Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 16 қазандағы

№ 2529 Конституциялық заңы.

 

       Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы

       

МАЗМҰНЫ

       Осы Конституциялық заң Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасының Парламентiн ұйымдастыруды және оның қызметiн, оның депутаттарының құқықтық жағдайын белгiлейдi.

      Ескерту. Тақырыбы мен кіріспе жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының Конституциялық 1999.05.06. N 377 Заңымен.

 

I тарау
Жалпы ережелер

 

1-бап. Республика Парламентiнiң мәртебесi

      Парламент – Қазақстан Республикасының заң шығару билігiн жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары өкiлдi органы.

      Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 15.06.2017 № 75-VI Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

 

2-бап. Республика Парламентiнiң өкiлеттiк мерзiмi

       1. Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі - алты жыл, Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзiмi - бес жыл. Кезекті сайланған Парламенттің өкілеттігі оның бірінші сессиясы ашылған кезден басталады және келесі сайланған Парламенттің біріншi сессиясы жұмысының басталуымен аяқталады. Бұл орайда Парламент сайланымының кезектiлігі Мәжіліс сайланымының кезектілігімен айқындалады. Парламенттің өкілеттік мерзімі кезекті сайланған Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімімен айқындалады.

       2. Парламенттiң және Парламент Мәжілісінің өкiлеттiгi Қазақстан Республикасының Конституциясында көзделген тәртіппен мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.

      Ескерту. 2-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының Конституциялық 1999.05.06. N 377, 2007.06.19. N 266 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

 

 3-бап. Республика Парламентi қызметiнiң құқықтық негiздерi

       Парламенттiң ұйымдастырылуы мен қызметi, оның депутаттарының құқықтық жағдайы Республика Конституциясымен, осы Конституциялық заңмен және Республиканың басқа да заң актiлерiмен белгiленедi.

      Ескерту. 3-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының Конституциялық 1999.05.06. N 377 Заңымен.

 

 4-бап. Республика Парламентiнiң құрамы мен құрылымы

       1. Парламент тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн екi Палатадан:

       Сенаттан және Мәжiлiстен тұрады.

       2. Сенат конституциялық заңда белгіленген тәртіппен әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екі адамнан өкілдік ететін депутаттардан құралады. Сенаттың сайланатын депутаттарының жартысы әрбір үш жылда қайта сайланады.

       3. Сенатта қоғамның ұлттық-мәдени және өзге де елеулі мүдделерінің білдірілуін қамтамасыз ету қажеттілігі ескеріліп, Сенаттың он бес депутатын Республика Президенті тағайындайды.

       4. Мәжіліс конституциялық заңда белгіленген тәртіппен сайланатын жүз жеті депутаттан тұрады.

       Мәжілістің тоқсан сегіз депутаты саяси партиялардан партиялық тізімдер бойынша бірыңғай жалпыұлттық сайлау округінен жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Мәжілістің тоғыз депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды.

       5. Парламент депутаты бiр мезгiлде екi Палатаға бiрдей мүше бола алмайды.

       6. Сенат пен Мәжiлiс депутаттарын сайлау тәртiбi конституциялық заңмен белгiленедi.

      Ескерту. 4-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының Конституциялық 1999.05.06. N 377, 2007.06.19. N 266 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

 

II тарау
Республика Парламентiнiң құзыретi және оны
жүзеге асырудың ұйымдық нысандары

 

5-бап. Республика Парламентiнiң құзыретi

       Парламенттiң Сенат пен Мәжiлiстiң бiрлескен және бөлек отырыстарындағы құзыретiн, Палаталардың ерекше құзыретiн Республика Конституциясы белгiлейдi және Парламенттiң сессияларында, Парламент Палаталарының, оның органдары мен депутаттардың қызметiнде жүзеге асырылады.

 

6-бап. Республика Парламентiнiң сессиялары

       1. Парламенттiң сессиясы оның Палаталарының бiрлескен және бөлек отырыстары түрiнде өткiзiледi.

       2. Парламенттiң бiрiншi сессиясын Республика Президентi сайлау қорытындылары жарияланған күннен бастап отыз күннен кешiктiрмей шақырады.

       3. Парламенттiң бiрiншi сессиясында, Сенат Төрағасы мен Мәжiлiс Төрағасы сайланғанға дейiн, Сенат пен Мәжiлiс отырыстарында тиiсiнше Республика Президентi және Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы төрағалық етедi.

      4. Парламенттiң кезектi сессиялары жылына бiр рет қыркүйектiң бiрiншi жұмыс күнiнен бастап, маусымның соңғы жұмыс күнi бiткенше өткiзiледi.

      Жұмыс күндері деп демалыс немесе мереке (ұлттық және мемлекеттік мерекелер) күндері болып табылмайтын күндерді түсіну керек.

       5. Парламенттiң сессиясы Сенат пен Мәжiлiстiң бiрлескен отырыстарында ашылып, жабылады. Парламенттiң сессиясын, әдетте, Республика Президентi ашады, ал ол болмаған кезде Мәжiлiстiң Төрағасы ашады.

       6. Парламенттiң сессиялары аралығындағы кезеңде Республика Президентi өз бастамасымен, Палаталар Төрағаларының немесе Парламент депутаттары жалпы санының кемiнде үштен бiрiнiң ұсынысымен Парламенттің кезектен тыс сессиясын шақыра алады. Онда сессияны шақыруға негiз болған мәселелер ғана қаралуы мүмкiн.

      Ескерту. 6-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2007.06.19. N 266 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 03.10.2013 № 133-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

 

 7-бап. Республика Парламентiнiң сессияларындағы кворум

       Палаталардың бiрлескен және бөлек отырыстары оларға әр Палата депутаттарының жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысқан жағдайда құқылы болады.

 

8-бап. Республика Парламентi сессияларының жариялылығы

       1. Палаталардың бiрлескен және бөлек отырыстары ашық отырыстар болып табылады. Регламенттерде көзделген реттерде жабық отырыстар өткiзiлуi мүмкiн.

       2. Республиканың Президентi, Премьер-Министрi мен Үкiмет мүшелерi, Ұлттық Банк Төрағасы, Бас Прокуроры, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Төрағасы, сондай-ақ Мемлекеттiк Хатшысы мен Республика Президентi Әкiмшiлiгiнiң Басшысы кез келген, ашық, сондай-ақ жабық отырыстарға қатысуға және сөз сөйлеуге хақылы.

       3. Мемлекеттiк органдардың және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының лауазымды тұлғалары, олардың сессияға қатысу қажеттiгi туралы Парламенттiң немесе оның Палаталарының шешiмi қабылданса, Парламентке келiп өздерiнiң құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша қажеттi түсiнiктер беруге мiндеттi. Парламент пен оның Палаталарының Республика Президентiне қатысты осындай шешiмдер қабылдауға хақы жоқ.

 

9-бап. Республика Парламентi Палаталарының Төрағалары

       1. Палаталарды мемлекеттiк тiлдi еркiн меңгерген өз депутаттарының арасынан Палаталар депутаттары жалпы санының көпшiлiк дауысымен жасырын дауыс беру арқылы Сенат пен Мәжiлiс сайлаған Төрағалар басқарады.

       2. Сенат Төрағасының қызметiне кандидатураны Республика Президентi ұсынады. Сенат қабылдамаған кандидатураның орнына жаңа кандидатура енгiзудi Республика Президентi жүзеге асырады.

       3. Мәж