29.12.2020
1 1 1 1 1 1 1 1 1 1 1 1 1 1 1

2020 жылғы 29 желтоқсанда онлайн режимде Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 25 жылдығына арналған «Н. Назарбаевтың конституциялық парадигмасы жаһандық сын- қатерлерге жауап ретінде» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараны Конституциялық Кеңес, Нұрсұлтан Назарбаев Қоры, «Астана» Халықаралық қаржы орталығы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Сорбонна-Қазақстан институты, «Жақсылық акселераторы: Ізгілік елшісі» ұлттық волонтерлер қозғалысы және Д.А. Қонаев атындағы Еуразиялық заң Академиясы бірлесіп ұйымдастырды.
Форумның ашылуында Конституциялық Кеңестің Төрағасы Қ. Мәми атап өткендей, биылғы жылы Негізгі Заңның мерейтойы Конституциялық Кеңестің 25 жылдығымен тұспа-тұс келді. Осы жылдар ішінде
Конституциялық Кеңестің қызметі конституциялық құндылықтарды іске асыруға бағытталды. Оның шешімдері қазіргі заманғы қазақстандық мемлекеттіліктің барлық белгілерін толық түсінуге және іске асыруға ықпал етті. Осы кезеңде перспективалы бағыттардың бірі заңдардың конституциялылығын тексеру туралы ұсыныстармен соттардың Кеңеске жүгінуі институтының тиімділігін арттыру болып табылады. Конституциялық қағидаттар тұрғысынан заңдарға түсіндірме беру де өзекті болып отыр, деп түйіндеді Қ. Мәми.
Нұрсұлтан Назарбаев Қорының Атқарушы директоры Қ. Жұмабаев атап өткендей, бүгінде, әлем коронакризистің теріс салдарларына тап болған кезде, конституциялық жүйе қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне кепілдік беретін константалардың бірі болып табылады. Уақыт көрсеткендей, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен құрылған конституциялық модель Қазақстан үшін барынша қолайлы болды. Ол саяси тұрақтылықты, қоғамдық келісімді, мемлекеттің экономикалық дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын тиімді қорғауға кепілдік берді.
Жоғарғы Сот Төрағасы Ж. Асанов өз сөзінде атап өткендей, Негізгі Заңның мызғымастығын қамтамасыз етудегі Конституциялық Кеңестің рөлі артуда. Ширек ғасыр ішінде Конституциялық Кеңес қалыптасып, еліміздің бүкіл аумағында Конституцияның үстемдігіне кепілдік беру жөніндегі өз миссиясын тиімді орындауда.
Форум модераторлары ретінде Нұрсұлтан Назарбаев Қоры Атқарушы директорының орынбасары, Қазақстан Республикасынан Еуропа Кеңесі Венеция комиссиясының мүшесі И. Рогов және Конституциялық Кеңестің мүшесі Ә. Темірбеков болды.
И. Рогов Елбасы бастамашылық жасаған 2017 жылғы конституциялық түзетулердің арқасында Конституциялық Кеңес азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын тиімді қорғап қана қоймай, конституциялық бірегейлікті, сайып алғанда елдің конституциялық қауіпсіздігін қамтамасыз ететінін атап өтті.
Сонымен бірге, форумға қатысушыларға Әділет министрі Марат Бекетаев, «Астана» Халықаралық қаржы орталығының Басқарушысы Қайрат Келімбетов, Бас Прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов, Нұр-Сұлтандағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің басшысы Дьердь Сабо және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Т.О. Балықбаев құттықтау сөз сөйледі.
Конституциялық Кеңес мүшесі Виктор Малиновский «Конституциялық бақылау – нақты конституционализмнің пәрменді құралы» тақырыбында баяндама жасады.
Грузия Конституциялық Сотының экс-Төрағасы Г. Папуашвили, Қазақстандағы GIZ өкілдігінің басшысы Йорг Пуделька сияқты шетел сарапшылары, сондай-ақ жетекші конституционалистер - М.В. Ломоносов атындағы ММУ конституциялық және муниципалдық құқық кафедрасының меңгерушісі С. Авакьян, заң ғылымдарының докторы Г. Маткаримова, з.ғ.к. Н. Малютин, Б.Рысмендеев өз пікірлерімен бөлісті. Аталған мәселелер бойынша отандық құқықтық ғылым өкілдері: Е. Әбдірәсіловтің, А. Сәбитованың, А. Караевтың және Е. Дүйсеновтің баяндамалары тыңдалды.
Форум жұмысына Қазақстанның мемлекеттік органдарының басшылары, отандық құқық қорғау институттары мен ғылыми жұртшылық өкілдері, сондай-ақ шетелдік сарапшылар қатысты.