02.03.2018
Welcoming speech at the International Conference on the theme: "Implementation of constitutional novels – as a guarantee of providing an effective model of criminal proceedings", Akbulak, March 1, 2018


Қазақстан Республикасы
Конституциялық Кеңесінің Төрағасы 
Қ.Ә.Мәми

«Конституциялық новеллаларды іске асыру – қылмыстық сот ісін жүргізудің тиімді үлгісін қамтамасыз ету кепілі» атты тақырыптағы халықаралық конференцияға арналған құттықтау сөз, Ақбұлақ, 1 наурыз 2018 жыл 
Қайырлы күн, құрметті конференцияға қатысушылар,
ханымдар мен мырзалар!

 
Ұйымдастырушылардың атынан сіздерді құттықтап, конференциямызды ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер.  
Іле Алатауының бөктерінде биыл жетінші рет өткізіліп отырған халықаралық конференция дәстүрлі іс-шараға айналды. Бұған дейін ұйымдастырылған форумдар жемісті болып, олардың нәтижелері екінші буындағы жаңа кодекстерді қабылдауға, сондай-ақ жалпы қылмыстық саясаттың озық моделіне көшуге зор ықпал етті.         
Құрметті әріптестер!
Біздің осы кездесуіміз 2017 жылғы конституциялық новеллаларды іске асыру шеңберінде қылмыстық іс жүргізу жүйесін реформалаудың өзекті мәселелерін талқылауға арналды.     
Өздеріңізге мәлім болғандай, өткен жылы наурыз айында Қазақстанда қабылданған конституциялық түзетулер сот жүйесін, прокуратура органдары қызметін, сол арқылы басқа да құқық қорғау органдарының қызметін одан әрі жаңғырту үшін құқықтық негіз құрады.
Азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын шектейтін барлық іс жүргізу амалдарын санкциялауды соттарға берген өткен жылғы желтоқсан айында қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды қабылдау маңызды оқиға болды. Мемлекет басшысының Жарлығымен мамандандырылған тергеу соттары құрылды. ҚПК-ке айқын және елеусіз қылмыстық теріс қылықтар бойынша бұйрықтық іс жүргізу енгізілді; қылмыстық қудалауды ұйымдастыруға жаңа көзқарастар қаланды; қылмыстық процесте, соның ішінде адвокаттардың құқықтарын кеңейту есебінен жарыспалылық арттырылды; іс жүргізу өкілеттіктері және қылмыстық сот ісін жүргізудің үнемділігін оңайлату және қамтамасыз ету бойынша шаралар көзделді.   
Осылайша, қылмыстық процесте соттардың және құқық қорғау органдарының рөлі мен функциялары елеулі түрде қайта қаралды.   
 Осы заң жобасын әзірлеу кезінде Конституциялық Кеңестің бірқатар қорытынды шешімдерінің құқықтық ұстанымдары ескерілді.  
Республика Президенті өзінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында және ағымдағы жылғы 9 ақпанда болған Үкіметтің кеңейтілген отырысында азаматтардың конституциялық құқықтарының кепілдіктерін нығайту, заңның үстемдігі қағидатын жер-жерлерде бекіту жөніндегі жұмыстарды жалғастыру қажеттігін атап өтті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласында превентивті шаралар қабылдау қажеттігіне назар аударылды. Құқық қорғау қызметі бұрынғыдай ізгілену бағытында дамитын болады, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің зияткерлік жүйесі енгізіледі.
Қазіргі таңда аталған шараларды іске асыру бойынша үлкен жұмыстар жүргізілуде. Олар бойынша оңтайлы шешімдер қабылдау заң шығармашылығы және құқық қолдану практикасын, құқық қорғау органдары мен соттардың өзара іс-қимылы тетіктерін мұқият талдауды, озық шетелдік тәжірибелерді терең зерделеуді талап етеді.           
  Осы жағынан бүгінгі конференция үлкен мүмкіндіктер береді. Оны Конституциялық Кеңес, Жоғарғы Сот және Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасы Қорымен, Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисімен, халықаралық құқықтық ынтымақтастық Германия қорымен, Еуропалық одақ/Еуропа кеңесі және Еуропа Кеңесі Венециялық комиссиясы жобасымен бірлоесіп ұйымдастырды.     
Жалпы отырысқа Президент Әкімшілігі, Конституциялық Кеңес, Жоғарғы Сот, Бас прокуратура, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасы Қоры басшылығы, Парламенттің қос Палатасының да депутаттары, құқық қорғау және сот органдарының, халықаралық және үкіметтік емес құқық қорғау ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ белгілі заңгер-ғалымдар қатысып отыр.      
Бағдарламада отандық және Германиядан, Грузиядан және басқа да елдерден келген шетелдік сарапшылардың баяндамалары көзделген.  
Тең ұйымдастырушылардың атынан біздің жұмысымызға ұдайы көмектесіп отыратын біздің шетелдік серіктестерге сараптамалық-әдістемелік қолдау көрсеткені үшін тағы да ризашылығымды білдіремін.
Осы күндері белгіленген және басқа да мәселелер бойынша қызықты және пайдалы ұсыныстар айтылады және біздің кезекті кездесуіміз бізге қабылданған шаралардың нәтижелерін бағалауға және сот және құқық қорғау жүйесін жаңғырту бойынша одан арғы іс-қимылдарды талқылауға көмектеседі деп сенім білдіргім келеді.   
Жұмыстарыңыз жемісті болсын.