21.08.2019

Мемлекеттік мереке - Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында Конституциялық Кеңес алғаш рет "Негізгі Заң апталығы" жаңа жобасына бастамалық жасады, ол 2019 жылғы 26 тамызда басталады.  

Жобаның мақсаты - мемлекеттілікті дамытудың, оның  негізгі салаларын жаңғыртудың жаңа кезеңінде Конституцияның рөлін жан-жақты ұғыну, Негізгі Заңға халықтың кең ауқымының назарын аудару, Рухани Жаңғыру жалпыұлттық бағдарламасы шеңберінде қоғамның конституциялық мәдениетін арттыру.   

Конституциялық Кеңестің негізгі серіктестері білім және ғылым, әділет министрліктері, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы, республикалық адвокаттар алқасы, нотариаттық палата және басқа да ұйымдар. 

Осы жоба шеңберінде бүкіл ел бойынша конференциялар, дөңгелек үстелдер, семинарлар, тегін заң консультациялары, вебинарлар, онлайн-талқылаулар, бизнес субъектілеріне арналған консультациялар, мемлекеттік қызмет көрсету бойынша мастер-кластар, жеке қабылдаулар, БАҚ-та сөз сөйлеу, конкурстар, салтанатты жиналыстар, ашық есік күндері және басқа да іс-шаралар ұйымдастырылатын болады.       

Іс-шаралар Конституциялық Кеңес, әділет органдары, аймақтық адвокаттар алқалары, нотариустар, жеке сот орындаушылары және заң консультанттары палаталары, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының қызметкерлерінің қатысуымен болады деп жоспарланып отыр.   

Ауылдық және шалғай жерлерде тұратын халықты, жастарды, жас отбасыларды, көп балалы ата-аналарды, мүмкіндігі шектеулі адамдарды қамтуға аса көңіл бөлінеді.  

Бірқатар іс-шаралар адамдар көп жиналатын орындарда  өткізіледі. Қазіргі заманғы ақпараттық технологиялар, әлеуметтік желілер, ақпаратты берудің интерактивті нысандары белсенді түрде  қолданылады.  

1 қыркүйек күні еліміздің білім беру мекемелерінде "Саналы ұрпақ - жарқын болашақ" атты жалпы республикалық азаматтық және патриоттық сабақ өткізу қарастырылған. Ол оқушылардың Конституция мен онда қарастырылған құндылықтар туралы түсінігін кеңейтуге, оларды құрметтеуге тәрбиелеуге, балалардың өз құқықтарын, бостандықтары мен міндеттерін білуге бағытталған. 

Конституциялық Кеңес әдістемелік ұсынымдар мен анықтамалық материалдар дайындады, олар осы сабақтарды ұйымдастыру кезінде қолдану үшін барлық өңірлердің білім беру департаменттеріне жіберілді.   

"Негізгі Заң апталығы" барысында жоспарланған іс-шаралардың күнтізбесі Конституциялық Кеңестің сайтында орналастырылған.

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің баспасөз қызметі, 21 тамыз 2019 жыл