Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 29 желтоқсандағы № 2737 Конституциялық заңы.

        

I ТАРАУ
Жалпы Ережелер

 

1-бап. Конституциялық Кеңестiң мәртебесi

       Конституциялық Кеңес мемлекеттiк орган ретiнде Республиканың бүкiл аумағында Қазақстан Республикасы Конституциясының жоғары тұруын қамтамасыз етедi:

      1) өз өкiлеттiгiн жүзеге асыру кезiнде дербес және мемлекеттiк органдарға, ұйымдарға, лауазымды адамдар мен азаматтарға тәуелсiз, Республика Конституциясына ғана бағынады әрi саяси және өзге себептердi негiзге ала алмайды;

       2) Республика Конституциясы мен осы Конституциялық заңды басшылыққа ала отырып, соттардың немесе басқа мемлекеттiк органдардың құзыретiне жататын барлық жағдайларда өзге мәселелердi анықтау мен зерттеуге бармай-ақ өз өкiлеттiгiн жүзеге асырады.

 

2-бап. Конституциялық Кеңестiң құрамы

       Конституциялық Кеңес жетi мүшеден, соның iшiнде Конституциялық Кеңестiң Төрағасынан тұрады. Бұған қоса Республиканың экс-Президенттерi құқығы бойынша ғұмыр бойы Конституциялық Кеңестiң мүшелерi болып табылады.

 

3-бап. Конституциялық Кеңестi құру тәртiбi

      1. Конституциялық Кеңестiң Төрағасын Республиканың Президентi қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

       2. Конституциялық Кеңестің екі мүшесін Республика Президенті қызметке тағайындайды, Конституциялық Кеңеске екі-екі мүшеден Парламент Палаталары төрағаларының ұсынуы бойынша тиісінше Парламент Сенаты мен Мәжілісі тағайындайды. Конституциялық Кеңес мүшелерінің жартысы әрбір үш жыл сайын жаңартылып отырады.

      Ескерту. 3-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2008.06.17 N 41-IV Конституциялық заңымен.
 

 4-бап. Конституциялық Кеңес мүшелiгiне кандидаттарға қойылатын талаптар

      1. Конституциялық Кеңестiң құрамына отыз жасқа толған, Республика аумағында тұратын, жоғары заң бiлiмi, заң мамандығы бойынша кемiнде бес жыл жұмыс стажы бар Республика азаматы тағайындала алады.

       2. Осы баптың 1-тармағында белгiленген талаптар Республиканың экс-Президенттерiне қолданылмайды.

 

5-бап. Конституциялық Кеңес мүшелерiнiң өкiлеттiк мерзiмi

      1. Конституциялық Кеңес Төрағасы мен мүшелерiнiң өкiлеттiгi алты жылға созылады.

       2. Шығып қалған немесе қызметте болу мерзiмi аяқталған жағдайда Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшелерi Конституцияда және осы Конституциялық заңда белгiленген тәртiппен тағайындалады.

      3. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшелерi қызметтерiне адамдардың шығып қалған немесе осы қызметтерде болу мерзiмi аяқталған күннен бастап бiр ай iшiнде тағайындалады.

       4. Егер Конституциялық Кеңес Төрағасының немесе мүшелерiнің өкiлеттiк мерзiмi олардың қатысуымен Конституциялық Кеңес жүргiзiп жатқан мәселенi қарау кезеңiнде аяқталса, онда олардың өкiлеттiгi қорытынды шешiм шығарылғанға дейiн сақталады.

 

 

6-бап. Конституциялық Кеңес Төрағасы мен мүшелерiнiң анты

      Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшелерi өздері тағайындалғаннан кейiн мынадай мазмұнда ант қабылдайды: "Өзiме жүктелген Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасы (мүшесi) мiндетiн адал атқаруға, әдiл болуға және басқа ешкiмге, еш нәрсеге емес, тек Қазақстан Республикасының Конституциясына ғана бағынуға салтанатты түрде ант етемiн.".

