16.09.2019
К.Мами приветствовал делегатов Международной  ассоциации судей

Конституциялық Кеңестің Төрағасы Қ. Мәми Халықаралық судьялар қауымдастығы (ХСҚ) Орталық кеңесінің отырысына қатысты. 
Іс-шара Қауымдастықтың 62-ші кездесуі шеңберінде өтті, оған ХСҚ, бірқатар елдердің жоғарғы соттарының басшылары, әлемдік судьялар элитасының және жетекші заңи іскер топтарының өкілдері қатысты.
Қ. Мәми өз сөзінде атап өткендей, тәуелсіз сот билігі құқықтық мемлекеттің өзегі, демократиялық қоғамда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына басты кепілі болып табылады. Әлемнің барлығы дерлік конституциялары сот билігі, сот құрылысы мен сот ісін жүргізудің жалпы қағидаттары туралы тарауларды қамтиды. Бұл мәселелерді конституциялық реттеу сот билігі адамның құқықтары мен бостандықтарына тікелей әсер ететін мемлекеттік билік тармақтарының бірі болып табылатынымен түсіндіріледі. Ол мемлекет атынан ең қатаң мәжбүрлеу шараларын қолдануға өкілетті.
Осыған байланысты, сот төрелігі соттардың тәуелсіздігі мен бейтараптылығы, тараптардың тең құқықтылығы, сот процесінің жарыспалылығы, кінәсіздік презумпциясы, сот шешімдерінің айқындылығы, сот тәжірибесінің болжамдылығы сияқты маңызды конституциялық қағидаттардың негізінде жүзеге асырылуы тиіс, - деп қорытындылады спикер.
Бірнеше күн ішінде форумға қатысушылар сот төрелігінің сапасы, судьялардың тәуелсіздігін нығайту және сот ісін жүргізуде ақпараттық технологияларды пайдалану мәселелеріндегі жалпы трендтерді талқылайтын болады.