20.06.2019

Қазақстан Республикасы 
Конституциялық Кеңесінің Төрағасы
Қ. Мәми

(2019 жылғы 20 маусымда Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзі)  

Құрметті Нұрлан Зайроллаұлы, Дариға Нұрсұлтанқызы, депутаттар және отырысқа қатысушылар! 

Конституция – егемендігімізді паш ететін, азаттығымызды айқындайтын маңызды құжат және татулықты ту еткен елдігіміздің алтын қазығы. Ата Заңды құрметтеу, бұлжытпай орындау – алға қойылған биік мақсаттарға қол жеткізудің алғышарты.     
Конституциялық Кеңестің қызметі азаматтардың құқықтарының үстемдігін сақтауға, жалпымемлекеттік құндылықтарды ұлықтауға мүдделі осы қасиетті құжаттың мызғымастығын қамтамасыз етуге бағытталған.    
Қалыптасқан заңды дәстүр бойынша өздеріңіздің алдарыңызға еліміздегі конституциялық заңдылықтың жайы туралы кезекті жолдаумен келіп отырмыз!
Өткен жылғы Жолдау жарияланғаннан бергі кезең Қазақстанның мемлекеттілігі мен конституциялық бірегейлігі үшін тарихи таңбалы оқиғаларымен ерекшеленді.    
Салиқалы халқымыздың сабырымен, биліктің сайлану салтымен Қазақстанда жоғарғы биліктің байсалды ауысуы орын алды.      
    Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2019 жылғы              19 наурызда өз еркімен отставкаға шығуын жариялап, Мемлекет басшысы ретіндегі өкілеттігін тоқтатты.   
Конституция нормаларына сәйкес Республика Президентінің өкілеттігі Парламент Сенатының Төрағасына өтті.          
9 маусымдағы өткен Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Қазақстан Республикасының  Президенті болып Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сайланды.
Мемлекет басшысы өкілеттігінің көшуі және Республика Президентінің кезектен тыс сайлауы Конституция талаптарына қатаң сәйкестікте өтті.  
        Осылайша, сонау тәуелсіздіктің басында Елбасы мәлімдегендей Ата Заңды адал сақтау бағытының сабақтастығы және соған сәйкесті қоғам мен мемлекеттің бұлжымастығы тағы да расталды. Биліктің көшуі тыныш, қалыпты жағдайда өтті. Бұл Қазақстанның ішкі тұрақтылығын қамтамасыз етудің және халықаралық беделінің деңгейін анықтайтын маңызды факторлар.  
Конституциялық Кеңес мемлекеттің және азаматтардың ең басты ортақ міндеті қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты, мемлекеттің принциптері мен құндылықтарын, ел Конституциясының ережелері мен нормаларын құрметтеу жағдайында жұмыс жасауын қамтамасыз ету, деп санайды. Бұндай үрдіс мемлекеттің дамуының қазіргідей жаңа дәуірінде де жалғасын табатын болады.         
Ұлы мақсаттарды өзінің алдына ұлы халық қана қоя алады. Есептік кезеңде елімізде конституционализмді дәйекті түрде орнықтыру, Конституцияның ережелері мен нормалары қолданылуының тиімділігін арттыру, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беру жөнінде ауқымды жұмыс атқарылды.   
Елімізде мемлекеттік даму жүйесінің қолданыстағы бағдарламалық құжаттарын іске асыру процестері жалғасуда. Олардың қатарында Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары, Республика Тұңғыш Президентінің Қазақстан халқына жолдаулары, сондай-ақ «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» сияқты құндылықтар бар.
    Әлеуметтік әділ мемлекет орнықтыру бағыты әрқашан күн тәртібінде тұр. Халықтың аз қамтылған және әлеуметтік жағынан осал топтарын қолдау, барлық қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру және тұрмыс сапасын жақсарту бойынша ауқымды шаралар әзірленіп, іске асырылуда. 
    Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін нығайтудағы аса маңызды қадамдардың қатарында Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны; Түркістан облысының құрылуын, және түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде Түркістан қаласын дамыту жөніндегі бас жоспардың қабылдануын атап өткен жөн. 
Қазақстанның жоғары халықаралық беделі Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі миссиясын орындау және оған төрағалық ету кезінде; оның астанасында өткен Сирия бойынша халықаралық кездесулерде; әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI съезінде және басқа да ірі форумдарда расталды. 
     Конституциялық Кеңес конституционализмді одан әрі бекіту; Қазақстандық жалпыұлттық құндылық ретінде құқық үстемдігін қамтамасыз ету; адамның құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беру; жеке тұлғаның қорғалу деңгейін және мемлекеттік аппараттың тиісті жұмыс істеуін арттыру жөніндегі еліміздің стратегиялық бағытының жан-жақты сабақтастығын аса маңызды деп санайды.
    