      Конституциялық Кеңес Төрағасы мен мүшелерiнің анты Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын тәртіппен қабылданады.

      Ескерту. 6-бап жаңа редакцияда - ҚР 22.12.2017 № 119-VI Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

 

7-бап. Конституциялық Кеңестiң отырыстары

      1. Конституциялық Кеңестiң отырысы егер оған Конституциялық Кеңес құрамының кемiнде үштен екiсi қатысса, құқылы болады.

       2. Конституциялық Кеңестiң отырыстарын қажетiне қарай Конституциялық Кеңестiң Төрағасы, ал ол болмаған кезде оның уәкiлдiк беруi бойынша Конституциялық Кеңес Төрағасының мiндетiн атқарушы шақырады.

 

8-бап. Конституциялық iс жүргiзу

       Конституциялық Кеңестiң құзыретiне жататын мәселелер бойынша iс қарау мен шешiмдер қабылдау Конституцияда және осы Конституциялық заңда белгiленген конституциялық iс жүргiзу тәртiбiмен жүзеге асырылады.

 

9-бап. Конституциялық Кеңес туралы заңдар

       1. Конституциялық Кеңестiң мәртебесi, құзыретi, қызметiнiң ұйымдастырылуы мен тәртiбi Республика Конституциясымен және осы Конституциялық заңмен белгiленедi.

       2. Конституциялық Кеңес өз қызметiнiң ұйымдастырылуы мен тәртiбiнiң Конституциямен және осы Конституциялық заңмен реттелмеген мәселелерi бойынша Конституциялық Кеңестiң регламентiн қабылдайды.

 

II ТАРАУ
Республика Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасы мен мүшелерiнiң
мәртебесi

 

10-бап. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшелерi мемлекеттiң лауазымды адамдары ретiнде

       1. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшелерi мемлекеттiң лауазымды адамдары болып табылады, олардың мәртебесi Конституциямен және осы Конституциялық заңмен, сондай-ақ Конституция мен осы Конституциялық заңда реттелмеген бөлiгiнде мемлекеттiк қызмет туралы нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.

       2. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшесiнiң қызметi депутаттық мандатпен, оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтердi қоспағанда, өзге де ақы төленетiн жұмысты атқарумен, кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырумен, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесiнiң құрамына кiрумен сыйыспайды.

 

11-бап. Конституциялық Кеңес Төрағасы мен мүшелерiнiң тәуелсiздiгi

       1. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшелерi өз мiндеттерiн орындау кезiнде тәуелсiз болады және тек Конституция мен осы Конституциялық заңға ғана бағынады. Басқа ешқандай да актiнiң олар үшiн сөзсiз мiндеттi күшi болмайды. Олардың қызметiне қандай болса да араласуға, сондай-ақ оларға қандай түрде болса да қысым жасауға немесе басқадай ықпал етуге жол берiлмейдi және бұл заң бойынша жауапкершiлiкке әкелiп соғады.

      2. Конституциялық Кеңес Төрағасы мен мүшелерiнiң конституциялық iс жүргiзу мәселелерi жөнiндегi қызметi есеп беруге жатпайды. Өз өкiлеттiгiн жүзеге асыру мәселелерi бойынша олардан есеп талап етуге ешкiмнiң хақы жоқ.

      3. Қорытынды шешiм шығарылғанға дейiн Конституциялық Кеңестiң қарауына арқау болып отырған мәселелер бойынша ешкiмнiң де пiкiр немесе кеңес сұрауға, ал Конституциялық Кеңес Төрағасы мен мүшелерiнiң, Конституциялық Кеңестiң отырысынан басқа кезде, пiкiр айтуға немесе кеңес беруге хақы жоқ.

      4. Конституциялық Кеңестiң мүшелерi өкiлеттiк мерзiмi iшiнде ауыстырылмайды. Олардың өкiлеттiгiн, осы Конституциялық заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, тоқтатуға немесе тоқтата тұруға болмайды.

