Конституциялық іс жүргізу туралы қолданыстағы заңнама: 2014 жылғы 5 шілдедегі № 235-V ҚРЗ Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің сәйкес ережелері

 

1-бап. Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнамасы осы Кодекстен тұрады.

      2. Осы Кодекс Қазақстан Республикасының Конституциясына, халықаралық құқықтың жалпы танылған қағидаттары мен нормаларына негiзделедi.

      3. Әкімшілік-деликтік құқықтық қатынастарды реттейтін Қазақстан Республикасының халықаралық шарттық және өзге де міндеттемелері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің және Жоғарғы Сотының нормативтік қаулылары әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнаманың құрамдас бөлігі болып табылады.

      4. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар осы Кодекс алдында басымдыққа ие болады және халықаралық шарттан оны қолдану үшiн заң шығаруды талап ету туындайтын жағдайлардан басқа кезде, тiкелей қолданылады. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделгеннен өзгеше қағидалар белгiленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

 

8-бап. Заңдылық

      1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар, әкімшілік жаза шаралары, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету шаралары және әкiмшiлiк-құқықтық ықпал ету шаралары осы Кодекспен ғана айқындалады. Осы Кодексте белгіленген негіздер мен тәртіптен өзгеше ретте, ешкім де әкімшілік жазаға, әкiмшiлiк-құқықтық ықпал ету шараларына немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету шараларына тартыла алмайды.

       2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген сот, органдар (лауазымды адамдар) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы істер бойынша iс жүргiзу кезiнде Қазақстан Республикасы Конституциясының, осы Кодекстiң, осы Кодекстiң 1-бабында көрсетілген өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң талаптарын дәлме-дәл сақтауға мiндеттi. Қазақстан Республикасы Конституциясының жоғары заңды күшi бар және Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында ол тiкелей қолданылады. Қазақстан Республикасының нда және Конституциясында белгiленген қағидалар арасында қайшылықтар болған жағдайда Конституцияның ережелерi қолданылады.

      3. Соттар адамның және азаматтың Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітіп берілген құқықтары мен бостандықтарына қысым жасалатын заңдар мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi қолдануға құқылы емес. Егер сот қолданылуға тиісті заң немесе өзге де нормативтiк құқықтық акт адамның және азаматтың Конституцияда бекітіп берілген құқықтары мен бостандықтарына қысым жасайды деп тапса, ол iс бойынша iс жүргiзудi тоқтата тұруға және осы актiнi конституциялық емес деп тану туралы ұсынумен Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесіне жүгiнуге мiндеттi. Сот Конституциялық Кеңестiң шешiмiн алғаннан кейін iс бойынша iс жүргiзу қайта басталады.

      Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілеттік берілген соттардың және органдардың (лауазымды адамдардың) конституциялық емес деп танылған заңға немесе өзге де нормативтік құқықтық актіге негізделген шешімдері орындалуға жатпайды.

      4. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген соттың, органдардың (лауазымды адамдардың) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша іс жүргiзу кезiнде заңды бұзуына жол берiлмейдi және заңда белгiленген жауаптылыққа, қабылданған актiлердiң жарамсыз деп танылуына және олардың күшiнiң жойылуына әкеп соғады.

 

741-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша іс жүргiзудi болғызбайтын мән-жайлар

      1. Мынадай мән-жайлардың ең болмағанда бiреуi болған кезде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзудi бастауға болмайды, ал басталған iс тоқтатылуға жатады:

      1) әкiмшiлiк құқық бұзушылық оқиғасының болмауы;

      2) әкiмшiлiк құқық бұзушылық құрамының болмауы,

      3) әкiмшiлiк жауаптылықты белгiлейтiн заңның немесе оның жекелеген ережелерiнiң күшi жойылуы;

      4) егер әкiмшiлiк жауаптылықты белгiлейтiн заңды немесе оның жекелеген ережелерiн немесе іс-әрекеттi әкiмшiлiк құқық бұзушылық ретiнде саралау соған байланысты болатын әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы осы iсте қолданылуға жататын өзге де нормативтiк құқықтық актiнi Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесiнің конституциялық емес деп тануы;

      5) әкiмшiлiк жауаптылыққа тартудың ескіру мерзiмдерiнiң өтуi;

      6) әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын тұлғаға қатысты нақ сол факт бойынша судьяның, органның (лауазымды адамның) әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулысының не әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi тоқтату туралы күшi жойылмаған қаулының болуы, сондай-ақ нақ сол факт бойынша тұлғаны күдікті деп тану туралы қаулының болуы;

      7) өзіне қатысты іс бойынша iс жүргiзiліп жатқан жеке тұлғаның қайтыс болуы, заңды тұлғаның таратылуы;

      8) салықтың және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң түсуiн қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлеттi орган растаған, бағдарламалық қамтамасыз етуде техникалық қателер туындаған жағдайда, салық төлеушiнiң салық есептiлiгi нысандарын электрондық түрде ұсыну бойынша салықтық мiндеттеменi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген мерзiмде орындамауына әкеп соғуы;

      9) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген өзге де жағдайларда;

       10) Осы Кодекстің 897-бабында белгіленген тәртіппен әкімшілік айыппұл төлегенін растайтын құжаттың болуы;

      11) әкімшілік жауаптылыққа тартылатын тұлғаның заңда белгіленген тәртіппен адам саудасына байланысты қылмыс туралы қылмыстық іс бойынша жәбірленуші деп танылуы;

      12) осы Кодекстің 64-бабында көзделген тәртіппен тараптардың татуласуына байланысты.

