Құрметті әріптестер, достар!
Біз үшін осы қиын уақытта Сіздерге қолдау сөздерін білдіруіме рұқсат етіңіздер. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жариялаған COVID-19 жаһандық пандемиясы бүкіл әлемде кеңінен тарала бастады. Өкінішке орай, көптеген адам соның құрбаны болды. Қауіп-қатерді ауыздықтау үшін бүкіл әлемде төтенше жағдай режимі жарияланды және осыған байланысты шектеулер енгізілді. Бұл сын-қатер елеулі қаржы-экономикалық дағдарыспен қатар жүреді.
Бұл үдерістердің барлығы біздің елдеріміздің негізгі заңдарында қаланған іргелі құндылықтарға тікелей әсер етеді. Бірінші кезекте бұл адамның өмір сүру құқығы, денсаулық сақтау, жеке бас бостандығы және т. б. Біздің мемлекеттердің үкіметтері осы дертті еңсеру және онымен байланысты әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешу үшін барлық мүмкін болатын күш-жігерді жұмсауда.
Біз конституциялық бақылау органдарының өкілдері әрқашан демократиялық құндылықтарды қорғауға дайынбыз. Қазіргі таңда, Қазақстан төрағалық ететін Азиялық және Еуразиялық қауымдастықтарды құрудың мақсаты-адамның конституциялық құқықтарын ілгерілету мен қорғауда және құқықтың үстемдігін қамтамасыз етуде күш-жігерді біріктіру болып табылады. Осы қауымдастықтардың төрағасы ретінде осы үндеуде сөйлеген сөзімде мен біздің ортақ ынтымақтастығымызды және осы уақытша күрделі кезеңде бір-бірімізді қолдауға дайын екендігімізді және аса маңызды конституциялық құндылықтардың мызғымастығын сақтау үшін барлық мүмкін болатын шараларды қабылдағым келеді.
Қымбатты әріптестер!
Бұл үдерістердің барлығы біздің жоспарларымызға да сөзсіз әсерін тигізіп отыр.
Өздеріңізге белгілі болғандай, 2020 жыл Қазақстанның конституциялық құрылысындағы маңызды оқиғалармен ерекшеленеді.
Біз Республикалық референдумда қабылданған Конституцияның 25 жылдық мерейтойын атап өтеміз.
Конституциялық Кеңес Азиялық Конституциялық соттар қауымдастығының 4-ші Конгресін өткізу бойынша да белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Мен жақын арада індетті тоқтату тәсілдері табылып, біз сіздерді қонақжай Қазақстан жерінде қарсы алатын боламыз деп үміттенемін.
Бүгінде біз өзара сапарларды, кездесулерді, отырыстарды тоқтата тұруға және қашықтықтан жұмыс істеуге көшуге мәжбүр болып отырмыз. Алайда цифрлы технологиялар бізге ынтымақтастықтың деңгейін төмендетпей, қарым-қатынастың қазіргі заманғы әдістерін ұсынады. Конституциялық Кеңес өз өкілеттіктерін электрондық форматта жүзеге асыру мүмкіндігін де қарастырды. Сонымен қатар, 24 сәуірде Қазақстанда президенттік басқару нысанының енгізілуіне 30 жыл толуына арналған халықаралық онлайн конференция өтеді (Нұр-Сұлтан қ. уақыты бойынша сағат 15.00+де басталады, орыс тілінде https://www.youtube.com/watch?v=agSRd-z45hM, ағылшын тілінде https://www.youtube.com/watch?v=R-S9CMMRiLk). Интерактивті диалогтың осындай нысандары біздің өзара іс-қимылымызды үзуге емес, нығайтуға мүмкіндік береді.
Құрметті достар!
Мен халықаралық ұйымдар мен мемлекеттердің тығыз өзара іс-қимылы өз нәтижелерін беретіндігіне және осы сынақты лайықты атқаруға көмектесетініне кәміл сенімдімін.
Баршаңызға зор денсаулық, рух сергектігін, шыдамдылық пен табыс тілеймін. Өзіңді және жақындарыңды аялаңыздар.