      5. Егер Конституциялық Кеңестiң қарауындағы мәселеге тiкелей жеке немесе жанама мүдделiлігiне байланысты өзiнiң әдiлдiгiне күмән тууы мүмкiн болса, Конституциялық Кеңестiң Төрағасы немесе мүшесi бұл мәселенi қараудан бас тартуға мiндеттi, мұны Конституциялық Кеңес қанағаттандыруға тиiс.

       6. Конституциялық Кеңес мүшесiнiң сотта немесе өзге құқық қолдану органдарында, заңды өкiлдiктен басқа, қорғауды немесе өкiлдiктi жүзеге асыруға, құқықтарды жүзеге асыру мен мiндеттерден босату iсiнде қандай адамдарға болса да қамқоршылық жасауға хақы жоқ.

 

12-бап. Конституциялық Кеңес мүшелерiне ешкiмнiң тиiспеуi

      1. Қылмыс үстінде ұстап алынған не ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасаған жағдайлардан басқа кезде, Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшелерiн өз өкiлеттiктері мерзiмi iшiнде Парламенттің келiсiмiнсiз ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге, сот тәртiбiмен қолданылатын әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.

      2. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталуына себеп сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелгеннен кейін Конституциялық Кеңестiң Төрағасына немесе мүшесiне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Бас Прокурордың келісімімен ғана жалғастырылуы мүмкін, ол Конституциялық Кеңестiң Төрағасын немесе мүшесiн қылмыстық жауаптылыққа тартуға келісім беру туралы ұсынуды Парламентке енгізеді. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы немесе мүшелерi қылмыс үстінде ұстап алынған не ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасауға дайындалу немесе оқталу фактісі анықталған не олар ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған жағдайларда, оларға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Бас Прокурордың келісімін алғанға дейін, бірақ бір тәулік ішінде оны міндетті түрде хабардар ете отырып, жалғастырылуы мүмкін. Істі тергеп-тексеру барысында заңдылықтың сақталуын қадағалауды Бас Прокурор жүзеге асырады.

      3. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшелерi тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылмайды.

      4. Конституциялық Кеңестiң мүшесiн, егер осы Конституциялық заңға сәйкес оның өкiлеттiгi тоқтатыла тұрмаған болса, Конституциялық Кеңестiң отырысына қатысудан шеттетуге ешкiмнiң хақы жоқ.

      Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.07.2014 № 232-V Конституциялық заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
 

 13-бап. Конституциялық Кеңес Төрағасы мен мүшелерi құқықтарының теңдiгi

       Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшелерi Конституциялық Кеңес жүргiзiп жатқан мәселелердi қарауда және олар бойынша шешiмдер қабылдауда, осы Конституциялық заңның 33-бабының 3-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, тең құқықтарға ие болады.

 

14-бап. Конституциялық Кеңес Төрағасының, мүшесiнiң өкiлеттiгiн тоқтата тұру

      1. Конституциялық Кеңес Төрағасының немесе мүшесiнiң өкiлеттiгiн Конституциялық Кеңестiң өтiнiшi бойынша оны тағайындаған адам, мынадай жағдайларда егер ол:

      1) дәлелдi себептерсiз кемiнде қатарынан үш рет Конституциялық Кеңестiң отырыстарына қатыспаса;

      2) денсаулық жағдайына байланысты ұзақ уақыт бойы өз мiндеттерiн орындай алмаса;

       3) заңды күшiне енген сот шешiмi бойынша хабар-ошарсыз жоқ болған деп танылса, тоқтата тұруы мүмкiн.

      2. Конституциялық Кеңес Төрағасының немесе мүшесiнің өкілеттіктері, егер заңда белгіленген тәртіппен оны ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге, әкiмшiлiк немесе қылмыстық жауаптылыққа тартуға, сотта медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану, әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп тану туралы тиісті өтінішхатты қозғауға келiсiм берілген жағдайда да тоқтатыла тұруы мүмкін.

