Қазақстанда конституциялық бақылау институтын құру 
1989 жылы Қазақ КСР Конституциясына Конституциялық қадағалау комитетінің құрылуын көздейтін толықтыру енгізумен байланысты, алайда ақыр аяғында бұл комитет құрылмады. Кейінірек «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» 1991 жылғы 
16 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында Конституцияны сот арқылы қорғайтын жоғары орган Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты болып табылады деп белгіленді. Бұл органды Республика Жоғарғы Кеңесі 1992 жылғы 2 шілдеде сайлап, ол 1995 жылғы қазанға дейін конституциялық бақылауды жүзеге асырды.
1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратын тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік органдарын реформалаудың маңызды кезеңін аяқтады.
Конституцияның алтыншы бөлімінде Республикада конституциялық бақылауды орнататын негіз қалаушы нормалар қамтылған, оны жүзеге асыру Конституциялық Кеңеске жүктеледі. Ол сот жүйесіне кірмейді, мемлекеттің Негізгі Заңы ретіндегі Республика Конституциясының Қазақстанның бүкіл аумағында жоғары тұруын қамтамасыз ететін мемлекеттік орган болып табылады.
Конституциялық Кеңес жеті мүшеден тұрады. Кеңестің Төрағасы мен екі мүшесін Республика Президенті, екі-екіден мүшелерін Парламент Сенаты мен Мәжілісі алты жыл мерзімге тағайындайды. Кеңес мүшелерінің жартысы әр үш жылда ауыстырылып отырады. Бұған қоса, Республиканың экс-Президенттері құқығы бойынша ғұмыр бойы Конституциялық Кеңестің мүшелері болып табылады.
1995 жылғы Конституцияның негізінде Конституциялық Кеңес 
1996 жылғы ақпанда құрылды. 
Конституция және «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» 1995 жылғы 29 желтоқсандағы № 2737 Конституциялық заң Кеңесті ұйымдастыру мен оның қызметінің құқықтық негізі болып табылады. Конституциялық өкілеттікке сәйкес Кеңес өз өкілеттіктерін жүзеге асырған кезде дербес және мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, лауазымды адамдар мен азаматтардан тәуелсіз, Республика Конституциясына ғана бағынады әрі саяси және өзге себептерді негізге ала алмайды.
Республика Конституциясында Конституциялық Кеңес өкілеттіктерінің шеңбері белгіленген, оған мыналар: дау туған жағдайда Республика Президенті, Парламент депутаттары сайлауының және республикалық референдумның дұрыс өткiзiлгендігi туралы мәселені шешу; Парламент қабылдаған заңдардың Президент қол қойғанға дейін Республика Конституциясына сәйкестігін қарау; Республиканың халықаралық шарттарының олар ратификацияланғанға дейін Конституцияға сәйкестігін қарау; Конституция нормаларына ресми түсіндірме беру; Конституцияның 47-бабының 1 және 2-тармақтарында көзделген жағдайларда қорытынды беру жатады. 
Конституциялық іс жүргізу Қазақстан Республикасы Президентінің, Парламент Палаталары Төрағаларының, Парламент депутаттары жалпы санының кемінде бестен бір бөлігінің, Премьер-Министрдің өтініштері бойынша ғана қозғалады.
Республика азаматтары Конституциялық Кеңеске өтініш беру субъектілерінің қатарына жатпайды. Олардың конституциялық құқықтары мен бостандықтары жалпы юрисдикциядағы соттар арқылы, ал Конституциялық Кеңесте Конституцияның 78-бабында белгіленген жағдайларда және тәртіпте қорғалады. Оған сәйкес, егер сот қолданылуға жататын заңды немесе өзге де нормативтік құқықтық актіні адамның және азаматтың Конституцияда баянды етілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп тапса, іс жүргізуді тоқтата тұруға және осы актіні конституциялық емес деп тану туралы ұсыныспен Конституциялық Кеңеске жүгінуге міндетті. 
Елімізде жүргізілген конституциялық реформалар конституциялық бақылау институтын дамытуда маңызды рөл атқарды.
2007 жылы Конституциялық Кеңестің тексеру нысанына Парламент және оның Палаталары қабылдаған қаулылар қосылған болатын. 
2008 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің заңнамалық бастамасы тәртібінде Конституциялық Кеңес туралы конституциялық заңға толықтырулар енгізілді, оларға сәйкес Уәкілетті мемлекеттік органдар қабылданған шешім туралы Конституциялық Кеңеске міндетті түрде хабарлай отырып, Конституциялық Кеңестің шешімдерінде қамтылған заңнаманы жетілдіру жөніндегі ұсынымдар мен ұсыныстарды міндетті түрде қарауға тиіс. Осылайша, Конституциялық Кеңестің ұсынымдарына белгілі бір императивтік сипат берілді.
Осы беталысты ұстана отырып, 2017 жылы жүргізілген конституциялық реформа Конституциялық Кеңес өкілеттіктерінің аясын кеңейтті. 
Республика Президенті Конституциялық Кеңестің шешіміне қарсылық білдіру құқығынан бас тартты.
Кейінгі конституциялық бақылау Мемлекет басшысына Конституциялық Кеңеске күшіне енген заңды немесе өзге де құқықтық актіні Республика Конституциясына сәйкестігіне қарау туралы өтініш жіберу құқығын беру арқылы күшейтілді. Мұндай құқық адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті, мемлекеттің егемендігі мен тұтастығын қамтамасыз ету мүдделерімен байланысты.
Еліміздің Негізгі Заңына түзетулер енгізуге міндетті алдын ала конституциялық бақылау жасау енгізілді. Олар Конституциялық Кеңестің оң қорытындысы болған жағдайда ғана республикалық референдумға немесе Республика Парламентінің қарауына шығарылуы мүмкін. 
Конституциялық бақылау институты Қазақстанда жаһандық өзгерістерге жауап ретінде кезең-кезеңмен дамып келеді. Қазақстандық үлгі конституциялық бақылау функциясын орындау мемлекеттік билік тармақтарының біртұтастығы мен өзара келісілген іс-қимылын қамтамасыз етуге, конституциялық заңдылықты нығайтуға, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға ықпал ететінін растайды.