04.11.2020
1 1 1 1

2020 жылғы 4 қарашада Конституциялық Кеңестің Төрағасы Қ.Мәми Қазақстандағы GIZ өкілдігінің басшысы Й. Пудельку мырзаны қабылдады. Қ. Мәми Қазақстанның халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Герман қоғамымен (GIZ) көпжылдық ынтымақтастығының тиімділігін атап өтті. Тараптар екі мемлекеттің құқықтық саладағы қарқынды дамып келе жатқан қарым-қатынасына ерекше тоқталды. Тәуелсіздік алғаннан бері GIZ сарапшылары елде сот-құқықтық реформа жүргізуде пайдалы әдіснамалық қолдау көрсетіп келеді. Бұл бағыттағы кезекті табысты жоба жақында қабылданған ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі болып табылады, онда Қазақстан үшін мүлдем жаңа институт – әкімшілік әділет енгізіледі. Жоғарғы Сотта оның жобасы бойынша біздің бірлескен жұмысымыз есімде, деді Қ. Мәми. Конституциялық Кеңестің Төрағасы Пуделька мырзаға еліміздегі конституциялық заңдылық режимін қамтамасыз ету саласындағы жемісті ынтымақтастығы үшін алғыс айтты. Кеңес қараған өтініштер бойынша GIZ сараптамалық қорытындылары мәселелерді жан-жақты зерттеуге және оңтайлы шешімдер қабылдауға ықпал етті. Пуделька мырза Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығына арналған халықаралық онлайн конференция мен өзге де іс-шараларға белсенді түрде қатысты.
Тараптар құқықтық жаңғыртудың қазіргі заманғы бағыттары бойынша ынтымақтастықтың табысты жалғасатынына сенім білдірді. Кездесу қорытындысы бойынша Қ.Мәми конституционализм қағидаттарын бекітуге, мемлекеттер арасындағы бейбітшілік пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан қомақты үлесі үшін Й.Пудельке мырзаға Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен марапатталған II дәрежелі «Достық» ордені мемлекеттік наградасын табыс етті.