      3. Конституциялық Кеңес Төрағасының немесе мүшесiнiң  өкiлеттiгiн тоқтата тұру туралы шешiм өкiлеттiктi тоқтатуға негiздер байқалған күннен бастап бiр айдан кешiктiрiлмей қабылданады.

      4. Конституциялық Кеңес Төрағасының немесе мүшесiнiң өкiлеттiгi осы өкiлеттiктi тоқтата тұруға негiздер дәйексiз болып қалғанға дейiн тоқтатыла тұрады.

      Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.07.2014 № 232-V Конституциялық заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
 

 15-бап. Конституциялық Кеңес Төрағасының, мүшесiнiң өкiлеттiгiн тоқтату

      1. Тиiсiнше:

      1) Конституциялық Кеңес Төрағасының өкiлеттiгiн Республика Президентi тоқтатады;

      2) Конституциялық Кеңес мүшесiнiң өкiлеттiгiн оны тағайындаған Қазақстан Республикасының Президенті, Парламент Сенаты, Парламент Мәжілісі тоқтатады.

       2. Конституциялық Кеңес Төрағасының, мүшесiнiң өкiлеттiгi:

      1) орнынан түсуi туралы өтiнiшiнiң қанағаттандырылуы;

      2) Жоғарғы Соттың ол жөнiнде заңды күшiне енген айыптау үкiмiнiң болуы;

      3) заңды күшiне енген сот шешiмiмен оның iс-әрекетке қабiлетсiз деп танылуы;

      4) заңды күшiне енген сот шешiмiмен оның өлген деп танылуы;

      5) оның қайтыс болуы;

      6) осы Конституциялық заңның 10-бабының 2-тармағында көзделген шарттардың сақталмауы;

       7) антты бұзуы, Республика Конституциясы мен осы Конституциялық заңның талаптарын орындамауы, оның жоғары мәртебесiмен сыйыспайтын атына кiр келтiретiн қылық жасауы;

       8) Конституция мен осы Конституциялық заңда белгiленген талаптар бұзыла отырып тағайындалуы;

       9) қызметте болуының Конституцияда белгiленген мерзiмiнiң аяқталуы;

      10) (алынып тасталды - Қазақстан Республикасының 2008.06.17 N 41-IV Конституциялық заңымен);

 

       11) саяси мақсаттарды көздейтiн саяси партияға немесе өзге де қоғамдық бiрлестiкке кiруi нәтижесiнде тоқтатылады.

      Ескерту. 15-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2008.06.17 N 41-IV Конституциялық заңымен.
 

16-бап. Конституциялық Кеңес Төрағасы мен мүшелерiнiң қызметiн қамтамасыз ету

      1. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшелерiне жалақы Республика Конституциясының 66-бабының 9-1) тармақшасында көзделген тәртiппен белгiленедi.

       2. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшелерiн тұрғын үймен, көлiкпен және өзге де қамтамасыз ету, медициналық қызмет көрсету мен санаторий-курорттық емдеу Республика Президентi белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.

      Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 15.06.2017 № 75-VI Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

 

III ТАРАУ
Республика Конституциялық Кеңесiнiң және оның лауазымды
адамдарының құзыретi

 

17-бап. Конституциялық Кеңестiң құзыретi

       1. Конституциялық Кеңес дау туған жағдайда Конституцияның               72-бабы 1-тармағының 1)-тармақшасына сәйкес:

       1) Республика Президентi сайлауының ;

       2) Парламент депутаттары сайлауының ;

       3) республикалық референдумның дұрыс өткiзiлгендігi туралы мәселенi шешедi.

       2. Конституциялық Кеңес Конституцияның 72-бабы 1-тармағының            2), 2-1), 3) тармақшаларына сәйкес:

      1) Парламент қабылдаған заңдардың Президент қол қойғанға дейін;

      2) Парламент және оның Палаталары қабылдаған қаулылардың;

      3) Республиканың халықаралық шарттарының олар ратификацияланғанға дейін Конституцияға сәйкестігін қарайды.