       2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзу, егер қосымша дәлелдер жинаудың барлық мүмкіндігі таусылса, осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 1) және 2) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша әкімшілік құқық бұзушылық оқиғасының немесе әкімшілік құқық бұзушылық құрамының жоқтығы дәлелденген кезде де, сонымен бірге бар екендігі дәлелденбеген кезде де, сондай-ақ зиян келтiру құқыққа сыйымды болып табылатын не іс-әрекет осы Кодекстiң 5-тарауына сәйкес әкiмшiлiк жауаптылықты болғызбайтын мән-жайларда жасалған жағдайда тоқтатылады.

      Ескерту. 741-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 28.12.2017 № 127-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

 

852-бап. Қайта қарау негіздері

      1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша қаулылар, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқамалар және шағымдарды, наразылықтарды қарау нәтижелерi бойынша қаулылар жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қаралуы мүмкін.

      2. Қаулыларды, нұсқамаларды жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау үшін мыналар:

      1) құқық бұзушыға, жәбірленушіге белгілі болмаған және белгілі болуы мүмкін емес, іс үшін маңызды мән-жайлар;

      2) соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленген, заңсыз не негізсіз қаулы шығаруға алып келген, куәнің көрінеу жалған айғақтары, сарапшының көрінеу жалған қорытындысы, көрінеу қате аударма, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманың не айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқаманың, құжаттардың не заттай дәлелдемелердің жалғандығы;

      3) соттың заңды күшіне енген үкімімен анықталған, осы істі қарау кезінде жасалған, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізуге қатысушылардың, іске қатысатын басқа да тұлғалардың не олардың өкілдерінің қылмыстық әрекеттері немесе судъялардың, уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) қылмыстық іс-әрекеттері;

      4) осы қаулыны шығаруға негіз болған соттың шешімін, үкімін, ұйғарымын немесе қаулысын не өзге де мемлекеттік органның (лауазымды адамның) құқықтық актісінің күшін жою;

      5) Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің осы әкімшілік құқық бұзушылық туралы істе қолданылған заңды немесе өзге де нормативтік құқықтық актіні конституциялық емес деп тануы негіздер болып табылады.

      Ескерту. 852-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 11.07.2017 № 91-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 28.12.2017 № 127-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

858-бап. Арыз беру үшін мерзімді есептеу

      Арыз беру үшін мерзім:

       1) осы Кодекстің 852-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген жағдайларда – іс үшін едәуір маңызы бар мән-жайлар ашылған күннен бастап;

       2) осы Кодекстің 852-бабы екінші бөлігінің 2) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларда – сот үкімінің заңды күшіне енген күнінен бастап;

      3) осы Кодекстің 852-бабы екінші бөлігінің 4) тармақшасында көзделген жағдайларда – қайта қаралатын қаулы, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқама негізделген сот үкімі, шешімі, ұйғарымы, қаулысы немесе өзге де мемлекеттік органның (лауазымды адамның) құқықтық актісі заңды күшіне енген күнінен бастап;

       4) осы Кодекстің 852-бабы екінші бөлігінің 5) тармақшасында көзделген жағдайларда – Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің осы әкімшілік құқық бұзушылық туралы істе қолданылған заңды немесе өзге де нормативтік құқықтық актіні конституциялық емес деп тану туралы қаулыны қабылдау күнінен бастап есептеледі.

      Ескерту. 858-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 28.12.2017 № 127-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.


872-бап. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнің Төрағасына немесе мүшесiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзу шарттары мен тәртібі

      1. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасын немесе мүшелерiн өз өкiлеттiктері мерзiмi iшiнде Қазақстан Республикасы Парламентiнiң келiсуiнсiз күштеп әкелуге, оларға сот тәртiбiмен қолданылатын әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға болмайды.

      2. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасын немесе мүшелерiн сот тәртiбiмен әкiмшiлiк жаза қолдануға әкеп соғатын әкiмшiлiк жауаптылыққа тартуға, күштеп әкелуге келiсiм алу үшiн Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қазақстан Республикасының Парламентiне ұсыну енгiзедi. Ұсыну әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iсті сотқа жiберер алдында, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасын немесе мүшелерiн әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстерді қарауға уәкiлеттiк берілген сотқа, органға (лауазымды адамға) мәжбүрлеп жеткiзу қажеттiгi туралы мәселенi шешер алдында енгiзiледi.

       3. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қазақстан Республикасы Парламентiнiң шешiмiн алғаннан кейiн iс бойынша одан әрi іс жүргiзу осы Кодекстiң 813-бабында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.

       4. Алып тасталды - ҚР 29.12.2014 № 272-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      Ескерту. 872-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 272-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).