28.08.2020
1 1 1 1

2020 жылғы 28 тамызда онлайн режимде Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығына арналған «Конституциялық құндылықтар жаһандық сын-қатерлерді еңсеру үшін қоғамды топтастырудың құқықтық негізі ретінде» атты Халықаралық ғылыми- практикалық конференция өтті. Форумды Конституциялық Кеңес, Нұрсұлтан Назарбаев Қоры, Нұр- Сұлтандағы ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесі, «Астана» халықаралық қаржы
орталығы, Абай атындағы ҚазҰПУ Сорбонна-Қазақстан Институты және Д.Қонаев атындағы Еуразиялық Заң Академиясы ұйымдастырды. Ашылу салтанатында Конституциялық Кеңестің Төрағасы Қ. Мәми құттықтау сөз сөйледі. Ол ел Конституциясында көрсетілген құндылықтар қоғам мен мемлекеттің мәнін, оның мызғымас қағидаттары мен құраушы институттарын айқындайтынын атап өтті. Уақыт елдің конституциялық дамуының таңдалған моделінің тиімділігін көрсетті. Сонымен бірге, жылдам өзгеретін әлем жағдайында конституциялық құндылықтар ерекше назар мен қорғауды талап етеді. Форум аясында «Қазақстандық жол: конституционализм, адам, бейбітшілік және өркендеу» атты кітап таныстырылды. Басылымды таныстыра отырып, Қ. Мәми Қазақстанның қазіргі заманғы конституциялық-құқықтық саясатын қалыптастыру мен дамыту ұлттық
дәстүрлерді де, шетелдік озық тәжірибені де ескере отырып жүргізілетінін айтты. Бұл кітапта көрнекті шетелдік мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, сондай-ақ шетелдік ғалымдардың Конституция туралы пікірлері мен ойлары, оның негізінде қабылданған заңдар мен оны қолдану тәжірибесі, ұлттық құқықтық жүйенің одан әрі эволюциясының өзекті мәселелері бойынша ұсыныстары бар. Жалпы, олар Қазақстанның Конституциясы мен құқықтық саясатына жоғары баға береді. Авторлық ұжым 30-дан астам адамды құрайды. Олардың ішінде Еуропа Кеңесінің, АХҚО сотының, 11 елдің конституциялық әділет органдарының басшылары, БҰҰ сарапшылары және құқықтанушы ғалымдар бар.Таныстырылым барысында авторлық ұжымның мүшелері - «Астана» Халықаралық қаржы орталығының Заң консультативтік кеңесінің төрағасы Майкл Блэр, Грузия Конституциялық Сотының бұрынғы Төрағасы, Халықаралық кеңесші Георгий Папуашвили және Орал мемлекеттік заң университетінің конституциялық құқық кафедрасының профессоры Игорь Остапович сөз сөйледі. Конференцияда Ұлыбритания, Ресей, Франция, Грузия, Польша және басқа елдердің сарапшыларының баяндамалары тыңдалды. Кітап еліміздің кітапханаларында, сондай-ақ Конституциялық Кеңестің сайтында қол жетімді.