       3. Конституциялық Кеңес Конституцияның 72-бабы 1-тармағының          4)-5)-тармақшаларына сәйкес:

      1) Конституция нормаларына ресми түсiндiрме;

       2) Парламент тиiсiнше республика Президентiн мерзiмiнен бұрын қызметiнен босату туралы шешiм, Республика Президентiн қызметiнен кетiру туралы түпкiлiктi шешiм қабылдағанға дейiн - белгiленген конституциялық рәсiмдердiң сақталуы туралы қорытынды бередi.

       4. Конституциялық Кеңес:

       1) Конституцияның 44-бабының 10-1) тармақшасында көзделген жағдайларда – Республика Президентінің өтiнiштерiн, сондай-ақ Конституцияның 78-бабында көзделген жағдайларда соттардың өтiнiштерiн Конституцияның 72-бабының 2-тармағына сәйкес қарайды;

       2) Конституцияның 53-бабының 6) тармақшасына сәйкес конституциялық iс жүргiзу практикасын қорыту нәтижелерi бойынша жыл сайын Парламентке Республикадағы конституциялық заңдылықтың жайы туралы жолдау жiбередi.

      Ескерту. 17-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2008.06.17 N 41-IV; 15.06.2017 № 75-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

 

18-бап. Конституциялық Кеңестiң өзге де өкiлеттiктерi

      Конституциялық Кеңес:

      1) құзыретi шегiнде барлық мемлекеттiк органдардан, ұйымдардан құжаттар, материалдар мен өзге де ақпараттар сұратуға және алуға, сондай-ақ белгiленген тәртiппен сарапшылық және ғылыми-консультациялық жұмысқа мамандар тартуға хақылы;

       2) Конституциялық Кеңес Төрағасы мен мүшелерiнiң өкiлеттiгiн тоқтата тұру туралы өтiнiш жасайды және осы Конституциялық заңда белгiленген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

 

19-бап. Конституциялық Кеңес Төрағасының өкiлеттiгi

      1. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы:

      1) Конституциялық Кеңес iс жүргiзуге қабылдаған мәселелердi қарауға даярлықты басқарады;

      2) Конституциялық Кеңестiң отырысын шақырады, iс жүргiзуге қабылданған мәселелердi олардың қарауына енгiзедi және Конституциялық Кеңестiң отырыстарында төрағалық етедi;

      3) Конституциялық Кеңес мүшелерiнiң мiндеттерiн бөледi, Конституциялық Кеңес мүшелерi мен оның аппаратының жұмысын ұйымдастырады;

      4) отырыс өткiзудi қамтамасыз ету жөнiндегi шараларды белгiлейдi;

      5) Парламент Палаталарының бiрлескен отырысында Республикадағы конституциялық заңдылықтың жай-күйi туралы Конституциялық Кеңестiң жолдауын жария етедi;

      6) Республика Президентiнiң талап етуi бойынша оған елдегi конституциялық заңдылықтың жайы туралы ақпаратты табыс етедi;

      7) Конституциялық Кеңес отырыстарының шешiмдерi мен хаттамаларына қол қояды;

      8) Конституциялық Кеңестiң бекiтуiне оның регламентiн табыс етедi;

       9) Конституциялық Кеңестiң аппараты туралы Ереженi, бөлiнген бюджет қаражаты шегiнде - Конституциялық Кеңес аппаратының құрылымы мен штат кестесiн бекiтедi; U990029

      10) Конституциялық Кеңес аппараты қызметкерлерiн қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      11) осы Конституциялық заңға және Конституциялық Кеңес регламентiне сәйкес өзге де өкiлеттiктi жүзеге асырады.

       2. Өз құзыретiндегi мәселелер бойынша Конституциялық Кеңестiң Төрағасы бұйрықтар мен өкiмдер шығарады.