    Құрметті депутаттар!

Конституциялық Кеңестің басты тағайыны – Ата Заңның үстемдігі мен тікелей қолданылуын қамтамасыз ету. Осы маңызды миссиясын жүзеге асыра отырып, бір жыл ішінде Кеңес конституциялық бірқатар нормаларға ресми түсіндірме берді, қабылданған заңдардың конституциялылығын тексерді және өзге де қызметті атқарды.    
Конституциялық Кеңес 2019 жылғы 25 сәуірдегі  нормативтік қаулысында Республика Президенттігіне үміткерлерге қойылатын Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұру туралы талабының мазмұнын ашып берді. 
2019 жылғы 20 наурызда Конституциялық Кеңес өзіне берілген жаңа өкілеттік аясында «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер енгізу туралы» Заңының жобасын Республика Конституциясына сәйкес деп тану туралы қорытындысын қабылдады. 
Ағымдағы жылғы 15 ақпандағы нормативтік қаулысында Конституциялық Кеңес Республика Президентінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату негіздерінің тізбесін қарап, оған Мемлекет басшысының өз еркі бойынша өкілеттігін тоқтатуы да кіретінін түсіндірді.  
Аталған есептік мерзім ішінде «Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы» және оған ілеспе заң Конституцияға сәйкес деп танылды. 
Конституциялық Кеңестің құрамы Конституцияның ережелерін және Конституциялық Кеңестің шешімдерін түсіндіру және насихаттау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді.   
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорымен бірлесіп алдарыңызға қойылған «Қазақстан Республикасы: конституционализмді бекіту хроникасы» ұжымдық монографиясы әзірленді. 

Құрметті әріптестер!

Конституциялық Кеңес келіп түскен өтініштерді қарай отырып, құқықтық реттеудің ақауларын анықтап қана қоймай, оларды реттеу тәсілдерін ұсынып отырады.    
Өткен кезеңде Кеңестің қорытынды шешімдерін орындауға бағытталған бірқатар заңнамалық және өзге де актілер қабылданды.   
Мәселен, Кеңестің ұстанымы бойынша, заңнамада «мемлекет мұқтажы», «ерекше жағдайлар», «тең бағамен өтелген кезде» ұғымдарының мазмұны айқындалды. Енді мемлекет мұқтажы үшін мүліктен күштеп айыру кезінде оның құнын өтеу бұрынғыдай кадастрлық немесе шарттық емес, нарықтық бағасы бойынша жүзеге асырылатын болды.
Атқарушылық іс жүргізуде күштеп әкелуді қолдану тәртібі  реттелді, сондай-ақ оны жүзеге асыру процесінде мемлекеттік органдар өкілеттіктерінің ара-жігі ажыратылды.   
Конституциялық Кеңестің ұсыныстарын ескере отырып, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің жобасы әзірленді.   
Кеңестің 2016 жылғы 14 желтоқсандағы нормативтік қаулысын орындау мақсатында көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңының жобасы дайындалды.        
Заң шығару жұмысының деңгейін арттыру жөніндегі  ұсыныстарды назарға ала отырып, Әділет министрлігі нормашығармашылық процесті жетілдіруге, заңнаманы жүйелеуге, құқық қолдануды жақсартуға бағытталған іс-шаралар қабылдамақ.
Мемлекеттік органдар Конституциялық Кеңестің құқықтық ұстанымдары мен ұсынымдарын орындау жөніндегі қызметін жалғастыруда. 

Құрметті депутаттар!

