Конституциялық бақылау органдарының Еуразиялық қауымдастығының құрылу тарихы және дамуы (бұрынғы атауы: Жаңа демократия елдерінің конституциялық бақылау органдарының конференциясы) 1997 жылдан бастау алады. 

Ол жалпыға танылған конституциялық құндылықтарды ілгерілету, тұрақты диалогты сақтау және конституцияның үстемдігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша тәжірибе алмасу мақсатында құрылды. 

1997 жылғы 24 қазанда Ереван қаласында Жас демократия елдерінің конституциялық бақылау органдарының құрылтайшы конференциясы өтті, оның жұмысына Армения, Беларусь, Грузия, Қазақстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан және Украина делегациялары қатысты. 

Құрылтайшы конференция жұмысының қорытындылары бойынша Армения, Беларусь, Қазақстан, Ресей, Тәжікстан және Қырғызстан (жазбаша келісім бойынша) делегациялары Жас демократия елдерінің конституциялық бақылау органдары конференциясын құру туралы шешім қабылдап, Бірлескен коммюнике жасасты. 

Осы маңызды актіде Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан конституциялық бақылау органдары конституциялық бақылау институттарының құқықтық мемлекеттің қалыптасуы мен қоғамда демократиялық процестердің дамуы ісіндегі ерекше рөлі мен маңыздылын сезіне отырып, конституциялық бақылаудың тиімді жүйесін қалыптастырудағы өтпелі кезеңнің ерекшеліктерін іскере отырып, тұрақты ұйым шеңберінде консультациялық ынтымақтастық пен өзара қызығушылық туғызатын конституциялық сот төрелігінің өзекті мәселелері бойынша тақырыптық талқылаулар өткізу мүмкіндіктерін барынша пайдалануға ұмтыла отырып, жас демократия мемлекеттерінің конституциялық соттары арасында тұрақты тәжірибе алмасуды орнату мақсатын көздей отырып, Конституциялық соттар конференциясының кеңесші институция ретінде құрылуы туралы мәлімдейді және басқа жас демократия елдерінің конституциялық бақылау органдарын осы Конференцияға қатысуға шақырады деп көрсетілген. 

2003 жылғы 4 қазанда Жас демократия елдерінің конституциялық бақылау органдары конференциясы мен Құқық арқылы демократия үшін Еуропалық Комиссиясы (Венеция комиссиясы) арасында ынтымақтастық туралы Келісімге қол қойылды. Онда Тараптар конституциялық сот төрелігін дамыту саласындағы жалпыға ортақ мүдделерді бөлісе отырып, конституциялық әділеттің өзекті проблемалары бойынша ақпарат және жарияланым алмасу мәселелерінде өзара қолдау көрсету туралы уағдаласты деп атап өтілген.

Жас демократия елдерінің конституциялық бақылау органдары конференциясы қатысушыларының Конституциялық сот төрелігі жөніндегі бүкіләлемдік конференцияның Рио-Де-Жанейро (Бразилия) қаласында өткен Екінші конгресінің отырысына қатысуы шеңберінде қабылданған шешімі бойынша, Конференцияның атауы 2011 жылғы 1 наурыздан бастап Жаңа демократия елдерінің конституциялық бақылау органдары конференциясы атауына өзгертілді.

2015 жылы Моңғолияның Конституциялық Соты Конференцияның мүшесі болды. Оның өтінішінде Моңғолияның Конституциялық Соты Конференцияға қосылады және ұйым шеңберінде басқа конституциялық әділет органдарымен ынтымақтастықты дамытуға қызығушылығын білдіреді деп көрсетілген. 

Осы жылдар ішінде Конференция қатысушыларының бірқатар кездесулері өткізілді. Олардың көпшілігі Армения Конституциялық Сотының төрағалық етуімен жыл сайынғы Ереван халықаралық конференциялары шеңберінде өтті.
2017 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы Қ. Мәми Конференцияның Төрағасы болып сайланды. 

Қазақстанның төрағалық етуімен өткен Конференция мүшелерінің алғашқы көздесуі Ресей Федерациясының Конституциялық Сотында (Санкт-Петербург қаласы, 2018 жылғы 16 мамыр) болды. 

Отырысқа Конференцияға барлық қатысушылардың делегациялары қатысты. Оның қорытындылары хаттамамен ресімделді. Тараптар өзара да, сондай-ақ халықаралық құрылымдармен, өңірлік және лингвистикалық қауымдастықтармен де ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделілігін тағы да растады. 

Бұдан басқа, Конституциялық сот төрелігі жөніндегі бүкіләлемдік конференцияның Конгрестерін өткізудің маңыздылығы атап өтіліп, Конференцияның жаңа логотипі бекітілді. 

Қауымдастықтың өз мерзімдік басылымы - «Конституциялық сот төрелігі» Жаршысы бар, оның редакциялық кеңесінің құрамына Конференцияның барлық мүшелерінің өкілдері кіреді. 

2018 жылғы 27 тамызда Қазақстанда Жаңа демократия елдерінің конституциялық бақылау органдары конференциясы және Африка конституциялық құзыреттері конференциясы арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.  

2018 жылғы 28 тамызда Астана қаласында Конференцияның кезекті отырысы өтті. Оның құрамына Әзірбайжан Республикасының Конституциялық Соты қабылданды. Қатысушылар Қазақстанның Конституциялық Кеңесі сайтының платформасында орналастырылған Конференцияның интернет-ресурсымен таныстырылды.

Тараптар Жаршының редакциялық алқасының жаңа құрамын бекітіп, қауымдастықтың қызметіне байланысты ұйымдастырушылық мәселелерді (туды бекіту, келесі кездесулердің кестесі және басқалары) қарастырды.

2019 жылғы 31 мамырда Минск қаласында өткен отырыста Жаңа демократия елдерінің конституциялық бақылау органдарының конференциясы атауы Конституциялық бақылау органдарының Еуразиялық қауымдастығы атауына өзгертілді. Бұл шешімді Қауымдастықтың барлық мүшелері қолдады. 

Сонымен қатар, Қауымдастықтың жаңа логотипі, сондай-ақ ұйымның туы мен төс белгісі бекітілді.

Қазіргі таңда, Армения, Беларусь, Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстанның конституциялық бақылау органдары Қауымдастық мүшелері болып табылады.