 

IV ТАРАУ
Конституциялық iс жүргiзу

 

20-бап. Конституциялық iс жүргiзуге қатысушылар

      1. Конституциялық iс жүргiзуге қатысушылар болып өтiнiштерi бойынша конституциялық iс қозғалып отырған мына адамдар мен органдар танылады:

      1) Республика Президентi;

      2) Парламент Сенатының Төрағасы;

      3) Парламент Мәжiлiсiнiң Төрағасы;

      4) өздерiнiң жалпы санының кемiнде бестен бiрi болатын Парламент депутаттары;

      5) Премьер-Министр;

      6) Республика соттары;

      7) актiлерiнiң конституциялылығы тексерiлетiн мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдар.

      2. Қажет болған жағдайда конституциялық iс жүргiзуге қатысушылар Конституциялық Кеңеске өз өкiлдерiн жiбере алады, олардың өкiлеттiгi белгіленген тәртiппен ресiмделедi.

      Ескерту. 20-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 15.06.2017 № 75-VI Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

 

21-бап. Конституциялық iс жүргiзуге қатысушылардың құқықтары мен мiндеттерi

      1. Конституциялық iс жүргiзуге қатысушылар өкiлеттiгi шегiнде тең iс жүргiзу құқықтарын пайдаланады.

       2. Конституциялық iс жүргiзуге қатысушылар:

      1) iс жүргiзу материалдарымен танысуға, олардың қысқаша үзiндiлерi мен көшiрмелерiн алуға;

      2) дәлелдер келтiруге, оларды зерттеуге қатысуға және өтiнiштерi мен қарсылықтарының негiзi ретiнде өздерi сiлтеме жасап отырған мән-жайларды дәлелдеуге;

      3) конституциялық iс жүргiзу барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өздерiнiң дәйектерi мен ойларын Конституциялық Кеңеске айтуға;

      4) өтiнiштерiн мәлiмдеуге және мәлiмденген өтiнiштер бойынша өз пiкiрiн айтуға;

      5) Конституциялық Кеңеске ауызша және жазбаша түсiнiктер беруге хақылы.

      3. Конституциялық iс жүргiзуге қатысушы:

      1) өтiнiшi бойынша конституциялық iс қозғалған қатысушының Конституциялық Кеңестiң қорытынды шешiмi қабылданатын отырысы басталғанға дейiн өтiнiшiнiң негiзiн өзгертуге, оның көлемiн ұлғайтуға немесе азайтуға, өтiнiшiнен бас тартуға хақылы;

      2) соның актiлерiне орай конституциялық iс қозғалған қатысушының өтiнiшiнде мәлiмделген талаптарды толық немесе iшiнара мойындауға не оларға қарсылық бiлдiруге хақылы.

       4. Конституциялық iс жүргiзуге қатысушылар:

      1) өз құқықтарын адал пайдалануға мiндеттi. Олардың Конституциялық Кеңеске көрiнеу жалған мәлiметтер хабарлауы немесе Конституциялық Кеңес талап еткен құжаттарды, материалдар мен өзге де ақпаратты бермеуi Конституциялық Кеңестi құрметтемеу ретiнде бағаланады және заң бойынша жауапкершiлiкке әкелiп соғады;

       2) Республика Конституциясына , Конституциялық Кеңеске, оның талаптарына және Конституциялық Кеңесте қабылданған рәсiмдерге құрметпен қарауға;

       3) төрағалық етушiнiң отырыс тәртiбiн сақтау туралы өкiмдерiне бағынуға мiндеттi.

 

22-бап. Конституциялық Кеңеске өтiнiш берудiң нысаны мен мазмұны

      1. Конституциялық Кеңеске өтiнiш жазбаша түрде берiледi.