Болмысын құқықпен айшықтаған, өмірін тәртіппен өргізген ел азбайды, деген дана сөз бар.  
Конституциялық Кеңес еліміздің тұрақты дамуы және алдында тұрған міндеттерді жедел шешу үшін мықты құқықтық мемлекетті қалыптастыру үрдісін жалғастыру қажет деп есептейді. Бұл мақсатқа тек Негізгі Заңның жасампаздық әлеуеті мен құқықтық талаптарының мүлтіксіз орындалуы жағдайында ғана жету мүмкін. Конституциялық Кеңестің көптеген ұсыныстары осы міндеттерді шешуге бағытталған.  
Конституцияға сәйкес, адамның құқықтары мен бостандықтарын тек заңмен ғана шектеуге болады. 
Дегенмен, қолданыстағы заңнамада Негізгі Заңның 61-бабының 3-тармағында көрсетілген аса маңызды қоғамдық қатынастарды заңмен емес, басқа нормативтік құқықтық актілермен реттеу әлі де кездеседі. Ондайға жол беруге болмайды.    
Бұл алаңдаушылық мысалы: күштеп әкелу шарасына қатысты. 
Аталған қамтамасыз ету шарасының құқықтық табиғаты барлық жерде бірдей және ол адам құқықтарының біраз мәнін қозғайды. Сондықтан іс жүргізудің барлық түрлерінде оны қолдану тәртібі заңмен белгіленуі тиіс. 
Бұл ұстаным азаматтардың құқықтары мен міндеттерін көздейтін, құқықбұзушылық құрамдарының белгілерін анықтайтын, жауапкершілік шараларын тағайындауға әсер ететін кейбір құқықтық актілерге қатысты. Атап айтқанда, ол жол жүрісі қағидалары және басқалар. Оларды конституциялық ережелерге сәйкестігі тұрғысынан мұқият ревизиялау мақсатқа лайық болар еді.
Қазақстан Республикасын құқықтық мемлекет ретінде одан әрі орнықтыру заңнамалық массивті конституцияландыру деңгейін арттыруды қажет етеді.  
Ата Заңға сәйкес, соттың санкциясынсыз адамды жетпіс екі сағаттан аспайтын мерзімге ғана ұстауға болады. Адамның жеке бас бостандығы құқығын шектеу қатынастарын реттейтін заңнамалық актілерде осы конституциялық ереже түпкілікті іске асырылмаған. 
Мәселен, жеке профилактика шарасы ретінде қолданылатын жүріп-тұру еркіндігін алдын ала шектеуді  соттың санкциялау тәртібі, санкция беруден бас тарту негіздері заңмен белгіленбеген. 
Тұлғаны ел шегінен тысқары жерге шығарып жіберу кезінде және іс жүргізудің басқа түрлерінде ұстау мерзімдерін қосымша заңнамалық реттеу қажеттілігі әлі де өз өзектілігін жойған жоқ.  
Конституциялық Кеңестің бірқатар шешімдері меншіктің құқықтық режимі мен оған қол сұғылмаушылықтың кепілдіктері мәселелеріне қатысты. Оларда меншік қатынастары Конституцияға қатаң сәйкестікте, азаматтық айналымдағы барлық қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделерінің тепе-теңдігі қамтамасыз етілуі тиіс, деп атап өтілді.  
Сөйтсе де, атқарушылық iс жүргiзуде өндіріп алушының орындаушыдан атқарушылық құжатты қайтаруды талап ету құқығы шектелмеген. Осындай құқықтық реттеу тараптар мүдделерінің конституциялық тепе-теңдігін бұзуға әкеп соқтыруы мүмкін.  
Қылмыстық процесте жәбірленушілердің конституциялық құқықтарының кепілдіктерін арттыру қажет. 
Талдау көрсеткендей, аталған кодексте қылмыстық қудалау органдарын жекеше айыптау қылмыстық істері бойынша жәбірленушіге қылмыстың мән-жайларын анықтауға көмек көрсететін, сондай-ақ жәбірленуші адам қайтыс болған жағдайда жақын адамдардың өтініштері бойынша жекеше айыптауды қозғау мүмкіндігін көздейтін нормалар жоқ. 
Ақ жаулығы ананың - ақ көрпесі баланың, деп халық бекер айтпаған.   
Өткен жылы Конституциялық Кеңес «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің жекелеген нормаларының конституциялылығын тексерудің қорытындысы бойынша жүкті кезеңде және бала өмірінің алғашқы жылдарында ана мен баланың заңды мүдделерін толық қорғауға кепілдік беру қажет, деп көрсеткен болатын. 
Айтып өту керек, бұл ретте аталған Кодекске бірқатар түзетулер енгізілді. Дей тұрғанмен, қабылданған шаралар негізінен терминологиялық түсініспеушіліктерді жойды. 
Конституциялық Кеңес ана мен бала институттарын қорғау мақсатында әлі де қосымша заңнамалық шаралар қабылдау қажет деп есептейді.  
Тұтастай алғанда, неке және отбасы, ана, әке және бала институттарына мемлекеттік қамқорлық көрсетудің бірыңғай жүйесін жаңғыртуға елеулі назар аудару керек, ондай міндет Конституцияның 27-бабының 1-тармағынан туындайды. 
Мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыру да орынды болар еді. Заңнамалық актілерде көзделген шаралар мүгедектердің тыныс-тіршілігінде тең мүмкіндіктерді іске асыруы және олардың қоғамға толық кірігуі үшін жағдайлар жасау керек.     
Соттардың қолданыстағы құқықтық актілердің конституциялылығын тексеру туралы Конституциялық Кеңеске жүгіну мүмкіншілігін кеңінен пайдалану қажет. 
Соңғы уақыттары соттардың Конституциялық Кеңеске өтініш беру қарқыны көңіл толарлықтай емес. Осындай жағдайдың қалыптасуына судьялар белсенділігінің төмен деңгейі ғана емес, ұйымдастырушылық проблемалар да ықпалын тигізуде.  
Конституцияның 4-бабы 3-тармағының жаңа редакциясын іске асыру өте маңызды. Ол үшін «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Заңына Қазақстан аумағында Конституцияға сәйкес емес деп танылған халықаралық ұйымдардың шешімдерін орындауға тыйым салу, сондай-ақ  ратификациялауға жатпайтын және Конституциямен келіспейтін халықаралық шарттарды қабылдауға немесе бекітуге жол бермеу түсінігіне түзетулер енгізу қажет.
Конституциялық заңдылық режимін нығайтуға Кеңестің бұрын енгізген, бірақ-та әлі өз шешімін таппаған кейбір ұсыныстары да ықпал етпек. Олардың қатарында әкімшілік құқық бұзушылықтарды қылмыстық құқық бұзушылықтар қатарына ауыстыру кезінде жаңа заңның кері күші мәселелерін реттеу; соттылықтың және ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық қудалауды тоқтатудың жалпы құқықтық салдарын қайта қарау сияқты өзекті мәселелер бар.

