылдайды, отырысты өткiзу тәртiбi Конституциялық Кеңестiң регламентiмен белгiленедi.
 («Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 29 желтоқсандағы № 2737 Конституциялық Заңның 35 бабы).

Сондай-ақ конституциялық іс жүргізуі Конституциялық Кеңестiң шешiмiн қайта қарау кезінде қозғалу мүмкін.
Конституциялық Кеңестің шешімін ол Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасы бойынша немесе өз бастамасы бойынша мына жағдайларда, егер:
1) қабылданған шешімге негіз болған Конституция нормасы өзгерсе;
2) өтініштің мәні үшін жаңа елеулі мән-жайлар ашылса, қайта қарауы мүмкін.
Адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті, мемлекеттің егемендігі мен тұтастығын қамтамасыз ету мүддесінде Конституциялық Кеңестің шешімі Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының бастамасы бойынша қайта қарауға жатады.
Шешімді қайта қарау туралы Конституциялық Кеңес қаулы шығарып, ол арқылы осы шешімнің күшін жояды.
Қорытынды шешім қайта қаралған жағдайда Конституциялық Кеңестің Төрағасы өз өкімімен осы мәселе бойынша жаңа отырыс өткізудің күні мен тәртібін белгілейді.
(«Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 29 желтоқсандағы № 2737 Конституциялық Заңның 36 бабы).