       2. Өтiнiште мыналар көрсетiлуге тиiс:

      1) Конституциялық Кеңестiң атауы;

      2) өтiнiш жасаушының атауы, тұрғылықты жерi, мекен-жайы және ол туралы өзге де қажеттi деректер;

      3) өтiнiш жасаушының өкiлiнiң атауы, мекен-жайы және қызметi бойынша өкiлдiктi қоспағанда, оның өкiлеттiгi туралы өзге де деректер;

       3-1) егер өтініште Конституцияның 91-бабының 3-тармағында көзделген жағдайда қорытынды беру туралы мәселе қойылса, Республика Конституциясына өзгерістер мен толықтырулардың жобасы;

      4) егер өтiнiште оларды өткiзудiң дұрыстығы туралы мәселе қойылған ретте, Президент, Парламент депутаттары сайлауын және республикалық референдум өткiзуге байланысты актiлерге қол қойған немесе оларды шығарған мемлекеттiк органдардың, лауазымды адамдардың атауы, тұрғылықты жерi және мекен-жайы;

       5) егер өтiнiште Парламент қабылдаған заңдардың Республика Конституциясына сәйкестiгi туралы мәселе қойылған ретте, заңдардың атауы, қабылданған күнi;

      5-1) егер өтініште Парламент және оның Палаталары қаулыларының Республика Конституциясына сәйкестігі туралы мәселе қойылған жағдайда Парламент және оның Палаталары қаулыларының атауы, қабылданған күні;

       6) егер өтiнiште Республиканың халықаралық шарттарының Конституцияға сәйкестiгi туралы мәселе қойылған ретте, Республиканың халықаралық шарттарының, Қазақстан Республикасы немесе оның мемлекеттiк органдары атынан оларға қол қойылған лауазымды адамдардың аты, оларға қол қойылған күн мен орын;

      7) өтiнiште ресми түсiндiрме беру туралы мәселе қойылып отырған Республика Конституциясының нормалары;

      7-1) егер өтініште күшіне енген заңды немесе өзге де құқықтық актіні Республика Конституциясына сәйкестігіне қарау туралы мәселе қойылса, заңның немесе өзге де құқықтық актінің атауы, нөмірі, қабылданған күні, жарияланған көздер және өзге де деректемелер;

       8) егер соттың ұсынысында актiнi конституциялық емес деп тану туралы мәселе қойылса, егер сот қолданылуға жататын заң немесе өзге де нормативтiк құқықтық акт адам мен азаматтың Конституцияда баянды етiлген құқықтары мен бостандықтарына қысым жасайды деп таныса, актiге қол қойған немесе оны шығарған мемлекеттiк органның, лауазымды адамның аты, тұрғылықты жерi мен мекен-жайы, заңның немесе өзге де нормативтiк құқықтық актiнiң атауы, нөмiрi, қабылданған күнi, жарияланған көздер және өзге де реквизиттер;

       9) Конституцияның 47-бабының 1-тармағына сәйкес Парламент құрған комиссияның атауы, құрамы және оның қорытындысы; Республика Президентiн мерзiмiнен бұрын қызметтен босату туралы мәселенi Парламенттiң қарауына байланысты актiлердiң атауы, қабылданған күнi және мазмұны;

      10) Президенттi қызметтен кетiру туралы мәселенi қозғауға түрткi болған депутаттардың саны туралы мәлiметтер; Парламент Палаталарында дауыс берудiң нәтижелерi туралы мәлiметтер; Президентке қарсы тағылған айыпты тексеру нәтижелерi туралы мәлiметтер; тағылған айыптың негiздiлiгi туралы Жоғарғы Соттың қорытындысы жөнiндегi мәлiметтер; Республика Президентiн қызметтен кетiру туралы мәселенi Парламенттiң қарауына байланысты актiлердің атауы, қабылданған күнi және мазмұны;

      11) өтiнiштiң мәнi;

      12) өтiнiш жасауға негiз болатын және оның негiздiлiгiн растайтын өзге де деректер, мән-жайлар мен айғақтар;

       13) Республика Конституциясы мен осы Конституциялық заңның Конституциялық Кеңеске өтiнiш жасау құқығын беретiн нормалары;

      14) қоса тi<