Құрметті отырысқа қатысушылар! 

Қысқаша айтсақ, республикамыздағы бір жылдың аясындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі осындай. Заңдылықтың толық есебі өздеріңізге алдын-ала жазбаша жолданды және таратылды. 
Елбасымыз бірнеше рет айтқандай, Ата Заңның үстемдігі ұлттық мүддеге, бастаушы ілімге айналса, бақ баста, игілік қолда болады.          
Сондықтан жаңа конституциялық шынайылық кезінде Негізгі Заңның беделін одан әрі көтеру, конституциялық патриотизм мәдениетін қалыптастыру қажет.
Келесі жылы Қазақстан халқы республикалық референдумда қабылдаған қолданыстағы Конституцияға 25 жыл толады. Барлық мемлекеттік органдар Ата Заңның арқасында қол жеткізілген жетістіктерді, сондай-ақ қоғамның және әрбір қазақстандық-патриоттың басты назарын талап ететін сындарлы істер мен жоспарларды талдай отырып, осы тарихи оқиғаға дайындалуы тиіс.   
Құрметті депутаттар!
Сіздердің ұйымдастырушылық-практикалық және заң-шығармашылық қызметтеріңізде конституциялық құндылықтарды одан әрі дамыту ел тәуелсіздігін орнықты және дәйекті нығайтуға ықпал ететін болады.

Зер салып тыңдағандарыңызға рахмет!