Қазақстан Республикасы
Конституциялық Кеңесінің
2018 жылғы 24 қаңтардағы
№ 1 қаулысымен
бекітілген


Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі
жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңес туралы
ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

1. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңес (бұдан әрі – Ғылыми-консультативтік кеңес) Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесіне (бұдан әрі – Конституциялық Кеңес) жүктелген өкілеттіктерді іске асыруда оған ғылыми тұрғыдан көмектесу мақсатында құрылған консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
2. Ғылыми-консультативтік кеңестің міндеттері:
1) мынадай:
Конституцияның үстемдігін және Республика аумағында оның тікелей қолданылуын қамтамасыз ету, конституционализмнің заманауи проблемаларын зерделеу;
Конституциялық Кеңестің іс жүргізуіндегі мәселелер;
Конституцияны ресми түсіндірудің, алдын-ала және кейінгі конституциялық бақылаудың шетелдік тәжірибесін пайдалану;
конституциялық заңнаманы және оны қолдану практикасын жетілдіру;
адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау механизмдерінің тиімділігін арттыру;
Қазақстан Республикасының Конституциясын және заманауи конституционализм қағидаттарын, конституциялық біртектілікті және конституциялық құндылықтарды, қолданыстағы заңнамада олардың ережелері іске асырылуын насихаттау;
азаматтардың конституциялық дүниетанымын, құқықтық санасын және құқықтық түсінігін арттыру бойынша ғылыми негізделген ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу;
2) Конституциялық Кеңестің елдегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жолдауының жобасына ұсыныстар енгізу;
3) Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімдері қандай құқықтық салдарға әкеп соқтыратынын болжау және олардың орындалуының жай-күйіне талдау жасау;
4) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Құқықтық саясат жөніндегі кеңеске конституциялық-құқықтық саясат мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу және енгізу;  
5) Қазақстан Республикасының Конституциясы Күніне арналған жыл сайынғы халықаралық ғылыми-практикалық конференцияны өткізуде Конституциялық Кеңеске ғылыми және ұйымдастырушылық көмек көрсету;
6) Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысында ғылым мен практиканың жетістіктерін неғұрлым толық пайдалану мақсатында отандық және шетелдік ғылыми орталықтармен және құқықтық мекемелермен ынтымақтастықты нығайту;
7) конституциялық-құқықтық дамудың өзекті мәселелері бойынша баяндамалар әзірлеу.
3. Ғылыми-консультативтік кеңестің мүшелері өз жұмысын қоғамдық негізде іске асырады.
 
2. Ғылыми-консультативтік кеңестің құрамы және
оның жұмысын ұйымдастыру
 
4. Ғылыми-консультативтік кеңестің құрамына конституциялық құқық саласындағы және заңның өзге де салаларындағы заңтанушы-ғалымдар кіреді. Ғылыми-консультативтік кеңестің  құрамын Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі Төрағасының (бұдан әрі – Конституциялық Кеңестің Төрағасы) ұсынысы бойынша Конституциялық Кеңес бекітеді. Конституциялық Кеңестің мүшелері кандидатуралар бойынша ұсыныстар енгізуге құқылы.
Ғылыми-консультативтік кеңеске мүше болып табылмайтын ғалымдар мен практикалық қызметкерлер оның жұмысына тартылуы мүмкін.
5. Ғылыми-консультативтік кеңестің құрылымында жекелеген бағыттар бойынша секциялар құрылуы мүмкін, олардың жұмыс тәртібін Конституциялық Кеңес айқындайды.
6. Конституциялық Кеңестің Төрағасы Ғылыми-консультативтік кеңеске жалпы басшылық жасайды.
7. Ғылыми-консультативтік кеңестің қызметін үйлестіру үшін Конституциялық Кеңес өз құрамынан хатшыны – Конституциялық Кеңестің мүшесін айқындайды.
Ғылыми-консультативтік кеңестің хатшысы Ғылыми-консультативтік кеңестің отырысында қарау үшін материалдар дайындалуын ұйымдастыруды қамтамасыз етеді, Ғылыми-консультативтік кеңестің жұмыс жоспары мен шешімдерінің жобасын дайындайды, сондай-ақ қабылданған шешімдердің орындалуын бақылайды.    
8. Ғылыми-консультативтік кеңес жұмысын ұйымдастырушылық және өзгелей қамтамасыз ету Конституциялық Кеңестің Аппаратына жүктеледі.

3. Ғылыми-консультативтік кеңестің жұмыс тәртібі

9. Ғылыми-консультативтік кеңестің жұмысы Конституциялық Кеңес, Ғылыми-консультативтік кеңес мүшелерінің пікірін, сондай-ақ мемлекеттік органдардың ұсыныстарын ескере отырып, Конституциялық Кеңестің Төрағасы бекітетін  жоспар негізінде іске асырылады.
10. Ғылыми-консультативтік кеңестің отырыстары қажетіне қарай, бірақ жарты жылда кем дегенде бір рет өткізіледі. Ғылыми-консультативтік кеңестің отырыстары оның құрамының  кем дегенде жартысы қатысқанда құқылы болып табылады.
11. Конституциялық Кеңестің Төрағасы немесе ол айқындайтын Конституциялық Кеңестің мүшесі Ғылыми-консультативтік кеңестің отырыстарына төрағалық етеді.
12. Қажет болған жағдайда, Ғылыми-консультативтік кеңестің отырыстарына мемлекеттік органдардың және өзге мекемелердің өкілдері шақырылуы мүмкін.
13. Отырыстың күн тәртібіндегі әрбір мәселе бойынша шешім оны талқылағаннан кейін қабылданады.
14. Ғылыми-консультативтік кеңестің шешімдері ұсыным сипатына ие және олар отырысқа төрағалық етуші қол қоятын хаттамамен ресімделеді.
15. Конституциялық Кеңестің құрамы және оның Аппаратының қызметкерлері Ғылыми-консультативтік кеңестің отырыстарына қатысуға және талқыланып отырған мәселелер бойынша пікір білдіруге құқылы.
16. Жүктелген міндеттерді орындау мақсатында Ғылыми-консультативтік кеңестің мүшелері:
1) белгіленген тәртіппен Конституциялық Кеңестің отырыстарына қатысуға;
2) Конституциялық Кеңес мүшесінің – баяндамашының келісімімен конституциялық іс жүргізу материалдарымен танысуға;
3) мемлекеттік органдардан және ұйымдардан қажет ақпаратты сұрату туралы Конституциялық Кеңеске өтініш жасауға құқылы.

 

_____________________